– Айман ханым, 10 наурыз күні түнде тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті «ұлтаралық араздық қоздырды» деген күдікпен Алматыдан ұстап Астанаға алып барды. Серікжанды не себепті аяқасты тұтқындады?
– Менің ойымша, Серікжанды ұстаудың астарында Қытай мен Қазақстанның саяси, экономикалық байланысы жатыр. Себебі Серікжан осы уақытта дейін Қытайдағы концлагерьлерде саяси қысым көріп жатқан қазақтар туралы жиі айтып жүрді. Әсіресе, Қытайда көптеген қазақтардың концлагерьге қамалып, адамдық құқығы шектеліп, жазықсыз жазаланып жатқанын түрлі ақпарат құралдары арқылы жеткізді. Ал Қазақстан үкіметі Қытайда қысым көрген қазақтардың жағдайы қоғамда қызу талқыланып, халықаралық ақпарат құралдарында жарияланғанын құптамайды. Себебі Серікжан секілді белсенді азаматтардың атсалысуымен Қытайдың геноцидтік саясаты әлемге әшкереленсе екі елдің байланысына селкеу түседі деп алаңдайды. Сондықтан Серікжанды жеделдетіп ұстап, оның үнін өшіріп, аузын жабуға тырысып жатыр.Картинки по запросу серікжан біләш
– Серікжан Қылмыстық кодекстің 174 бабы бойынша «ұлтаралық араздық қоздырды» деген күдікке ілінді. Сіз мұнымен келісесіз бе?
– Жоқ, келіспеймін. Астана қалалық прокуратурасы Серікжанның ұсталуына «Алматыда 8 ақпанда өткен жиындардың бірінде белсендінің азаматтарды «жиһадқа» — этникалық қытайларға қарсы соғысқа шақыруы себеп» болған дейді. Анығында Серікжан ешкімді, ешқандай да «жиһадқа» шақырған жоқ. Олар С.Біләштің 8 ақпанда сөйлеген сөзінің «жиһад» деген жерін қиып алып айыптап отыр. Ал «жиһад» сөзі араб тілінен аударсаңыз «күрес» деген мағынаны білдіреді. Ол ешқандайда ұлтаралық араздық қоздыруға жатпайды. Меніңше, бұл Серікжанды ұстаудың сылтауы ғана. Егер С.Біләш шынымен қылмысты болса неге Алматыда тергей бермеді, неге оны жарты түнде қонақүйде жатқан жерінен ұстап алып келіп, Астанада тергеді? Осының бәрі күдікті.
Серікжан ұсталған соң оны іздеп Астанаға бардым, бірақ күні бойы күттіріп мені ішке кіргізбеді. Тек кешке қарай сот болып, Серікжанды уақытша қамау изоляторынан үй қамаққа ауыстырған кезде ғана жолықтық. Серікжан негізі Алматыда тұрады, заң бойынша оны үй қамаққа Алматыға әкелу керек еді, бірақ сот Астанада қалдыруды талап етті, сол кездегі жағдайға байланысты оған да амалсыз көндік. Мен Алматыға қайтарда тергеушіге хабарласып: «19 наурыз күні Астанаға келемін» деп едім ол «Иә, алаңдамаңыз, ешқандай заңбұзушылық болмайды» деді, тергеушінің осы сөзі маған күдіктілеу сезілді. Серікжанға күш көрсетпесе болғаны деп іштей уайымдадым. Ақыры күдігім расталды. 13 наурыз күні Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мен полиция қызметкерлері Серікжанды күштеп «Адвокат Айман Омаровадан бас тартамын» деп өтініш жаздыртып, қол қойдыртып алыпты. Сондай-ақ Серікжанға «Сотты қысқартуды сұраймын, қылмысымды мойындаймын, процессуалдық келісімге келемін» деген өтініш жаздыртқан. Сонымен қоса, бірнеше ақ параққа да мәжбүрлеп қол қойдыртқан.
Сонда қазір Серікжан сіздің өзіне адвокат болуыңыздан бас тартты ма?
– Серікжанның айтуы бойынша күштеп бас тартқызған. Бірақ мұны заңды деп санауға болмайды. Себебі мұндай бас тарту адвокаттың көзінше істелуі шарт. Серікжан әйелі Ләйлаға жіберген аудиожазбасында өзін мәжбүрлегенін айтқан. Яғни, оған қысым көрсеткен. Мұның бәрі менің адвокаттық жұмысыма кедергі жасау үшін әдейі істеліп отыр. Өйткені олар менің ақиқатты айтуымнан, өздерінің заңсыз істерінің әшкереленуінен қорқады. Мен Серікжанның ұсталуы туралы бар шындықты айтып, заңбұзушылықтарды көрсетіп мемлекеттік және шетелдік ақпарат құралдарына сұхбат бердім. Мысалы, әлемге танымал The Washington Post, The Foreign Policy сияқты басылымдар Серікжанның ісіне назар аударып, менен сұқбат алды. Жалпы Серікжанға менің адвокат болуыма олар әу бастан-ақ қарсы болды. Серікжан уақытша тергеу изоляторында жатқан кезінде оған «Айман саған адвокат болмайды. Біз белгілеп берген адвокатпен жұмыс істейсің» деп қысым көрсеткен, сол үшін мені Серікжанмен жолықтырмауға тырысты. Кейіннен біз әлеуметтік желіге видео жариялап Серікжанмен жолыға алмай жатқанымызды айтқан соң ғана бізді кездестірді.Картинки по запросу серікжан біләш
– 14 наурыз күні әлеуметтік желіде Серікжанның бір видеосы жарияланды. Онда С.Біләш өзінің Мұхтар Әблязовпен қатысы жоқ екенін айтып ақталды. Мұны да полиция қызметкерлері Серікжанды күштеп түсірткен болуы мүмкін бе?
– Серікжанның ісіне саясат араласып отырғаны олардың осы әрекетінен-ақ көрініп тұр. Негізі С.Біләштің М.Әблязовпен ешқандай байланысы жоқ. Бірақ оны күштеп М.Әблязовқа қарсы видео түсірткізіп таратқызды. Ертең осы видеоны Серікжанның өзіне қарсы пайдаланып, оны Әблязовтың жақтаушысы етіп шығара салуы да мүмкін. Қазір Серікжанды «ұлтаралық араздық тудырды» деп тұтқындады. Енді біраз уақыттан соң тағы бір жалаларды негізсіз жауып жазасын ауырлатып жіберуі де ғажап емес. Негізі Серікжанды үй қамаққа шығарарда соттың үкімімен оның ақпарат таратуына, әлеуметтік желі пайдалануына тыйым салған. Енді оны күштеп видеожазба тараттырып жатыр, яғни құқық қорғау орындары өздері айтқан үкімді өздері бұзып отыр. Мұндай жағдайда Серікжанды да түсінуге болады. Ол өзін қорғау үшін аудиожазбаны әйелі Ләйлаға жіберген. Одан басқа амалы да жоқ.
– Сізді енді Серікжанның сотына араластырмай қоюы мүмкін бе?
– Әбден мүмкін. Себебі Қазақстанда адам құқығы қорғалмайды. Қазір Серікжанға қарсы ақпараттық соғыс жарияланды, мемлекеттік телеарналарда арнайы репортаж дайындалып оны «жау, жиһадшы» етіп көрсетуге тырысып жатыр. Бірақ бұл тұрғыдан да олар жеңілді. Серікжанды не себепті тұтқындағанын, істің қалай болып жатқанынан бүкіл әлем хабардар.
Біздің билік Қытайда қысым көрген қандастарымыздың ісіне араласудың орнына Қытайдың геноцид саясатын әшкерелеген Серікжанды қылмысты етуге күш салып жатыр. Яғни, Қытайдың ығына жығылып отыр.
– Серікжанның ісін шетелдік ақпарат құралдары бақылап, жазып отыр. Мұның қандай да бір ықпалы бола ма?
– Болуы мүмкін. Шетелдік ақпарат құралдарымен қоса Қазақстандағы бірнеше мемлекеттің елшілігі де Серікжанның ісіне сұрау салып жатқан көрінеді. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы, басқа да адам құқығын қорғайтын ұйымдар бұл іске баса мән беріп отыр.
Билік Серікжанға күш көрсетіп, менен бас тартқызып, оны қылмысты етсе де Қытайда туысы қамалған қазақтардың жанайқайын баса алмайды. Мысалы Қытайда әкесі, шешесі, күйеуі қамалған қандастарымыздың қиын тағдырын көргенде жүрегім қан жылады. Қытай халықараға «адам құқықтарын бұзбаймыз» деп жар салғанымен олар адам құқығын аяусыз аяққа таптап отыр. Мұсылмандарды «қайта тәрбиелеу орталығы» деп аталатын концлагерьге қамап, қалай қинап жатқанын қазір әлем біледі. Олардың бұл әрекеті түбі әшкереленеді.
– Серікжан әйелі Ләйлаға жіберген аудиожазбада өзіне күштеп өтініш жаздыртқанын және бірнеше қағазға қол қойдыртқанын айтады. Бұған не дейсіз?
– Серікжанға қысым көрсетіп: «Егер осы қағаздарға қол қойсаң сені 31 наурызға дейін бостандыққа шығарамыз, болмаса 10 жыл түрмеге жабамыз» деп қыспаққа алған. Олардың бұл әрекеті заңсыз. Негізі заң бойынша қандай да бір тұлғаның «Иә, мен солай істедім» дегеніне сенуге болмайды. Оның қылмысы заңдық негізде дәлелденуі тиіс. Ал Қазақстанда құқық қорғау орындары өздері күштеп «мойындатып» кейіннен оны өздері пайдаланады. Сондықтан мұның бәрі заңсыз әрекет. Картинки по запросу серікжан біләш
– Бұл істің шешімі қалай болуы мүмкін?
– Егер Қазақстан өзінің халықарадағы беделін ескерсе істі қысқартып, Серікжанды босатуы керек. Ал егер Серікжанды істі етіп, соттаса Қазақстанның халықарадағы абыройы айтарлықтай төмендейді. Әдетте «Дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз» деп ұрандаймыз. Бірақ дәл осындай бассыз әрекеттер тиылмаса 30 ел тұрмақ 50 елдің қатарына қосыла алмаймыз. Бұл менің өз ойым, ал билік не ойлап отырғанын білмеймін.
– Бұрын Серікжан жетекшілік еткен «Атажұрт еріктілері» ұйымының қазіргі жағдайынан хабарыңыз бар ма?
– Бұған дейін «Атажұрт еріктілері» ұйымын тіркемеді» деп Серікжанға айыппұл салған болатын. Қазір ұйымның белсенді мүшелерін шақырып тергеп, қысым көрсетіп жатқан көрінеді.

Сұхбаттасқан Жақсылық Ырысбай

«Жұлдыздар» отбасы №7

(ЕСКЕРТУ: материалды көшіріп басуға тыйым салынған)

1 пікір

Пікір қосу