Сайлау нәтижесі белгілі болмай тұрып-ақ Қ.Тоқаевты құттықтай берейік. Өйткені сайлау не үшін өткелі отыр? Өз қызметін өткізіп беріп, Қ.Тоқаевты президент тағайындаған Н.Назарбаев енді соны заңдастырмақшы. Бұл – сол үшін ғана өтетін сайлау, шын мәніндегі демократиялық сайлау емес. Сондықтан бұл сайлауды: «Конституцияға, заңға сәйкес өтеді, басқа да үміткерлердің құқығы тең сақталып, барлық тараптар бірдей болады, халық өз таңдауын жасайды» деген сайлау емес. Мен мұндай сайлауға қатысудың қажеті жоқ деп есептеймін. Ал енді қатыспағаннан кейін оған дауыс бермеді деп есептеу керек. Бойкот жариялау керек, бойкот жариялағанда жай ғана сайлауға бармай қою емес, талап қою керек. Халықтық талап қою керек. Ең алдымен, «сайлау мынадай себептермен әділетсіз өтеді. Мынадай заңсыздықтары бар» деп атап айтып, «Сайлау туралы» заңды өзгертуді талап ету керек. Сайлауды кейінге қалдыру мәселесін қайта қарауды сұрау тиіс. Негізгі объективті себептермен үміткерлердің бәріне бірдей жағдай жасалмағандығын көрсету керек. Мұның өзі үлкен заң бұзушылық. Міне, сондай заң бұзушылықпен басталған сайлау, заң бұзушылықпен аяқталады. Сайлау заңды түрде өтпейді. Ал заңсыз өтетін сайлауға, нәтижесі күні бұрын көрініп тұрған сайлауға, меніңше, қатысудың еш қажеті жоқ. Мейлі Әміржан Қосанов болсын, өз үміткерлігінен бас тартқан Ермұрат Бапи болсын, не болмаса басқа ұсынылып жатқан азаматтар болсын, бұл – ойын, бұл – мазақ. Бұл тек қана Қ.Тоқаевтың сайлануы, ашығын айтқанда бұл – Қ.Тоқаевтың сайлауы емес, Дариға Назарбаеваның президенттікке сайлануы. Қ.Тоқаевтың арғы жағында Дариға тұр. Ертең Қ.Тоқаев заңды түрде сайланды деп танылғаннан кейін, көп өтпей бір жыл ма, бір жарым жылдан соң қызметін Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның қолына тапсырып береді. Мұны ауылдағы қарапайым қазақ та біліп отыр. Сонда бұл сайлау, астыртын Дариғаны сайлау болып табылады. Сол себепті ондай ойынға қатысудың еш қажеті жоқ. Бойкот жариялау керек және бойкотта нақтылы талаптар қойылуы қажет. Н.Назарбаевтан кейінгі монархиялық мемлекеттің иесі кім? Біз ашық айтуымыз керек, Қазақстан Респуб­ликасы қазір монархиялық мемлекетке айналды. Қазір бізде билік бір адамның ғана қолында. Қазақстанның билігі ғана емес, байлығы, тіпті 18 миллион халықтың тағдыры бір адамның қолына байланған. Бұл ашық нәрсе. Ал оған ие болғысы келетін Дариға өз шамасына қарамайды. Егер оның мықты қайраткерлігі болатын болса, өзі сайлауға түсетін еді. Қ.Тоқаев түспес еді. Үш жыл ойланғаннан кейін Н.Назарбаев қызының шамасының неге жетіп, неге жетпейтінін байқап көрді. Бірақ бәрібір қызының жақсы көрген қуыршағын алып беру керек болды. Әке ғой, қызының қайтіп көңілін қалдырады. Ал қызының жақсы көріп отырған қуыршағы – президенттің орынтағы. Оны сөз жоқ, Дариға әкесінің құлақ етін мұжып жүрсе де, өкпелесе де, не болмаса «сенің не бүлдіргеніңді білемін, соны жұртқа айта саламын» десе де, былайша айтқанда, мінез көрсетсе де тілегін орындатпай қоймайды. Шынын айтқанда, Н.Назарбаев қызына сенбейді. Билікті оған берейін десе де, бермейін десе де қиын жағдайға қалып отыр. Ал ертең бір өзгеріс бола қалса Дариға билікті қолынан шығарғысы келмейді. Ол өліп бара жатса да биліктен айырылғысы келмейді. Ол мемлекетті басқара ала ма, басқара алмай ма? Оны ойлап отырған жоқ. Ол тек мемлекетті мен басқаруым керек деп ойлайды.
Youtube желісінен алынды.

Пікір қосу