– Әзімбай аға, Серікжан Біләштің тұтқындалуының саяси астары бар деп ойлайсыз ба?
– Менің ойымша, Серікжанның тұтқындалуы Қытайдың бізге жасаған қысымынан болып отыр. Қытай – ірі мемлекет, оның үстіне Қазақстанмен көрші. Әрине, Қазақстан билігі Қытайдағы қазақтардың тағдырына селқос қарамайды. Бірақ біздің сөзімізді, өтініш-тілегімізді Қытай құлағына да ілмейді. Яғни, менсінбейді. Керісінше, Қазақстан Қытай қойған талаптарды орындауға мәжбүр. Серікжанды да Қытай қойған талаптарға белгілі деңгейде жауап қайтару үшін ұстады.
– Қытай не үшін С. Біләштің іс-әрекетіне тұсау салуға мүдделі?
– Қаншама жылдан бері Батыс елдері Қытайды «адамдық құқықты өрескел бұзып отыр» деп сындап келеді. Бірақ қазір Қытай адамдық құқықты тіптен аяқасты етіп отыр. Бұл оқиға әлем ақпаратында жазылып, талқыланды. Енді осының салдарынан АҚШ пен Батыс елдері алдағы уақытта Қытайға зор көлемде санкция салуы мүмкін. Осы экономикалық қатердің алдын алу үшін, Қытай ел ішіндегі және шетелдегі Қытайдың адамдық құқығын айыптайтын топтарға кедергі жасағысы келеді. Ал Серікжан – Қытайдағы жазықсыз тұтқындалған қазақтардың құқығын қорғап жүрген белсенді азамат. Сол себепті, Қытай Қазақстан билігі арқылы Серікжанның аузын жапсақ, барлық мәселе шешіледі деп ойлайды. Бірақ керісінше, Серікжанның тұтқындалуы Қытайға санкция салу қадамын тіптен тездете түсуі де ғажап емес. Меніңше, енді көп өтпей Қытай қазақтарының Қазақстанға көшуіне мүмкіндік беріледі. Қытай «аш пәледен, қаш пәле» деп, оларды еркін жіберуі де ықтимал.
– Серікжан Біләш тұтқындалғанның ертесіне полиция сізді де шақырғаны рас па?
– Иә, наурыздың 11-і күні сағат 12:00-де мені Алматы қалалық Полиция департаменті шақырды. Сондағы олардың басты ойы мен арқылы Серікжанды айыпты ету екен. Бірақ мен оларға:«Серікжанды қолдаймын, ол Қытайдағы қазақтарды қысымнан босатқысы келетін құқық қорғаушы» дедім. Сонымен қоса, Серікжанды айыптаудан бас тартатынымды ашық айттым.
– Серікжанға Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша айып тағылып отыр. Сіз осы айыптаумен келісесіз бе?
– Мен Серікжанның іс-әрекетінен осы бапқа қайшы келетін ештеңе байқаған жоқпын. Деседе әр адамның сөзінде қателіктер болуы мүмкін. Әрине, «жиһад» деген сөзді пайдаланбауы тиіс еді. Осы іске келгенде біздің күштік құрылымдар өте ұрымтал, пәрменді технологияны пайдаланды. Алайда Серікжан өз міндетін орындады. Өз үнін Батысқа жеткізді. Енді оған Еуропа елдеріне кету керек еді.
– Сіз қазір Серікжанды қолдап отырсыз. Бірақ өткенде Серікжан Біләш жетекшілік еткен қоғамдық ұйымды сынап, БАҚ бетінде ашық хат жазғандардың қатарында болдыңыз емес пе?
– Наразылық хатына қол қойғаным рас. Содан кейін Серікжан бізді келістіріп сыбады. Ал қазір бәрін кешірдім. Бәлкім оның саяси күрес тәжірибесі жоқ шығар. Сондықтан кейбір дүниені ағат айтуы мүмкін.
– Сіз Серікжанға қандай жаза тағайындалуы мүмкін деп ойлайсыз?
– Серікжан халықаралық деңгейдегі құқық қорғаушы, оны соттау мүмкін емес. Егер Серікжанды соттаса, біздің билік батыс елдері тарапынан санкцияға ілігуі де ғажап емес.

Сұхбаттасқан Ерзат Асыл

«Жұлдыздар отбасы» журналының №7 саны

Пікір қосу