– Қадыр аға, сұхбатымызды сіздің өмірбаяныңызға арнасақ. Сіз қандай отбасында дүниеге келдіңіз?
– Әкемнің әкесі – Мырза Әли. Ол кісі мүлде есімде жоқ. Әйтеуір әкем үш ағайынды болған. Сол үш ағайындыдан шыққан еркек кіндік мен ғана, басқалары – қыз балалар. Үш үйдің ортақ баласы секілді жүретінмін. Әрқайсысы мені «балам» дейтін, бармасаң ренжиді. Отыз бесінші жылдары дүниеге келіппін, бірақ шешем ол кезде қай ай, қай күн екенін білмей, «сен туғанда қақаған қыс, үдеген боран еді» дейтін. Ол 1935 жылдың басы ма, аяғы ма, анық емес. Тек қыс мезгілі екені белгілі. Мен үйдің екінші баласымын. Менен бұрынғы баланың аты Кеңес болатын, ол ұзақ өмір сүре алмады. Сосын кішкентай қарындасым болды.
Жеті жасымда аяқ астынан мектепке баратын болдым. 1941 жыл, соғыс басталып кеткен, өте ауыр кезең. Шешем бір керсен суды ысытып, моншаға түсіріп, мектепке алып барды. Менде бірде-бір құжат жоқ, тіпті «Туу туралы куәлік» те! Дәрігерлер менің тісімді есептеп жүріп, «жетіде» деп шешеді. «Сен 1935 жылы туыпсың, ал енді айыңды таба алмадық, қай ай болсын?» деп сұрады. Ай аттарын ол кезде жақсы білмеймін ғой, не де болса жылдың басы болсын деп, оның үстіне анамның қыстыгүні дегені есімде, «қаңтар» дей салдым. «Күні қайсысы болсын?» дегенде «бесі» деппін. Ал атымды неге Қадыр деп қойғанынан хабарым жоқ. Бір білерім, атымды әкем қойыпты.
– Әке-шешеңіз қандай қызмет атқарды?
– Әкем де, шешем де жұмыссыз еді. Әкем жартылай сауатты, анам сауатсыз адам болған. Нағашыларым жазда мал бағып кетіп қалады, біз солардың үйінде тұратынбыз. Біз кедей отбасы едік. Әкем мен 9-сыныпта оқып жүргенде дүниеден өтіп кетті. Интернатта оқыдым. Белгілі бір жағдайлармен оқуды тастап кетуге мәжбүр болғанымда, өзіме сабақ берген бір мұғалімім райкомға барып жүріп, «жақсы оқитын бала еді» деп мені алып қалды. Соның арқасында оқуды бітірдім.
– Әкеңіз дүниеден өткеннен кейін анаңыздың өмірі қандай болды?
– Онша керемет болған жоқ. Мектептің еденін жуды, бізді бағып-қағып, асырады. Картинки по запросу қадыр мырза әли
– Сіз өте еңбекқор, өнімді жұмыс істейтін қаламгерсіз. Әкеңіз де, шешеңіз де жұмыссыз болғанын айтып отырсыз. Сонда ол отбасыдан мынадай еңбекқор бала қалай өсіп шыққан?
– Әкем сотталып кеткен. Не себептен сотталғанын білмеймін. 1950 жылы қайтыс болды. Әйтеуір өмірден түңілген адам болатын. «Бірдеңе істейінші, бірдеңе табайыншы» деген жоқ. Алынып-салынып арақ та ішкен адам емес. «Әйелім бар-ау, балам бар-ау» демеді. Нобель сыйлығын алған бір америкалық жазушының «Мықты жазушылардың көбі – жетімдерден шығады» деген сөзі бар екен. Мен соған қатты сенемін. «Абай, Махамбеттер ше?» дегендерге менің жауабым дайын: олар да жетім болды. Мен – отбасының жетімімін, олар – халықтың жетімі. Олармен тең дәрежеде сөйлесетін адам болған жоқ. «Атадан – алтау, анадан – төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ…» дейді Абай. Нені айтып отыр? Әрине, жалғыздығын. Көрдіңіз бе? Халықтан әбден көңілі қалған. Абайдың өлеңдерін түгел оқығанмын, сонда қазақ туралы айтқан бір жылы сөзі жоқ.
– Бала кезіңізде кім болам деп армандаушы едіңіз?
– Мені кім болғысы келмеді дейсің? Суретші де болғым келді, астролог та болғым келді, тарихшы да болғым келді. Математиканы да өте жақсы оқыдым. Бірақ бәрі басқаша кетті. 1947-1948 жылдары болатын, бізге Ақтөбе қаласынан ансамбль келді. Алты жыл ашылмаған клуб ашылды, жұрт көп жиналды. Мен ол кезде 6-сыныпта оқимын. Сонда бір жігіт «Он алты қыз» деген ән салды. Ән маған қатты ұнады. Бұл әлгі «Он алты қыз» атты халық әнінен басқа, авторы бар ән екен. Концерттен кейін үйге келдім де, сол ән түрткі болып «Он алты жігіт» деген өлең жаздым. Өмірімдегі алғашқы өлеңім. Шаршаған болуым керек, жазып отырып ұйықтап кетіппін. Ояна келе қарасам, он алты жігіттің алтауын жазыппын да, онына әлім келмепті. Бірақ достарым сол өлеңімнің өзін көшіріп алып, бір күнде ақын атандым. Содан баяғы арманымның бәрі қалды. Әдетте беске оқитын математика пәнінен сол кездері «төрт» алып қалып, алтын медаль ала алмадым.
– Оқушы кезіңізден жадыңызда қалған жайттар бар ма?
– Ол кезде біздің жазуымыз латын қарпінде еді. Мен мектепке барған жылы бірде-бір қазақша оқулық болған жоқ. Мен қалай үйрендім? Файзолла деген нағашым бар болатын. Бізден төрт-бес жас үлкен. Сол кемпір-шалдарды жинап алып, оларға латын қарпімен жазылған «Қырымның қырық батыры» деген жырды оқитын. Мен жанында тыңдап жүріп жырды жаттап алдым. Сөйтіп, кемпір-шалдар «Бізге «Батырлар жырын» оқитын бала қайда?» дегенде, мен үндемей бір-екі бетті ашып жіберемін де, оқып отырғандай соға беремін. Жаттап алған соң әріптерді салыстырып отырып, танып алдым. Бірақ бірінші сыныптың алғашқы тоқсанын нашар оқыдым. Әлі жас баламын ғой, қабылдап үлгере алмадым. Өзімнен өзім қысылып, «мен адам болмайтын шығармын» деп жүрдім. Екінші жартыжылдықта әкеме хат жазатын болдым.
– Әлгінде «6-сыныптан бастап өлең шығардым» дедіңіз…
– Иә. Содан мектеп бітіргенше өлең жаздым. Алғаш жарық көрген өлеңім («Бейбітшілік көктемі») облыстық газетте басылды. Бірақ онда Қадыр Мырзалиев емес, Қадыр Мырзағалиев деп басылып кетіпті. Ал интернатта жатқанымда өлеңді қойып, біраз уақыт проза жаздым. Проза деген ғаламат қой. Мен прозаны әлі жақсы көремін. Ең көп оқитыным – проза.
Университеттің бірінші курсында оқып жүргенде есте қалған бір жайт бар. Бізге Мұхтар Әуезов «Абайтанудан» сабақ берді. Бір күні Мұхаң өте көңілді келді. Менің де аздап өлең жазып жүрген кезім ғой, «Мұхаңның бір шығармасының бір тарауы бітті ме екен, әлде бүкіл кітапты бітірді ме?» деп ойладым. Өзі сондай бірдеңе тындырып келген жанға ұқсады. Мұхаң өте сұлу кісі болатын. Қолым босап кетсе, сурет сала беретін өнерім бар-ды. Ол кісінің сиреп қалған шаштары су астындағы толқындалып тұрған шөптерге ұқсап кетті. Мен сол детальді ұстап қалдым да, сала бастадым. Кішкентай ғана сурет. Мұхаң менің бір төмен, бір жоғары қарап шұқшиып отырғанымды байқап қалса керек. Өзі өте шамшыл адам болатын. Тыңдамай отырғанымды «сыйламай отыр» деп ойлады ма, жап-жақсы оқып келе жатқан лекцияны тоқтатты да: «Кейбір студенттер бар, мұғалімнің оқып тұрған дүниесін «ол да бір жерден оқып алған, ол кітаптар кітапханада бар, солардан-ақ бұл кісінің не айтып тұрғанын біліп алуға болады» деп ойлайды. Бірақ оқытушының бір ғана нәрсені айту үшін қанша кітап оқитынымен олардың шаруасы жоқ. Сосын ол он кітап оқығанда оның тоғызы кәдеге аспай қалады. Бір кітаптың бір ғана тарауы, оның ішінде екі парағы, сол бір-екі парақтың ішінде бір сөйлемі ғана кәдеге асады. Студенттердің ондайда шаруасы жоқ!» – деді. Сол кезде барып менің санамда бірдеңе оянды. Бірақ ол кезде суретті де шимайлап бітірген едім. Жаныма келіп суретті көрді де, «Сенің фамилияң кім?» деді. Мен «Мырзалиев» дедім. «Атың кім?» деді. «Қадыр» деп жауап бердім. «Атыңды кім қойған?» деді. «Әкем» дедім. «Ә, әкеңнің аздап молдашылығы болған ғой» деді. Сосын менен «Қай айда тудың?» деп сұрады. Мен «Анамнан қыс айларында туылдың деп естимін» дедім. Мұхаң «Онда сені сол Қадыр күні туған болуы керек» деді. Данышпан адам ғой, алғашында ашуланып келе жатып, салып отырған суретімді көрді де, ашуы басылып қалды. Екеуіміздің әңгімемізден кейін: «Енді бір студенттер бар, барлық дүниені білгісі, барлық дүниені қамтығысы келеді. Жалпы өнерді сурет өнері, музыка өнері, сәулет өнері деп бөлмейді. Бұлар бәрін бір өнер деп қарайды», – деп маған қарап қойды. Оны залда отырған ешкім түсінген жоқ. Өзі, сосын мен ғана түсіндім.
Елбасыға сабақ бергенмінКартинки по запросу қадыр мырза әли
– Қай жылы отбасын құрдыңыз?
– 1957 жылы. Оқуды бітірген соң Қаскелеңдегі Абай мектебінде азғантай уақыт сабақ бердім. Оқушыларымның ішінде болашақ әйелім де болды. Аты Сағатай, мен Салтанат деп атадым. Ол 10-сыныпты бітіре сала, үйленіп алдық. Салтанат 9-сыныпта оқығанда Нұрсұлтан Назарбаев 8-сыныпта оқитын. Мен ол кісіге де сабақ бергенмін.
– Елбасыға ма?
– Иә, азырақ уақыт «Қазақ әдебиеті» пәнінен сабақ бердім. Ол Шамалғаннан келіп оқыды. Мектепті алтын медальмен бітірді. Жанары ерекше жанып тұратын. Кейін Президент болғаннан кейін бір күні бізді жақсылап шақырды. Жиырма бес шалдың ішіндегі ең жасы – Тұманбай екеуіміз. Ең үлкеніміз Әбу Сәрсенбаев 96 жаста болатын. Содан отырдық, үлкен дастарқан жайды. Басты өзі ұстап, жұртқа бөліп берді. Ас ішіп отырып сөйлестік. Мен негізі ондай жерде көп сөйлемеймін. Бірақ сол жолы дінге байланысты көп сөйледім. Сөзден-сөз шығып кетті. Сосын: «Нұреке, Қазақстанда қанша халық болса, соның бәрі сізбен бір жолыққысы келеді. Бірақ сіз оларды қанша ниеттенсеңіз де, қабылдап үлгере алмайсыз», – дедім. Нұрсұлтан: «Не істеу керек, Қадеке?» деді. Мен: «Сіз өзіңізге осы өнерден, ғылымнан, саясаттан, әдебиеттен, экономикадан аты шыққан, бәрін білетін көсем адамдардан бір сенімді өкіл тағайындаңыз. Сол адам ертеден кешке дейін халықты қабылдасын. Соның ішінен іріктеп-іріктеп сізге жіберіп отырсын, сіз соларды қабылдаңыз», – дедім. Ол кісі: «Бұл жақсы идея екен, бірақ ондай адамдарды қайдан табамын, мысалы, әдебиетке?» – деді. Менің де қылжақбастығым бар ғой, «Нұреке, бұған қам жемеңіз, мен сол әдебиет жағына қатып кетемін» дедім. Бәрі күлді. Сосын Нұрекеңе ренжідім, өйткені, ол кісі: «Мына Әбіш отыр ғой, Қойшығара отыр ғой» деп қалды. Бұл менің көңіліме тиді, содан мен: «Нұреке, егер Әбіш ертеден кешке дейін халықтың қамын ойлап, сіздің мазаңызды ала беретін болса, ол ана жерде мемлекеттік хатшы болып отырар ма еді?» – дедім. Бәрі тым-тырыс отырып қалды.
Содан суретке түсейік деп сыртқа шықтық. Қарасам, жұрттың бәрі тұрып алыпты, бос орын жоқ. Тұманбайды іздедім. Құрдасым ғой. Қарасам, Нұрекеңді құшақтап бір жағында тұр екен. Келдім де: «Әй, Тұманбай, өте ақылдысың ғой, данышпансың ғой» дедім. Менің бір нәрсені бүлдіретінімді біледі ол. Сырыма қанық қой. «Өй, не болды?» деді. «Нұрекең – қазақтың маңдайына біткен тұңғыш Президенті еді, оны да жекешелендіріп алыпсың ғой» дедім. Нұрекеңе риза болғаным, көзінің астымен бір қарап алды да, «Әй, жолдастар, қайта түсейікші» деп мені қолтықтап суретке түсті (күлді).
– Үйленген соң, әйеліңіз үйде отырды ма, жұмыс істеді ме?
– 1961 жылы тұңғыш баламыз дүниеге келді. Ол кезде біз «Тастақта» пәтерде тұратынбыз. Үйді 1968 жылы алдық. Әйелім полиграфия техникумын бітірді, өзге оқуды жалғастырып оқуға мүмкіншілік болған жоқ. Сосын мен оған: «Сен жұмысты қой, бізді Құдай қосты, мына балалар қазақша біліп өсуі керек, сен менің бабымды жаса, ал мен бәріңді қосып асыраймын», – дедім.
– Ұлдарыңыздың аттары кім, мамандықтары, қызметтері қандай?
– Үлкен ұлым Қуаныш Мәскеуде оқыды, қазір Оралда тұрады, одан туған немерем менің қолымда. Ортаншы балам Қазыбек Мәскеудің Көркемсурет институтын бітірді, бірақ өз мамандығы бойынша жұмыс істемеді. Кенжем Ғазиз де сол мамандықты алып шыққанымен, кейін басқа кәсіппен айналысты. Қызым жоқ. Қазыбегімнің қызы бар, аты – Айсұлу. Сол қыз дүниеге келгенде қатты қуанғанбыз.
Байлыққа қызыққан жан емеспін
– «Жақсы шығарма мұңнан туады» дейді. Осы рас па?
– Рас, мұңнан, уайымнан, қиындықтан. Мысалы, Швейцария деген ел бар. Банктің, байлықтың көкесі сонда. Бірде-бір швейцариялықтың жұмыс істемей, үйінде отырып-ақ күн көруіне болады екен. Бірақ сол елден шыққан не атақты жазушы, не ақын, не композитор жоқ. Өйткені, бәрі – тоқ…
Бұрын сіз көбіне түнде жазған екенсіз. Ал қазір ше?
– Қазір де солай. Сол кездегі тұрған үйлеріміз қуықтай-қуықтай бөлмелер болды ғой. Үй суық, батареяға аяғымды беріп жатып жазатынмын. Ал қазір шалқамнан жатып жазамын. Тізем ауырады. Көз қалмады. Қарындашпен жазамын, қаламсаптың сиясы жоғары қарап жатқан соң жазбай қалады.Картинки по запросу қадыр мырза әли
– Сіз өте көп жазасыз. Көп жазу үшін көп оқу да керек. Сонда қай кезде оқып үлгересіз?
– Оқимын. Күнде оқимын. Маған өзің сияқты бір жігіттер сұрақ қойды. «Жаратқан сізден «сүйікті құлым, менен не сұрайсың, сенің айтқаныңды орындаймын» десе не істер едіңіз?» дейді. «Менің үйдегі кітапханам үлкен. Ондай кітапхана Алматыда жоқ. Сол кітапханамды тағы бір рет оқып шығуға мұрсат бер деп сұрар едім» дедім (күлді).
Сонда қызметті 1975 жылдан бастап тастадыңыз ба?
– Дөп басып айта алмаймын, бірақ қырық жасымды қызметте жүріп тойладым. Содан кейін курортқа барып емделіп қайттым. Шымкенттік Қарауылбек Қазиев деген жазушы екеуміз курортта бірге болғанбыз. Бір күні мен ауырып, сол Қарауылбекті танымай қалдым. Басымның тозғаны соншалық, біреумен шатастырдым. Төрт-бес күннен кейін есім кірді. Сосын «Маған бұлай жұмыс істеуге болмайды екен» деп ойладым. Содан Жазушылар одағына барып, Әнуар Әлімжановқа «Мені өз еркіммен жұмыстан босатуыңызды сұраймын» деп арыз жаздым. Содан бір-екі жыл үйде отырдым. Бір күні мені қалалық партия комитеті шақырды. Өзім таң қалдым. Мені Жоғарғы Кеңестің депутаттығына ұсыныпты. Мен өмірімде жиырма шақты том шығарам, депутат болам деп ойламаппын да…
– Өмірде көп нәрсе көрдіңіз. Өмірдің мәні неде деп түсінесіз?
– Бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап береді. Өйткені, өмірде мәнсіз нәрсе жоқ. Оңбағандықтан, надандықтан, сатқындықтан, ақымақтықтан басқаның бәрінің мәні бар. Үйлене білудің өзі – бақ. Онсыз сенің ұрпағың болмайды. Балаларыңның адам болуы да – мән. Сосын ең маңыздысы – халықтың, бір ұлттың өкілісің ғой. Соған жұмыс істемейтіндерді, соған жаны ашымайтындарды түсінбеймін. Имандай шыным! Министрді де таңдап қояды емес пе? Бірақ ол сол жерге барғанда қазаққа жақсылық жасайын деп бармайды. Түске дейін жиналысын өткізеді де, түстен кейін ақшаны ойлай бастайды. Иманы жоқ қой. Қайдан сіңгенін білмеймін, мүмкін ақ сүтпен келген қасиет болар, әйтеуір мен байлыққа қызыққан жан емеспін. Білмеймін, неге екенін. Өмірдің мәні – өзіңді риза қылу. Егер сенің ниетің жақсы болса… Ал мен халқыма жұмыс істедім деп ойлаймын. Өз ісіңнен «мен бір нәрсені бітірдім-ау» деп қанағаттану да – өмірдің мәні…
Сұхбаттасқан Жарылқап ҚАЛЫБАЙ
(«Жұлдыздар отбасы» журналы,
№14, 2007 жыл)

Пікір қосу