Азаматхан аға, ең әуелі бюджеттің қалай жоспарланатыны туралы айтып берсеңіз?

– Бюджетті мемлекеттік шығындардың және оларды өтейтін қаржы көздерінің жылдық жоспары деп қарауға болады. Сол себепті бюджет жобасы жыл сайын Парламент жиналысында қабылданады. Жыл аяқталған кезде түрлі министрліктер алдыңғы жылғы бюджет туралы қабылданған заң бойынша өздерінің табыстарын жинақтау туралы және жасалған шығындар туралы есеп береді. Республикалық бюджет жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер көрсету, қорғаныс, қоғамдық тәртіп, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, мәдениет, өнеркәсіп тағы басқа да салалардағы кешенді бағдарламаларға сай жасалады. Ал осы жасалған бюджет жоспарына сай арнайы қаражат бөлінеді.

– Бюджеттің толық игерілмей қалуы қандай факторлармен байланысты?

Бюджеттің толық игерілмеуінің себебі кәсіпкерлердің жетіспеуінен емес, қаржылық үдеріске жемқорлықтың араласуынан. Айталық, белгілі бір сыбайлас топтар таңдаған компаниялары конкурстан өтпесе, жобаның іске асуын кешіктіре береді. Бұған екінші себеп ретінде белгіленген бағдарламаға қатысты өз біліктілігін таныта алатын шенеуніктердің жоқтығын айтуға болады. Мысалы, нақты бағдарламаның басы-қасында жүрген атқамінерлер ондағы өзекті түйіндерге мән бермейді. Сондықтан кейбір қателіктер дер кезінде ескерілмей, жоба іске аспай қалуы мүмкін. Ал жоба іске аспаса, бюджеттің игерілуі жайлы айтудың өзі қиын. Әрине, олардың қолында билік бар болғандықтан, қайтадан бюджет қарастыра береді. Тағы бір жайт, жылдың басында қолға алынуы тиіс жобалар жылдың соңында ғана қолға алынып, тым асығыс жасалады. Оның сапасының сын көтермей қалатыны айтпаса да түсінікті. Тіпті кейбіреуінің жұмысын толық аяқтамай тоқтап қалатыны тағы бар. Мұның негізгі себебі – біріншіден, мемлекеттік қызметтегі жемқорлық пен ұрлық. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлердің бір парасының кәсіби біліктілігі төмен. Үшіншіден, олардың жауапкершілігі де аз. Оларда халыққа қызмет ету, халықтың жағдайын ойлау деген ниет жоқ.Похожее изображение

Сол жоспарланған бюджеттің белгіленген мерзімде игерілмеуі ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік өміріне қаншалық әсер етеді?

– Ең алдымен, ел экономикасына жасайтын ықпалына тоқталып өтсек. Қарастырылған бюджет дер кезінде игерілмесе, сол бағдарламалардың     жүзеге асуына тұсау болады. Ал бағдарламалар табысты орындалмаса, елдің болашақ үшін жоспарлаған стратегиясына үлкен нұқсан келтіруі мүмкін. Бұл тіптен еліміз экономикасына үлкен ауырлық алып келуі де жасырын емес. Бүгінде ел ішіндегі қордаланған экономикалық мәселелердің бір ұшы осы бюджет мәселесіне келіп тіреледі. Өйткені бюджет ел дамуына арналады. Шындығын айтар болсақ, ел экономикасының тамыры бюджетке байланған. Сондықтан бюджетті көрегендікпен жоспарлап, сәтті игеру қажет. Бюджетті дұрыс игере алмаған ел, қандайда бір экономикалық дағдарысқа қарсы тұруға қауқарсыз. Бюджетті жоспарлау мен өнімді игеру – ел экономикасын өркениетке қарай дамытудың маңызды көрсеткіші.

Ал бюджеттің толық игерілмеуі қарапайым халықтың өміріне тікелей ықпал етеді. Мысалы, халыққа балабақша керек, мәдениет орталықтары керек. Түрлі коммуналдық жағдайлар қажет. Егер бюджет дұрыс игерілмесе, осылардың бірі салынбай қалуы мүмкін. Онсыз да сусыз, жарықсыз, жолсыз отырған ауылдар қаншама? Егер желге ұшқан миллиардтар үйлесімді игерілгенде, қарапайым халықтың халі мұндай мүшкіл болмас еді.

Бюджетті тиімді игеру үшін не істеу керек?

– Ол үшін бюджетте жоспарланған барлық бағдарламалар мен бөлінген қаржы мөлшері қоғамға ашық жария етілуі керек. Ал сол жобаны жүзеге асыратын компаниялар әділ бәсекеге түсуі шарт. Егер ашық бәсеке қалыптасатын болса, кез келген жобаның құны арзандайды. Өйткені онда барлық іс жария түрде жүргізіледі. Сонымен қоса жобаның бүкіл іске асу үдерісі үнемі заңмен қадағалануы тиіс. Өйткені барлық бағдарлама халыққа қызмет етуге арналған. Сондықтан да кез келген кешенді бағдарламаны халықтың игілігі үшін жасау керек. Біздің қоғамда құнды идеялар, жасампаз ойлар бар. Бірақ олар іске асып жатқан жоқ. Сол үшін бюджетті кейде қоғамға қозғау болатын жасампаз идеяларды қаржыландыру үшін жоспарлаған да абзал. Енді бірі, біздің қоғам барлығын билікке сілтемей, бюджеттің қалай игерілуін назарда ұстағаны жөн. Өйткені бюджетке бөлінген қыруар қаржы көктен түскен жоқ. Оның бәрі халықтың қалтасынан салыққа төленген ақша. Сондықтан халық мемлекет алдындағы берешегін қалай ада етсе, мемлекет те оны халық мүддесіне сай үйлесімді жұмсағаны абзал. Өркениетті елдерде билік басындағылар халықтың көк тиынын да артық жұмсаудан қорқады. Себебі олар биліктің таянышы халық екенін жақсы біледі. Ал бюджеттік саясат экономикалық өсімге, инфляцияға, төлем балансына, айырбас бағамына үлкен әсерін тигізеді. Демек, қазіргі нарық заманында әрбір қоғам мүшесі бюджет саясатына аса салмақтылықпен мән бергені жөн.

Ерзат АСЫЛ

(ЕСКЕРТУ: Материалды көшіруге тыйым салынған)

 

 

Пікір қосу