Картинки по запросу мұхтар сеңгірбайМұхтар СЕҢГІРБАЙ, саясаттану бойынша философия докторы (PhD), СДУ-дың ассистент-профессоры: Мұхтар СЕҢГІРБАЙ, саясаттану бойынша философия докторы (PhD), СДУ-дың ассистент-профессоры: 

Порошенко Украинаны Ресейге тәуелділіктен толық құтқара білді

Петр Порошенко – демократиялық сайлауда украин халқы сайлаған президент. Сол сәтте, сол дағдарысты саяси жағдай кезеңінде халық басқалардан гөрі оны ел басқаруға лайық деп тапты. Ол үлкен бизнес ашып, «Шоколад патшасы» атанып, іс жүргізе алатындығымен, менеджерлігімен танылып, басқа әккі саясаткерлерді, соның ішінде Ю.Тимошенко сияқты популистерді басып озды. Тұрақсыздықтан, саяси тартыстан, белгісіздіктен шаршаған халық Порошенко сияқты мықты менеджерге сенім артты.
Порошенко Қырым Ресейдің аннексиясында қалып, елдің шығысында сепаратистер ойран салып жатқан кезде билікке келді. Сондықтан оның саясатын бейбіт кезде ел басқарған өзге президенттермен салыстыруға келмейді. Байқауымызша, саяси лидерлердің типологиясы бойынша Порошенко – «қызметші лидер», «саудагер лидер» деген сипаттамаға көбірек келетін адам. Яғни, ол – бейбіт заманда стратегиялық жоспар құрып, бизнеске тән стильмен ел басқаратын адам. Ал соғыс жағдайындағы Украинаға «өрт сөндіруші лидер» көбірек қолайлы болар еді. Мұндай тұлғалар төтенше мәселелерді шешіп, тығырықтан шығаруға күш салады.
Сондықтан бәлкім, Порошенко президенттікке келгендегі миссиясын толық орындай алмай жатқан болуы керек. Себебі, ол тек «өрт сөндіру үшін» емес, елдің экономикалық әл-ауқатын көтеріп, Украинаны нағыз Еуропа мемлекетіне айналдырғысы келген. Өкінішке қарай, қазіргі қалыптасқан жағдай, елдің бір бөлігінің оккупацияда қалуы, әскери операцияларға, Ресейдің үгіт-насихатына қарсы күреске үлкен күш-жігер мен қаржы жұмсалып, елдің әл-ауқаты нашарлап жатқандықтан, оның стратегиялық шаруалармен айналысуға мүмкіндігі жоқ.
Оның бір кемшілігі – жемқорлықпен күресте табандылық таныта алмауы және М.Саакашвили сияқты үзеңгілестерімен тіл табыса алмауы. Порошенконың экономикадағы ең басты жетістігі – Украинаны Ресейге энергетикалық тәуелділіктен толық құтқара білді. Мұның өзі – үлкен жеңіс.

(«Аңыз адам» журналының 2018 жыл № 21 саны)

 

 

Пікір қосу