Ақниет сен «Көзайым» телехикаясы арқылы халықтың көзайымына айналдың. Алайда көрермендер, журналымыздың оқырмандары өмірдегі Ақниетті біле бермейді. Ақниет қай жердің қызы? Қандай отбасында бойжетті?

– Мен Алматы қаласының тумасымын. Балалық шағым осында өтті. Қазіргі таңда да отбасымызбен Таусамалы шағын ауданында тұрамыз. Бастауыш сыныпты №188 мектеп-гимназиясында, ал жоғарғы сыныпты №173 мектеп-лицейде оқыдым. Одан кейін оқуымды колледжде жалғастырдым. Әкем –  Қызылорда қаласы, Қазалы ауданының тумасы. Теміржол саласында жұмыс істейді. Анам Орал қаласынан. Ол кісі – музыка пәнінің мұғалімі, дәстүрлі әнші. Өнер маған анамнан дарыған деп ойлаймын. Үйде төрт баламыз.

– Қазір қайда оқисың?

– Қазір Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының «Төкеев Ерғалым Тілендіұлының шеберханасының» 2 курс студентімін. Мамандығым – кино және театр әртісі. Ұстазым Ерғалым ағайға алғысым шексіз. Себебі ол кісі маған әрдайым қолдау көрсетіп жүреді.

– Кино саласына қалай келдің? Актер болу бала арманың ба?

– Иә, бала кезімнен актер болуды армандадым. Бала кезімде әкеммен бірге Ресей телехикаяларын үзбей көретінмін. Сондағы актрисалардың ойнағандары өзіме ерекше ұнайтын. Сол кісілерге қарап қызығатынмын. Кейін өсе келе кино әлеміне деген сүйіспеншілігім мен қызығушылығым артып, арманымды жүзеге асыруға кірістім. Колледжде оқып жүрген кезімде, бос уақытымда әртүрлі кастингтерге қатысып, бағымды сынап көретінмін. Бұл менің кино әлеміне деген алғашқы қадамдарымның бірі еді.Картинки по запросу ақниет беласарова

– «Көзайым» телехикаясына қалай келдіңіз?

– «Көзайым» телехикаясының І маусымында  басты кейіпкер Көзайымды Маржан Қалыбекова деген актриса ойнады. Кейін Маржан ұзатылып, түсуге мүмкіндігі болмады да сериал жетекшілеріне жаңа актриса іздеуге тура келді. Содан соң мені кастингке шақырды. Алғашында Көзайым рөліне үш қыз үміткер болдық. Шыны керек, іріктеуден өтемін деп ойламадым. Іріктеудің екі кезеңінен кейін мені Көзайым рөліне нақты бекітіп, телехикаяның продюсері Салтанат Қалиева өзі қабылдап алды. Салтанат Қалиева өнер жолындағы анам секілді болып кетті. Әрқашан маған ақыл-кеңесін айтып отырады. Ол кісінің жаны да, тәні де сұлу. Мен ерекше бағалайтын, үлгі тұтатын жан.

Көзайым рөліне мені таңдағанда кей адамдар «қай танысың арқылы бұл рөлге ие болдың» деп күмәнданды. Айтарым, менің ешқандай танысым жоқ. Әділ түрде, кастинг арқылы келдім.

– Түсірілім кезінде қандай қиындықтар болды?

– Алғаш түсірілім алаңына барған кезім есімде қалып қойды. Бетіме гримм жасап, қолыма мәтінді берді. Кейін режиссер «камера, звук, начали!» дегенде түсірілім алаңындағы барлық адамдардың маған қарап тұрғанын байқадым. Сонда ішімде үрей туып, қатты қобалжыдым. «17 жастағы Ақниет, 24 жастағы  Көзайымды қалай сомдар екен» деп уайымдадым. Сондықтан барынша ізденіп, сериалдың І маусымын толықтай көріп, өзімнің образымды тануға тырыстым.

–Халық ішінде сені Маржанмен салыстырып, сынаушылар да аз болмады. Бұған көңіл-күйің түспеді ме?

– Әрине, неше түрлі сыни-пікірлер айтылды. Тіпті әлі де айтылып жатыр. Бірақ «Көзайым» телехикаясының ІІ маусымы жарыққа шықпай тұрып Салтанат Қалиева әпкем: «Ақниет қызым, ертең халық тарапынан әртүрлі сыни-пікірлер айтылады. Сені Маржанмен салыстырып мінейтіндер болады. Көңіліңе тиетін сөздер де айтуы мүмкін. Бірақ оның ешқайсын жүрегіңе қабылдама» – деген еді. Кейін «Көзайым» экранға шыққан соң бірінші күннен-ақ  неше түрлі пікірлер айтыла бастады. Бірақ мен мұндай пікірлерді ешқашан көңіліме алған емеспін. Керісінше, сол сыни-пікірлердің арқасында менің шығармашылығым дамиды, өседі деп ойлаймын.

– Бұл рөл алғашқы дебютің бе?

– Иә, бұл – менің алғашқы дебютім. Ең бірінші кино саласындағы қадамымның осындай мықты жобада басталғанына, кәсіби әртістермен бірге жұмыс істегеніме қуаныштымын.Картинки по запросу ақниет беласарова

– Қай актер немесе актрисамен жұмыс істеген ерекше ұнады?

– Өзіме Салтанат Қалиева және Азат Сейітметовпен бірге жұмыс істеген ерекше ұнады. Олар мені өздерінің қызындай көріп, бар білгендерін үйретіп, көмектесіп отырды.

– Тағы кіммен болашақта бірге жұмыс істеп көргің келеді?

– Болашақта  Азамат Сатыбалды және Еркебұлан Дайыров ағаларыммен жұмыс істеп көргім келеді.

– Ақниет пен Көзайымда ұқсастықтар бар ма?

– Ақниет пен Көзайым 80 пайыз бір-біріне ұқсайды. Менің кейіпкерім Көзайым – алдына қойған мақсаттарына, дегеніне жететін қыз. Бір жамандық болса, артынан жақсылық ұласатынына сенетін жан. Осы екі қасиеті маған ұқсайды. Сонымен қатар ұқсамайтын мінездеріміз де бар. Мысалы, өмірдегі Ақниеттің мінезі қырсықтау. Осы мінезім болмаса кейіпкерім екеуміз ұқсаймыз (күлді).

– Осыған дейін тағы қандай жобаларда бой көрсеттіңіз?

– «Көзайымға» дейін ешқандай жобаға түспегенмін.Картинки по запросу ақниет беласарова

– Бұл телехикаядан кейін режиссерлерден ұсыныстар келе бастады ма ?

– Иә, «Көзайым» телехикаясының ІІ маусымынан кейін неше түрлі жобаларға шақыртулар түсе бастады. Қандай жобаларға қатысатынымды, құдай қаласа, алда өздеріңіз көре жатарсыздар.

– Сабақ пен жұмысты қалай қатар алып жүрсің?

– Түсірілім мен сабақты қатар алып жүру дегенмен қиын екен. Біреуіне үлгірсем, екіншісіне бара алмай қаламын. Осыдан кейін алдын-ала екі жақпен келісіп, жоспар құрып, өзімнің күніме кесте құратын болдым.

– Алда қандай образды сомдағың келеді?

– Тарихи фильмде батыр қыздың образын сомдағым келеді.

– Ата-анаңның кəсібіңе көзқарасы қандай?

– Өнер жолын таңдағанымда анам қарсы болған жоқ. Тіпті қуанды. Ал әкем керісінше қарсылығын білдірді. Ол кісі «әртістік мамандық па?!», «актриса қыздар үй көрмей кетеді» деп менің таңдауыма көңілі толмаған еді. Бірақ оқып, тырысып жүргенімді байқап, кейіннен өзінің ақ батасын берді.Картинки по запросу ақниет беласарова

– Бос уақытыңда немен айналысасын?

– Бос уақытымда өзімнің көңілім не қаласа, сол іспен айналысқанды жақсы көремін. Кейде кітап оқимын, кейде тәттілер пісіремін. Бірақ хоббиім – жүзу және ипподромға бару.

– Достарың көп пе?

– Достарым көп. Бірақ достарымның ішінде ең жақын құрбым деп айтар адамым жоқ. Менің жақын  құрбым ол ─ әпкем. Ренішім, қуанышым, мұңым, қайғым болсын – бәрін әпкеммен бөлісемін.

– Сіз үшін өнер деген не?

– Өнер деген ─ тоқсан тоғыз пайыз еңбек, бір пайыз талант. Егер еңбектеніп теріңді төксең, өнер саған өз жемісін береді. Сол үшін өнерде таза әрі әділ бола білу керек. Өнерді сүйе білу керек. Өнерді сүйсең, ол да сені сүйеді.  Өнер ─ менің махаббатым.

 

Сұхбаттасқан Наргиза Аршидин

(«Жұлдыздар отбасы» журналы)

 

Пікір қосу