Қазақстанда 2017 жылдың 23 — 29 қаңтары аралығында жатыр мойнының ісігі бойынша апталық өтеді, деп хабарлайды BNews.kz. 

Қазақстанның Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты, денсаулық сақтау басқармалары және еліміздегі аймақтық онкологиялық орталықтар жоспарланған шаралар шеңберінде барлық жастағы әйелдерді тегін гинекологиялық тексеруден өтуге шақырады. Тексеру барысында пап-тестілеу (атипиялық жасуша бар-жоқтығын тексеру үшін жатыр мойнынан жағынды алу) жүргізіледі.

Қазақстанда онкологиялық қызметті дамыту жөніндегі Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бес жылда бір рет 30 бен 60 жас аралығындағы әйелдерге пап-тестілеуден өтуге мүмкіндік беріледі.

2017 жылдың 28 қаңтарында апталық аясында кез-келген әйел пап-тестілеуден тегін өте алады. Бұл күні Қазақстанның бүкіл онкологиялық мекемелерінде ашық есік күндері өтеді, әйелдер гинеколог-онкологтан тегін консультация алады.

Алматыда жатыр мойнының ісігін ерте анықтау жөніндегі ашық есік күні 28 қаңтарда Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-да (Абай көшесі, Шагабутдинов көшесінің қиылысы) және Алматы онкология орталығында (Өтепов көшесі 3, Гагарин көшесінің қиылысы) сағат 9.00-ден бастап 14.00-ге дейін өткізіледі.

Ешқандай белгі болмауы бәрі ойдағыдай деген сөз емес!

Пап-тестілеудің теріс нәтижесі жатыр мойнында атипикалық жасушалар жоқ дегенді білдіреді, ал пап-тестілеудің оң нәтижесі жатыр мойнында «нашар» жасушалардың бар екендігін білдіруі ықтимал, демек сізге қосымша тексеруден өткен жөн.

«Жатыр мойнының ісігі әлемдегі елеулі проблемалардың бірі болып қалып отыр. Жиілігі жағынан дүниежүзінде әйелдерде кездесетін обыр жағынан екінші орында. Жыл сайын жарты миллионға жуық әйел осы ауруға шалдығып, шамамен 288 мың әйел көз жұмады.Жатыр мойыны ісігінің қоғамға әсері үлкен, өйткені бұл ауру әсіресе 30-40 жастағы және одан үлкендеу жастағы әйелдерде кездеседі. Бұл уақыт әйелдердің отбасын құрып, қызмет етіп, күнделікті тіршіліктен қолдары босамайтын кезеңі. Диагноз анықталса, әйелдің жеке басына, оның отбасына, достарына үлкен қайғы әкеледі. Сонымен қатар, оны емдеуге мемлекет пен қоғам тарапынан қыруар қаржы жұмсалатындығын да ескеру қажет», — деді Қазақстанның бас онкологы, м. ғ. д. Диляра Қайдарова.

Еуропа елдерінде жыл сайын жатыр мойыны ісігі ауруына 60 мың әйел шалдығып, 30 мың әйел қайтыс болады. Әлемде осы диагнозбен өмір сүріп жатқан әйелдер саны 175 мыңнан асады.

Қазақстанда 2015 жылы бұл ауру 1826 әйелде анықталды, соның ішінде аурудың асқынған және таралған формасы 233 әйелде бар, бұл 12.9 % болады. 600-ден аса әйелдің қайтыс болғандығы тіркелген. «Жатыр мойыны ісігі» диагнозымен есепте тұрған әйелдер саны 11 578 құрайды. 2016 жылдың деректері әзірге өңделіп жатыр.

«Пап-тестілеу жатыр мойыны обырының алдын алудың тамаша әдісі болып табылады. Жатыр мойнынан алынған жағынды атипикалық жасушыларды анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай жасушалар ем қолданылмаса,  уақыт өте келе обырға айналуы ықтимал. Дамыған елдерде скрининг тұрақты түрде жүргізіледі, сөйтіп бұл жыл сайын анықталатын жаңа ауырғандар санын екі есеге қысқартуға мүмкіндік береді»,-дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты гинекология орталығының меңгерушісі Мұрат Қайырбаев.

Дер кезінде тексеру өткізіп, адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау арқылы көптеген аурудың алдын алуға және көп адам өліміне жол бермеуге болады.

Популяциялық скрининг арқылы сырқаттану жағдайларының 80%-ына дерлік алдын алуға болады. Бізде қазір тиімділігі жоғары үш вакцина бар. Олар онкогенді қауіптілігі жоғары адам папилломасы вирусы инфекциясын жұқтырудың алдын алады.

Сонымен, қоғамды жатыр мойнының қатерлі ісігінен құтқару үшін бұл ауруды жаңа ғылыми зерттемелер тақырыбы ретінде қарастырғаннан гөрі скрининг пен вакциналау бағдарламаларының көмегі арқылы аурудың алдын алу мүмкіндіктерін пайдалану дұрыс болып табылады.

Бұл апталық бүкіл әлемде жыл сайын өткізіледі. Мақсат — жұртшылықтың назарын осы проблемаға аудару. Бүгінгі таңда аурудың алдын алу үшін: ұдайы жетілдіріліп отыратын тегін мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп, мамандар оқытылып жатыр.

 

Пікір қосу