????????????????????????????????????

Досымжан аға, өнер жолында жүргеніңізге 20 жылдан асты. Өмір жолыңыз бен өнеріңіз халықтың көз алдында. Сондықтан, сұхбатты дәстүрлі сұрақтардан бастамай-ақ қояйық. Жалпы, қазіргі уақытта шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Өзіңіз айтып отырғандай, өнерде жүргеніме 20 жыл болды. Қазір жеке шығармашылық концертіме дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Көктемде Қазақстанның бірнеше  облыстарын аралап Атырау, Ақтау, Павлодар қалаларында концерт өткіздім. Жалпы соңғы 5-6 жылда шығармашылық концерт бере алмадым. Оған мемлекеттік қызметте болуым себеп болды. Дәл қазір репертуарымдағы бұрынғы және жаңа әндерді нотаға түсіріп, оркестрге тапсырыс беріп жатырмын. Астананың 20 жылдығы мен өнерде жүрген 20 жылымның құрметіне жақында жеке концерт беретін боламын.

Біраз жылдан бері Астана қаласының тұрғынысыз. Бұл жақта тұрақтап қалған әншілер көп емес. Елорданың өнер деңгейі мен мәдениетінің өсуіне қандай баға бересіз?

– Астана қаласына 20 жыл толса, менің елордада тұрақтағаныма 18 жыл болыпты. Менің тағдырым, өнерім, өмірім – барлығы Астанамен байланысты. Астана менің көз алдымда өсіп-өркендеп келеді, мен де Астанамен бірге өнерімді дамытып өсіп келемін. ТМД деңгейінде мұндай қала салған, мұндай астана салған мемлекет жоқ. Астананың өзі де, өнері де қарқынды дамыды. Халықтың деңгейі, ой-өрісі де ғимараттары секілді тез биіктеді. Астананың халқы жаңашылдыққа құмар. Олар ешнәрседен қорықпайды. Еліміздегі жаңа үлгідегі технология, өнер түрі бірінші осы елордалықтардың қолынан, көзінен өтеді. Себебі, Астананың тұрғындары жаңалыққа бейім. Азиада, Универсиада, түрлі саммиттер мен жиындардың барлығы Астана төрінде өтеді. Былтыр болған ЭКСПО көрмесінде халық тек қана көрермен емес, шәкірт болды. «Жақсыны – көрмекке» дегендей, елорда халқы аталған шаралардың барлығынан өздеріне керек жаңалықты ала білді. Тек экономика, саясат, дін жағынан емес, өнер мен мәдениетін де меңгерді. Әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды көріп, тыңдағаннан кейін Астана халқының өнерге деген көзқарасы қалыптасып, талғампаздық деңгейі де өсті. Астананың архитектурасы, инфрақұрылымы дамып жатқанын біз айтпасақ та барлығы біледі.

Қазақстан Республикасы Президентінің оркестрінде жеке солист екеніңізді білеміз. Бұған мемлекеттік қызмет ретінде қарайсыз ба, әлде шығармашылық өнер ретінде ме?

– Екеуі де. Қызмет деп қарайтын себебім, бұл қызмет – әскери жұмыс іспетті. Тәртіпке бағынасың. Үнемі ұқыпты жүруге, айтқан сөзімде тұруға, берген уәдемді орындауға шамам келгенше тырысам. Атқарып жүрген қызметім осындай жауапкершілікке үйретті. Президенттік оркестрдегі жұмысым мемлекеттік күзет қызметіне кіреді. Өзінің арнайы тәртібі, әскери шені бар. Қызметім мемлекеттік деңгейдегі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға, мемлекет үшін маңызды лауазымды тұлғалардың алдында өнер көрсетуді міндеттейді. Ал шығармашылықпен жеке айналысамын. Қызметім шығармашылығыма шектеу болған емес. Қызмет жағынан да, шығармашылық жағынан да қатар дамып келе жатырмын.Картинки по запросу досымжан танатаров

Басқа өнер жұлдыздары секілді сахнадан көп көріне бермейсіз, мұның мәні неде?

– Жаңа айтқанымдай, ҚР Президентінің оркестрінде жұмыс істегендіктен, халыққа көрінбейтін өнер сферасында жүремін. Халықпен тығыз қарым-қатынаста бола алмауыма да осы қызметім себеп. Алайда, бұл өнерден алшақтағанымды білдірмейді. Біз де күн сайын ән шырқаймыз, концерт береміз. Бірақ оның барлығы эфирге шықпайды. Оркестр жылына бір рет қана ашық түрде есеп беру концертін өткізеді. Журналистер мен халықтың «көп көрінбейсіз» дегенінің астарында көгілдір экран мен түрлі түсірілімдер, концерттер жатқанын түсінемін. Әсіресе, мерекелік түсірілімдер кезінде шақыртулар жиі түседі. Алайда, оркестрдің де жұмыстары осы науқанда қыза бастайды. Сондықтан кейде барамын деп уәде берген жеріме де қызмет бабына байланысты бара алмай қалып жатамын. Шамам келгенше, концерттен де, түсірілімнен де, жұмысымнан да қалмауға тырысамын.

Қазір әлеуметтік желі көптеген жұлдыздар үшін жарнама құралына айналды. Ал сізді желіден де көп байқай бермейміз. Байланыс ретінде қандай желіні қолданасыз? Қандай әлеуметтік желіде тіркелгенсіз?

– Әлеуметтік желінің өзі уақыт бөлуді қажет ететін шаруа. WhatsApp-тан бөлек, Инстаграм желісіне тіркелгеніме бір жылдай уақыт болды. Мұнда тек шығармашылығым мен жеке ойларымды бөлісіп отыруға тырысамын. Отбасымды, жеген-ішкенімді салғым келмейді. Кез келген қымбат, құнды нәрсені кімге болса да көрсете бергенді ұнатпаймын. Отбасым – менің байлығым, құнды дүнием. Сондықтан, оны жұрттың алдына жайып салғым келмейді.

Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, әлеуметтік желінің де пайдасы мен зияны қатар жүреді. Пайдасы мен айтпасам да жалпақ жұртқа белгілі. Ал оның өнер адамдарына зияны көбірек тиіп жатыр. Мысалы, әлеуметтік желі – ең көп талқылауға түсетін орта. Әдетте өнер адамдары эмоционалды болып келеді. Сондықтан біреудің қатты сөздері мен сынын жүрекке жақын қабылдайды.

Әлеуметтік желі арқылы халыққа кеңінен танылған жұлдыздар бар екенін де, тіпті осы арқылы табыс тауып отырған жұлдыздар бар екенінен де хабардармын. Алайда, өз басым әлі мұндайға дайын емеспін.

– Енді отбасыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Айнұр есімді Құдай қосқан жарым, екі қыз, бір ұлым бар. Үлкен қызым биыл Еуразия Ұлттық университетінің 2-курсын аяқтады. Ғылыми география факультетінде оқиды. Өндірістік тәжірибе аясында Қазақстанның тарихи орындарын аралауға бір айға сапарға кетті. Ұлымның жасы 14-те. Биыл «Дарын» мектеп-лицейінің 7-сыныбын бітірді. Қазір Қапшағайда лагерьде. Қырыққа келгенде көрген Айшуақ деген кішкентай қызым бар. Айнұр бала күтіміне байланысты үйде. Негізгі мамандығы – медбике. Жұрттан жасырған отбасым жоқ.Картинки по запросу досымжан танатаров

– Ініңіз Ақжүрек Таңатаров олимпиадада топ жарып, медаль алған тұста көпшілікке Досымжан Таңатаровтың інісі ретінде танылды. Таңатаровтар әулеті туралы толығырақ айтып берсеңіз?

– Қанат Бейсенбаев дейтін ағамыз айтқан еді: «Ақжүрек олимпиадаға кеткенше Досымжан Таңатаровтың інісі болды, олимпиададан медаль алып келген соң Досымжан Ақжүрек Таңатаровтың ағасы болды», – деп. Расымен, осындай болды. Ақжүрек олимпиадаға қатысып, медаль алып келген соң маған «олимпиада чемпионының ағасы» деген қосымша атақ берілді. Әулетіңнен шыққан тағы бір батыр атағыңа атақ қосып жатса, нұр үстіне нұр ғой. Басқа іні-қарындастарымыз да өнер мен спорттың айналасында жүр. Ақжүректің бағы жанып, мерейімізді үстем еткені біз үшін үлкен мақтаныш болды. Олимпиада шыңын бағындырды, одан кейін Азия чемпионы атанды. Мемлекеттік қызметке келгеніне бір айдың көлемі болды. Қазір Тараз қаласындағы №5-спорттық даярлау мектебінің директоры. Жасы отыздан асты, ел ағасы болатын шаққа келді. Жастық шағында физикалық күш-қуатын спортқа салды. Енді аға болып, ұстаз болып, соңынан ерген ұл-қыздарға үлгі-өнеге көрсететін жасқа жетті.

Жалпы, Таңатаровтар әулетінен екі бала тараған. Оның бірі біздің атамыз Айнабек, екіншісі Ақжүректердің атасы – Ақырапбай. Айнабек атамыз жұртқа сыйлы, ел басқарған өнерлі адам болыпты. Ол кісіден тараған ұрпақтар гуманитарлық салаға жақын. Өнерде, білім беру саласында еңбек етіп жүр. Ал Ақырапбай атадан тараған ұрпақтар спортқа бейім. Ақжүректің әкесі де, ағасы да спортшы. Бірі – боксшы, бірі – күрескер… Сол үйдегі кісілердің ең кемі көкпаршы.

Досымжан аға, оркестрдегі қызметіңізден бөлек, халық әндерін айтасыз, терме де орындайсыз, эстрадалық әндер де сізге жат емес. Ал қазіргі жас әншілер белгілі бір бағытта немесе белгілі бір жанр бойынша ғана ілім алып, сол бағытта ғана ән айтады. Сіздің ойыңызша, олар бір бағытпен ғана шектеліп, өз талантына шекара қойып жатқан жоқ па?

– Өнерде шекара да, шектеу де жоқ. Жастардың қателігі де осында. Олар өздерін шектейді. Белгілі бір аудиторияға ғана жұмыс істейді. Менің концертіме келгендер біледі, біз тыңдарман талғамаймыз. Әндеріміз көпшілік қауымға арналған. Алдыңғы толқын ағаларды тек өз қатарластары тыңдайды деген жалған тұжырым. Біздің тыңдармандар жас талғамайды. Үлкен кісілер де, орта жастағылар да, тіпті, жас­тар да концертімізге келіп, ықыластарын білдіріп жатады.

Қазіргі жастардың бір бағытта ғана ән шырқауына көңілім толмайтыны рас. «Аңқау елге – арамза молда» дегендей, жас әншілер өздері қалыптасып үлгермегенімен қоймай, буыны қатаймаған, әлі талғамы қалыптасып үлгермеген, не тыңдап, не қоярын білмей жатқан жас буынның көңілін тауып, өзін жұлдыз санайды. Олардың білместігі ме, жол көрсететін адамның болмауынан ба, алдыңғы толқын ағалардың батасын алайын, солардан бір нәрсе үйренейін деген ой жоқ. Қазақ өнерінің жұлдызы боламын, өнерпаз боламын дейтін адам үлкеннің де, кішінің де, жастың да, кәрінің де сүйіктісіне айнала білуі керек. Ол үшін халықтың дәстүрлі өнерімен сусындау қажет.Похожее изображение

Алайда, қазіргі жастардың алғырлығына ризамын. Олар шоу жасауға құмар болғанымен, кез келген нәрсені тез қабылдайды. Жақсыны да, жаманды да. Тек соларды дұрыс жолға бағыттап жіберсек әлі-ақ өнердің даңғыл жолына түсіп кетеді деп ойлаймын.

Ертеректе өнерді қасиет деп, сахнаны киелі деп айтатын. Ал қазір өнер ақша табудың, танымал болудың бір жолы сияқты. Тіпті, әнге тауар ретінде қарап. Шоу-бизнес арқылы ақша табатындарды да көріп жүрміз, ақшасы арқылы қолдан өнер жасап жүргендер бар. Бұл үрдісті қалай тоқтатуға болады?

– Біз шоуды қатты күттік. Шоу деген міне, осы. Қазір шоу-концерт, шоу-бағдарлама, шоу-бизнес дегендер қаптап кетті. Адамдардың бәрі жоқ жерден жаңалық жасауға, қандай жолмен болса да жұртты таңғалдыруға құмар. Өкінішті әрине, бірақ, дәл қазір қазақ қоғамында танымалдылыққа ие болу үшін үстіндегі киімін шешіп жатқандар да бар. Әрбір елдің өнер тарихында осындай кезең болған. Біз қаласақ та, қаламасақ та бұл үрдіс бізге келді және келуі тиіс еді. Ақпарат ағыны да, жаңалықтар легі де толассыз келіп жатыр. Біздің мұны тоқтатуға қауқарымыз жоқ. Бұл бір сел сияқты табиғи құбылыс. Оның алдын алу немесе тоқтату шаралары тым қиын. Біздегі бар жалғыз жол – сабыр ету, күту. Сондай-ақ өзіміздің ұлттық болмысымызды, ұлттық өнерімізді барынша сақтап қалуға, қорғауға тырысу. Бұл үрдіс тек өнер әлеміне, сахнаға ғана қатысты емес. Экономика, білім беру, ақпарат, саясат сияқты Қазақстанның барлық саласында осындай «жарылыс» кезеңі болып жатыр. Сондықтан, әрбір адам, әрбір азамат жоғарыда айтқан болаттай берік болу қағидасын ұстануы керек.Картинки по запросу досымжан танатаров

Соңғы жылдары эстрада дәстүрлі өнерді сахнадан ығыстырып бара жатқан сияқты. Тыңдармандарға кінә артсақ, орындаушылардың қатары сиреп кеткенін айтып ақталады. Орындаушылар тыңдарманның азайғанын алға тартады. Бұл үрдіске кім кінәлі?

– Әрбір жанрдың шарықтау шегі мен тоқырау кезеңі болады. Дәл қазір эстрада жанры сұранысқа ие болып тұр. Адамдар шоуға, жарқыл-жұрқылға, көңіл көтеруге көп қызығып кетті. Алайда, мұның да ғұмыры ұзақ емес. Шоу-бизнес пен эстраданың да түбі көрініп, ел жалыға бас­тады. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді ғой қазақ. Кез келген музыка жанры осындай кезеңдерді бастан кешіріп, тарих қойнауына еніп кеткен. Виктор Цойдың кезінде джаз стилінде ән шырқау сән болды. Битлздің дәуірлеген шағында гитара ұстағанның бәрі өнерпаз болып кетті. Кей жылдары баянмен ән шырқау танымалдылыққа ие болды. Сол сияқты, ұлттық өнеріміздің де шарықтайтын шағы келе жатыр. Өнерпаздар да, халық та сәл сабыр етіп, сол сәтті күтуі керек. Қандай заман туса да, ұлттық өнеріміздің, дәстүрлі өнеріміздің жанашырлары жойылған емес. Осы жүкті арқалап келе жатқан қаншама жас-кәрі, танымал, танымал емес әншілеріміз бар. Олардың жарқ ететін күні әлі алда деп білемін.

Жалпы, адам баласы табиғатында, тәрбиесінде жоқ нәрсені меңгере алмайды. Қазір кейбір жұлдыздар сахнада рэп айтып немесе шетелдің хитін қазақшаландырып орындап жүр. Егер солардың қолына домбыра беріп халық әнін орында десең, тосырқап қалады. Ал дәстүрлі әншілердің қай-қайсысы болсын, эстраданың кез келген әнін орындай береді. Попса десеңіз попса, рэп десеңіз рэп, тіпті сәл дайындық жүргізсе ария да айтып кете алады. Дәстүрлі әннің, ұлттық өнердің өміршең екендігін осыдан-ақ білуге болады.

Қазір жаһандану заманы, жаңа технологиялар заманы, дәуірлеу, даму кезеңі деп ұрандаймыз. Осындай сындарлы тұста ұлттық ішіп-жемнен, ұлттық киімімізден, ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық өнерден ажырап қалмаудың да қамын ойлап қоюымыз керек.

Сұхбаттасқан Дана МАРАТОВА

Пікір қосу