Образыма айтылған сындар орынсыз

– Қарлығыш, жақында ғана «Қазақ хандығы» телехикаясының түсірілімін аяқтап, демалыс алғаныңызды естідік. Сұхбатымызды осы жобадан бастасақ?

– Бұл жоба мен үшін күрделі де ұзақ жобаның бірі болды. Телехикаяны түсіруге үш жыл шамасында уақыт кеткенін білесіздер. Үш жыл ішінде  басымыздан қиындықтар мен қуанышты сәттер көп өтті. Бұл жобаның орны мен үшін тіптен бөлек. Біріншіден, бұл – менің ең алғашқы тарихи телехикаям. Осы уақытқа дейін мен тек заманауи фильмдерде көрініп жүрдім. Ал «Қазақ хандығы» – біздің өткенімізден сыр шертетін толыққанды тарихи жоба. Бұл телехикаяның сюжеттік желісіне көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы арқау болды. Жоба түсірілімі Алматы мен Жамбыл облыстарында және «Қазақфильм» киностудиясының арнайы салынған павильондарында өтті. Міне, жақында ғана «Қазақ хандығы» телехикаясының екінші  маусымының түсірілімін аяқтадық. Хикаяның екінші маусымы Жәнібектің таққа отыруы мен оның басқару кезеңдерін бейнелейді. Телехикая сегіз бөлімнен тұрады.

– Өзіңіз бұл жобаға қалай келгендігіңіз жайлы айтып беріңізші. Режиссер сізді арнайы шақырды ма, әлде кастинг арқылы келдіңіз бе?

– Бұл телехикаяға бәріміз кастинг арқылы келдік. Кастинг өте ауқымды түрде өтті. Тек Қазақстаннан ғана емес, көршілес елдерден де өз бағын сынап көру үшін актерлер келді. Әсіресе, Рәбиа Сұлтан Бегім мен Жәнібек ханның рөліне көптеген актерлер сыналды. Менің кейіпкерім Рәбиа Сұлтан бегімге Өзбекстаннан актрисалар келіп, кастингке қатысты. Өйткені Рәбиа бегім Самарқанд өңірінің аруы. Шыны керек, кастинг біткен соң Рәбиа бегімге басқа актриса таңдалғанын айтты. Мен бұл жобада бағым жанбаған екен деп көңілімді түсірмей, басқа істермен айналысуды ойлаған едім. Алайда түсірілім басталып кеткенде ғана режиссер хабарласып, соңғы сәтте  мені актриса ретінде бекіткенін айтты. Осы жағдайдан кейін «бұйырған кетпейді» деген рас екеніне көзім жетті.

– Өзіңіз жобадан бұрын Рәбиа Сұлтан бегім жайлы не білдіңіз? Рөлді жетілдіріп, болмысын аша түсу үшін ол кісіні зерттедіңіз бе?

– Мен кезінде мемлекеттік істерді басқаруға қатысқан санаулы мұсылман әйелдерінің бірі болған, Көшкінші және Сүйініш қожа хандардың анасы Рәбиа Сұлтан бегімнің рөлін сомдағаныма қуаныштымын. Шыны керек, жобадан бұрын Рәбиа сұлтан бегім жайлы көп дүние білген жоқпын. Телехикаяға актриса ретінде бекітілгеннен кейін «Көшпенділер» кітабын толықтай оқып шықтым. Мен бұл кітапты біраз жыл бұрын оқыған едім. Жадымда ұмытылып қалған сәттер көп болғандықтан, кітапты тағы да қайталап оқып шығуды жөн көрдім. Рөлге дайындалу барысында кейіпкерім Рәбияны зерттедім. Образға жақсылап ену үшін тек «Көшпенділер» трилогиясымен шектелмей, тарихи әдебиеттермен танысып шықтым. Бірақ ол тарихи кейіпкер болғандықтан, Рәбианы дәлме-дәл бейнелеуге тырыспадым. Режиссермен бірге бегімнің мінезін аша алдым деп ойлаймын.Похожее изображение

– Телехикаядағы Рәбианың сырт-келбетіне, образына қатысты көп сындар болды. Бұған актриса ретінде не дейсіз?

– «Неге қасыңызды қатты бояған? Неге киіміңіз қазақ ұлттық киімінен өзгеше?» деп сынап  пікір білдіргендер болды. Тарихтан білесіз, Әбілқайырдың төртінші жары Рәбиа сұлтан атақты Әмір Темірдің немересі, Ұлықбектің қызы. Сол себепті менің киім стилім өзбек ұлтының киіміне жақын болды. Біздің образдарымыз тарихи мәліметтерге сүйеніп дайындалды. Бұл режиссердің ойлап тапқан дүниесі емес. Кейбір көрермендердің қасымның сүрленгеніне, шашымның салалап өрілгеніне тиіскені мені ренжітті. Ілияс Есенберлин өзінің әйгілі «Көшпенділер» трилогиясында Рәбиа Сұлтан бегімнің бейнесін былай суреттейді: «Әйелдің үстіне алтын жіппен зерленген сарғылт, дүрия қысқа шапан, басында сүйір ұшты құндыз бөрік. Шалбарының етегі де алтын оқамен дәріптелген. Алыстан-ақ бұл әйел қалың көкпек арасындағы сарғалдақтай көз тартады. Өзі де мейлінше сұлу, жаңа туған ай секілді жіңішке қасын сүрмелеп тастаған. Ұзын шаштарын жиырма-отыз сала етіп, ұп-ұсақ етіп өрген. Бір өзінің түр-келбеті бүкіл әлемге сән бергендей осынау салтанатты әйелді көрген адам «бұл жалғанда мұндай жан жаратылмас» деп ойларлық. Бұл – Әбілқайыр ханның төртінші әйелі, атақты ғалым Ұлықбек мырзаның қызы Рәбиа Сұлтан бегім еді» дейді. Осы суреттеуден кейін менің киім үлгіме, образыма айтылған сындар орынсыз екенін түсінген боларсыздар.

– Рәбиа бегімнің болмысынан өзіңізге ұқсастық таптыңыз ба? Ол кісінің қандай да бір қасиетін бойыңызға сіңіре алдыңыз ба?

– Мен Рәбиа бегімді өте нәзікжанды, әрі ақылды әйел деп таныдым. Сырт-келбеті мен ақыл-парасаты ортақ үйлесім тапқан бұл аруға ұқсау әр қыздың арманы. Тарихта Рәбиа бегім серігі Әбілқайыр ханға  қатты ықпал еткені айтылады. Дешті қыпшақ ханы Әбілқайыр ең кіші әйелі болса да оның ақылына құлақ түрген. Менің ойымша, Рәбиа бегім жұмсақтығымен, нәзіктігімен ерінің жүрегінен жол таба білді. Мен табиғатыммен өзімді жұмсақ адаммын деп санаймын. Сол жағынан екеуміздің ұқсастығымыз бар. Ал кейіпкерімнің парасаттылығы тек маған ғана емес, көпке үлгі.

Өзім түскен фильмдерімді көргім келмейді

– «Көшпенділер» трилогиясында Жәнібек пен Әбілқайырдың қызы Ғайыпжамал арасында махаббат бейнеленеді. Ал телехикаяда Жәнібек хан мен Рәбиа бегімнің бір-біріне деген ынтық сезімі көрсетіледі. Бұл  өзгеріс режиссердің шешімі болды ма?

– Бұл көркем фильм болғандықтан сюжеттік желіде біраз өзгерді. Шынымен де бұл режиссер Рүстем мырзаның идеясы болатын. Алайда біз Рәбиа бегім мен Жәнібек арасында үлкен сезім бар екенін көрсетпедік. Телехикаяда Рәбианың жолдасы Әбілқайырға  опасыздық жасайтындай көріністер болмады. Тек екеуінің арасында болған балалық махаббат көрінісін көрсеттік. Режиссер осыған басымдылық беріп, осы сюжет желісі болғанын қалады. Алайда бұл шешіммен біз екі тұлғаның да атына кір келтірмедік деп ойлаймыз.

– Сіздің басыңыздағы тәж басқа кейіпкерлер образына қарағанда ерекше болды. Осы тәждің қалай жасалғаны жайында хабарыңыз бар ма?

– Шынымен де, осы тәжге қазір қызығушылық танытып жатқандар көп. Бұл –  осы телехикая үшін зергерлерге арнайы тапсырыспен жасалған тәж. Бұл эскизді зергерлер мен арнайы мамандар бірнеше рет талқылап, ақылдасып жасап шықты.

– Осы уақытқа дейін телехикаяларға түсуге келісім бермепсіз. Бұған не себеп?

– Мен осы уақытқа дейін телехикаяларға түскен жоқпын. «Қазақ хандығы» – менің алғашқы түскен телехикаям. Көптеген режиссерлер телехикаяға түсуге шақырды. Алайда сценарийлерін оқып көңілім толмағандықтан келісім бермедім. Мен фильмнің сапасына, сценарийіне  қатты мән беретін жанмын.  Ұсынылған бір көрініске түсу үшін мың ойланып барып шешім қабылдаймын. Мен үшін ол жоба жаныма жақын болуы керек, ол жобада жанымды салып жұмыс істей алуым тиіс. Мені халық ұмытып кетпесін деп кез келген фильмге түке салғым келмейді. Мен үшін кино бірінші кезекте – өнер, шығармашылық. Менің телехикаяға мүлдем түспеймін деген принципім жоқ. Тек әлі сәті түсіп жатқан жоқ. Егер көңілімнен шығатын жоба кездессе, міндетті түрде телехикаяларға түсемін.

– Одан өзге режиссерлерге қоятын қандай да бір талаптарыңыз бар ма?

– Сценарийде ашық көріністер болса, алдын ала режиссермен келісіп аламын. Мен кино әлемінде бір-ақ нәрседен бас тартамын, ол – анайы көріністерге түсу. Ал егер рөлге байланысты қандай да бір қиындықтар туса, мен одан қашпаймын.Картинки по запросу қарлығаш мұхамеджанова

– Жақында комедия жанрында бой көрсеттіңіз. Бұған дейін сізді мұндай рөлде көрмеп едік. Бұл тәжірибе көңіліңізден шықты ма? Жалпы комедияда ойнау қалай екен?

– Комедия – мен үшін жат жанр. Әр актер үшін комедияда ойнау қиын дер едім. Бұл жобада Нұртас Адамбаймен бірге жұмыс істеу қатты ұнады. Нұртасты  актерлермен жұмыс істей алатын кәсіби режиссер деп айта алар едім. Кейбір режиссерлер түсірілім алаңында отырып алып, не түсіріп жатқанын  өзі білмей қалады. Бұл актерлер үшін қиын жағдай. Ал Нұртас түсірілім алаңына нақты жоспармен келеді екен. Уақытты өте үнемді пайдаланады, актерлерді  бекер шаршатпайды. Бұл жағынан мен оған тәнті болдым. Ол – өзіне не керек екенін нақты білетін маман. Оның комедиясында ойнау маған қатты ұнады.

– Қарлығаш, өзіңіз түскен фильмдерге сын көзбен қарай аласыз ба? Одан бөлек көрермен пікірін қалай қабылдайсыз?

– Мен өзіме, жұмысыма өте қатал, сын көзбен қарайтын адаммын. Экраннан өзімді бей-жай отырып қарай алмаймын. Сондықтан өз ойыныма баға да бере алмаймын. Фильмнің тұсаукесер көрсетілімінде де қатты толқып, «қап, мына тұсын былай ойнағанымда ғой» деп өкініп өз-өзімді сынап-мінеп отырамын.  Фильмді көріп өз қателіктерімді тез байқаймын.  Сол себептен өзім түскен фильмдерімді көргім келмейді. Мен өз фильмдерімді көріп рахаттана алмаймын. Ал көрермен пікіріне өте жақсы қараймын. Сауатты пікірлерді бағалаймын. Десе де костюмге, гримге қатысты сындар менің тарапыма айтылуы дұрыс деп санамаймын.

– Ата-анаңыз фильмдеріңізді көре ме? Олар сіздің актерлік шеберлігіңізді қалай бағалайды?

– Оларға мен түскен фильмнің бәрі ұнай береді (күлді). Мен түскен фильмдердің бәрін көреді, қызығушылықпен талқылайды. Мені әр жобаға қатысқан сайын қатты уайымдайды. Алайда ата-анасы екенбіз деп, өтірік мақтамай, сындарын да айтып отырады. Менің көп жобалардан бас тартқанымды көріп ренжиді. Мысалы, жақында халықаралық ауқымды жобаға қатысуға келісім бермеген едім. Соны естіп, ата-анам ренішін білдірді.

Сұхбаттасқан Айнұры Есенғали

(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

 

Пікір қосу