1. Бұл заңның қажеттілігіне сан түрлі сылтау келтіргенмен, оны ақтау қиын. Себебі, ХХІ ғасырда азаматтарды не себепті болса да ақпараттан ажырату ─ барып тұрған қылмыс. Меніңше, бұл заңды қабылдауға ешқандай да табиғи немесе техногендік төтенше жағдайлардың қатысы жоқ. Барлық себеп, жылдан-жылға өсіп келе жатқан әлеуметтік наразылық. Егер естеріңізде болса интернет осыған дейін 2011 жылы Жаңаөзенде өшті, сондай-ақ соңғы жылдарда Алматыдағы сирек наразылықтар кезінде интернетке кіруде қиындықты байқауға болады. Сондықтан, себеп анық және солай болары күтілген. Өйткені, интернет соңғы жылдары адамдардың ақпарат алу көзі ғана емес, тез арада байланысып, жиналу құралына да айналған. Биліктің бұл фактордан, әлемдегі, тіпті жақын шетелдегі интернет көмегімен болған өзгерістерден өзінше қорғану жолы деуге болады. Ал бұл заңды қабылдау үшін айтылған себеп мүлдем қисынсыз. Қандай да бір апат кезінде керісінше халықтың жоғары деңгейдегі ақпараттылығы керек емес пе? «Апат болса ақпараттан айырамыз» деген, шындығы керек, ақымақтық.
    Мұндай заңды қабылдауға себеп біреу ғана: қандай да наразылық кезінде халықтың бір-бірімен байланысын үзіп, жиналу мүмкіндігінен айыру. Яғни, биліктің халықтық наразылық, толқудан қорқып қабылдап отырған заңы деп айтуға толық негіз бар. Бірақ, халықты ақпараттан айырудың еш пайдасы жоқ. Ал зияны шаш етектен. Шынымен қиын-қыстау кезең туындап қалса ақпараттан ажыраған халықта үрей пайда болып, оның арты үлкен қиындықтарға алып келуі мүмкін. Себебі, шындық жасырылып, ақпарат шектелгенде әр-түрлі қауесетке, алып-қашпа сөзге жол ашылады. Ең қауіптісі осы.Картинки по запросу интернетті бұғаттау
  2. Бұның саяси астары бар, тек биліктің жеке мүддесі үшін жасалып отырған заң. Оның қабылдануы Ата заңға қайшы. Себебі, азаматтардың ақпарат алуға және таратуға деген негізгі азаматтық құқығын шектейді. Сонымен қатар, бірқатар сөз бостандығына қатысты ішкі заңдар мен халықаралық пактілерге қайшы. Егер бұл заң қабылданса, «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңның бізге қандай қажеті бар? Онсыз да Қазақстан сөз бостандығы бойынша әлемдік рейтингктерде ең төменгі орындардың бірінде. Үздік отыздыққа ұмтылған біздің билік, сөз бостандығы бойынша еліміздің ең соңғы отыздықта екенін білмейді емес, біледі. Бірақ, жағдайды өзгертудің орнына осындай заңдар қабылдау арқылы елді тоталитарлы режимдер бағытына сүйреп барады. Бұл рейтингте бізден кейін тек Өзбекстан, Солтүстік Корея және Түркменстан сияқты мемлекеттер ғана тұр.
    Осы мәселеге байланысты біз қазір «Қазақ журналистері клубы» қоғамдық қорының жұмысын жандандырып, осы жылдан бастап қазақтілді журналистердің өз кәсіби құқығын қорғау бағытындағы сауаттылығын арттыру бойынша жоба бастадық. Командамызда кәсіби заңгер жұмыс істейді. Яғни, ақпарат алуда немесе таратуда кедергіге ұшырап, өз құқығын қорғағысы келген кез-келген журналистке көмектесуге дайынбыз. Қазақстандағы Сорос қоры және Нидерланды мемлекетінің елшілігі қолдаған бұл жоба бір жылға жоспарланған. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмысты, яғни қазақ журналистеріне құқықтық және ақпараттық көмек көрсету ісін ендігі жүйелі түрде жалғастырсақ дейміз. Ал жоғарыда аталған заң сияқты билік бастамалары біздің алған бағыттың дұрыс екенін, яғни, адам үшін ең негізгі құқықтың бірі болып табылатын сөз бостандығы бағытындағы жұмысымыздың дәл қазір қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
    Дайындаған Наргиза Аршидин

    («Жұлдыздар отбасы»)

Пікір қосу