Мұрат, сіз қазір Қазақстаннан толықтай Түркияға көшіп кеттіңіз. Оған не себеп болды?
– 2016 жылы Анталиядан жоба жеңіп алдым. Негізі бұл байқауға Түркия, Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан,Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көп елдер өз жобасын ұсынды. Осы елдердің ішінен жоба бізге бұйырды. Осыдан соң Түркияға жиі баруыма тура келді. Себебі, түрлі талқылаулар, кеңесулер көбейді. Перзенттерім әлі кішкентай болғандықтан, біраз уақыт Анталияда өмір сүргеніміз дұрыс деп ойладым. Бұл балаларға да жақсы болды, Астана өте суық, Анталияның ауа райы да біз үшін қолайлы.
– Өнер адамдарының өмір жолы ел экономикасымен, оның жүйесімен де тығыз байланысты. Себебі, экономикасы дамыған, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы мемлекетте сіздерге тапсырыс та көп болады емес пе? Қазір Қазақстанда бірнеше жыл қатарынан дағдарыс болып жатыр, тапсырыстар да аз шығар?
– Иә, дұрыс айтасыз. Әсіресе, жұмысыңыз мүсін өнерімен байланысты болса, ол көп қаржы талап етеді. Қоғам дәулетті болса – мүсінті болады. Бір ғана мүсін құрылысына 1 миллион АҚШ долларына жуық қаржы жұмсалады. Ал мүсін өнерінің дәрежесі көтеріліп, елде көркі көз тартатын мүсін құрылыстары көп болуы үшін, мемлекет тарапынан мүсіншілерге қолдау қажет. Похожее изображение– «Қазақ елі» монументіне де осынша қаржы жұмсалды ма?
– Нақты есімде жоқ. Бірақ соған жақын. Негізгі қаржы құрылыстың материалына кетеді, бір тонна қола шамамен он мың доллардай тұрады. Ал «Қазақ елі» монументіне он тоннадан артық қола қажет болды. Оған электр қуатын қосыңыз және мамандардың еңбекақысын есептеңіз. 300-400 квт, пешті қыздыруға сегіз сағат уақыт кетеді. Енді өзіңіз есептеп көріңіз, 1000 квт-тан артық электр қуаты жұмсалды. Қола 1108 градуста балқытылады. Бірақ толық балқыту үшін 1200 градус талап етіледі. Сондықтан да бұл пеш электр қуатын көп жұмсайды. Жаңа айтқанымдай, қаржының көп бөлігі материалға кетеді және мамандардың да еңбекақысы бар. Мысалы, балқытушылар (оргонщики), олар көп жылдар бойы осы іспен айналысқан тәжірибелі мамандар. Өз істеріне өте ұқыптылықпен қарайды. Олардың жұмсайтын уақыты да көп, күндіз-түні еңбек етеді. Басқа елдерде 500 тоннаны көтере алатын крандар бар, ал Қазақстандағы крандар 300-350 тонна аралығындағы салмақты көтере алады. Бұлардың бәрі көп қаражат талап ететіні түсінікті.                                                                                  ÐšÐ°Ñ€Ñ‚инки по запросу мұрат мансұров
– Сіз республикалық деңгейден көтеріліп, түркі халықтарының аренасына шықтыңыз. Енді әлемдік деңгейге немесе ислам елдері деңгейіне шығуды мақсат етесіз бе?
– Ондай мақсат қоямын деп нақты айта алмаймын. Бірақ армандауға болады, негізі мұның бәрі әртүрлі байқауларға қатысу арқылы шешіледі. Біз көп байқаулар туралы ести бермейміз, көбіне бейхабар қаламыз. Мысалы, қазір әлемдік деңгейде байқау өтіп жатқан болуы әбден мүмкін. Сондай байқауда жеңімпаз атансаң, әрине, әлемдік деңгейге лайықты жұмыс жасауға тырысасың. Сол арқылы тәжірибеміз молығады. Алғашында бірнеше метрлік, кейіннен оннан жоғары, содан соң одан да биік жобалар жасай бастайсың. Кейде желге қарсы немесе сейсмикалық аудандарға негізделген жоба жасауыңа тура келеді. Біз қазіргі жобамыздың (Түркияда) желге төтеп бере алуын қадағалап отырмыз. Міне, осындай жобаларды іске асыру арқылы жұмыс деңгейін де көтере аламыз. Келесіде 100 метрлік жоба да дайындай аламыз. Себебі, бізде командалық жүйе пайда болды. Бір-бірімізді түгел түсінеміз. Мысалы, қазіргі таңда Астанада Абу-Даби плазасын салып жатқан бригаданың жұмысы тым күрделі. Оларға Оңтүстік Кореядан да тапсырыс келеді. Олар қаншалықты күрделі конструкцияда жұмыс істесе де, өз істерін жақсы білетін мамандар. Жұмыс аяқталған соң қанша тексеріп шықсаң да, шикілік табуың екіталай. Міне, тәжірибе арқылы бәріне де қол жеткізуге болатынының дәлелі.                                                                            – Сіздің негізгі құрылыс материалыңыз?
– Мен ірілі-ұсақты көптеген жобаларда жұмыс жасадым, қоланы жиі пайдаланамын. Темірден, мрамордан, тастан, пластика және қышты да пайдаланатын кездер болады. Жобаға материал жайдан-жай таңдалмайды, ол жобаның істелетін жеріне, климатына да тікелей байланысты.Картинки по запросу мәңгілік ел монументі
Сіз ең көп қаламақыны «Мәңгілік ел» жобасы үшін алдыңыз ғой…
– Иә.
Қазір сізді өз ісінің нағыз шебері деп айтуға болады. Сізден сұрағым келгені, егер барлық жағынан жағдаят жасалынып берілсе, сіз қандай ескерткіш жасайтын едіңіз?
– Білмеймін. Бәлкім, патриоттық дүние жасағым келеді. Мысалы, Астанада Тәттімбеттің ескерткішін жасайтын едім… Себебі, ол – ғажайып композитор. Бірде Еркеғали Рахмадиевпен сұхбаттасқанымда (ол кісінің ұлы Едіге Рахмадиев жақсы мүсінші) менің қай жердің тумасы екенімді сұрай келе, Тәттімбетпен жерлес екенімді біліп, оның қазақтың дәулескер күйшісі екенін айтқан болатын. Ал мен мұны білмеппін.
– Енді сіз Қытай мен Ресей арасындағы Қазақстан деген елдің мүсіншісісіз. Сізге қайсысы жақын, Ресей мүсін өнері ме, әлде Қытай ма?
– Кеңестік мүсін өнері деп айтқан дұрыс шығар. Студенттік жылдары кеңестік мүсін өнерімен таныстық. Ал, Ресей мүсін өнері дейін десек, оларға да 25 жылдай ғана уақыт толып отыр.
– Біз не дегенмен түбі бір түркі халықтарының біріміз. Осылардың ішінде қай ел мүсін өнерімен алда келе жатыр дей аламыз. Түркия ма, Әзірбайжан ба немесе тағы қайсы елді атай аласыз?
– Меніңше, Қазақстан. Себебі мүсін өнерімен айналысып жүрген көптеген мамандардың Қазақстаннан екенінен аңғаруға болады. Бұл мамандықты оқып бітіретін де студенттердің өте көп пайызы –қазақстандық.
– Құранда да мүсін өнеріне қатысты қайшылықтар бар ма?
– Жоо-жоқ, Құранда мүсін өнеріне қарсылық байқалмайды. Мысалы, парсылық миниатюраларда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың бет-бейнесі кескінделген. Демек, қарсылық болмаған деген сөз. Тағы да сол шектелген догмалық көзқарастар өнерге өз әсерін тигізеді. (шейдтік немесе суннидтік). Мысалы, олардың ұлттық аспаптары бар, бірақ пианино болған жоқ, сондықтан Моцарттың әуендерін мүлде ешкім білмеді. Ұлттық би бар да балет мүлде жоқ. Яғни, тек өздеріне тән дүниелермен ғана айналысқанымен, сырттағы елдермен қарым-қатынас болмаған соң, өзге мәдениетінің ұшқыны да келмеген бұл елге.
– Сіздің мүсінші болуыңызға ықпал еткен тұлғалар бар ма? Қай кезде мүсінші болуға шешім қабылдадыңыз?
– Нақты бір тұлға әсер етті деп ешкімді атап көрсете алмаймын, училищеде оқып жүргенімде суретші емес мүсінші болатынымды түсіндім. Мен В.И.Мухин атындағы Ленинград жоғары көркемөнер училищесін оқып бітірдім.
– Ол жерде сізден басқа қазақ балалары болды ма?
– Жоқ, біздің факультеттен кездестірмедім. Бір курста жеті-ақ адам болатынбыз. Ол жерге оқуға түсу өте қиын. Мамандық бойынша емтихандарды жақсы бағаға тапсыруыңыз керек.
– Оқып жүрген жылдары қандай шығармаңызбен көзге түстіңіз?
– Мектепте, училищеде ерекше дүние жасадым демеймін, шығармашылыққа университеттен бастап кірістім. Әртүрлі көрмелер болатын. Сол көрмелерге арнайы шығармалар дайындайтынбыз. Төртінші курс оқып жүргенде Ұмай ананы бейнелеген жұмысым болды. Оны «Ұмай» деп атадым. Осы кезде Тәңіршілдікке қызығып жүрген болатынмын. Оқуға түскенде де, оқуды аяқтайтын кезде де жетекшім Валентина Рыбакова болды. Ол кісі өте атақты педагог, әрі даңқты суретші Моисеенконың жұбайы. Бұл шамамен 89-90 жылдар. Мен оқуды 1991 жылы аяқтадым, себебі бір жыл академиялық демалыс алдым және екі жыл әскерде болдым.Картинки по запросу Мұрат мансуров мүсінші
– Әскерде қайда болдыңыз?
– Біз алғашында оқу-жаттығу жұмысынан Мәскеудің маңында, Звенигород қаласында өттік. Бұл әскери топографиялық қызмет деп аталатын. Біздің жұмыс карталар салумен, жасырын жұмыстармен де байланысты еді. Көбіне менің жұмысым картаның сызбасын салу болды. Мұны мен өте қызығып істедім.
– Бұл да сіз үшін өзіндік бір мектеп болды ма?
– Олай деп айтуға келмейді, себебі шығармашылықпен байланысты сурет салмайтынбыз. Бірақ ең басты үйренгенім – тынымсыз еңбек ету. Бізге берілген тапсырмаларды таңға дейін көз ілмей сызып аяқтайтынбыз. Осының өзі шығармашылыққа көп әсерін тигізеді. Бастысы, жұмыс істеуді үйренесің.
– Алғашқы махаббатыңызды қайда жолықтырдыңыз?
– Мүмкін, мектеп кезінде деп айтқан жөн шығар… Бірақ… Көркемөнер училищесінде оқып жүргенде бізге сабақ беретін жас оқытушы болатын. Сол кезде 13-14 жаста шығармын. Аты-жөнін ұмытып тұрмын (күлді). Ең дұрысы, қазанның қақпағын жабық күйінде қалдырайық.
– Ал нағыз махаббатыңызды қашан жолықтырдыңыз?
– Бәлкім, өмір аяқталар тұста, артқа қарасақ, ненің шын, ненің жалған болғанын білетін шығармыз. Дәл Қазір ештеңе де айтпаймын.
– Жарыңызды қайда кездестірдіңіз?
– 2001 жылы Астанада. Достарымызбен Астанаға қонақ болып келген едік, әрі жоба бойынша жұмыстар жүріп жатқан. Қаланың көп жерін араладық, ойнадық, күлдік, былайша айтқанда демалдық. Сол күндердің бірінде бір танысым Айманмен бірге келді. Айман бізді алғаш көргенде ұнатпаған. Себебі, ол өте тәрбиелі ортадан шыққан. У-шуды жақтырмады, оның үстіне медицина ғылымының кандидаты болатын. Ол кезде мен 40-тар шамасында едім.
– Сіз кеш үйлендіңіз бе?
– Жоқ, бұл менің екінші отбасым. Бірінші жұбайымды Санкт-Петербургте жолықтырғам. Есімі – Балғаным. Ол сол жерде Мәдениет институтында оқитын. Арамызда екі баламыз бар. 1998 жылы тағдырымыз екіге бөлінді. Оқыс жағдайдан 2007 жылы Қапшағайда өмірден озды. Әріптестерімен демалуға барған, қасында туған қарындасым болған. Нақтысын білмейміз, су қатты салқын болды ма, әлде инсульт па екен? Ол кезде үлкен қызымыз Әсел Темірбек Жүргенов атындағы академияны аяқтаған кезі, екінші қызым Анелья енді ғана мектепті бітіріп, Қытайда тіл үйреніп жатыр еді. 1987 жылы әскерден оралған соң, бір жыл өтіп Балғанымға үйленгем. Әсел Ленинградта өмірге келді, ал Анелья біз Қазақстанға оралып, Қарағандыда Көркемсурет одағында жұмыс істеп жүргенімде дүниеге келді.
– Жаңадан үйленген кезіңіз, жас отбасы едіңіздер. Бір жыл өнімсіз жұмыс істеу жас отбасы үшін оңай емес. Сол кездерде басқа салаға кету ойыңыз болмады ма?
– Ондай ой болмады. Бірақ Қарағандыда педагог болып та жұмыс істедім. Айлығы жаман емес еді. Сонымен қоса көрмелерге өз жұмыстарымды қоятынмын. Сол жылы бір көрмеде өз жұмыстарымды өте қымбат бағалап ұсынғанмын, осындай бірнеше жұмысым болды. Чан Йан Бэнг (Қазіргі КИМЭП президенті) мырза менің жұмыстарымды қатты ұнатып, бәрін түгел сатып алатынын айтты. Мен әрбірін 700-800 АҚШ долларына бағалағам. Ол кезде бұл көп ақша болатын. Осы ақша біздің отбасымызға үлкен көмек болды, екі бөлмелі пәтер алдым. Сөйтіп, өзімнің бір бөлмелі пәтерімді жалға беріп қойдым. Жалпы басқа бірнеше салада да жұмыс істеп көрдім, бірақ мен мүсін өнерінің ғана адамы екенімді түсіндім. Әрине, қазіргі уақытта мен бұл саланың барлық қыры мен сырын толықтай меңгердім деп айта алмаймын, әлі де ізденіп жүрмін. Бір білерім, менің мамандығым – ол менің өмірім.
– Сіз «Ұмай Ананы» салу барысында Тәңіршілдікке қызықтым, зерттедім дедіңіз. Жалпы қандай ғылым салалары сізді қызықтырады?
– Мен Тәңіршілдік іліміне әлі де қызығам, аздап зерттеп те келем. Тек Тәңіршілдік қана емес, барлық діни салаларды назардан тыс қалдырмаймын.
– Дегенмен сіз Кеңес дәуірінің адамысыз. Атеист емессіз бе?
– Нақтырақ айтқанда, агностикпін. Яғни, жоғарыда Ұлы Жаратушы күш бар екеніне сенемін, бірақ одан басқа дүниелерге реалды көзқараспен қараймын.
Сіз Қожаның ұрпағысыз ғой. Қайткенде де Ислам дінін мойындау керек емессіз бе?
– Әрине, мен Ислам дінінің барлық қағида­ларына бағынамын. Оның шекарасынан ас­паймын. 5 жасымнан әжем Құран сүрелерін жаттатқан. Бірақ мұның бәрі сыртқы форма деп білем. Ал, іштей ғылыми дәйектемелерге сенемін. Діннің бәрінің де мифтік астары бар, ал ғылым нақты дәлелді талап етеді. Жалпы қай дін болса да «Шектеу, тыю» мақсатында пайда болды емес пе? Біздің Ислам дінінде шектелген дүниелерді аттап өтпеймін. Ал інім Дулат бес уақыт намазын тастамайды. Ол да суретші. Әпкем қазір Канадада тұрады. Ол да Ислам дінінен алыстаған емес.

Сұхбаттасқан: Жарылқап ҚАЛЫБАЙ
Қағазға түсірген: Шыңғар ҚЫЗЫРХАН

Толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналының №6 санынан оқи аласыздар

(ЕСКЕРТУ: материалды көшіріп басуға болмайды)

Пікір қосу