– Ақбота, жаңа жылда жаңа образбен жасарып кеткендейсіз. Бұл  шығармашылығыңыз бен өміріңізді жаңадан бастауыңыздың белгісі ме?

– Ағы пен қарасы, қуанышы мен қайғысы, мадағы мен сынағы қатар жүретін бұл өмір қызыққа толы ғой. Осы өмірде адам өзіне аздап өзгерістер жасап тұруы қажет. Жалпы ғұмырымызды өнерге арнаған соң барынша өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Сондай ізгі мақсатпен шығармашылығымда аздап өзгерістер енгізіп, жаңа образбен түсірілімдер жасадым. Бірақ бұл образымды түбегейлі өзгертіп, басқа әнші болуға тырысып жатырмын деген сөз емес. Себебі менің тыңдармандарым мен көрермендерім осы күнге дейін мені дәл осы қалпымда қабылдап, танып келеді. Болашақта да осы болмысыммен өнерімді дамыта бермекпін.

– Осыдан бір-екі жыл бұрын берген сұхбатыңызда «айтатын ән таппай қалдым» деп едіңіз. Қазір өзіңізге лайықты ән таба алдыңыз ба?

– Иә, олай деп айтқаным рас. Себебі көптеген әндер көңілімнен шықпай жүрді. Өйткені әндердің әуені, сөзі жеңіл, халыққа айтар ойы мен мақсаты жоқ. Қазіргі заманда халықтың көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, саналы. Дегенмен де кейбір тыңдарманның шоу бизнестің жеңіл әніне әуес болып кеткендігі қынжылтады. «Ән таппай жүрмін» дегенді осы тұрғыда айтып едім. Мені «қазір халыққа қандай ән керек?» деген сұрақ мазалады. Әлі де бұл сұраққа жауап іздеймін. Себебі әншінің міндеті сахнаға шығып, әдемі көйлек киіп алып жарқырап тұру емес. Оның басты мақсаты – мән-мағынасы бар, жүректің қылын шертетін ән орындау. Өзіміздің қазақи әнімізді, қазақи үнімізді ары қарай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу міндетіміз. Ал қазір репертуарыма жаңа әндер қосылып жатқандығына шүкіршілік етемін. Негізі, халық мені лирикалық әнші ретінде таниды. Қанша жерден басқа бағыттағы, жанрдағы әнді орындасам да менен лирикалық әнді күтеді. Сондықтан осы бағытым бойынша халыққа әнімді орындап жүруімнің өзі мен үшін бір ғанибет.

– Қазір әншілер «Шаруаң болмасын», «Кімнің кімде несі бар» деген сияқты тақырыптарға ән орындауға әуес. Сіздің де «Маған бәрібір» атты әніңізді естіп қалдым. Неге әншілер осындай тақырыптағы әндер орындауға бейім?

– Қазіргі заман – өсектің қызу жүріп жатқан кезеңі. Кезінде адамдар ата-бабаларымыздың әр сөзін, өнерін үлгі тұтып, бағалап, дәріптеп отыратын еді. Ал қазір біреудің жеке өміріне араласу, біреудің аяғынан шалу, ғайбаттау секілді жаман әрекеттер көбейіп кетті. Бұл әндер – осы секілді қауесет таратуға әуес адамдарға, жеке  басқа қол сұғатын кейбір журналистерге арналған ән. Біз де халықтың бір бөлшегіміз. Әр адам секілді біздің де өз пікірімізді жеткізуге құқымыз бар. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Алайда әншінің сөзін бұрмалап жазатын журналистер, әншінің абыройын ойламайтын, істің мән-жайын білмей, қатігездікпен өте ауыр сөз айтатын адамдар жоқ емес. Бұл ән мұндай жаман әдеттен арылу керек екендігін жеткізу мақсатында жазылған еді.Картинки по запросу ақбота керімбекова

Күнкөрістің қамы өнерді арзандатып жіберді

– Шынымен де, соңғы бір-екі жылда көпшілік сіздің шығармашылығыңызға емес, жеке өміріңізге қызығушылық танытты. Халықтың пікірі, журналистердің сұрақтары көңіліңізге тимеді ме? Шаршатты ма?

– Әрине, көңілге тиеді, шаршатады. Мен өз басым қалай бар болсам, солай айтатын адаммын. Бұл да бір кемшілігім шығар. Кейде жақындарым «Бота, ешкімге сырыңды айтпасаңшы» деп өтінеді. Бірақ мен қалай сұрап жатқан дүниені бар болса «жоқ» деп, жоқ болса «бар» деп айта аламын?! Кейде осы бір шыншылдығым, ашықтығым өзіме зиянын тигізеді. Қазір әлеуметтік желілерде әркім өзінің рейтингісін көтеру мақсатында, әншілер қауымының жеке өміріне араласып, арзан ақпарат таратумен айналысып жүр. Олармен мән-жайын біліп сөйлесейін десең, бәрі бір-біріне сілтейді. Әйтеуір, түбін таппадым. Ең соңында халықтың алдында біз әншілер жаман аттымыз.

Әрине, бізден де кінә жоқ емес. Күнкөрістің қамы өнерді де, көп дүниені де арзандатып жіберді. Мысалы, қазір әлеуметтік желінің кесірі көп. Бұрын әншілерді көру арман болатын. Қазір әншілер әлеуметтік желіге жиырма төрт сағат бойы не істегенін салып, өз қадірлерін өздері кетірді. Әлеуметтік желіні тек жарнама ретінде ғана пайдалансақ дұрыс болар еді.

Неде болса, мені осылай жамандап жазатын адамдарды кешіремін. Ешқандай өкпе-кек сақтамаймын. Ертеңгі күні әр адам өзінің айтқан әр сөзіне Алла алдында сұрауы болатындығын ұмытпағаны жөн. Біз секілді олар да бала тәрбиелеп немесе балалы болуы мүмкін. Сондықтан әрбір айтқан, жазған сөзі  үшін әркім өзі жауап береді.

– Инстаграм парақшаңызда бұрын жиі қоғамдық мәселелерді қозғап жазып тұратын едіңіз. Ал қазір көп жазбайтын болдыңыз. Бұның бір себебі бар ма?

– Қазір бірдеңе айтуға, жазуға қорқып қалдым. Әйтеуір  не жазсаң да адамдарға жақпайсың. Ақыр заманның белгісі шығар. Шындықты айтсаң, өтірік болып көрінеді, өтірік айтсаң, шындық болып көрінеді. Оның үстіне адамдар қатігезденіп барады. Тіпті «Қайырлы күн. Күндеріңіз сәтті өтсін!» деп қана жақсы тілек тілесең де, сол жазбаның астында міндетті түрде үш-төрт теріс, жаман пікірлер жазады. Мен осыны түсінбеймін. Егер жақсы тілекті қабылдай алмаса, жай ғана оқып өтіп кете салмайды?! Сол себепті қазір көп жазбаймын да, әлеуметтік желіге көп кірмеймін. ÐŸÐ¾Ñ…ожее изображение

– 2018 жылы болған қандай қоғамдық мәселелер сізге әсер етті?

– Менің де бала-шағам өсіп келе жатыр. Олардың ертеңі үшін уайымдаймын. Қоғам дұрыс болса, біздің ұрпағымыз да жақсы болары анық. Әрине, қоғамда болып жатқан кейбір жайттар жүректі ауыртады, көңілді түсіреді. Жоғарыда айтып кеткенімдей, адамдар қатігезденіп барады. Зұлымдықтың неше түрі шығып жатыр. Әлеуметтік желіні ашып, арналарды қосып қалсақ, қылмыстың сан түрін, жылап-сықтап жатқан қаншама адамды көреміз. Ең қорқыныштысы бұл қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Әлеуметтік желіде қаншама адамдар қаржылай көмек сұрап алақан жайып отыр. Әрине, барлығына бірдей қол ұшыңды созғың келеді, алайда ол мүмкін емес. Күніне кем дегенде үш-төрт осындай көмек сұраған хаттар келеді. Оның бірі – шын мұқтаж жандар, бірі – алаяқтар. Тіпті адамдар арасында бір-бірімізге деген сенім азайды. Бастысы, Алладан сабыр бере көрсін деп тілеймін. Халықты төзімділікке, шүкіршілікке шақырамын. Ең болмағанда жақсы нәрсені ойлауға, жақсы сөйлеуге шақырамын.

– Тіл мәселесі жайлы не айта аласыз? Мысалы, қазір жас әншілер орыс тілі мен қазақ тілін араластырып ән айтуға әуес. Бұған қалай қарайсыз?

– Қазір мұндай әндерді ән емес деп айтсам, ертең тағы «көре алмай отыр» дейтіндер де табылар. Егер халыққа осындай әндер ұнап тұрса, қабылдап тұрса біз не істей аламыз? Ештеңе істей алмаймыз. Бұл мәселені біз баяғыдан қозғап келе жатырмыз. Алайда, бір өкінштісі, айтылған дүние сол күйі сол жерде  қалып қояды. Бұл мәселеге байланысты жүргізіліп жатқан ешқандай іс-шара жоқ. Тілге де, өнерге де жаны ашып жатқан ешкім жоқ екендігі жасырын емес. Сондықтан бұл тақырыпта бірдеңе айтуға еш хақым да жоқ. Әркімнің өзінің санасына берсін деймін. Жеке пікірім, мен үшін тілін білмеген қазақ қазақ емес. Қазақтың әнін, үнін дұрыс айта алмаған әнші мен үшін әнші емес. Бұл пікірімді кім қалай қабылдаса да өз еркі.Картинки по запросу ақбота керімбекова

– Тойға жиі шығып тұрасыз ба?

– Өзімді тойдың әншісі ретінде есептемеймін. Бірақ халықтың өткізетін қуанышының, той-томалақтың арқасында  әншілердің бала-шағасын асырап, күнкөрісін реттеп жатқандығы рас. Сол себептен шақыртулар болса, қуана-қуана барамын. Құдайға шүкір, халық жақсылықтарына шақырып та жатыр. Сол елдің қуанышында ән шырқап берудің өзін үлкен абырой деп білемін.

– Халық көбінесе есте қалған «Аппақ гүлдер» әніңізді ме, әлде жаңа әндеріңізді де сұрап жата ма?

– Тыңдармандар өз талғамына қарай әр кезде әрқалай сұрайды. Біреулер «Аппақ гүлдерді» сұраса, ал кейде жаңа әндерімді орындауымды өтінеді. Кейде мерекелік  тақырыптарға орай туған күнге арналған, анаға арналған әндерді де шырқаймын.

–  «Достық» дегенді қалай түсінесіз?

– Бір қынжылтатыны адамдар  бір-біріміздің қадірімізді білу қасиетінен айырылып барамыз. Дос деген – қай уақытта да, қандай кезеңде болсын жаныңда табылатын адам. Сені еш өзгеріссіз, болмысыңды қабылдай білетін жан. Негізі нағыз достарыңды қиын-қыстауда білесің. Биікте самғап ұшқаныңда қасыңда достарың көп, ал қиын сәтте бәрі ғайып болып, бірең-сараңы қалады. Осындай сәттерде нағыз достық сезімін қадірлейтін достарыңды танисың. Аллаға шүкір, осы күнге дейін жанымнан табылған достарым баршылық.

–  Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?

– Бос уақытымды отбасыммен бірге өткізуге тырысамын. Үйде демалып, балаларымның қасында боламын. Киноға барамын, тауға шығамын.

– Өзіңізді үлгі боларлық тұлға ретінде есептейсіз бе?

– Кейбір адамдар үшін менің өнерім, болмысым үлгі шығар. Ал кейбір жандарға керісінше болуы мүмкін. Мен бұл сұраққа ешқашан нақты жауап бере алмаймын. Себебі бұл сұрағыңыз маған емес, халыққа бағытталғаны дұрыс.

– Халыққа айтарыңыз бар ма?

− Әлі де өмір жалғасып жатыр. Әлі де жер бетінде кішкене болсын мейірім, махаббат деген ұлы сезімдер бар. Сондықтан мейірімді болайық, жақсылық жасайық. Әр нәрседен жақсыны ғана көруге тырысайық!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Наргиза Аршидин

(«Жұлдыздар отбасы» журналынан алынған)

Пікір қосу