Кәмшат Есмұхамедқызы

Кәмшат ханым, бүгін сізбен әйел құқығына байланысты сұхбаттасқымыз келеді. Дерек көзіне сүйенсек, 2017 жылдың басынан бері әйелдерге қарсы 91 631 заң бұзушылық орын алыпты. Айтыңызшы, сізге әйелдер көбінесе қандай құқықтық шағымдармен келеді? Әйелдерге қатысты қандай істер көбірек тіркеледі?
– Менің жұмыс тәжірибемде әйелдерге қатысты бірнеше істер болды. Маған көбіне зорланған жасөспірім қыздар, отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, күйеуінен, әкесінен немесе отбасындағы өзге де азаматтардан қорлық көрген әйелдер көмек сұрап келеді. Одан бөлек, еркінен тыс жыныстық қатынасқа түсіп зорланған әйелдер, күйеуінен алимент өндіре алмай жүргендер, сексуалдық сипатта әртүрлі жәбір көрген әйелдер шағымданып келеді. Осы қылмыстар қоғамда жиі орын алады. Әсіресе бұл қылмыстардың ішінде жасөспірімдердің зорлануы, әйел адамдардың әртүрлі түрде қысым көруі өте көп кездеседі.
Ал енді сол істердің ашылуына (бүлдіршін қыздарды зорлап кету, өлтіру немесе моральдық, психологиялық зақым келтіру) және ондағы мәселелерге тоқталсақ. Сіз бір сұхбатыңызда: «Зорлану ісінде өте көп салғырттықтар болады» деп едіңіз. Осы сөзіңізді нақтылап, дәйектеп айтып беріңізші.
– Біріншіден, тергеушілеріміз жасөспірімдердің ісін жүргізуде тәжірибесі жоқ. Екіншіден, тергеушілер үшін педофилдер бизнес түріне айналып бара жатыр. Тергеушілер жәбірленушіден қаражат ала алмайды, ал педофил адам өзінің жанын сақтап қалу үшін оларға барынша материалдық жағынан жүгініп көреді. Бұлай деуге себеп көп, егер бұл істерде жемқорлықтың исі болмаса тергеу амалдарын жүргізуде қысым, қиындықтар болмайтын еді. Берілген талап-тілектер уақытылы орындалып, тексеріліп, сол қылмыстың бетін ашу үшін жәбірленушіні қанағаттандырарлық жұмыс атқарылуы тиіс еді. Бұндай істерде айғақтарды тез арада табу қажет. Ал іс жүзінде істі қиындатып жіберетін, уақытты өткізіп қоятын тергеушілер бар. Мысалы, тергеушілер зорланған жасөспірім қыздарды «фантазер, өтірікші» деп айыптап шығады, сөздеріне сенбейді. Зорланған қыз көмек сұрап келген тергеушіден осындай сөздерді естіп психологиялық қысымға ұшырайды, ойынан шатаса бастайды. Зорлануға, педофилияға қатысты істерде айғақтарды дәл уақытында жинамайды, жәбірленушінің сөздерін негізге алмайды. Сонымен қоса, тергеу ісінің ашылуында шикіліктер өте көп. Мен өз тәжірибемде тергеу тарапынан өте үлкен қиындық көргенімді айта кеткім келеді.
Зорлануға байланысты тергеу амалдары неге өте ұзаққа созылады? Екі жылдан астам болатын тергеулер де бар екен. Бұл қандай да бір кедергілерге байланысты емес пе?
– Бұл сұраққа да жоғарыда айтып өткен себептер негіз бола алады. Тергеушілердің істі созып қарауына олардың салғырттығы бір себеп болса, екінші себеп тергеушілер өте қарбалас, жұмыстары көп. Бір тергеушіге 20-30-дан астам іс жүктеліп, беріліп қояды.Картинки по запросу зорлық қыз бала
Жалпы жәбірленуші тарапынан шағым түскеннен кейін тергеу істері қалай өрбиді, қандай бөлімдерден тұрады?
– Бұл жерде генетикалық, молекулярлық, биологиялық сараптамалар өте маңызды рөл ойнайды. Егер бұл сараптама нәтижелеріне жәбірленуші келіспесе, қосымша сот комиссиялық экспертиза тағайындауға болады. Ол үшін тағы өтініш беру керек. Бұл биологиялық сараптамалардан бөлек, сот психологиялық сараптамасы бар. Осы сараптама нәтижелері істің шешілуіне негіз болады. Осындай жағдайда тергеу бөлімінің негізгі қызметі азаматтардың арыз-шағымдарын, наразылықтарын сол мезетте тіркеп, мән-жайлары бойынша тергеп-тексеріп, дер кезінде айғақтар жинау, сот-сараптамаларын уақытылы тағайындау, қаулы шығарудан тұрады. Негізі қылмыстық істердің дұрыс және уақытылы шешілуі осы тергеушілерге тікелей байланысты.
– Балиғат жасқа толғаннан бастап әйелдердің құқығын қорғауда қандай мәселелер бар? Заңда қай тұстар айқын емес, қай тұстар нақтылануы керек? Әйел адамның жауапкершілігі қандай болуы тиіс?
– Жалпы күнделікті жиі естіп жататын жыныстық бопсалау, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйел денсаулығына қасақана зиян келтірген жағдайларға әкімшілік құқық бұзушылық кодекс бойынша жауапқа тартатын баптарды қайта зерттеп нақтылау қажет.
Мысалы, бізде алимент бойынша 139-бап мүлдем орындалмайды, жұмыс істемейді. Бұл бұп – балаларды күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындауға қатысты бап. Яғни, ер мен әйел ажырасып кеткен жағдайда, бала үш жасқа толғанға дейін әйелге бір бөлек, баласына бір бөлек алимент өндірілуі қажет. Себебі әйел бала күтіміне қатысты үш жыл жұмыс істей алмайды. Бұл бап енгізілсе де, сот орындаушылар бұл алиментке қатысты жұмыс істемейді. Әйелдерге қатысты моральдік-материалдық шығындарды өндіре алмайтын сот орындаушылар бар. Одан бөлек отбасының бір мүшесі, мысалы, күйеуі әйелін қатты сабаса да, мұны қылмыс емес «Тұрмыстық зорлық зомбылық» деп жеңіл қарай салады. Отбасында болатын бұл жағдайларды қылмыс ретінде қарастырмайды. Ұрған, физиологиялық жарақат келтірген адам отбасы мүшесі екенін естігенде «Ешқандай қылмыстың құрамы жоқ, бұл жай ғана тұрмыстық зомбылық. Мәселені өз араларыңызда шешіңіздер» деп жаба салады. Осы жағдайларға қатысты 106-бап – «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру»; 110-бап – Азаптау; 105-бап – «Өзін-өзі өлтіруге дейін апару жеткізу» баптарымен ешбір іс сотқа дейін барған жоқ. Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу істері нақты зерделенбейді. Мұны тергеушілер сотқа жеткізбейді. «Қыз өзі өлді, өзі секірді» деп шешім шығара салады.
Ата-аналарды да жауапқа тарту керек
– Әйелдерге қатысты қандайда бір қылмыс болғанда «оған ер-азаматтар кінәлі» немесе «қыздарымыздың өзінде кінә бар» деу қаншалықты дұрыс?
– Жалпы заңда әйел мен еркектің құқығы бірдей. Мен барлық кінәні ер-азаматтарға жаба отырып, тек оларды кінәлай алмаймын. Зорлануға қатысты істерде де әйелдер тарапынан болатын ағаттықтарды айта кету қажет. Қыздар тарапынан «мені зорлады» деп өтірік жала жабатын, мұны бизнес түріне айналдырғандар бар. Ер-азаматтарға қарсы әрекет жасайтын, еркектерді қорқытып, ақша талап етіп бопсалайтын әйелдерді де кездестіреміз. Мұндай жағдайда ер-азаматтар болған жағдайды ешкімге айта алмай, намыс­танып, құқық қорғау органдарына шағымдана алмай, бопсалаушының дегенін істейді. Менің тәжірибемде екі жігіт бір қызға шағымданды. Қыз: «мені зорлады деп шағым жазамын, мен сендерді түрмеге қаматамын» деп қорқытып, бір жігіттен бір миллион, екіншісінен екі миллион ақша талап еткен. Аяғында жігіттің ата-анасы 500 мың теңге беріп құтылған екен. Жалпы зорлық істеріне тиянақтылықпен, объективтілікпен қарау кереу. Күдікті әрқашан қылмыскер бола бермейді. «Сіз тек әйелдерді қорғау керек деп, ер-азаматтарды кінәлап жатасыз» деп ер-азаматтар маған көп ренішін білдіреді. Картинки по запросу камшат есмұхамедқызы
Сіз бір сұхбатыңызда: «Баласы зардап көрген кезде ата-анасы шағымданбаған жағдайда оларды жауапқа тарту керек» деген едіңіз. Осы жайлы айтып беріңізші.
– Бала 18-ге дейін ата-ананың қарауында, оның барлық құқығы мен міндеті ата-ана құзіретінде. Осы артықшылықты ата-аналар өз мүддесіне пайдаланады. Баланы өзінің жекеменшік нысаны секілді көреді. Негізі заңнамада қылмыстық кодексте 432-бап бойынша, яғни қылмысты жасырып қалған үшін, ата-аналарды жауапкершілікке тарту қарастырылған. Алайда неге екені белгісіз, тіпті осы заңның 141-бабы балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-аналар бірде-бір рет осы күнге дейін жауапкершілікке тартылмаған. Заңда қылмысты уақытында хабарламағаны үшін де жаза қарастырылған. Алайда, жасөспірім баласының зорланғанын білсе де барынша жасырып, өміріне балта шабуына жол берген ата-аналарға ешқандай шара қолданылмай келеді. Осы заңдар нақты жұмыс істегенде, педофилдер жазадан сытылып шығып кетпес еді. Ата-аналарға осы жайлы сұрақ қойсақ, «Полицияға барғаннан не пайда, олар бізді ары-бері тасиды, әуреге түсіреді» дейді. Қыздарымызды ауылда бәрі сөз етіп, кемсітуі мүмкін, одан да айтпағанымыз жөн деп көреді. Мұндай ата-аналарды жауапқа тарту керек.
– Қыз зорланғанда ата-ана мен қылмыскердің өзара «келісіп алу», істі жабу көріністері жиі кездесе ме?
– Менің тәжірибемде төрт рет кездесті. Сотқа жетпей тұрып, ата-ана қылмыскер деп тапқан адаммен келісімге келеді. Ата-аналардың аяқасты шешім өзгертуінің ең бірінші себебі – ақша. Шыны керек, педофилия, зорлық істерінде ақша үлкен рөл ойнайды. «Қызым өзі жақсы көріп қалыпты, қорқып айта алмапты. Бәрі өз қалауларымен болыпты» деп, істі жауып тастайды. Баласын жәбірлеген адаммен қалай келісімге келетінін мен түсіне алмаймын.
Заңгер ретінде мен біреу сені қорлап, намысыңды таптағанда кешірім бермеу керек деп айтар едім. Алайда тәрбиемізде «әйел адам еркектерге бойсұнып, кешіре білу керек» деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті кейде істер сотқа дейін жетпей, кешіріммен шешіліп жатады. Алайда ақша үшін істі жаптырған ата-анасының кесірінен бала зәбір көріп отыр. Тіпті зорланғандар арасында қауіпті ауруға шалдыққандар, ауруы асқынғандар да бар. Мұның барлығы ата-ананың жас баласының құқығын таптауы. Егер ата-ана балаға көмектеспейтін болса, бала дереу мектепке, мектеп директорына, полицияға шағымдануы керек. Өйткені бала мемлекет тарапынан қорғалуы тиіс.
Жалпы зорлау, педофилия істері Қазақстанның қай аумағында жиі кездеседі?
– Негізі мұны зерттеп көрмеппін, сол себепті айтарлықтай дерек келтіре алмаймын. Өзім Алматы облысы мен Түркістан облысына өте алаңдаймын. Мұны соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде қатты талқыланған Сарыағашта, Шымкенттегі оқиға мен Алматы облысындағы оқиғаларға айтып отырмын. Жалпы Алматы облысында зорлық-зомбылық істері көп кездеседі. Екі ай ішінде 3-4 фактілер, оқиғалар тіркеліп жатады.
Өз тәжірибеңізде зорлануға, педофилияға қатысты қанша шағым болды? Және бұл жұмыстарыңыздың нәтижесі қалай болды?
– Менің қарауымда бес жылдың ішінде 13 шағым келіп түсті. Соның ішінде 2 қылмыстық істі сотқа дейін жеткізе алмадым. Осы уақытқа дейін өте ауыр жағдайларды бастан кешірдім. Арасында «таксисттер» осы істен бас тартуымды талап етіп, қоймасам өлтіретіндерін де ескертіп кеткен кезі болды. Өздерін таныстырмаған жігіттер сөмкемді тас жолдың бойына лақтырып, өзімді елсіз далаға тастап кетті. Бірақ мен қорғансыз қыздың абыройы үшін арсыз азаматтың қылмысын дәлелдеу жолында барымды салуға дайынмын. Сол кезде аман қалғаныма шүкір.
Жалпы зардап шегуші осындай жағдай кезде бірінші не істеу керек?
– Арыз жазу керек, оны тіркетіп, талонын талап ету керек, дереу сот-медициналық сараптамадан, егер де зорланса сот-биологиялық, сот-генетикалық сараптамалардан өтіп, алған жарақатын дәрежелеп алу қажет. Полиция қызметкерлеріне күдіктіге қатысты барша мәлімет беру керек, тергеу амалдарының бұрмалануына жол берілмеу үшін прокуратураға шағым жазып қадағалауға алуын талап етуі тиіс. Жалпы, ең бастысы, айғақ заттарды жоғалтып немесе өртемей, сараптамаға берген дұрыс.
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

Пікір қосу