– Қазір «Тәтті ару» әнінсіз бірде-бір той өтпейді. Осы әннің шығу тарихы жайлы айтып беріңізші. Мүмкін, бір қызға арналған ән болар?
– Бұл бір қызға арналып жазылған ән емес. Бұл әнді арнайы маған өнердегі ұстазым Шымберген Сүлейменов ағамыз бен сөзін ақын бауырым Аян Сейітов жазды. «Тәтті арудың» қазір өзбекше, қырғызша нұсқалары бар. Бұл әннің тарихы жайлы айтып өтейін. Шымберген ағамның қасында ақылдасып отырған кезде, Төреғалидің «Бол жанымда» деген әні ойнап тұр еді. Ағам: «Осындай ырғақты ән саған жазып берейін. Қазір осындай әндер халыққа тез таралып жатыр. Көресің, ертең бұл ән «Бол жанымдадан» да асып кетеді», – деді. Мен ағамды қолдап, келісімімді бердім. Сол жерде Шымберген аға әннің ырғағын жазып үлгерді. Бірақ көп ұзамай ол кісі жол апатына түсті. Жол апатынан соң бұл ән ағамның есінде қалмай қалыпты. Алайда менің диктофонға жазып сақтап қойғаным бар екен. Біраз уақыт өткеннен кейін «Ағам осы әнді ниет етіп маған берді ғой. Осының сөзін жазайыншы» деп Аянға бардым. Әннің тарихы осы.Картинки по запросу әбдіжаппар әлқожа
– Әу баста халық сізді «Розаның інісі» деп таныды, солай атыңызды атады. Ал қазір осы аттан арылып, жеке әнші ретінде қалыптаса алдым деп ойлайсыз ба?
– Мен алғаш сахнаға шыққан кезде көпшілігі мені «Розаның інісі» деп танығаны рас. Адам өзін қалыптастыру үшін, жеке дара жол табу үшін өз аты болу керек екен. Мен болсам, Роза әпкемнің атымен шауып жүр екенмін. Кейіннен сол кісінің атымен жүрген қиын екенін түсіндім. Бұл өзімнің де азаматтығыма сын секілді сезілді. Ал 2016 жылы «Тәтті ару» әнім шыққалы бері мені ел «Тәтті аруды айтатын Әбдіжаппар» деп таныды. Сондықтан халық мені жеке әнші ретінде қабылдай алды деп ойлаймын.
Біздің отбасы біраз қиындықты өткізді. Кезінде біз тұрып жатқан Мақтарал ауылы Өзбекстан аумағына кіріп, туған жердің топырағына табанымыз тимей қалды. Әкем, ағаларым жұмыссыз болды. Әпкем Роза бізді әзер дегенде Шымкентке көшіріп әкелді. Ол кісі бізге жер алып беріп, біраз септігін тигізді. Ол кезде мен бозбалалық бұзықтықтан әлі арылмаған, ауылдан кетіп қалада өзімше жүрген едім. Үйдегі қиын жағдайға қарамай, еркелеп кеттім. Бір жолы ауылға барсам ата-анам қатты қиналып жатыр екен. Әкем мені шақырып алып: «Балам мен саған сенетін едім ғой. Ал сен не істеп жүрсің? Үйде сені еркелетіп өсірдім, бақытты баламнан көрсем деп едім. Сол менің арманым болатын. Сонда менің бағым қызыммен бірге кетіп қалды ма?» – деп ашына айтты. Әкемнің сол сөзі жаныма қатты батты. Сол сөзден кейін бүкіл еркелігімді, бұзықтығымды қойып, есейіп кеттім. Әкемнің бір ауыз сөзі маған күш берді. Қыз қанша әкесінің қызы болғанымен ол бәрібір жатжұрттық. Оның да өз отбасы, ата-енесі, күйеуі, бала-шағасы бар екенін түсіндім. Сол күннен бастап жұмыс жасадым. Алдымен тамада, музыкант болып жұмыс істедім. 17 жасымнан бастап өнермен айналыстым. Ешкімге арқа сүйенбей, тек өзіңе сену керек екенін жас­тайымнан ұғынып келемін.
«Роза болмаса бұл ешкім емес» деп айтатындар да бар. Кейбіреулер бақытты Алла беретінін ұмытып кетеді. Егер Роза соншалықты мені көтеріп жіберетін болса, басқа туыстарымды да көтеріп жібермей ме? Ал Розаның мені өнерге баулуы – бауыры үшін жасаған жұмысы. Кейбіреулер мұны түсінбей қалады. Роза әпкем қазір менің концерттеріме, репертуарыма араласпайды. Барлығын өзім шешіп, өзім жұмыс жасаймын.
Жас кезінде жұлдызы жанған әншілердің атақты көтере алмай қателіктерге бой алдырып жататыны бар. Сіздің де осындай жағдайға кезіккен тұстарыңыз болды ма?
– Қазір концерттерде жүрсем үлкен апа-аталарымыз шақырып алып, «Сен бала, ертең жұлдыз болып кетпе. Атағым шықты деп, тәкаппарланып жүрме» деп көп ақылын айтады. Сол кезде мен оларға «Мен жұлдыз емеспін, мен үшін сіздер жұлдызсыздар. Мен жүрсем елдің баласымын. Менің жұлдызым жанса, ол сіздердің баталарыңыздың арқасы» деймін. Мен өзімді ешқашан керемет жұлдыз санаған емеспін. Әншіні бағалайтын – халық. Сол себепті менің тәкаппарлануыма хақым жоқ.Картинки по запросу әбдіжаппар әлқожа
– Сіздің әпкеңізге ұқсайтын тапқырлық, ақындық қасиетіңіз бар ма?
– Көрермендер тарапынан керемет қошемет, қолдау болып жатқан кезде қуанғаннан сөзімді өлеңдетіп жеткізетінім бар. Кейде шабыт келсе, өлең де жазамын. Бірақ оны ешкімге оқытпаймын. Ақындыққа бет бұрмаған ақынмын десем болады (күлді). Одан өзге сазгерлік қырым да бар, мүмкін осы қырыммен жуырда танып қаларсыздар.
– Әншілердің жанкүйері көп болса – қуаныш. Алайда ессіз жан­күйер­ліктен қиындық көрген кезде­ріңіз болды ма?
– Мені ағасындай көріп, анда-санда хабарласып, хал-жағдайымды сұрап тұратын парасатты, ақылды қыздар бар. Сол үшін де оларды жақсы көремін. Осындай қарындастарымның «жаңа әніңіз ұнады, бейнебаяныңыз жақсы шығыпты» деген сөздері мені әрі қарай еңбек етуге шабыттандыра түседі. Ішінде үнемі қоңырау шалып, үндемей тұратындар да бар. Алайда ессіздікке барған жанкүйерлерім жоқ.
Өз концертіңізден бір ай бұрын Роза әпкеміздің де концерті өтті. Әпкеңіз «Концертке көмек бермедің» деп сізге ренішін білдіргені рас па?
– Мен ол кезде өз концертімнің жұмыстарымен жүрдім. Әпкем ренішін білдіргенде, үн-түнсіз қалдым. Әрине, ол кісінің уәжі орынды, мен кінәлімін. Бірақ мен де концертіме еш көмек сұраған жоқпын. Ол кісі тіпті концерттің қашан болатынын да білмеді. Әпкем: «Не істеп жатырсың, дайындық қалай болып жатыр?» – деп сұраған жоқ. Мен де хабар бермедім, концерт уақыты келгенде шақырып, төрге отырғызамын деп жоспарладым. Бірақ ол кісі қатты уайымдаған болса керек, концерт жақындаған кезде «Бәрі дұрыс па?» деп хабарласты. Картинки по запросу әбдіжаппар әлқожа
Сізді сыйлағандықтан жеке өміріңізге қатысты сұрақтарды қоймай отырмыз. Дегенмен үйленгеніңізді неге жасырасыз? Мұның қандай себебі бар?
– Әрбір мұсылман баласы балиғат жасқа жеткеннен кейін отбасын құру парыз. Шариғаттың өзінде «Балаңның күнә жасауды бастағанын білсең, ата-ана ретінде балаңды үйлендіруге борыштарсың» деп айтылған. Біліп жүріп, дер кезінде үйлендірмесе баласының жасап жүрген күнәсі ата-анасына жазылады делінген. Адал жарым болатындай қылықты қызды кезіктірген соң, шағын мемлекетімді, өз отбасымды құруға еш ойланбастан шешім қабылдадым. Бойдақ жігіттің әйтеуір бір үйленері хақ қой. Менің үйленіп, отбасын құрғаным өнеріме еш кедергісі, қатысы жоқ. Ол менің жеке өмірім ғой. Әркімнің өзіне берілген мамандығы болады. Әйел адамның өнерге қабілеті жоқ болса, үйде кірін жуып, тамағын істеп, бала-шағасын қарап отырсын, күйеуін күтсін. Ер адам әнші болса, түзде, сапарда жүрсін. Әркімнің өз міндеті бар. Мен әнші емес адамды жаныма шығарып, «мынау менің әйелім, осынша балам бар» деген жоқпын. Мүмкін ертең балаларым мүлдем өнерге қатысы жоқ мамандықты таңдайтын болар, мүмкін ақын болар. Сондықтан да отбасымды таныстырғым келмейді. Ел менің тек шығармашылығымды бақыласын, баға берсін. Ал жеке өмірім жариялайтын дүние емес.
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

(Толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналының 2018 ж №12 санынан оқи аласыздар )

Пікір қосу