• Кезектен тыс президент сайлауын тездетіп өткізудің себебі неде? Осы жолы әділ сайлау өткізуге мүмкіндігіміз бар ма?
  • Менің ойымша, «елбасының» кенет президент қызметінен бас тартып, өрт сөндіргендей жағдайда апыл-ғұпыл сайлау өткізуінің себебі, біріншіден, Еуропарламент пен АҚШ-тың мемлекеттік департаменті тарапынан «Қазақстанды билеп отырған динозаврларға бұдан әрі төзуге болмайды!» және «Назарбаевтың қыруар байлығының қайнар көзін анықтау қажет» деген қатқыл мәлімдемелері. Екіншіден (бәлкім, бұл тіпті негізгі себеп болуы да ғажап емес), Нұрсұлтанның «емделмейтін сырқатқа шалдығуы салдарынан жарты-ақ жыл өмірі қалды» деген мағлұмат рас болып шығуы да мүмкін. Сондықтан сайлаудың бұлай өтуі оның өз «мұрагерін» айқындап алуға неге соншалықты асығу себебін де түсіндіретін сияқты.
    Ал бұл сайлаудың әділ өтуіне келер болсақ, қазіргі диктаторлық сайлау заңы өзгермейінше, олай болуы мүмкін емес екені – алдын ала белгілі ақиқат. Неге десеңіз, сайлау әділ өтпеуі үшін де режим аталмыш заңға үміткердің міндетті түрде соңғы 15 жыл бойы біздің елімізде тұруы, Қазақстанда тууы, кем дегенде 5 жыл мемлекеттік өтілі болуы жөнінде көпе-көрнеу дискриминациялық шектеулер кіргізіп қойды. Соның кесірінен, мәселен, миллиондаған қазақстандықтың және тарихи Отанына шетелден келген жүздеген мың қазақтың («оралмандардың») президент болып сайлану құқығы аяқ астына тапталып қалды.
    Оның үстіне, биліктің өзі алдын ала «сұрыптап» алған «кандидаттардан» басқаларды, яғни, халық өкілдерін сайлауға қатысу түгіл, тіркелу мүмкіндігінен айыру үшін мақсатты түрде сайлау туралы заңнан кандидаттардың сайлауға өзін-өзі ұсыну демократиялық құқығын алып тастап, тек тіркелген саяси партиялардан немесе республикалық қоғамдық бірлестіктерден ұсыныла алатындығы туралы шектеуді кіргізді. Ал бұл талаптың «бөгде» үміткерлер өте алмайтындай дәрежедегі тосқауыл рөлін атқаратындығына қазір менің өз тәжірибемнен анық көзім жетті.
    Нақтылаңқырап айтсам, әлеуметтік желідегі достарымның көптеген өтінішіне орай мен сайлауға түсу жөнінде шешім қабылдаған болатынмын. Содан соң өзімді сайлауға ұсына алатын ұйым іздеуге кірістім. Міне, одан бері қазір бір аптадан астам уақыт өтті, алайда, ол мақсатқа жарамды ұйым табылатын түрі жоқ. Осы уақыт ішінде мен сөйлескен республикалық қоғамдық бірлестіктердің барлығының филиалдары жеткіліксіз болып шықты. Кандидат ұсыну үшін РҚБ-ның кем дегенде 9 облыста филиалдары болуы керек, ал бұларда тек бір-екі филиал, әйтпесе ол да жоқ.
    Бұдан шығатын қорытынды – осы жағдайды алдын ала мұқият зерттеп, айқындап алған билік РҚБ жөніндегі талапты халық өкілдері өте алмайтын тосқауыл ретінде заңға әдейі кіргізіп қойған.
    Ал шынайы оппозициялық партиялар – «Алға!» Халықтық партиясы (В.Козлов) мен Компартияны (С.Әбділдин, Ғ.Алдамжаров) 2011 жылы режимнің өзі жасаған Жаңаөзен қанды қырғынынан кейін билік «экстремистік» ұйымдар ретінде жойып жіберген соң саяси сахнада қалған өңкей жалған оппозициялық партиясымақтардың ешқайсысы мені және мен тәрізді шын оппозиция өкілдерін сайлауға ұсынбайтыны өзінен-өзі белгілі.
    Сондай-ақ, бұл сайлаудың аяқ астынан тағайындалуы себепті оған бөлінген уақыт та ешқандай сын көтермейді. Әрине, билік алдын ала дайындаған «кандидат» пен оған «серік» болып шығуға тиіс «қуыршақ кандидаттар» үшін бұл уақыт жеткілікті, ал, билікке қарсы кандидаттардың сайлауға дайындалып түсуіне ешқандай мүмкіндік бермейді.
    Осының барлығы «жаңа президент» Қ.Тоқаевтың: «Қазақстан – демократиялық мемлекет. Сондықтан президент халықтың еркіне сай сайланады. Қызметтегі мемлекет басшысы ретінде мен сайлаудың адал, ашық, әділ өткізілетіндігіне кепілдік беремін!» – деген сөздерінің әншейін әсіреқызыл әдемі сөз ғана екендігін толық әшкерелейді.
  • Қазақстандағы оппозиция бірігіп, бір үміткер ұсына ала ма?
  • Жоғарыда айтқанымдай, 2011 жылдан кейін жүйелі түрде, яғни, партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктер құрамында бірігіп жұмыс істей алатын оппозиция ондай ұйымдарды билік жойып жіберуіне байланысты қазір Қазақстанда жоқ. Бары – тек шетелде жұмыс істейтін ҚДТ ғана. Ал оның о жақтан мұндағы оппозицияны біріктіріп, ортасынан бір кандидат шығаруға мүмкіндігі келмейді. Жекелеген оппозиция өкілдері болса, диктаторлық заңға сәйкес олардың әрқайсысының өз бетімен республикалық қоғамдық бірлестіктер арқылы тіркелуінің жағдайы қандай екенін мен нақты дәлелдермен көрсетіп бердім деп ойлаймын.
    Қорыта айтқанда, тек «бірінші президент» Н.Назарбаевтың бұйрығымен ғана жұмыс істейтін «екінші президент» Қ.Тоқаев тұсындағы бұл сайлаудың «елбасы» кезіндегі сайлаулардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Басқаша айтқанда – тағы да заңсыз сайлау болады. Демек, одан ешқандай әділдік күтудің де қажеті жоқ…
  • Дайындаған Арнұр Көбейхан 

(«Жұлдыздар Отбасы» журналы 2019 жыл №9)

Пікір қосу