Жақында Австрияда спортшыларды допингке тексеріп, қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин және тағы да басқа ел спортшылары ұсталған болатын. Кейіннен полиция қызметкерлеріне Полторанин өзінің қан допингін қолданғандығын мойындады. Осы допинг мәселесі бойынша канадалық шаңғышы Алекс Харви өз пікірін білдірді. Ол бұл спортшыларды айыптады. Бұл туралы tengrinews.kz хабарлады.

«Ол менің медалімді ұрлады, одан да көп ұрлауы мүмкін еді, — деді Харви Полторанин туралы. — Допинг қабылдаған шаңғышылар бізден медаль ұрлап жүргендері өкінішті».

«Бірақ біздің спортшымыздың алаяқтарды жеңуге болатынын қашан да білдім. Бұл тек аяққа ғана байланысты болатын велоспорт емес. Мұнда шаңғылар, технологиялар керек — мұның бәрі жай ғана «физикадан» маңыздырақ. Бірақ, расымен де, мұның бәрі трагедия. Бұған жиіркенішпен қараймын. Бұл — спорт үшін масқара. Оның үстіне, оларды FIS немесе WADA емес, полиция ұстап алды. Демек, олар өз істерін дұрыс жасай алмаған», — деді канадалық спортшы. «Медаль ұрлады» деп Харви 2013 жылғы әлем чемпионатының командалық спринтін айтса керек. Полторанин сол кезде Николай Чеботькомен жұптасып үшінші орын алған еді. Ал канадалықтар Харви мен Кершоу мәреге төртінші болып келген.

 

Пікір қосу