– Қанат аға, сұхбатқа әрең дегенде уақыт тауып келдіңіз. Соған қарағанда жұмысыңыз қызу жүріп жатқан секілді…

– Рақмет. Иә, Алланың қалауымен шығармашылығымыз дамып жатыр. Қазір жеке кешімді өткізейін деп, соның жұмыстарымен қарбалас болып жүрмін. Бұйырса, 5 желтоқсан күні алғаш рет Алматы қаласында жеке кешімді өткізбекпін. Шынымды айтсам, Алматы қаласында концерт өткізуге көп уақыт бойы жүрексініп жүрдім. Себебі, бұл қала – өнер ордасы. Халықтың тоқсан пайызы өнерді түсінетін, сыни пікір білдіретін орта. Концерттік кешімізде Тоқтар аға, Мейрамбек аға, бірге дуэт болып ән шырқап жүрген Әлия Әбікен, Мырзахан Маханов секілді өнер иелері қонақ болып қатысады.

– Бұрын сізді халық Тоқтардың шәкірті деп таныса, қазір танымал әндердің орындаушысы ретінде танылып үлгердіңіз. Әндеріңіздің жүрекке жетіп, еңбегіңіздің жемісті болуының сыры неде?

– Бұның барлығы еңбектің арқасы деп ойлаймын. Өзімнің өнерге адал адам екенімді сеніммен айта аламын. Себебі, өнерде ешкімнің ала жібін аттамағанмын, я болмаса, біреудің әнін ұрлап айтқан емеспін. Адал жолмен жұмыс істедім. Өнерімнің жемісті болуы тек менің ғана еңбегім емес, бұл жерде менің әндерімді жазатын сазгерлердің, ақындардың еңбегі де бар. Мен жай ғана орындаушымын.

– Әндеріңіз жүрек қылын қозғайтын ерекше сезімге толы. Ал өзіңіз сезімталсыз ба?

– Өте сезімтал және сезгішпін.

– Жалпы, мінезіңіз қандай?

– Мінезім құбылмалы. Бір адаммен ренжісіп қалсам, ол адамға ұзақ өкпелеп жүре алмаймын. Сол адаммен тез достасқым келіп тұрады. Менен қателік кетсе, бетіме тіке айтқанын қалаймын. Немесе оның тарапынан қателік кетсе, өзіне тіке айтып тастаймын. Ренішімді жасырып, іште сақтап жүре алмаймын. 10 жылдан кейін сәті түссе де, «кезінде сен мені немесе мен сені ренжітіп едім ғой» деп айтамын. Сол кезде ғана жаным тынышталады.Картинки по запросу қанат үмбетов

Әндеріңізді жүрекпен сезініп айтасыз. Әсіресе, «Мазаламайын» әніңізді тыңдасам, сол әннің ішінде жүргендей әсер қалдырасыз. Шынымен де, жауапсыз махаббаттың құрбаны болдыңыз ба?

– Әрине. Адам баласы болған соң менде де жүрек бар. Біреуге мен ғашық болсам, біреу маған ғашық болады дегендей… Өмірде әртүрлі жағдайлар болып жатады. Сіз дұрыс байқап отырсыз. Себебі, мен орындаған әндердің 80-90 пайызы өзімнің өміріме қатысты. Бірақ бұл арнайы «осындай ән керек» деп барып композиторларға жаздыртпаймын. Дәурен Сердалиев деген сазгермен тығыз шығармашылық байланыстамыз. Сонымен қатар ол кісі менің өмірімді, мен ол кісіні жақсы білемін. Адамның кейде ішінде сақтағысы келмейтін, бірақ көп ешкімге айта да бермейтін сырлары болады. Осындай сырларымды менің өнердегі ағам әрі досым Дәурен Сердалиевпен бөлісемін. Менің ішкі жан дүниемді ол кісі жақсы білгендіктен, маған «осы әнді көрші, саған ұнау керек» деп ұсынып жатады. Шынымен де, сол кісі ұсынған әндердің тоқсан пайызы менің болмысыма келетін әндер.

– Кейбір тыңдармандар сіздің әндеріңізден түріктің мотивтерін тауып жатады. Мұндай ой неден туындады деп ойлайсыз?

– Иә, алдында «Жұлдызды жекпе-жек» жобасында да осы әңгіме айтылды. Шын мәнінде,  әндерімнің қалай немесе не үшін дүниеге келгенін, тарихын жақсы білемін. Сондықтан ұрланған деп айта алмаймын. Түрік емес, әндерімізде шығыстық бір үн бар десем болады. Оның үстіне әнімді жазатын сазгер де музыкалық білімі терең, үнді және шығыстық әндерді тыңдап сусындаған білікті азамат. Бірақ осы сұрақ жиі қойылғандықтан, кейде сазгерге: «Бұл ән шынымен өзіңіздікі ме? Ертең халықтан ұят болып қалмай ма?» – деп сұрап қоямын. Ол кісі де маған сенімді жауап береді. Біз ешқандай әнді ұрламаймыз. Халыққа ұсынбас бұрын әнді толықтай тексереміз. Тіпті кейде маған кейбір кісілер: «Қанат, неге көп ән шығармайсың?» – деп жатады. Менің студиядан сыртқа шықпаған, халық естімеген көптеген әнім бар. Бірақ олар әлі толықтай көңілімнен шықпағанша, жарыққа шығармаймын. Тек өзім тыңдап, сүзгіден өткізіп жүремін.

– Өзіңіз қандай әншілерді, әндерді тыңдайсыз?

– Тоқтар аға, Мейрамбек ағамызды тыңдаймын. Жастардан Нұрболат Абдуллиннің әндері ұнайды.

– Музыкалық біліміңіз бар ма?

– Музыкалық білімім жоқ. Негізгі мамандығым – экономист.Картинки по запросу қанат үмбетов

– Әлия Әбікенмен дуэттеріңіз сәтті шықты. Бейнебаян миллиондаған көрермен жинады. Бұл дуэт қалай туындады?

– Әлия екеуміз ортақ араласатын Айнұр есімді досымыз бар. Сол кісінің туған күн кешінде Әлиямен алғаш рет таныстым. Жалпы, оған дейін өнерде бір-бірімізді сырттай ғана білетінбіз. Екеуміз танысып, жақсы араласып кеткен соң, мен Әлияға дуэт болып ән айтуға ұсыныс тастадым. Ол да қолдады. Сөйтіп, екеуміз алғаш «Махаббат жыры» деген әнін орындап, оған бейнебаян түсірдік. Өзіміздің ойымызша, халықтың көңілінен шыққандай көрінді. Кейін тағы да бірге ән жаздырдық. Осы әндеріміздің ішінен «Жанымда бол» әні халыққа ерекше ұнаған секілді. Ғаламторда бейнебаянның көрсетілімі 20 миллионға жетіп қалыпты. Біз Әлия екеуміз арнайы келісіп, «мына әнді айтсақ тез таныламыз» деп ақылдаспаймыз. Сазгер үшеуміз кеңесіп, өзімізге лайықты, ұнайтын, болмысымызға жақын әндерді орындап қана жүрміз. Дуэтіміздің танылуы Әлия екеуміздің өнерге деген адалдығымыз. Екеуміз де халыққа танылу үшін «қара пияр» секілді дүниелерге уақытымызды кетірмейміз. Халыққа өнерімізді көрсетіп, тыныш қана жүргенді ұнатамыз.

– Сіздерді көпшілік ерлі-зайыптылар деп ойлап қалатын көрінеді.

– Иә, солай ойлап жатады. Тіпті халық түгілі өзімнің достарым: «Сен екеуіңнің араларыңда ештеңе жоқ па? Қанат сенің көзқарасың ерекше ғой» деп қалжыңдайды. Арамызда ештеңе жоқ. Екеуміз өнерде ғана жұппыз. Ал көзқарасымның «ерекше» болатыны айтып тұрған әнімнің сөзінің мағынасын, сезімін жеткізуге байланысты. Өйткені әннің сезімін өзімнің тұла бойымнан өткізіп айтамын.

– Жақында өткен «Жұлдызды жекпе-жек» сайысында біраз сынға іліктіңіз. Осы жобадан кейін сізді жанды дауыста айта алмайды деген пікірлер көбейіп кетті. Бұған не дейсіз?

– Мен біреумен пікір таластырғанды ұнатпаймын. Ол жерде Жұбаныш Жексенұлы, Медеу Арынбаев, Гүлнұр Оразымбетова, Мөлдір Әуелбекова, Тоқтар аға, Мейрамбек ағалар отырды. Ол кісілердің айтқан сынына  ешқашан қарсы келе алмаймын. Олар не айтып отыр, сол дұрыс. Өйткені ол кісілер көпті көрген. Сахнада қаншама жыл бойы еңбегі сіңіп, мұндай додалардың талайын көрген жандар. Бәрі консерватория бітірген кәсіби мамандар. Олардың қасында мен кіммін?! Мен жай ғана орындаушымын. Тіпті нота да танымаймын. Шын мәнісінде, сыни пікір айтылатындай да болды. Себебі, мен, біріншіден, қатты толқыдым. Екіншіден, дайындығым аз болды. Дайындалайын десем, той, концерт секілді жоспарлармен уақыт тапшылығы кедергі тудырды.Похожее изображение

– Тоқтар аға: «Қанатқа айтқан сын менің жаныма қадалады», – деген еді. Осы жобадан кейін ол кісі не деді?

– Тоқтар аға жалпы менің өнеріме қатысты ешқашан қатты айтқан емес. Маған ол кісі не айтса да астарлап жеткізеді. Ал бірақ «Жұлдызды жекпе-жектен» шыққаннан кейін Тоқтар аға маған ештеңе деген жоқ. Себебі, ол кісі бәрін өзі көрді. Тек «Қанат дайындалуың керек еді», – деді. Сол сөзден кейін, сол жоба туралы әңгіме бітті. Ал шын мәнінде мен ол жобада келесі жекпе-жекке қарсыласым болып шыққан әріптесім Райым Уайыстың өткенін қалап тұрдым.

– Жалпы, өзіңіз үйленген екенсіз. Бірақ бұл жайлы енді ғана ашып айтып жүрсіз. Отбасылы екеніңізді айтуға не түрткі болды?

– Негізі, мен өнерге келмей тұрып отбасы құрғанмын. 2007 жылы шаңырақ көтеріп, 2008 жылы ұлды болдым. Кейін 2010 жылы Тоқтар ағамен танысып, ол кісі мені Алматыға алып кетіп, үлкен өнерге қосты. Оған дейін мен «Жайдарманда» ойнап, тамада болып, әйтеуір өнердің маңында жүретінмін. Сол кезде «халық мені жақсы әнші ретінде танып мойындасын. Содан соң өзімнің жеке кешімді өткізетін дәрежеге жеткенімде сахнада отбасымды көрсетемін» деп ойлайтынмын. Аллаға шүкір, сол арманымды орындадым. Астанада өткен алғашқы кешімде ұлым мен қызымды сахнаға алып шығып, халықпен таныстырдым. Алайда жарымды көрсеткен жоқпын. Ал былай өнер мен отбасыны араластырғым келмейді. Отбасым түгілі, өзім көп көріне бергенді ұнатпаймын.

– Жарыңыз туралы айтып кетсеңіз. Қалай таныстыңыз?

– Жарымның есімі ─ Айдана. 1990 жылы Кентау өңірінде дүниеге келген, Орта жүздің қызы. Өнерге еш қатысы жоқ. Екеуміз Астанада танысқанбыз. Біз үйленген кезімізде мен 19 жаста, ол 17 жаста еді. Міне, бүгінде шаңырақ көтергенімізге 11 жыл. Қазір екі баламыз бар. Ұлым Көбей 5-сыныпта оқиды, ал қызым Көркем биыл 1-сыныпқа барды.

– Әйеліңіз түзде жүрген ерін қызғанбай ма?

– Неге қызғанбайды?! Әрине, қызғанады. Тіпті бөтен адамдар емес, өзіміздің туысқандарымыз да арамызға түскен кездері болды. Олар әйеліме «Қанат басқаға кетіп қалады деп қорықпайсың ба?» депті. Бірақ отбасымыздың әлі күнге дейін сақталуы екеуміздің бір-бірімізге деген сеніміміздің арқасы. 11 жылдан бері тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Асыл жарыммен бір жастықта қартайғым келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

– Сізге де рақмет!

Әңгімелескен Наргиза АРШИДИН

 

Пікір қосу