– Балташ аға, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мерзімінің бітуіне онсыз да аз уақыт қалғанында оның өз өкілеттігін тоқтаттым деуінің қандай себептері болуы мүмкін?
– Ол кісі елді онсыз да аз басқарған жоқ, ал 30 жыл бойы ешкімге бергісі келмей, жалғыз өзі отырып билеген билігін күтпеген жерден тоқтатып, орнын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беруінің бірнеше себептері бар деп ойлаймын. Олар: біріншіден – денсаулығына байланысты болуы мүмкін. Қанша айтқанмен жас емес, сексенге аяқ басқан шалдың елді билеп отыра беруі өзімізге үйреншікті болып кеткенімен, табиғаттың ешкімге бағынбайтын заңы тағы бар. Екінші себебі, ол – өзінің «сарабдал саясатының ең үлкен жеңісі» еліміздегі жемқорлықтың шектен тыс шиеленісіп кетуінен басын ала қашуы шығар деп ойлаймын.
Қазақстанда коррупцияның өршіп тұрғанын қазір АҚШ сенаторлары да байқап қана қоймай, олар оны айтып та қалып жатыр. Дегенмен, Н.Назарбаев биліктен алыстап ешқайда кете қойған жоқ, «президенттік шенді Тоқаевтың қолына ұстатып қойып, бірақ өзім баяғысынша Қазақстанның саясатын да, экономикасын да енді жаңа лауазым – Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып, ақырын ғана жүргізіп отыра берейін» деген арам пиғылмен ғана президенттік шеннен тез арада өз ықтиярымен бас тарта қойды деп ойлаймын.
– Сонда Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші президенттің аманатына адал қызметкер, яғни Қазақстан билігін оның ұрпағына аман-есен жеткізіп беруші ғана болып табылуы мүмкін дейсіз ғой?
– Бізде қағазға жазылмаған, ашық жарияланбаған монархия дәуірі бірінші президент билікке жаңа келген жылдары-ақ басталып кеткен. Оның дәлелі, егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ жекешелендіру деген бүркеншік желеумен мемлекет меншігіндегі алып-алып кен орындары мен мұнай базаларын, үлкен өндіріс орындарын талан-таражға салып, өз ұрпағы арасында бөліп-жарып алғанын айтуға болады. Сол бай-шонжарлардың барлығы негізі кешегі жалаңаяқтар еді. Қазақтың қазынасын құлқындарына қанша тоғытса да тоймайтын бұл миллиардерлердің (А.Машкеевич, Л.Миттал, күйеу баласы Құлыбаевтар) артында өзінің, тек соның ғана отбасы адамдары тұрғаны бүгінде ешкімге жасырын емес. Сондықтан бұл жерде оны «тақтан кетті, енді ол демалады» деген өтірікке сенбеу қажет. Яғни, ол Қазақстанның билігін өз ұрпақтарына емес, мына Тоқаевқа немесе тағы да басқа да біреуге береді деп ешкім ойламасын.
Тіпті, жаңағы сіз сұраған, «Тоқаев билікті Назарбаевтың ұрпағына жеткізіп беруші ғана ма?» деген сұрақтың өзіне де күмәнмен қарау дұрыс емес! Ол енді қызына бере ме, інісіне бере ме, туысына бере ме әйтеуір өз үрім бұтағымен бірге биліктен кетпей, осыдан шамамен 30 жыл бұрын жоспарлап, бастап қойған өзінің «Мәңгілік, 100-200 жылдық монархиялы Қазақстан» жоспарының сатыларымен нық басып, биіктеп келе жатыр деп айта аламын. Бірақ бұған біздер құр қарап отыруымызға болмайды. Оның небір қитұрқы саясатына енді алданбауымыз керек.
– Назарбаев билігінің дәурені әлі де мығым дейсіз ғой?
– Иә, Н.Назарбаев биліктен кеткен жоқ! Ішкі экономиканы да, ішкі сая­сатты да – бәрін дәл бұрынғыдай өзі жүргізеді. Ал Тоқаев мырза Назарбаев не айтады, соны тып-тыныш орындап қана отырады. Неге десеңіз, Тоқаев өзіңіз де білесіз, ол шапқылап жүрген жас бала, жас жігіт емес, бүгінде 66-ға аяқ басқан апталдай азамат. Десек те, бұл кісінің осы уақытқа дейін тек Назарбаевтың қол астында, қамқорында болып жүргені болмаса, тіпті бір кездері президенттен кейінгі екінші адам лауазымына да ие болғанымен, оның ел есінде қалатын ешқандай елеулі қызметі жоқ. Сенбесеңіз, ойланып көрейікші, Тоқаев осы күнге дейін халықтың жағдайын жақсартуға бір бағдарлама жасап, оны халықтың алдына жарқ етіп алып шығып, сараптауға салды ма? Салған жоқ! Жоғарыдан не айтылды, соны ғана орындап, үндемей отырды. Похожее изображение
– «Үндемей, бас шұлғу» сая­саты онсыз да біздің билікте қалыптасқан, о бастан негізі мықтап қаланған «тәртіп» емес пе? Әйтпесе, қай премьер немесе қай министр, қай депутат өздігінен шешім шығара алып еді?
– Неге жоқ? Әкежан Қажыгелдиннің нарықтық экономиканы жақсарту үшін жасаған бағдарламасы ше? Оны қайда қоямыз? Қажыгелдин сол бағдарламаны жасаумен үш жылдай айналысып, нарықтық экономикада келелі мәселелерді өз мойнына алып, іске асырып кетті ғой. Сондықтан да премьер-министрлердің ішінде саясаттағы өз сара жолын салып кетті деп осы жалғыз Қажыгелдинді айтуға болады.
– Әкежан Қажыгелдиннің қолымен қайта кері қателік – приватизация жасалынып кетті емес пе?
– Приватизация – кері қателік дегенді қайдан шығарып тұрсыз? Приватизация – ол нарықтық экономиканың фундаменті. Әрине, егер дұрыс жасалынса. Егер дұрыс бағамен оны сататын болса, өздері тығылып отырып оны өзара бөлісіп алмаса, егер шетелдік бизнесмендер келіп нарықтық бағамен сатып алып, оны іске қосса, халықты қазақстандық өндіріспен, жұмыспен қамтамасыз етсе, осы күні көркейген, өркениетті де бай елдің бірі болып отырмас па едік?! Біздіңкілер не істеді? Ірі-ірі зауыт, фабрикаларды өз айналасында өздері болып бөліп алып, оның іші-сыртын тонап, халыққа тек қаңқасын қалдырып, көбін тіпті тоқтатып тастады.
Ә.Қажыгелдиннің нарықтық экономикада орасан еңбегі бар. Біз мұны жоққа шығармауымыз керек. Оның кезінде конвертация басталды, төл теңгеміз шықты. Алғашында рубль еді, Әкежан теңгені рубльге шағып, конвертация жасады. Бірақ қателігі де болды. Мәселен, ауылшаруашылығын құлдыратты, колхоз-совхоздарды құртып, халықты қаңғыртып жіберді. Міне, осы қателік Ә.Қажыгелдиннің мойнында десек болады. Дегенмен, осындай-осындай жіберген қателіктері болғанымен, ол экономикаға адал кірісті. Сондықтан, басқа премьер-министрлермен салыстырғанда, оның еңбегі көп. Ал кабинетінде түк бітірмей, тып-тыныш қана тек креслосын бағып отырғандардың бірі мынау – Тоқаев. Премьерліктен кет деген күні кете қойып, Сыртқы істер министрі болды ғой деймін. Картинки по запросу токаев
– Аға, сөзіңіз аузыңызда, сіздіңше елдің қазіргі саяси жағдайын Н.Назарбаевтың құрған спектаклі, Қ.Тоқаевты спектакльдің «қуыршақ» президенті деп санасақ, ол қуыршақтың спектакльдегі рөлі қаншалықты салмақты болмақ? Межесі қай жерден, қандай рөлдермен тоқталады? Спектакль көрінісін сипаттап бере аласыз ба?
– Биылғы жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Сіз не үшін деп ойлайсыз? Спектакль сюжеттері бойынша Тоқаев сайлауды өткізіп береді. Өздерінің жоспарларымен «Нұр Отаннан» не қызын, не туысын шығарады, оларға қосып тағы бірлі-жарымды қуыршақ кандидаттарды дайындайды да, жаңағы «Жас­тар жылының» марапаттарына риза болған, оң-солын әлі танып үлгермеген жастардың бәрін жинап апарып, қаласын-қаламасын өз адамына дауысты бергізеді. Осы жерде қуыршақ үміткерлер дегенде мына нәрсеге тоқтала кетейін, бұлар заңның бәрін өздеріне лайықтап түзеп қойды ғой. Қазір өзін-өзі ұсынамын деген адам кандидат бола алмайды, ол арнайы партиядан ұсынылуы тиіс. Бізде қазір 6 партия бар, 6 партиядан 6 адам шығады, олардың бесеуі қуыршақтар болады да, «Нұр Отаннан» өзі лайық деп тапқан адамды шығарып, әдеттегідей ең жоғары пайызбен оны жеңіске жеткізеді. Әлі «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» немесе «әкесін ұрғанды көріп едік, ал әкесін байлап қойып ұрғанды кім көріпті» демекші, президент тағына жаңа келген адамның қыруар еңбегін бүкіл ел білетін, танитын, бүкіл ел бірауыздан қолдайтын болып шығып, 95 пайыздық дауысты жинап беріп жатсақ та, таңғалмаймын. Міне, сізге спектакль!
– Қасым-Жомарт Тоқаевтан кенеттен мінез шығып, КСРО тарихынан Л.Брежневті қайталауы мүмкін деп үміттенуге бола ма?
– «Жоқ» деп сенімді жауап бере аламын. Тоқаевтан мінез шықпайды. Егер мен қателесіп кетсем, онда халықтан да, оның өзінен де кешірім сұрауға дайынмын. Ол ондай адам емес.
Қандай адам емес?
– Егесіне қарсы келетін адам емес. Н.Назарбаевтың айтқанынан шықпайтын, сол не айтса, соны орындайтын адам. Отыр дей ме, отырады. Тұр десе, тұрады. Болды.
Сөзіме дәйек болсын, Сыртқы істер министрі Б.Атамқұлов Қытай Халық республикасына жақында іссапармен барып келіп: «Қытайда қазақтарға ешқандай қысым көрсетіліп жатқан жоқ екен, – деді, – Қытайдағы саяси лагерьлер туралы түсіндіре кетсем, тәртіпсіздік қай елде де дұрыс жолға салынуы керек. Егер ҚХР мұсылман елі болсын, қытай халқының өз адамдары болсын, дұрыс емес әрекет жасаса, онда олар – тәртіпсіздер. Ондай тәртіпке бағынбайтындарды саяси түрме лагерьлеріне салып тәрбиелеу дұрыс», – деп келді. Бұған не дейсіз? Егер Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың өкілі, ұлттың жанашыры болса, оның министрі халықты осылай алдап келер ме еді? Қ.Тоқаевтың министрі Қытайдың ондағы мұсылман елдеріне үстемдік жасап жатқанын, көрсетіп жатқан зорлық-зомбылығынан қазақтардың зар еңіреп жатқанын мойындамай, жоққа шығарып келді. Қазір бұл мәселеге тіпті, АҚШ-тың, Еуропа елдерінің назары ауып, қытайға «Бұл геноцидті тоқтатпасаңдар, сендерге қарсы санкция жариялаймыз» деп қарсылық танытып жатқанда, біздің өз қазақтарымыздың бұл сандырағын қалай ақтауға болады?
– Қытай Халық Республикасының мұсылман халықтарына жасап жатқан зорлығының астарында не жатыр? Олардың мақсаттары не?
– Мақсаты – өзінің миллиардтаған халқын жеріне сыйдыра алмай жатқандықтан, қазақтың кең байтақ жеріне көз сұғын қадап, әртүрлі жолдармен Қазақстанға толығымен кіру. Басқа себебі жоқ оның.
Қытайдың ежелден келе жатқан, сыртқа шығара бермейтін, ішкі саясатының бірі, ол – көздеген еліне енуді соғыссыз-ақ жүзеге асыра алатыны. Қытай үкіметінің соңғы кездері жариялаған геосаяси, геоэкономикалық бастамалары, «Жібек жолын жаңғырту» жоспарлары, елімізде 51 жаңа кәсіпорын ашу жобалары осы сөзіме дәлел бола алады.
Мао Цзэдунның қылышынан қан тамып тұрғанында Қытайда болған 128-дей ұлт өкілдерінен қазір шамамен 20 шақтысы ғана қалған. Ол 20 шақты ұлттың көбі мұсылман елдері, оның ішінде саны басымы ұйғырлар мен қазақтар екені ешкімге жасырын емес. Сондықтан да қытай қазақ жеріне енуді толық бастағанда, өз ішінен жаңағы мұсылман қауымы өздеріне бөгет болмасын деген қорқынышпен оларды осы бастан өздерінің концлагерьлеріне салып, оларды қытайландырып, дінінен бездіріп, қиянаттың небір сорақы түрлерімен сұмдықты жасап жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев егер қазаққа жаны ашитын адам болса, алдымен осы қытай мәселесін шешуге шұғыл кірісуі, осы мәселені батыл көтеріп жүрген Серікжан Біләшты қамаудан босатуы қажет. Ал енді анау Сыртқы істер министрінің Қытайда қазақ мәселесі жоқ дегені бұл – өрескел қателік. Қазаққа осыдан артық қорлық жоқ шығар..?! Картинки по запросу токаев
Мемлекет басшысы жақында бұрынғы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің іске асыруымен мектеп бағдарламаларына енгізілген үштілділікке қатысты: «Алдымен, қазақ тілі, екінші – орыс, соңынан ағылшын тілі болуы керек», – деп мәлімдеме жасады да, артынан іле-шала: «Домбыра үйрену сабағы барлық мектептерде қосымша факультативті сабақ ретінде жүргізілсін», – деді. Балташ аға, қалай ойлайсыз, онысы расымен халыққа жақындап, ұлттың қамын ойлайын дегені емес пе? Мүмкін біз тырнақ астынан кір іздеп отырған шығармыз?
– Алдап отыр. Бірінші мәлімдемесіне келсек, тілге қатысты ол әлі ешқандай жаңалық ашқан жоқ. «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп Ата Заңымызда айтылған. Бұл соны қайталап отыр. Мықты болса, мектепте бастауыш сыныптар тек қана қазақ тілінде оқытылсын десін. Орыс тілі дегенді мүлдем алып тастасын, сонда көрейік мықтылығын. Ал домбыраға келсек, әрине ұлттық идеяны қолдауымыз қажет-ақ, бірақ қазір аш халыққа домбыра не керек? Алдымен елдің әл-ауқатын көтерсін, экономикамызды көтерсін. Өзіңіз ойлаңызшы, аш қарын майлы ас жемей жұбана ма? Сол себепті халық алданып отыра бермей, билікке, ол әрине Тоқаевы бола ма, басқасы бола ма, «елді «тәтті тілдеріңмен» алдаудың қажеті жоқ. Жақсы сөздермен емес, жақсы істермен қуантатын уақыттарың келді. Осы уақытқа дейін сендерге алданып келдік, енді жетті, көзбояушылықты доғарыңдар?!» деп қатаң талап қоюымыз керек!
Біз Ресейдің ықпалынан қорқамыз. Халықтың көкейінде «Тұңғыш президент Қ.Тоқаевтың қолымен Қазақстанды Ресейдің қолтығына қайтадан кіргізіп жібермекші» деген қатты алаңдаушылық та жоқ емес…
– Мен олай ойламаймын. Белорусьті де оншалықты Ресеймен бірігіп кетеді деп ойламаймын. Неге десеңіз, орысқа ол қолайлы емес. Өйткені, орыстың жағдайы қазір ауыр. НАТО-ның сансыз санкцияларынан сандалып қалған орыстарда қазір қаржы да жоқ. Бұрынғы империя кезіндегідей олар қазір басқа елдерге үстемдік жасай алмайды. Өздері өздерін сақтап қалу қаупімен күресіп жатқанда, Қазақстан сияқты алып елді өз қамқорына алып, асырап сақтауға міндеттенетіндей күйі жоқ. Мұның бәрі Н.Назарбаевтың орыс досы В.Путин екеуі «тарихта Қазақстан деген ел болмаған. Жоқтан бар жасаған Назарбаев» деп жариялап жүрген сандырақтарын халыққа мақұлдату, халықты сендіру мақсатында шығатын жалған дақпырттар. «Ел тарихында осындай алып елдің шекарасын бір адам ғана бекітіп, оны ешкімге бұздырмай аман-есен сақтап отырған да жалғыз – Назарбаев» деген саясатқа сендіру үшін кезінде «ойбай, Қазақстанның солтүстігін Ресей алып қойғалы жатыр», «ойбай, батысын казактар алып қойғалы жатыр» деген сияқты т.б. сөздер шықты. Бәрі де саясат. Себебі, өзіңіз ойлап қараңызшы, орысқа ауылшаруашылығынан өзге дымы жоқ ол өңірлер неге қажет? Біздің жаңағы ойбайлап жүрген Қостанай, Солтүстік Қазақстан аймақтарында тек ауылшаруашылығы ғана бар. Олардың өздерінде де бізбен шекаралас Қорған, Омбы облыстары бітіп жатыр. Ол стратегиялық пайдасы жоқ, тек қана ауылшаруашылықпен ғана отырған облыстар. Олар қайта бізге: «сендер біздің Қорған (Курганская область) облысымызды ала қойыңдаршы осы» деуі де бек мүмкін. Ал орыстың Қырымды алғанына тоқталсам, ол енді стратегиялық пайдасы көп және Хрущевтің кезінде Украинаға өтіп кеткен орыстардың өз жері еді. Картинки по запросу токаев
– Осы жерде тағы бір сұрақ туады. Кейбір шетелдік сараптамаларда бұрынғы президентіміздің өз өкілеттігін ешкім күтпеген 19 наурызда тоқтатуын «Ресейдің ықпалынан, яғни Қ.Тоқаев В.Путиннің шешімімен келген президент» деген пікірлер де айтылуда…
– Жоқ, Ресейге Н.Назарбаевтың отырғаны керек. Себебі, ол Ресейге ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Еуразиялық Одағына кірді, шекарада ешқандай шектік жасамады. Орыстарға Н.Назарбаев жау болған жоқ. Ася, біз мына мәселені анықтап алайықшы?! Мен жаңа сұхбатымыздың басында айтып кеттім емес пе, Тоқаев – Назарбаевтың қуыршақ президенті деп. Бұл деген сөз – екеуін екі бөлек қарауға келмейтін, екеуі бір мақсаттың, бір стратегтің нәтижесі деп қарауымыз керек. Яғни тұңғыш президент те, екінші президент те орыстардың қолбаласы болып қала бермек деген сөз. Бірақ біздер қорықсақ, ең алдымен, орыстардан емес, қытайдан төнетін қауіптен қорқуымыз керек. Қазақтың жерін тартып алу бүгінгі күні өз экономикасы құлдырап кеткен орысқа емес, халқы жеріне сыймай жатқан қытайға көбірек керек.
– Балташ аға, әрине, елде бейбітшіліктің тұрақтағанын қалаймыз, дегенмен де, осы қытайдан төнуі кәдік қауіпті қаузағанда, біздің алдыңғы билік те, кейінгі билік те «орыстарды өз ағайынымыз, қытайларды көрші ағайынымыз» деп кібіртіктеп тұратын саясаттың астарында не жатыр? Осы біз тым «бауырмал» емеспіз бе?
– Дұрыс айтасыз, өзгеге келгенде өзегін жұлып беретін қазақ, өзімізге келгенде ылғи да осылай кежегеміз кері тартып тұрады. Тым «досшыл» халықпыз. Тым «ағайыншыл» халықпыз. Тым бауырмал, ақкөңіл халықпыз. Тіпті, «Қазақстан – көпұлтты елміз» деп өзеурейтінді шығардық. Біз ешқандай көпұлтты емес, көп диаспоралы елміз. «Көп ұлтты елміз» деп еліріп жүргенде, сол көп ұлттың көлеңкесінде қалып қойғанымызды мойындап, олай тым ақкөңіл болғанымызды қоюымыз керек.
Қазаққа ендігі аңқаулық пен жалқаулықты жинап, білімді жастармен жарқын болашаққа батыл-батыл қадамдар жасайтын уақыт келді…
Сұхбаттасқан Ася АСЕТКИНА

«Аңыз адам» журналының 2019 жыл №8 саны

(ЕСКЕРТУ: Материалды көшіріп басуға болмайды)

Пікір қосу