• Ақнұр, «Жаным менің» телехикаясында Арманның ғашығы Жанымның рөлін ойнадыңыз. Естуімше, осы рөліне лайық қызды көп іздепті…
  • Мен бұл телехикаяға барлық актерлер секілді кастинг арқылы келдім. Маған кастинг департаментінен хабарласып, «Жаным менің» телехикаясы жайлы ақпарат берді. «Басты рөлге қыз іздеп жатырмыз, келіп бағыңызды сынап көріңіз» деп ұсыныс жасады. Мен кастингке бардым, сол күні-ақ кешке мені қайта шақырып алып, Жаным образына ұқсайтынымды айтты. Сөйтіп, режиссердің, Арман ағаның көңілінен шығып, бірден Жаным рөліне бекітілдім. Білуімше, Жанымды ойнайтын актрисаны екі ай уақыт іздепті. Көп қыздың арасынан таңдау маған бұйырғанына қатты қуаныштымын. Жаным образына еніп, кейіпкерді жақсы алып шықтым деп үміттенемін.
  • Сіздің ойыңызша, Жаным қандай кейіпкер?
  • Меніңше, Жаным – өзінің құбылмалы мінезімен ерекшеленетін қыз. Жанымның мінезі әртүрлі болуы мүмкін. Өзі ерке, сезімтал, нәзік бірақ өзін ешкімге ренжітпейді. Кейде қырсық, тәкаппар да болып кетеді. Көп телехикаяда көрініп жүрген ауылдан келген аңқау қыз емес. Өзіндік айтар пікірі бар. Жанымды кісі баурап алар жағымды образ деп айтар едім.Картинки по запросу жаным менің
  • Бойыңызда Жанымға ұқсас қасиетіңіз бар ма?
  • Телехикая басталған күннен-ақ әлеуметтік парақшама, ұялы телефоныма «Сіз шын өмірде де Жаным секілдісіз бе? Жаным секілді еркесіз бе?» деп сұрақ қоятындар көбейді. Бәрі мені өмірде де Жаным деп көргісі келетіндей. Алайда мен Жаным секілді ерке қыз емеспін. Үйдің тұңғышы болғандықтан ба, кішкентайымнан бойыма жауапкершілік артып үйренген адаммын. «Үйдің тұңғыш баласы тез есейеді» дейді ғой. Байыптымын, мінезім салмақты. Десе де, Жанымға ұқсайтын тұстарым бар. Жанымның тұла бойындағы табандылығы қатты ұнайды. Осы жағынан Жанымға ұқсайтын секілдімін. Мен де бір жұмыс бастасам, соны аяғына дейін жеткізбейінше тынбаймын. Жаным сүйген азаматына толықтай беріліп, жан-тәнімен ғашық болады. Ол – соңына дейін Арманды сүйген, соңына дейін махаббатын сақтап қалуға тырысқан жан.
  • Қарап отырсам, шынымен де бойыңыздан сабырлылықты көріп отырмын. Ерке қыз Жаным рөлін ойнау сізге қиын болмады ма?
  • Жанымның рөлін ойнау аса қиын болмады. Дегенмен, менің басымнан баянсыз махаббат оқиғасы өтпеді. Алақанында аялап жүрген ұлы сезімнен айырылып көрмедім. Осы жағынан «Егер бұл жағдай менің басымнан өтсе мен не істер едім?» деп біраз ойлануыма тура келді. Кейде олардың әрекеттеріне сырт көзбен қарайтынмын. Мысалы, Жаным да, Арман да араларында түсініспеушілік бола қалса бетпе-бет келіп шешпей, өз-өздерімен қиналып жүреді. Сол кезде ішімнен «Бір-бірімен неге сөйлеспейді екен? Бір-бірін неге тыңдауға жүрексінеді екен?» деп ойлайтынмын. Олар сол заманға сай ұяңдау болды, бетпе-бет сөйлесуге бата алмады. Мен Жанымды да, Арманды да өзімше түсінуге тырыстым.
  • Өзіңіз Арман секілді кейіпкерге ғашық бола алар ма едіңіз?
  • Арман секілді кейіпкерге ғашық болмау мүмкін емес. Арман – қызды сүйсе, бар жанын беретін азамат. Салмақты, сабырлы, ешкімге жалтақтамайды. Ал сабырлы жігіттер көп қыздарға ұнайды деп ойлаймын. Бірақ ұнамайтын батылсыздау мінезі бар. Арман мен Жанымның қосыла алмауына Арманның батылсыздығы себеп болды деп ойлаймын. Ер азаматтың тұла бойында батылдық, дер кезінде шешім қабылдау өте маңызды деп ойлаймын. Ал ондай батыл мінез Арманның бойында жоқ еді. Сол себепті бұл махаббат хикаясы бақытсыз аяқталды.

    Похожее изображение
    «Жаным» телехикаясынан
  • Түсірілім барысы қалай өтті? Қандай қызықты сәттер болды?
  • Түсірілім барысы өте қызықты болды. Өйткені біздің актерлік ұжымымыз жастардан құралған, көңілді орта еді. Бәріміз де академияда бірге оқитын достармыз, құрдастармыз. Әр кезде бір-бірімізбен қалжыңдасып жүрдік. Бізге осындай ұжым құрып берген кастинг департаментіне алғыс айтамын. Өзіме актерлермен жұмыс жасау өте ыңғайлы болды. Есіме түсіп отырған қызықты оқиғаны айтып берейін. Арман екеуміздің қоштасу сәтімізді түсіретін күн. Түсірілім үшін таңдап алынған «Алмарасан» сайында қар жауып тұр. Қоштасуды әсерлі көрсету үшін өртсөндіргіш мәшине арқылы жаңбырды «жаудыратын» болды. Күн суық, мен жеңіл киіммен тұрмын. Түсірілім біразға созылып, өртсөндіргіш  мәшине мені суық сумен бірнеше рет шайып өтеді. Сол кезде не жыларымды, не күлерімді білмедім. Суықтан мұздағанымды ойламай, қоштасу сәтіне берілуге тырыстым. Осы түсірілімнен кейін менің қатты ауырып қалуым, денсаулығыма зақым тигізуім мүмкін еді. Сол кезде актерлік шеберліктің үлкен құрбандықты талап ететін мамандық екеніне көзім жетті.
  • Ол заманғы жастар мен қазіргі жастар арасында қандай айырмашылықты сездіңіз?
  • Менің ойымша, 80-жылдардағы жастардың тәрбиесі мүлдем басқа болған секілді. Жастар ұяң, тәрбиелі, әдепті, пәктігін, ішкі тазалығын сақтай білгендей. Қазіргі жастар арасынан дөрекілікті көп көремін. Біздің жастар арасында еркіндікті есірлікпен ауыстырып алғандар бар деп ойлаймын.
  • Бұл сіздің алғаш түскен телехикаяңыз ба?
  • Осыған дейін «Ауылдастар» комедиялы телехикаясына түстім. Жаным – менің бірінші басты рөлім. Бұл кейіпкерім маған сәттілік сыйлағандай. «Жаным менің» телехикаясынан кейін екі бірдей телехикаяға түстім. Екі телехикаяда да басты рөлді сомдап шықтым. Болашақта мені басқа кейіпкер ретінде жақсы қабылдарсыздар деп ойлаймын.
  • Өзіңіз жайлы жақынырақ білсек. Қай өңірдің тумасы боласыз?
  • Алматыда туып-өскенмін. Әке-шешем де осы жердікі. Жоғарыда айтып өткенімдей, отбасының тұңғышымын. Өзімнен кіші сіңлім бар. Кішкентай күнімнен актриса болуды армандадым деп айта алмаймын. Негізі, мен алдын ала барлығын таразылап, шешім қабылдайтын адаммын. Сондықтан, ұзақ ойланып, өз мүмкіндіктерімді ойлап, өнерге барамын деп шештім. Қазір Қазақ Ұлттық өнер академиясында кино және ТВ мамандығы бойынша оқып жатырмын. Одан бұрын Т.Жүргенов академиясының колледжінде актер мамандығы бойынша білім алғанмын.
  • Болашақта нені армандайсыз? Үлкен актриса болғыңыз келе ме?
  • Қыз баланың ең басты мақсаты – сүйікті жар, сүйкімді ана атану деп ойлаймын. Менің де арманым сол. Болашақта үлгілі отбасын құрып, балаларымның тәрбиесімен айналысқым келеді. Бірақ өз жұмысымды тастамай, өзімді дамытамын деп ойлаймын. Мен отбасыны да, жұмысты да қатар алып жүремін.
  • Сұхбаттасқан Айнұры Есенғали 

Пікір қосу