– Адина, ресейлік «Удивительные дети» шоуына барып, мәтін, кітапты жылдамдықпен оқу қабілетіңмен бәрін таңғалдырдың. Бұл қабілетіңді қалай аштың?
– Негізі, кішкентай кезімде есте сақтау қабілетім нашар болатын. Бір өлеңді бір күн жаттайтынмын. Тіпті, кітаптағы мәтіндерді түсінбей, сөзбе-сөз жаттап алатынмын. Кітап оқығанды мүлдем жаным сүймейтін. Үнемі анам ұрсып оқытатын. Кейін 2016 жылы күзде анам мені осы жылдамдықпен оқу үйірмесіне қатыстырды. Ол жерде түрлі әдістерді үйреніп, осылайша жылдам оқуды меңгеріп алдым. Осы жылдамдықпен оқу курсына қатысқаннан кейін, менің кітап оқуға деген қызығушылығым да артты. Сонымен қатар күнде әртүрлі кітаптар оқып, есте сақтау қабілетімді де жақсарттым. Кітапты жылдам оқудың көзге еш зияны жоқ.
– Жылдамдықпен оқу бойынша Қазақстан чемпионы екенсің. Сонда қаншалықты жылдам әрі түсініп оқи аласың?
– Алғаш бұл үйірмеге қатыса бастағанымда, оқытушымыз үйге қайтқан соң, күніне екі сағат немесе 100 бет оқуымызды талап етті. Содан үйге бара салып кітап сөремде бар кітаптарды оқи бастадым. Бұрындар оқыған кітаптарды да қайталап оқып шықтым. Сөйтіп бір курстан кейін нәтижесінде бір минутта 92 мың сөзді 90 пайыз түсініп оқып, алғашқы рекордымды орнаттым. Кейіннен уақыт өте келе өзімді қайта жетілдіру үшін бір жылдан соң екінші курсына қатыстым. Ол кезде 5 күнде 13 кітап (132 мың сөз) оқи алдым. Көбісі «кітапты толық оқымайды, көлденең немесе диагональды түрде оқи салады. Еш пайдасы жоқ» деп ойлайды. Бірақ бұл әдіс басқаша. Осы әдіспен оқығанда да, мен кітапты 100 пайыз түсінемін.
– Ал ресейлік «Удивительные дети» шоуына қалай қатыстың?
– 2018 жылы тамыз айында «Удивительные дети» бағдарламасының редакторы хабарласты. Сөйтсем, менің жылдамдықпен оқыту орталығында оқыған бейнежазбамды ғаламтордан көріпті. Мәскеуге бармас бұрын Skype арқылы сөйлесуімді өтінді. Кейін сол бейне арқылы оларға өз қабілетімді көрсеттім. Қысқасы, олар мені алдын ала тексерді. Олар менің оқығанымды көріп аң-таң болып, өз көздеріне өздері сенбеді. Сөйтіп жобаларына шақырды. Осыған дейін мен «КТК» арнасындағы «Наша правда» атты бағдарламаға қонақ болып барғанмын. Бұл жолы да сол бағдарламадағыдай әртүрлі дарынды балаларды тек таныстырады деп ойладым. Сөйтсем, ол жерде кәдімгідей ең үздіктерін анықтайды екен. Бірақ мен қатысқан кезде ең үздік дарынды баланы анықтау қиынға соқты. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды балалар келді. Соңында үш бала ең үздігі атандық. Бірінші мені, кейін Армениядан келген баланы үздік деп таныды. Ол бала сағатқа қарамай уақытты нақты айта алатын. Ал үшіншісі қытайлық бала, ол үш кубик рубикті ауада айналдырып ойната отыра, жинай алады.
Бір қызығы, ол жобада маған арналған сюжет ең ұзағы болған екен. Себебі, отырған адамдар, әділқазылар сенер-сенбестерін білмей, маған түрлі тапсырмалар беріп, сұрақтарды жаудырды. Похожее изображение
– Бір кітапты қанша күнде бітіресің?
– Ол кітаптың көлеміне, маңыздылығына байланысты. Орыс тілде еркін сөйлегендіктен орташа есеппен екі сағатта бір кітапты оқып бітіре аламын. Ал қазақ тіліндегі кітапты үш сағатта оқимын.
– «Абай жолы» романының төрт томын да оқып шықтың ба?
– Иә, «Абай жолын» 8 сағатта оқып шықтым.
– Отбасың туралы айтып кетші.
– Анам Ардақ Талдықорған қаласының тумасы. Жеке кәсіпкер. Ол кісі күндіз-түні жұмыс істейді. Кейде анамның жұмысында бір мәтінді тез оқып шығу керек болса, қолымнан келгенше көмектесіп тұрамын. Айлана есімді сіңлім, Шыңғысхан есімді інім бар. Шыңғысхан 10 жаста. Ол метотехникаға қатысып жүр. Бірақ көбінесе спортқа жақын. Анама алғысым шексіз. Бізді бала кезімізден түрлі үйірмелерге қатыстырып, жан-жақты дамытуға барынша тырысып келеді.
– Басқа қандай үйірмелерге қатысқансың?
– Үш жасымнан бастап хореографияға қатыстым. Тіпті «Гүлдер» атты ансамбльдің мүшесі болдым. Ол кезде бұл ансамбльге жайдан-жай қабылдамайтын. 2017 жылы халықаралық би жарыстарына барып, жүлделі орын иеленгенмін. Сонымен қатар шахмат үйірмесіне қатыстым. Шахмат бойынша үшінші разряд иегерімін. Тележүргізушілік мектебіне де бардым. Бұл мектепке қатысуым, телевизиялық жобаларда өзімді еркін ұстауға септігін тигізді. Сондай-ақ күнде үш сағат ағылшын тілінен қосымша сабаққа барып, тілдік деңгейімді көтеріп жатырмын.Картинки по запросу адина манатбекова
– Болашақта кім болғың келеді?
– Болашақта дәрігер болғым келеді. Кішкентай кезімнен хирургтардың ота жасағанын көріп, қызығатынмын.
Сұхбаттасқан Наргиза АРШИДИН

Пікір қосу