• Елімізде педофилия неліктен көбейіп кетті деп ойлайсыз?
  • Қазір елімізде балаларды физикалық және сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық, жәбірлеу істері көбейіп кетті. Мұндай жағдайды болдырмау елімізде өмір сүретін әр азаматқа тығыз байланысты. Мен мұны ақпарат көздеріне талай айтып келе жатырмын. Егер әр адам өз жұмысын дұрыс атқарып, заңға сәйкес әрекет жасаса, мұндай жағдайлар орын алмас еді. Осы уақытқа дейінгі балаларды қорғауға байланысты жұмыстарыма қарап, мен көп нәрсеге көз жеткіздім. 2013 жылға дейін балалардың құқықтарының бұзылуына байланысты қылмыстық істер өте аз болған. Қазіргі күні мұндай қылмыс түрлері күн санап артып барады. Менің ойымша, бұл жағдайлардың орын алуы азаматтарымыздың заңға бағынбауынан, заңдағы жауапкершіліктерге пысқырып қарамауынан болып отыр. Сонымен қоса, әр маманның өз жұмысын жауапкершілікпен істей алмауынан осындай күрделі жағдайға тап болып отырмыз. Мысалы, соңғы екі жылда болған екі үлкен оқиғаны айтайық. Алдымен Семей қаласындағы балалар үйінде даулы оқиғаны еске түсірейікші. Мұнда 20 жыл бойы педофил жұмыс істеп келген. Қылмыстық істі қозғау үшін балалар үйінің түлектері мен бір тәрбиеші екі жыл уақытын сарп етіпті. Олар полицияға, прокуратураға шағымданған. Алайда жауапты орындар жұмысты дұрыс атқармай, бұл істі басып, жасырып, бүркемелеуге тырысқан. Балаларды қорғап жүрген әлгі тәрбиешіні балалар үйінің қызметкерлері қыспаққа алып: «Сен бізге жала жаптың!» – деп айыптаған. Қаншама шағымдардан кейін үш жыл өткен соң ғана істің беті ашыла бастады. Соңында педофил 20 жылға сотталды. Алайда балалар үйінің бірде-бір қызметкері жауапкершілікке тартылмады. Шындығына келгенде олар болған қылмысты жасырып, біле тұра ештеңе айтпады емес пе?  Соған қарамастан олардың ешбірі жазаланбады.
  • Енді Сарыағаштағы жеті жасар баланың жағдайына келейік. Әжесі мектепке шағымданып барған кезде директор не істеу керек еді? Ол полиция шақырып, өз міндетін атқаруы тиіс болатын. Бұл жерде бала тек физикалық емес, сексуалды характерлі зорлыққа ұшырап отыр. Заң бойынша директор оқушысының құрбан болғанын айтып, құқық қорғау орындарына дереу хабарласуы тиіс еді. Мұндай жағдайда ешқандай мектеп инспекторы, мектеп психологы, ата-ана жиналысы көмектеспейді. Мектеп директоры болсын, полиция болсын тура сол уақытта биоэкспертиза жасатып, істі дер кезінде қолға алса, жағдай ушығып, осы деңгейге дейін көтеріліп кетпес еді. Мамандардың өз жұмысын дұрыс атқармауы осыған алып келді. Сол себепті балаларға зәбір көрсететін қылмыскерлер жазасыз жүр. Осындай өрескел жағдайлар қылмыскерлердің санасына да «барлығына рұқсат, балаларды қорғайтын ешкім жоқ, баланың құқығын бұзғандарға жаза жоқ» деген түсінік қалыптастырды. Күн сайын көптеген ата-аналар біздің қайырымдылық қорымызға көмек сұрап келеді. Өйткені олар құқық қорғау органдарына сенуден қалған. Көптеген ата-аналар өз ауыл-ауданындағы прокуратурасына әділеттілікке қол жеткізе алмағандықтан бізге келуге мәжбүр.
  • Педофилия ісімен айналысатын, зардап шегушілердің құқығын қорғайтын заңгерлер, мамандар Қазақстанда өте аз, мұның себебі неде? Педофилияға қатысты істің ашылуы неге ұзақ уақытқа созылады?
  • Мұндай істердің уақыты өтіп кетсе, дәлелдеу қиынға соғады. Биоэкспертизадан бөлек, басқа да бірнеше экспертизалар, басқа да тергеу жұмыстары жасалуы қажет. Бұл өте ұзақ процесс. Мұның барлығы дер кезінде шағымданбаудың, істі дәл уақытында қолға алмаудың кесірі.  Бұл жай ғана материалдық қылмыс емес. Мұндай қылмысты ашуды қолға алған заңгер де, мамандар да іштей психологиялық, моральдық қиындықтар көреді. Оның үстіне зорлық көргендерді қорғаушылар қоғам тарапынан көп қиындыққа кезігеді. «Сіздер бекер жала жауып отырсыздар» деп керісінше заңгерлерді айыптайды. Осындай кезде жазықсыз заңгерлер көп зәбір көреді.
  •                                 Дайындаған Айнұры Есенғали

Пікір қосу