• Айқын, өзіңізден сұхбат алайық деп хабарласқанымызда, алдымен сұрақтарымызбен танысқыңыз келетінін айттыңыз. Соған қарағанда журналистерден әбден көңіліңіз қалған сияқты ғой…
  • Соңғы кездері журналистерді менің өнерім емес, өмірім көбірек қызықтырып жүр(жымиды). Кейбір журналистер жеке өмірім туралы тәптіштеп сұрап, кейде тіпті артық кетіп жатады. Әсіресе, сайттар Инстаграмнан көргендерін жазып, айқайлатып тақырып қойып, рейтинг жинаудың қамын ойлайды. Меніңше, біреудің жеке басына тиісіп, оның жеке өмірін қазбалаумәдениетке жатпайды. Жалпы, біздің қазіргі қоғамда осындай бір үрдіс қалыптасып кетті. Қарапайым адамдардың өзі әлеуметтік желі парақшаларында біреудің жеке өміріне килігіп, намысына тиетін сөздер жазып, «ақыл» айтқысы келеді. Адам біреу туралы әңгіме айтпас бұрын, алдымен өз өмірін жөндеп алу керек қой.
  • Демек, бүгінгі сұхбатта да жеке өміріңіз туралы айтқыңыз келмейді ғой… Солай ма?
  • Иә, солай. Бәрібір мен сізге жеке өмірім туралы ештеңе ашып айтпаймын. Жеке өміріңде болып жатқан өзгерістерді жұртқа жасырмай айта берсең, онда нең қалады? Кез келген адамның ішінде бір сыр болу керек.
  • Жеке өміріңіз туралы айтқыңыз келмесе, онда өнеріңіз туралы әңгіме өрбітейік. «Жұлдызды жекпе-жек» жобасында жанды дауыста ән айта алатын, өзіндік стилі бар, қалыптасқан әнші екеніңізді тағы бір дәлелдедіңіз. Бірақ гран-приді ұта алмадыңыз. Өкінген жоқсыз ба?
  • Оған несіне өкінемін?! Қайта қаншама әншілердің ішінен топ жарып, 2-орынды иелендім. Мұның өзі мен үшін үлкен жетістік. Мен осы уақытқа дейін көптеген конкурстарға қатыстым. Оның кейбірінде бірінші орын алсам, кейбірінде тіпті орынға ілікпей қалған кездерім де болды. Бірақ оған бола сағым сынып, мойыған емеспін. Қайта өнер адамы осындай сайыстарға қатысқан сайын шыңдалады, тәжірибе жинайды. Мен осы жобада өзімді жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын.
  • Сөз жоқ, жақсы өнер көрсеттіңіз. Тіпті қазылар алқасы соңғы бес-алты жылда кәсіби әнші ретінде өскеніңізді айтып, мақтады. Жалпы, мақтау сөздерді жиі естисіз бе? Мұндай пікірлерге масайрап кетпейсіз бе?
  • Мақтағанға масайрап, «жұлдыз» ауруына шалдығатын жаста емеспін. Қазір оң-солымды танып, ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырататын жасқа келдім. «Жұлдызды жекпе-жек» жобасында қазылар алқасы құрамында кілең кәсіби әншілер мен кәсіби музыканттар отырды. Ол кісілермен бір сахнада талай өнер көрсетіп, тойларда бірге талай қызмет еткенбіз. Олардың барлығы менің кез келген жерде жанды дауыста ән айтатынымды жақсы біледі. Үнемі жанды дауыста ән айтқаннан кейін адам шыңдалады екен. Әйтеуір осы жобада ән айту маған қиындық тудырған жоқ.

Картинки по запросу айқын төлепберген

  • «Жұлдызды жекпе-жек» бағдарламасында «Ринго» тобының орындауындағы «Неге?» деген әнді тамаша орындадыңыз. Өкінішке қарай, бұл ән кезінде сізге бұйырмай қалған әндердің бірі екен. Уысыңыздан шығарып алған мұндай әндер көп пе?
  • Осы әннің авторы «Неге?» деген әнді алғаш рет маған ұсынды. «Жеті рет ойланып, бір рет кес» демекші, мен «әнді аламын ба, алмаймын ба?» деп ұзақ ойландым. Сөйтіп, ойланып, толғанып жүргенде «Ринго» тобы алып кетіпті.
  • Шынымды айтсам, «Неге?» әнін «Ринго» тобының орындауында естімеппін. Бұл ән «Ринго» тобының жігіттерінен гөрі сіздің табиғатыңызға көбірек жақын сияқты…
  • Иә, мұндай пікірді «Жұлдызды жекпе-жек» жобасында да айтты. Одан кейін Төреғали Төреәлі мен Фарида Жолдасованың орындауындағы «Қыдырып қайтайық» деген ән бар ғой. Бұл әнді де Ұлықпан аға маған бергісі келіп, студиясына бірнеше рет шақырды. Мен бірақ ол уақыттарда гастрольдік сапарлармен жүрген едім. Ұлықпан ағаға «әне барам, міне барам» деп жете алмай жүргенімде бұл әнді Төреғали бауырым орындайтын болыпты. Сонымен тағы да «әттеген-ай!» деп сан соғып қалдым. Марсельдің орындауындағы «Асыл жарым-ай» деген ән де маған бұйырмады.
  • Аталмыш бағдарламада қырғыздың да бір әдемі әнін айттыңыз. Бұл әнді қашан тыңдарманға ұсынасыз?
  • Бұл әннің қырғызша нұсқасын кішігірім отырыстарда, кішігірім концерттерде орындап жүрмін. Қазақша нұсқасын жасайын деп, сөзін бір-екі ақынға жаздырып ем, көңілімнен шықпады. Алдағы уақытта бұл әннің сөзін тағы да ақындарға жаздырып көрмекпін. Егер аудармасы сәтті шықса, міндетті түрде орындаймын.
  • Естуімізше, сіздің арнайы тапсырыспен жаздырған әндеріңізден гөрі, ел арасынан тауып алған әндеріңіз сәтті шығады екен. Сол әндердің шығу тарихын білесіз бе?
  • Алғаш рет ел аузынан «Алтыным» деген әнді естіп, жарыққа шығармақ болғанмын. Бірақ «бұл әнді айтсам ба, айтпасам ба?» деп ойланып жүргенімде он жыл өте шығыпты. Он жылдан кейін жарыққа шығарып ем, халық жақсы қабылдады. «Отыздан асып барамын» деген әнді де бұрын мейрамханада жұмыс істеп жүргенде орындайтынмын. Кейін репертуарыма қосып алдым. Қайбір жылы гастрольдік сапармен Қытайға бардық. Сонда бір жігіттің орындауында «Бір досың керек екен» деген әнді естіп, қатты ұнаттым. Қазақстанға келген соң әнді бірден жаздырып, жарыққа шығардым. Бұл әнді де қазір халық сүйіп тыңдайды. Тапсырыспен жаздырған әндерім де сәтті шығады. Кейінгі кездері өзім де ән шығарып жүрмін.
  • Ән таңдауда өз талғамыңызға сенесіз бе? Әлде бірлесіп жұмыс істейтін командаңыз бар ма?
  • Менің музыка саласында жұмыс істейтін достарым көп. Жаңа ән жаздырар алдында немесе әнді жаздырып болған соң міндетті түрде сол достарыма тыңдатамын. Олар: «мына әннің аранжировкасын былай өзгертсең жақсы болады. Мына әнді былай айтсаң тіпті тамаша болады» деп өздерінің ақыл-кеңестерін айтады. Кейде ол кісілердің ақылына құлақ түремін. Бірақ көбіне өзімнің ішкі түйсігімді тыңдаймын. Себебі ән, біріншіден, әншінің өзіне ұнау керек. Егер әншіге ұнаса, ол ән өзінің тыңдаушысын табады.
  • Өзіңізбен сахнаға қатар шыққан әншілердің көбі қазір продюсерлікпен айналысып жүр. Ал сізге неге продюсер болмасқа?
  • Қазір менің продюсерлікпен айналысуға уақытым жоқ. Себебі, өзім «Айқын Төлепберген» деген брендтің продюсерімін. Репертуарымды әрдайым толықтырып, жаңалап отырғанды жөн көремін. Бірақ ол оңай шаруа емес. Одан өзге де қатысатын концерттер, түсірілімдер, тойлар бар… Күнделікті осындай қарбалас жұмыстан қолым босамайды. Қазір тіпті бейнебаянымды түсіруге уақыт жеткізе алмай жүрмін.
  • Кино түсіру ойыңызда жоқ па?
  • Менің ойымша, әр адам өз саласында жұмыс істеу керек. Мен кино маманы емеспін. Кино түсіру – ол кино саласында жұмыс істейтін мамандардың шаруасы.
  • Кейбір әріптестеріңіз кино түсіріп жүр ғой. Бұған көзқарасыңыз қалай?
  • Бұл олардың өз шаруасы. Ал мен танымалдылығымды пайдаланып, кино түсіргім келмейді. Оған кеткен уақытқа, қаражатқа одан да үлкен концерт ұйымдастырғаным дұрыс емес пе?!
  • Әкеңіз Нұртан аға – ақын, сатирик. Әкеңіздің сөзіне жазылған әндер бар ма? Жалпы, әкеңізге әнге мәтін жазып бер деп өтінген кездеріңіз болды ма?
  • Менің орындауымдағы «Ерке қыз», «Асылым», «Туған жер» деген әндердің сөзін әкем жазған. Ол кісі сөзін жазған әндер, Құдайға шүкір, халықтың ризашылығына бөленіп жүр.
  • Әкеңіз сатирик қой. Әкеңізбен әзіліңіз жарасатын кездер бола ма?
  • Әкем үйде де, отырыстарда да әзіл-қалжыңын айтып, басынан өткен қызықты оқиғаларды әңгімелеп, өте көңілді жүретін адам. Әке деген біз үшін биік шың ғой, ол кісімен әзілдескенім жарамас. Бірақ сөзіміз жарасады. Әкем кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен, Шона Смаханұлымен жақсы араласқан. Сол кісілерге байланысты неше түрлі қызықты оқиғаларды бізге жиі айтып отырады.

Картинки по запросу айқын төлепберген

  • Ол кісі сіздерді кітап оқуға баулыды ма?
  • Қай әке баласының жаман болғанын қалайды дейсіз?! Біздің кітапқұмар бала болғанымызды әкеміз қалады. Бірақ біз қалада өстік те, бала кезімізде кітапқа көп жақындығымыз болмады. Кейін келе кітап оқуға құмарым ашылды. Әсіресе, маған фантастика жанрында жазылған кітаптарды оқыған ұнайтын. Мәселен, Жюль Верннің барлық кітабын оқыдым десем, өтірік айтқаным емес. Ал қазір кітап оқуға уақыт жоқ. Бірақ күнде кешкісін ұйықтар алдында аудиокітаптар тыңдаймын. Мәселен, Әмір Темір, Шыңғыс хан, Александр Македонский, Клеопатро сияқты ұлы тұлғаларға қатысты жазылған тарихи кітаптарды тыңдап жүрмін.
  • Әкеңіздің кітапханасы бай ма?
  • Әкемнің кітапханасы да өте бай. Оның ішінен ақын-жазушылардың да, неше түрлі энциклопедияларды да табуға болады. Арасында әрине, өзінің шығарған кітаптары да бар. Өкінішке қарай, қазір қазақ тілінде жазылған балаларға арналған кітаптар жоқтың қасы. Басым көпшілігі орысша. Әкем сәл де болса осы олқылықтың орнын толтырайын деп, соңғы кездері балаларға арналған кітаптар жазып жүр. Мәселен, соңғы рет «Әріптер мен қалалар» деп аталатын кітап шығарды.
  • Әкеңіздің кітабын шығаруға көмектесіп тұрасыз ба?
  • Мен әкемнің екі кітабының жарыққа шығуына өзімнің үлесімді қостым.
  • Балаларыңыздың өзіңіз секілді әнші болғанын қалайсыз ба? Жалпы, әншілік өнердің қиындығы неде?
  • Балалардың өз жолын өздері таңдағаны дұрыс қой. Әнші боламын десе, қарсы емеспін. Бірақ әншілік өмірдің де өз қиындығы бар. Әнші болу үшін адамға төзім қажет. Жұрт «әншілердің өмірі рахат» деп ойлайды. Бірақ олар әншінің сахнаға шыққанға дейінгі еңбегі қаншалықты қиын екенін көп жағдайда түсінбейді. Әнші болып танылғаннан кейін сахнадан кетудің өзі қиын. Бір рет танылған соң сол биіктен төмендеу әнші үшін моральдық тұрғыдан өте ауыр.
  • Жеке кәсібіңіз бар ма?
  • Өзімнің жеке бизнесім жоқ. Бірақ, әке-шешеме, ағама кішігірім бизнес ашып бергенмін. Ол бизнеспен ағам айналысады.
  • Қандай арман-мақсаттарыңыз бар?
  • Менің биыл өнерге келгеніме 15 жыл екен. 30-40 жылдығымда Мақпал, Роза апаларымыз сияқты, Ермек Серкебаев, Ескендір Хасанғалиев ағаларымыз сияқты қазақ эстрадасының майталманына айналып, үлкен концерттер өткізуді армандаймын.

Сұхбаттасқан Сәуле АБЫЛАЙ

Пікір қосу