• Әсел, отбасы құрып, ана атанғалы, шығармашылығыңызда біраз үзіліс жасаған едіңіз. Бүгінде кино әлеміне қайта оралдыңыз. Сәл үзілістен кейін камерадан жатсынып, жұмысқа қайта кірісу қиын болмады ма?
  • Қайырлы күн! Иә, отбасылы болғалы шығармашылығымда біраз үзіліс болды. Ұлымды босанғаннан кейін жарты жылдай үйде баламен отырдым. Бірақ, керісінше жұмысымды, камераны қатты сағыныппын. Ешқандай қиындықтар туындамады. Керісінше, бар құлшынысыммен жұмысқа белсене араласып кеттім. Үзілістен кейін бірнеше жобаларда бой көрсетіп үлгердім. «Сүйе білсең» атты сериалда, «Класстастар» атты филмьде ерекше образдарды сомдадым.
  • Байқауымызша тағы да бір жаңа сериалға түсіп жүрген сияқтысыз. Ол қандай сериал?
  • Иә, дұрыс айтасыз. Жақында ғана Астана қаласына бір айға барып, «Бессоница» атты сериалға түсіп келдім. Ол сериалда басты рөлді сомдаймын.«Бессонница» ─ әйелдер қауымы туралы сериал. Менің кейіпкерім өзінің жарынан зорлық-зомбылық көріп, тағдырдың қиыншылығын шеккен әйел. Кейіннен ол әйел өз өмірін қолға алып, қорлайтын күйеуінен айырылысып, кәсібін бастап, өзі секілді қиындық көрген әйелдерге жәрдемдесетін бағдарлама ашады. Жалпы, сериал он екі сериядан тұрады. Бұйырса қараша айында жарыққа шығады.
  • Үзіліс кезінде режиссер, продюсерлер тарапынан «осы рөлді Әсел сіз сомдамасаңыз болмайды» деп іздеушілер болды ма?
  • Жоғарыда айтып кеткен «Бесонница» фильмінде дәл солай болды. Отбасы құрмас бұрын, мен маған ұсынған жобалардың бәрін қабылдай беретінмін. Тіпті, бір уақытта екі-үш жобада жұмыс істейтінмін. Ең бастысы өзіме бос уақыт қалдырмайтынмын. Ал, қазір отбасылы адаммын. Мансапқа қарағанда отбасым маңыздырақ. Қазір жоба, фильмдерден ұсыныс келсе, оның режиссеріне, сценарийіне, кейіпкеріме қатты мән беремін. Себебі, мен ол жобамен айналысатын болсам, баламды ата-енеме, ата-анама қалдырып кетемін. Сондықтан, қайта-қайта баланы ата-әжесіне беріп, мазаларын ала бермеу үшін өзімнің көңілімнен тек толықтай жүз пайыз шығатын, ыңғайлы жобаларды ғана қабылдаймын  Айтқым келгені, «Бессоница» сериалына мені басты       рөлге бекітетін болып шешті. Алайда бір айға Астанаға    кетуім керек екендігін айтты. Ал, мен мұндай ұзақ      мерзім кішкентай баламнан алыс жүре                  алмайтындығымды айтып, бұл рөлден бас тарттым. Бірақ, сериалдың режиссері «Әсел, бұл рөлді сен ғана алып шыға аласың. Сен лайықтысың» деп қайта көндіріп алған еді. Бұйырса, көңілдеріңізден шығады деген ойдамын.
  • «Бесонница» сериалындағы образыңыз күйеуінен зорлық көріп, өзін тұлға ретінде дамытуға мүмкіндігі жетпей жүрген әйел дедіңіз. Біздің қоғамда мұндай қиыншылық көріп жүрген әйелдер қауымы аз емес. Сіздің ше бұл проблемамен қалай күресуге болады?
  • Иә, бұл біздің қоғамдағы үлкен мәселелердің бірі. Алайда, бұл тақырыпта нақты ештеңе айта алмаймын. Себебі, бір отбасы ішіндегі ер мен әйелдің қарым-қатынасын мен білмеймін. Мұндай мәселеде кім кінәлі екендігін де нақты айта алмаймыз. Кейде әйелдер қауымының өзінен қателік кетіп жатады. Алайда, егерде әйел күйеуінен зорлық-зомбылық көріп жатса, белгілі құқық қорғау органдарына хабарласуы керек деп ойлаймын. Біздің қоғамның бір жаман әдеті, барлығын ішінде сақтап жүреді. Менің образымдағы әйелдің күйеуі екеуінің арасында бала болмады. Сондықтан оған қорлап жүрген жұбайымен айырылысу оңайға соқты. Ал шын өмірде баласының қамын ойлап, ерінің қорлығын көріп жүрген қаншама әйелдер бар. Ешкімге айтпай, көніп жүр. Ол дұрыс емес. Мұндай әділетсіздіктерді айту қажет. Біздің шоу-бизнес өкілдерінің арасында да мұндай жағдайлар көп кездесіп жүр. Бірі ашық айтса, бірі жасырып қалуға тырысып жатыр. Меніңше, адамдар тым  болмаса, психологтарға барып кеңес алуы қажет.

Бұл «Бесонница» сериалы бұл проблеманы шешуге        бір тамшы болсын пайдасын тигізер деп ойлаймын.          Осы сериал арқылы осындай проблеманың бар                екендігін, оны шешуге болатындығын, күресу керек        екендігін көрсетеміз.Картинки по запросу асель калиева

  • Шығармашылығыңызға оралсақ, жақында «Класстастар» фильміне түстіңіз. Бұл фильмге қалай келдіңіз?
  • Негізі бұл фильмнің продюсері әріптесім Әсел Садуақасова және режиссері менің жұбайым Ернар Нұрғалиев. Алайда, бұл рөлді маған жұбайым Ернар ұсынбады. Бірде Әселмен кездескенімізде, «саған жақсы бір рөл бар» деп айтты. Кейін бұл рөлді маған берген соң, режиссер әрі күйеуім Ернар да рөлді сомдап алып шыға алатындығымды байқап, рөл маған берілді. «Класстастар» фильмі ─ өте керемет туынды деп нық сеніммен айта аламын. Бұл фильмде басты рөл деген жоқ. Кинодағы он үш адамның барлығының рөлі маңызды. Он сегіз жылдан кейін басы қосылған сыныптастар туралы өте жеңіл әрі әзілге толы фильм. Мен Мағрипа есімді образды сомдап шықтым. Мағрипа мектеп кезінде өте толық, ұялшақ, тұйық қыз болған. Оны сол толықтығы үшін сыныптастары мазақтайтын. Алайда он сегіз жылдан кейін Мағрипа, өзіне «Мэгги» лақап ат қойып, дене бітімі арықтап, сұлу кейіпте келіп, бәрін таңғалдырады. Өзіме кейіпкерімнің болмысы ұнайды. Алайда кейіпкерім Мэггимен өмірдегі Әселдің еш ұқсастығы жоқ.
  • Халықтың пікіріне қарасақ, сіздің сомдап шыққан образыңыз сөзсіз ұнаған. Ал өзіңіздің көңіліңізден шықты ма?
  • Менің кейіпкерім Мағрипа фильмнің ортасына қарай келеді. Яғни, басқа актерлерге қарағанда фильмде Мағрипа образы аз көрсетіледі. Тіпті, халық та «неге Мэггиді, яғни Мағрипаны аз көрсетті » деп пікір білдірген еді. Шынымен, меніңше де Мағрипаны бұдан да көбірек ашуға болар еді. Бірақ, берілген уақыт ішінде кейіпкерімді толық аша алдым деп ойлаймын.
  • Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмінде де ойнайды екенсіз. Ол жерде қандай образды сомдайсыз?
  • Жалпы «Томирис» фильміне іріктеу өте ұзақ уақыт болды. Кастинг директорлары кастингке Томиристің кіші кезінен отыз жасына дейінгі кейіпіне барлық сай келетін актрисаларды шақырған болатын. Олардың арасында мен де бармын. Ол іріктеуде барлығымыз тек Томирис патшайымның образын сомдадық. Мысалы, мен іріктеуге барған күндердің өзінде он Томирис жүретін. Бірақ, бұл іріктеу басқа іріктеулерден ерекше өтті. Басқа кастингтерде бір-екі сағатта сценарийді оқып кететін болсақ, «Томирис» фильмінің іріктеуіне бір күніміз кететін. Ол жерде каскадерлер де бізге тактикаларын үйрететін. Нәтижесінде, маған Томирис патшайымның анасының рөлі бұйырды. Ол кейіпкерім де халықтың есінде қалатындай кейіпкерлердің бірі болады деп ойлаймын. Себебі, анасының Томиристі дүниеге алып келетін, трагедиялық сахналары бар. Фильмде мен түскен сахна аз болса да, өте ерекше образ.«Томирис» фильмінде жұмыс істеу маған ерекше ұнады. Себебі, актерлерге барлық жағдай жасалған. Бұл жобаға үлкен қаражат бөлінгендігі көрініп тұр. Жұмыс істегендей емес, демалғандай сезімде болдым.Картинки по запросу асель калиева
  • Өзіңіз ана атанғалы, «ана» образын сомдау жеңілдеген шығар, иә?
  • Иә, дұрыс айтасыз. Қазір бұрынғыдан қарағанда «ана» образын сомдау жеңілдеу. Себебі, «ана болу» сезімін басымнан өткердім. Олардың шексіз махаббатын тұла-бойыммен сезіндім. Сезініп тұрған нәрсені көрерменге де шынайы жеткізу оңайырақ болды. Сонымен қатар, тұрмысқа шыққалы тұрмыстағы әйелдің де рөлін сомдау жеңілдей түсті. Меніңше, Ақан Сатаев сол себепті де маған Томиристің анасының рөлін берген секілді.Картинки по запросу асель калиева
  • Сіздің жарыңыз Ернар мырзаның режиссер екенін білеміз. Отбасылы болғаннан кейін, бірге шығармашылық байланыста болу қиындық тудырмады ма?
  • Жоқ, ешқандай кедергі болған жоқ. Біз жұмыста бір-бірімізге тек әріптес ретінде қараймыз. Ернар өзі бір жұмысқа кіріссе, қатты беріліп кетеді. Жұмыста ол маған, тіпті, аса бір мән бермейді. Негізі жұбайым Ернармен осы «Класстастар» фильмінде ғана бірге жұмыс істедік.Похожее изображение
  • Бір жобамен жұмыс істегенде, үйде бірге дайындаласыздар ма?
  • Жоқ, дайындалмаймыз. Мен бір-екі рет «Ернар, қарашы былай алып шықсам қалай болады» деп сұраған едім. Ол маған «сен актрисасың, өзіңе қалай дұрыс, солай істе. Ертең түсірілім алаңында маған көрсетерсің» деп нық айтты. Содан кейін мен де одан сұрамайтын болдым.(күлді) Үйде жұмыс туралы көп сөз қозғамауға тырысамыз.
  • Ернар мырза, сәтті шыққан көптеген фильмдердің режиссері. Неге сізді сол фильмдерге түсуге шақырмайды?
  • Иә, кейде мен «мен осы рөлді сомдайыншы», «мен түсейінші» деп сұрайтынмын. Ол маған «саған бұл фильмде лайықты рөл жоқ» деп кесіп айта салатын. Алғашында мен аздап ренжіп қалатынмын. Кейіннен оны түсіне бастадым. Ол режиссер. Ол өзінің туындысына қай актердің лайық екенін біледі. Оның ең басты мақсаты әйеліне бір рөл беріп қалу емес, халықтың көңілінен шығатын жоғары деңгейдегі туынды шығару.
  • Сізге режиссер ретінде емес, күйеуіңіз ретінде қандай рөлдерді сомдауыңызға қарсылығын білдіреді?
  • Ернар ешқашан қарсылық білдірген емес. Өзіме таңдауға ерік береді. Кейде кастингтерге барып келген соң «бүгінгі іріктеу, сценарий аса бір ұнамады» деп айтсам «Онда бас тарта сал. Ұнамаса онымен айналысудың қажеті не?» деп қана айтады. Ал, былай менің шығармашылығыма жұбайым да, ата-енем де қарсы емес.
  • Бір сұхбатыңызда «Актерлік білімім жоқ. Алайда білім алу жоспарда бар» деп едіңіз. Сол жоспарыңызды жүзеге асырдыңыз ба?
  • Өкінішке орай, ол жоспарды жүзеге асыра алмадым. Себебі, сол жоспарды ойлап жүрген кезімде, тұрмысқа шығып кеттім. Одан жоғарғы оқу орнына актерлік мамандық бойынша оқуға түсу шетке ысырылып қалды. Алайда, менің сіңілім Өнер Академиясында оқиды. Сіңілімнен қандай кісілерден сабақ алсам болады деп кеңес сұраймын. Қосымша актерлік шеберліктен жеке курстарға қатысамын. Аптасына бір-екі күнімді актерлік шеберлігімді шыңдауға арнаймын.
  • Үйдегі ұлыңыз әлі кішкентай секілді. Оған кім қарайды?
  • Иә, ұлым Нәби әлі кішкентай. Бұйырса, жақында екі жасқа толады. Мен түсірілімде жүргенде ата-әжелері баламызды қамқорлығына алып, қарап тұрады. Тіпті, менің жұмысым үшін олар өздерінің жұмысынан демалыс алып, балаға уақыт бөледі. Қазіргі таңда жобалардан барлық ұсыныстарды қатарынан қабылдай бермей, таңдап алатын себебімнің бірі де осы. Менің жұмысым барлығына әсер етеді. Ол кісілерді де мазалай бермей, балама жиі уақыт бөлгім келеді.
  •                                                                                 Сұхбаттасқан Наргиза Аршидин

Пікір қосу