– Айшолпан, бүгінде өзіңді бүкіл әлем таниды. Құсбегілік өнерімен қай кезден бері айналысып келесің? Бұл өнерге қызығушылық қалай басталды?  

Бұл өнердің екі мыңжылдық тарихы бар деседі. Ал бүркіт салып, саятшылық құру біздің жеті атамыздан бері жалғасып келе жатқан өнер. Мәселен, менің әкем де, атам да, атамнан тараған бүкіл ұрпақ осы өнерді серік еткен.  Мен бала кезімнен әкемнің, әкемнің бауырларының бүркіт баптап, саятшылыққа шығатынын  көріп өстім. Сондықтан бұл өнерге үйір болдым.

– Сонымен нақты қай кезден бастап бұл өнермен айналыстың?

– Негізі, біз отбасында төрт ағайындымыз. Менің алдымда Самарқан деген ағам бар. Ол да құсбегілікпен айналысады. Өзінің бүркіті бар болатын. Алайда ағам мектепті бітірген соң оқуға кетті де,  оның бүркітін қарау, баптау менің мойныма жүктелді. Ол кезде мен бар-жоғы сегіз жаста едім.  Таңнан кешке дейін қызықтайтыным сол бүркіт болатын. Алғаш рет қыран бүркітті сол кезде қолыма ұстап көрдім.  Бүркіттің салмағы он келі. Өзіңіз ойлаңызшы,  мұндай  салмақтағы бүркітті ұстау үшін де үлкен күш керек. Ал он жасымда әкеммен, әкемнің бауырларымен ілесіп саятшылыққа шықтым.

– Бұған ата-анаң, бауырларың қарсы болмады ма? Қанша дегенмен қыз баласың ғой…  

– Өзім қызығушылық білдіргеннен кейін ата-анам қарсы болған жоқ. Саятшылыққа шығуға рұқсат берді. Бірақ әкемнің достары, өзге де кісілер: «Сен  қыз баласың. Атқа мініп, бүркіт ұстап тау-таста жүру оңай емес. Қар қалың, жер тайғақ. Құлап қалсаң, жарақаттанасың», –деп қарсы болды. Бірақ мен ешкімнің пікіріне құлақ аспадым. Мақсатыма жету үшін қандай қиындық болса да іштей дайын болдым.  Әкеммен  ілесіп талай рет саятшылыққа шықтым.  Қыста біздің жақта қар қалың, күн қатты суық болады, сол шақылдаған сары аязы болмаса,  аса бір қиындығын сезіне қойған жоқпын (жымиды). Кейін 2014 жылы Баян Өлгейде бүркітшілер тойы өтті. Сол тойда кілең ер адамдардың ортасында жарысқа келген жалғыз қыз бала мен болдым (жымиды). Ол кезде 13 жастамын. Жарыста бүркітті қолға шақыру дейтін болады. Сонда менің бүркітім бес секундта келіп, рекорд жасады. Содан бастап құсбегілікпен айналысуыма қарсы болған әлгі кісілер мені мойындай бастады. Одан кейін де көптеген бүркітшілер тойына қатысып,  жүлделі орындардан көрініп жүрдім.

– Ал 13 жасар бүркітші қыз қалай тез арада бүкіл әлемге танымал болып шыға келді?  Танымалдылық өміріңді қалай өзгертті?

– Шынымды айтсам, мен құсбегілікпен айналысып, танымал боламын, киноға түсемін, әлемді аралаймын деп ешқашан ойлаған емеспін.  Тіпті бұлай болады деген ой  үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Израильдік  фотограф Ашер  Свиденский деген кісі жыл сайын Моңғолияға келіп, бүркітшілерді суретке түсіріп жүреді екен. 2013 жылы да бүркітшілер тойында біраз сурет жинап кеткен көрінеді. Сонда ол кісі «Бұл өнермен неге тек ер адамдар айналысады? Әйел адамдар жоқ па?» деп ойлап, тіпті сол жерде бір тілшіден осының сырын сұрапты. Сонда тілші бұл өнермен менің айналысып жүргенімді айтып, фотографты біздің үйге ертіп келді.  Ол кісі менімен біраз әңгімелесіп, бірнеше мәрте суретке түсірді. Сөйтіп, сол жылы Ашер  Свиденский менің фотомды әлеуметттік желідегі парақшаларына жариялап,  «Бүркітші қыз. Моңғолияда құсбегілік өнерімен айналысатын ең жас бүркітші. Есімі –Айшолпан. Егер осы қыз туралы кино түсіргілеріңіз келсе, маған хабарласыңыздар» деген мағынада жазба қалдырады. Сол жазбадан кейін-ақ Аширге американдық Отто Белл есімді режиссер хабарласып, мен туралы кино түсіргісі келетіндерін айтқан. Сөйтіп, Баян Өлгейге  режиссер Отто Белл келді. Ол кісі келген соң келісімшартқа отырдық. Одан кейін киноның түсіру жұмыстары басталып кетті.

– Алғаш рет өзің туралы кино түсірілетінін естігенде қандай сезімде болдың?

– Қуандым, әрине. Бірақ «кинода ойнау қолымнан келе ме? Қалай болар екен?» деп жүрексіндім. Ол кіcілер келген соң күнделікті өмірімді түсіре бастады. Басында кішкене ұялып, қысылып едім, кейін үйреніп кеттім.

– Бұл кино қанша уақыт түсірілді?

– Екі жарым жыл.

– Неге ұзақ уақыт түсірілді?

– Кино көбіне қыс мезгілінде түсірілді. Екі жыл ол кісілер Баян Өлгейге келіп-кетіп жүрді.

Бұл киноны екі-ақ адам түсірді деседі. Рас па?

–  Иә.

–  Бір сұхбатыңда осы деректі фильмнің арқасында 26 мемлекетке барғаныңды айтыпсың.  Осы сапарың туралы толғырақ баяндап берші…

Кино түсірілмей тұрғанда мен Дубайға бүркітшілер тойына барған болатынмын. Шетелге ағлаш рет сол кезде шықтым. Кейін киноның түсірілімі аяқталған соң мені киноның тұсаукесеріне шақырды. Алдымен, АҚШ-тың Коларада штатының Теллурид қаласында болып, Telluride film festival кинофестиваліне қатыстық. Сонымен бірге, Нью-Йорк, Лос Анжелес т.б. қалаларында киноның тұсаукесерінде болдық. Шынымды айтсам, мен ол кездегі қуанышымды, толқынысымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осы деректі фильмнің арқасында бірнеше мемлекетке барып, ел көріп, жер араладым. Бұл мен үшін үлкен бақыт.

 

Кішкентайымнан әке-шешемнен жырақта өcтім

– Осы жағдайдан кейін көптеген Голливуд жұлдыздары өзіңмен түскен суреттерін жариялады. Жалпы, тек көгілдір экраннан ғана көріп жүрген жұлдыздарды өмірде көргеннің әсері басқаша шығар?

– Мен өте көп артистермен суретке түстім. Бірақ шынымды айтсам, олардың  кейбірінің есімдерін де білмейді екенмін (жымиды). Киноны көрген көрермендер де кезекке тұрып бізбен суретке түсіп жатты. Тіпті кейбірі  киноны көріп, көздеріне жас алды. Соған қарағанда деректі фильм көрерменге жақсы әсер қалдырған сияқты. Осы фильмнен кейін «Бүркітші қыз» фильмінің негізінде  мультфильм түсіруге де ұсыныстар түсті. Алла қаласа, бұл жоспар да іске асады деген үміттемін.

  – Кино жарыққа шыққан соң өзіңді әлемге әйгілі Гарвард және Оксфорд университеттері оқуға шақырыпты… Бірақ сен алдымен,  Қазақстанда білім алуды жөн көрген екенсің. Бұлай шешім қабылдауыңа не себеп болды?

–  Атажұртыма келу – менің ең үлкен арманым болатын. Аллаға шүкір, сол арманым орындалып, биыл Қазақстанға келдім. Еліміздің бас қаласы – Астананы да көрдім. Мұнда мені қандастарым өте жақсы қарсы алды. Тіпті ойламаған жерден «Білім инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте 20 мың доллар көлеміндегі грантты ұсынды. Осы орайда ол кісіге рақметімді айта кеткім келеді. Яғни, мен қазір Астанадағы білім-инновация ордаларына қарасты Кембридж бағдарламасымен оқытатын Spektrum мектебінде білім алып жатырмын. Тарихи отанымда білім алу мен үшін үлкен бақыт. Сондықтан алдымен екі жыл өз елімде білім алып, кейін оқуымды шетелде жалғастырайын деп шештім.

Мұнда оқу қиын болып жатқан жоқ па?    

– Басқа елден келгендіктен жаңа ортаға үйренісу қиын болады ғой. Бастапқыда әжептәуір қиналдым. Моңғолияда көбіне моңғолша, қазақша сөйлесетінбіз. Ал мұнда жастардың көбі орыс тілінде сөйлейді екен. Басында олармен сөйлесуге қысылатынмын. Ал қазір сыныптастарыммен жақсы араласып кеттім. Олар мені сыйлайды. Білмей жатқан, түсіне алмай жатқан тақырып болса көмектеседі. Негізі сыныптастарым өте білімді, ақылды балалар.

–  Ал Астананың ауа райына үйренейін дедің бе?

Астананың ауа райы Баян Өлгейдің ауа райымен бірдей екен (жымиды). Ауа райына тез-ақ бейімделіп кеттім.

–  Бауырларыңды, ата-анаңды сағынған шығарсың?

Мен негізі кішкентайымнан әке-шешемнен, бауырларымнан жырақта өстім. Біз тұрған ауылда мектеп болмады. Сондықтан 1-сыныпта Баян Өлгей қаласына барып, ағамның үйінде жатып оқыдым. Ал 2- сыныптан бастап жатақханаға ауыстым. Әрине, басында ата-анамнан жырақта тұру қиын болды. Сағынып жылайтынмын. Кейін уақыт өте келе үйреніп кеттім. Негізі баланың ата-анадан жырақта өскені жақсы дейді ғой. Ерте есейеді, оң-солын ерте таниды дегендей. Қазір де ол кісілерді аса сағынып жүрген жоқпын.  Екі-үш айдан кейін болмаса (жымиды). Жалпы, үй ішіммен күнде телефон арқылы сөйлесіп, хабарласып тұрамын. Негізі мен Астанаға жалғыз келген жоқпын. Сіңлім Сәйгүлекті де бірге ертіп әкелдім. Ол қазір  Астанадаға түрік лицейінде 7-сыныпта оқиды. Ол да, мен де өз мектебіміздің жатақханасында тұрамыз.

– Ал бүркітіңді, аңшылыққа шығатын сәттерді сағынып жүрген жоқсың ба?

– Әрине, сағындым.

– Бір сұхбатыңда бос уақытыңда валейбол ойнағанды жақсы көретініңді  айтыпсың. Қазір бос уақытыңды қалай пайдаланасың?

–  Қазір шынымды айтсам, менде бос уақыт жоқ.  Барлық уақытым сабақ оқумен, сабаққа дайындалумен өтеді. Бар ынта-жігерімді ағылшын тілін үйренуге салып жатырмын. Бұл мектепте сабақтан кейін қатысуға болатын көптеген үйірмелер бар. Қазір домбыра үйірмесіне, тамақ пісіріп үйрену  клубына жазылып қойдым. Арасында соған барып қатысып тұрамын.

– Кино жарыққа шыққан соң Моңғолияға келетін  туристердің саны артқан екен. Осы қаншалықты рас?

–  Бұқаралық ақпарат құралдары осылай деп айтып жатыр. Негізі  мен ес білгелі біздің үйден қонақ үзілген емес. Әсіресе, шетелден қонақтар көп келетін. Сонда олардың барлығы бүркіт көру үшін келетін. Кейін мен таныла бастаған соң менімен суретке түсуге арнайы іздеп келетіндердің қарасы көбейді (жымиды). Қазір маған журналистер де жиі хабарласып сұхбаттасып жатады. Енді американдық бір  жазушы мен туралы кітап жазып жатыр. Алла қаласа, келесі жылы жарыққа шығады.  

– Қандай армандарың бар?

–  Мен өз атыммен «Айшолпан» деген қор ашқым келеді. Және өз атыммен аталатын мектеп ашсам деген арманым бар. Табиғатты қорғау саласында да өз пайдамды тигізсем деймін. Бірақ мен қазір қандай мамандық иесі болатынмыды әлі де нақты шешкен жоқпын.

– Ата-анаң елге қоныс аударғысы келмей ме?

Тарихи отандарына келу – олардың да үлкен арманы. Әкем қазір бір ауылдың әкімі. Мүмкін, зейнетке шыққанан кейін көшіп келетін шығар.  Ал анам үй шаруасымен айналысады.

 

Сұхбаттасқан Сәуле АБЫЛАЙ

Пікір қосу