– Мақсат аға, осы жылы біздің салық жүйемізге тағы да өзгерістер енгізілді. Сіздің ойыңызша, осы толықтырулар жүйені бұрынғыдан да күрделендіре түскен сияқты емес пе?
– Салық кодексіне осымен төртінші толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп отыр. Байқасақ, әр толықтырудан кейін оның көлемі артып, құрылымы ұлғайып келеді. Мысалы, 1995 жылғы Салық кодексінде 53 775 сөз болса, 2016 жылғы Салық кодексінде 280 123 сөз бар екен, яғни 5 есе өскен. Баптар саны алғашында 179 болса, соңғысында 781 бап бар. Бұл әрекет маған салық төлеушілерді мүмкіндігінше шатастыруға бағытталғандай болып көрінеді. Кодекс неғұрлым қарапайым, түсінікті болуы керек. Қазіргі кодексті қарасаңыз, бір-біріне жалғасып кете береді, оны оқыған адам шатаспауы мүмкін емес. Ал қарапайым тілмен жазылса, халық ешқандай заңгер жалдамай, салық маманынан сұрамай-ақ оқып түсінер еді. Әрі сол кезде салық төлеушілердің де тарапынан қызығушылық болады.
– Сонда барлығына түсінікті тілде жазуға не кедергі болып отыр?
– Біріншіден, бұл кодексті әзірлейтін адамдардың жұмысы, екіншіден, халықтың дайын еместігі де себеп. Батыс мемлекеттерінде «менің дауысым», «менің салығым» деген қасиетті сөз. Яғни кез келген азамат «Мен салық төлеп жатырмын» деп қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамауға тырысады. «Мен салық төлеу арқылы мемлекеттің, қоғамның дамуына үлес қосып жатырмын», «Мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге септігім тиіп жатыр», «Мен салық төлеп, сол арқылы қоғамдағы әлеуметтік проблемалардың шешілуіне көмектесемін» деп есептейді.
Мысалы, шетелде көпбалалы аналардың жағдайы, мүгедектердің халі мемлекет тарапынан шешілгендіктен, оларда «Мен осыған үлес қосып жатырмын» деген іштей қанағаттану бар. Сондықтан олар табысының көп бөлігін қуана-қуана салыққа төлейді. Ал бізде керісінше, мүмкіндігінше табысын мемлекеттен жасырып қалуға тырысады. Оның бірінші себебі, халықта үкіметке деген сенім жоқ. Яғни олардың көкейінде менің осы қаражатым қандайда бір әлеуметтік мәселені шешуге жете ме, олар біреудің қалтасына немесе талан-таражға түсіп кетпей ме деген сұрақтар бар. Сондықтан да осы мәселеге біздің халық екіұдай қарайды, бұл – үлкен кемшілік.
Одан кейін бізде мемлекетпен халық байланысатын жерде үнемі сыбайлас жемқорлық орын алады. Бүгінгі көлеңкелі экономиканың артуы, мемлекеттегі ақша айналым жүйесінің ашық болмауы, азаматтардың мәселе шешу үшін біреудің алдына конвертпен баруы санадағы үлкен проблемаға айналып отыр. Біржақты ғана үкіметті кінәлағым келмейді, халық та бұл мәселеге салғырт қарайды. Менің ойымша, қағазбастылықты көбейтіп, бізді шатастыруды қалайтын арнайы топтар бар сияқты. Бір жағынан бұл экономикаға мемлекеттің тым қатты араласуы деп атап кетуге болады. Кейбір шенді азаматтар өз қызметін асыра пайдаланып, экономикаға араласып, нәтижесінде экономиканың тежегіш күшіне айналып отыр. Осындай кедергілердің кесірінен экономикада даму жоқ.
Мысалы, көлеңкелі экономиканың өнімі жалпы ішкі өнімді алғанда, оның 26 пайызын құрайды екен. Бұл дегеніміз, біздің ішкі өніміміздің көлемі – 57 триллион болса, 26 пайызы шамамен 14 триллион қаражат. Демек, осынша қаражат біздің көлеңкелі секторда жатыр. Ал егер осы қаражат ашық айналымда болса, халықтан дұрыс салық жиналып, мемлекеттік бюджетке түссе, мемлекетте таршылық болмайды. Мемлекет көптеген әлеуметтік мәселелерді сол қаражатпен-ақ шешуші еді. Мейлі 14 триллион емес, соның жартысын алайықшы, оның өзі мемлекеттің бір жылдық шығынымен пара-пар. Сондықтан ақша айналымында тазалық өте қажет.
– Ел арасында «салықты жеңілдетеміз деп, оның мөлшерін азайтқанмен басқа түрлерін көбейтті» деген әңгіме жиі айтылып жүр. Бұл пікір қаншалықты дұрыс?
– Біз мойындайтын бір дүние, үкімет салықтық реформалар жасағалы орта және шағын бизнес өкілдеріне барынша оңтайландырылып келеді. Бұл әлемдегі басқа елдермен салыстырған кезде әлдеқайда оңай және мемлекеттің кәсіпкерлерге неғұрлым жеңілдік қарастырып отырғанын көрсетеді. Мысалы, бізде жеңілдетілген декларация деген бар, яғни жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе жеке кәсіпкер болсаңыз, жылдық табысыңыз 70 миллионнан аспаса (30 мың АЕК-тен аспаса) табысыңыздың 3 пайызын ғана төлейсіз, болды. Меніңше, бұл өте жақсы қадам, оның нәтижесінде бізде кәсіпкер болатын азаматтар көбейеді, іскерлік орта қалыптасады. Одан кейін қоғамда ілгерілеу мен даму болады. Бірақ соңғы жылдары осы салықтың шегі қысқартылсын деген ұсыныстар айтылды. Қазір жылдық табыс 30 мың АЕК-тен асып кетсе, онда олар жеңілдетілген декларациядан көшеді де салықтың басқа түрлерінің бәрін төлеуге міндетті, ал 2020 жылы 15 мың АЕК-ке, екі есеге азайтылуы керек, одан кейін тағы да азайтылады деген еді. Бұл мәселе қатты дауға айналғандықтан кейінге қалдырылды.Картинки по запросу налог карикатура
– Сарапшы ретінде бұған біздің кәсіпкерлер дайын деп ойлайсыз ба?
– Дәл осы жеңілдікті алуға әлі дайын емеспіз. Өйткені кәсіпкерлік орта бізде қалыптасып үлгерген жоқ. Әрине дамып, өсіп жатқан кәсіпкерлер бар, бірақ әлде де дайын емес деп есептеймін. Сондықтан бұндай жеңілдіктер әзірге керек. Егер біз жеңілдіктерді алып тастасақ, кәсіпкерлерді азайтып алуымыз мүмкін. Ол кезде біз экономикамыздың қан тамыры болып отырған шағын орта бизнесті өшіріп аламыз. Бұл жүйеге кейін келуге болады, алдымен экономикамызды нықтап алуымыз керек.
– Біздегі салықтың түрлері өте көп сияқты емес пе?
– Иә, мен де салық түрлері өте көп деп ойлаймын. Неғұрлым олардың санын азайтса, халыққа да ыңғайлы болушы еді. Бірақ бізде салықтың атаулары да көп. Осы тұста экономикадағы А.Лаффер деген ғалымның мына тұжырымы еске түседі. Ол кісі: «Егер салық жүйесі белгілі бір пайыздан жоғары болып кететін болса, ондай кезде үкімет: «біз салықты көбейтейік, сөйтіп бюджетке көп кіріс табамыз деп ойлайды», – дейді. Бірақ соның салдарынан жемқорлықты көбейтуі мүмкін. Соның ықпалынан көлегейлі экономика қатты өсіп кетуі мүмкін. Салық мәселесінде үкімет өте әккі қимылдауы керек. Әйтпесе, олар бюджетке кірісті көбейтемін деп, керісінше азайтып алатын болады.
– Үкімет салық есептілігі нысандарын оңтайландыру бойынша, жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. 2015 жылдан бастап бюджеттік сыныптама кодтарының саны 2,5 есеге қысқарды деп айтып жатыр. Осындай дүниелер халыққа қаншалықты оңтайландырылып жасалып жатыр?
– Мен дәл қазір ауыз толтырып айта қоятындай оңтайландыру көріп тұрған жоқпын. Керісінше, салық кодексінің көлемінің артуы – оның қиындығының артуы деп түсінем. Мүмкін баяғы Кеңес Одағынан қалған салықтарды қысқартып, соны оңтайландырып жатырмыз, мұның бәрі көңіл жұбату үшін айтылып жатқан әңгіме шығар?!
– Статистикалық мәлімет бойынша 60 мың теңгеге дейін жалақы алатындардың саны 2 млн-ға жуық. Елбасы өзінің сөзінде: «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынамын», – деген болатын. Осыған байланысты «Бұл аз ғой. Ешқандай әсерін тигізбейді» дегендер көп. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Рас айтасыз, ол өте аз қаражат. Бірақ бұл шара әлеуметтік жағдайы төмен, мемлекеттен аз қаржы алатын адамдар үшін жасалып отыр. Онда айлықтары 60 мыңға жетпейтін адамдардан табыс салығын алмауды ұсынылады. Мысалы, бұрын 50 мың теңге алатын азамат 5 мың теңгесін мемлекеттік салыққа төлеуі керек еді. Ал қазір олар сол бес мың теңгенің бір пайызын ғана төлеп, қалған қаржыны өзі алады. Ол шамамен 4 мың теңгеден асуы мүмкін. Бірақ бізде айлықтары 50 мыңнан да төмен азаматтар бар. Осы жылдан бастап ең төменгі жалақы 42 мың болсын деген талап қойылды ғой, оның оннан тоғыз бөлігі бәрібір сол төрт мың теңгенің айналасын құрайды. Бұл бір қарасаңыз тым аз, енді бір жағынан кішкене көмек, әсіресе өңірлерге тиімді деп есептеймін. Кейбір азаматтар үшін ол да рөл ойнауы мүмкін, бұл мәселенің кішкентай бөлігін шешуге септігін тигізеді. Картинки по запросу налог карикатура
– 2019 жылдың соңына қарай салық төлеу жүйесі Бірыңғай электрондық әмиян арқылы жүргізілетін болды. Осының артықшылықтары мен кемшіл тұстарына тоқталып кетсеңіз.
– Ақша айналым жүйесінің осындай электронды форматқа көшуі дұрыс қадам деп есептеймін. Себебі, ол ақша айналымының тазалығын қамтамасыз ететін болады. Бұл келешекте өте керек дүние, бұл бастаманы соның алғышарттары деп бағдарлаймын. Өйткені ол жүйеде қай қаражаттың қайда түсіп жатқандығын бақылау оңай болады. Мемлекеттік түсімді бақылайтын ұйымдарға да жеңілдік болар еді. Бұған кейінірек салық төлейтін азаматтардың ақшасы қандай әлеуметтік мәселені шешуге жұмсалғаны туралы ақпарат берілетін функция қосылса деп ойлаймын. Бұл азаматтардағы салық төлеуге деген ықыласты арттыратын сияқты.
Бірақ әрине, бұл жүйенің бастапқы кезде қиыншылықтары болуы мүмкін. «Электронды форматқа көшеміз» деп айтқанмен, қарапайым egov-тың өзінде әлі проблема бар. Оның істен шығып қалатындығы, орталық база істемей қалатын кездері бар. Осындай техникалық жағдайлар болуы мүмкін. Бірақ жалпы бұл үрдісті қолдаймын.
Енді көп ұзамай «Блокчейн» технологиясына қадам бассақ екен. Оның айырмашылығы – жазулардың сақталуы, арнайы алгоритмдермен қорғалған блоктардың шабуылдарға төтеп бере алатындығы. Болашақта осы платформаға көшсек тазалық болады және қаражаттың қауіпсіздігі сақталады.
– Салық жүйесіндегі бұдан басқа да өзгерістерге тоқтала кетсеңіз?
– Осы жылғы өзгерістің бірі арнайы экономикалық аймақтарға қатысты болса керек. Бұл процесс әлем бойынша тәжірибеден өтіп келеді. Яғни өндіріс пен кәсіпорындар дамитын аймақтар салықтан босатылуы керек. Ондай жерлерде кәсіпкерлер көбейіп, экономиканың дамуы байқалатын еді. Бірақ шетелдік тәжірибеге, арнайы экономикалық аймақтарды қарар болсақ, бізден де ыңғайлы жағдай жасап отырған елдер өте көп. Бізде ақпараттық технологиялық аймақ деп салған жерлер әлі де дамымай отыр. Ал осы жақында ғана Беларуссияда осындай арнайы аймақ құрылған және оларды салықтан толығымен босатқан. Яғни сіздің компанияңыз ақпараттық жүйені дамытуға қызмет етсе, сізді салықтан босатады. Ал бізде мұндай жағдай жасалмағандықтан, әлі дамымай отырмыз. Оған қоса, біздегі жеңілдіктің өз дәрежесінде емес екендігінің де кесірі бар. Сондықтан әлемдегі тәжірибелерді зерттеп, ерекше жеңілдіктерді қарастыру керек деп ойлаймын.
– Қоғам белсендісі ретінде соңғы саяси жаңалықтарды қалай қабылдадыңыз? Жаңа президенттен, жаңа үкіметтен қандай өзгеріс күтесіз?
– Әрине, ең бірінші – біздің экономиканың көлеңкелі тұсын жою. Сыбайлас жемқорлықты тыймай, экономиканы дамыта алмаймыз. Жаңа үкіметтен осыны қолға алатын нақты іс-шаралар жүзеге аспаса, біз өзіміздің экономикамызды жарқын деп елестете алмаймыз. Сондықтан осы мәселеге қатысты шаралар жасалса игі. Қазір бізде көптеген әлеуметтік жағдайлар қолға алына бастады, осы процестің барлығы экономикада ақша массасын арттыру арқылы жүзеге асып жатыр. Бұл ертең бәрібір инфляцияға әкеп соқтырады. Ал «көлеңкеде» жатқан ақшаны шығаратын болсақ, керісінше біздің мәселелер сапалы түрде шешілетін еді.
Сұхбаттасқан Қарашаш ЕСЕНБАЙ

«Жұлдыздар отбасы» (2019ж №8)

 

Пікір қосу