— Қарақат, Қыдырәлі аға екеуіңіз Айсұлтанның сүндет тойы мен кенжелеріңіз – Аяланың тұсаукесер тойын жасап, перзент алдындағы міндеттеріңізді орындап, бір серпіліп қалған боларсыздар?

– Ата-ананың бір парызы және қазақ халқына ғана тән дәстүріміз ­– шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той сияқты атаулы күндерде туған-туыс, дос-жаранның басын қосып, атап өту, бата алу. Осындай ниетпен  Астананың төрінде той жасап, қонақтардың ақ тілегін тыңдап, шынымен де бір серпіліп қалдық.

– Қазір ықыластың бәрі кішкентай ханшайым Аялаға ауған секілді. Мұны үйдегі батырларыңыз қызғанып қалып жатқан жоқ па?

– Кіші ұлымыз Айсұлтан аздап қызғанады. Біз осыны байқап, тепе-теңдікті сақтап, оның көзінше Аяланы тым еркелетіп, еміренбеуге тырысамыз. Мейірім, ықыласымызды ұл-қыздарымызға теңдей етіп бөлуге мейлінше тырысып жүрміз. Ағаларына біздің үйдің ханшайымы Аяла екенін, ол біздің гүліміз екенін, оған мейірім-шуағымызды аямай төксек – жайқалып өсетінін айтып отырамыз.

– Аяла туғанда Қыдырәлі ағаның қуанышын перзентханадан шығарып жатқанда көрдік. Қазір ол кісінің қызына деген ықыласы қандай?

– Қыдырәлінің қызына деген ықыласы ерекше. Қызы өмірге келгелі үйге қайтуға асығып тұрады. Жолда келе жатып «Ұйықтап қалған жоқ па? Мен келе жатырмын», – деп жиі хабарласып, ол ұйықтамай тұрып үйде болуға асығады. Қызымыздың да әкесіне деген ықыласы ерекше. Жұмыстан келген кезде әкесінің мойнына асылып, бет-жүзін ұстап көреді. Аяланың кішкентайлығына қарамастан әкесіне деген сүйіспеншілігін көріп таңғаламын. Өсе келе шайын қайнатып беретін жанашыр қыз болатынына кәміл сенімдімін.Картинки по запросу қарақат әбілдина қызымен

– Тұсаукесер кезінде әдемі фотосессия жасадыңыздар. Қызыңыз камераны  қалай қабылдады? Жатырқап жылап қалмады ма?

– Сәби көп нәрсеге ана құрсағында жатқанда-ақ дағдыланатын сияқты. Біз көпшіліктің ортасында, халықтың ықыласына бөленіп жүреміз. Аяланың да көпшіліктен жатырқамайтыны сол себептен болар. Тұсауын кескен кезде де мазасызданып, жылаған жоқ. Өзіне арналған кеш өтіп жатқанын сезінгендей болды. Жалпы, әжесіне тартқан салмақты қыз. Алайда камера қосылса билеп, әндетіп, өзгеріп сала береді. Біз мұны бертін келе байқап жүрміз.

– Статистикалық мәлімет бойынша, Аяла есімі Қазақстанда ең көп тараған есім қатарына кіреді екен. Бұл есімді кім қойды?

– Қыз бала болатынын білген сәттен бастап оның есімін әкесі қоятыны туралы шешім қабылдадық. Әкесі әрі ойланып, бері ойланып, аялы алақандағы аяулы қыз болсын деген ниетпен есімін Аяла деп атады. Аяла есімді қыздардың қатары көбейіп жатса – қуанамыз, бірақ есім таңдар кезде статистикаға емес, жүрек үніне құлақ түрдік.Похожее изображение

– Өнерде де, өмірде де сырлас құрбыларыңыз көп. Құрбыларыңыздың арасында қызыңызға кім ерекше сыйлық сыйлады?

– Кім ерекше сыйлық жасағанын бөліп-жарып айта алмаймын. Бәрі де ыстық ықыластарымен келді. Алматыдан, Қарағандыдан, Стамбулдан ат терлетіп келген құрбыларым да бар. Ақ тілектер айтылған, қызымыз үлде мен бүлдеге оранған әдемі кеш болды. Ешкімді алалағым келмейді, сыйлықтардың ішінде алтын да, мәрмәр тас та, сандық та, бесік те, киім-кешек сияқты қыз балаға керекті сыйлықтың бәрі болды. Той тарқап, үйге келіп сыйлықтарды ашқанда таңғалып қалдым. Аяла бір жасында-ақ осындай махаббатқа бөленгеніне ана ретінде қатты қуаныштымын.

– Тойға жан құрбыңыз Мадина Садуақасова келе алмай қалды. Оған деген ренішіңіз болды ма?

– Ол кезде Мадина Қызылорда жақта болды. Отбасылық жағдайларына байланысты сол күні келе алмағанымен, келесі күні арнайы келіп құттықтады. Сондықтан оған Алла разы болсын дегеннен басқа айтарым жоқ. Еш ренішім жоқ, әрине.Картинки по запросу қарақат әбілдина қызымен

– Бір жылда дене бітіміңізді ретке келтіріп алдыңыз. Мұның сыры неде?

– Бала бір жасқа келген кезде әйел де жинақталады. Ол – табиғаттың заңдылығы. Екіншіден, мен қол қусырып, үйде отырған адам емеспін. Жиі әнсапарға шығып, сахнада жүргендіктен, ысыла бастадым. Арнайы спортзалға да бармаймын, жарнамалап жататын дәрі-дәрмек, шөптерді де ішпеймін. Өзімді керемет мінсіз мүсін иесімін деп санамаймын, сондықтан дене бітіміме байланысты сұрақтар көп қойылатынына қайран қалам. Менен кеңес: тез арада арықтатады деп жарнамаланатын дәрі-дәрмектерге әуес болуға болмайды. Ең бастысы – ауызды тыю керек және спортқа жақын болу қажет. Басқа ешқандай сыр да, құпия да жоқ. Өзім массажды жақсы көремін, бірақ оған да үздіксіз бара бермейсің. Ең бастысы – ауызды тыймаған жағдайда жаттығу да, массаж да еш нәтижесіз болады.

Тұңғышымыз ҰБТ-ны абыроймен тапсырды

– Биыл мектеп бітірген тұңғыштарыңыз – Бекболат қандай мамандықты таңдап отыр?

– Ұлым мамандық ретінде бизнес және туризм саласын таңдады. Оқуын еліміздегі жоғары оқу орындарының бірінен бастап, шетелде жалғастыруды қалайды. Әзірше оның бәрін уақыт көрсетеді. ҰБТ тапсырарда әкесі екеуміз қатты уайымдап едік. Ең бастысы – жүзімізді жерге қаратпай, ұлттық бірыңғай тесттен жоғары балл алып, абыроймен тапсырды. Баламыздың бастамасы жаман емес.

– «Әр ұлымның өзіне тән мінезі бар» дейсіз. Қай ұлыңыз сізге жақын, қай ұлыңыз әкесіне тартқан?

– Ұлдарымыздың сырт бейнелері де, мінездері де әкесіне тартқан. Жақындарым да, тыңдармандарым да дәл соны айтады. Кейде тіпті қалжыңдап: «Қыдырәлінің балаларының бәрі Қыдырәлінің бетін жабыстырып алғандай» деп жатады. Алайда екінші ұлым – Имашым маған тартқан сияқты. Мінезі, сөйлеген сөзі өзіме ұқсайды.Картинки по запросу қарақат әбілдина қызымен

– Соңғы уақытта үлкен дау тудырған Ырза Тұрсынзадамен болған түсініспеушілікті шеше алдыңыздар ма?

– Бұл жерде шешілмей жатқан мәселе жоқ. Бұған қатысты бір-ақ нәрсе айтуға болады: жағдай қалай болғанын Ырза апаның өзі дұрыс түсінбеген. Ол ақ-қарасын анықтап алмай жатып БАҚ өкілдерін жинап, менің тарапыма өте ауыр сөздер айтты. Шынымды айтсам, сол кезде менің көкейімде «Шын мәнінде кімнің тілінен у тамған?» деген сұрақ туындады. Шынын айтқанда, дәл сол жағдай маған қарата сондай ауыр сөздер айтатындай жағдай емес еді. Алланың алдында арым таза, жүзім ақ екенін білемін, сондықтан бұл сұраққа толығырақ тоқталғым да келмейді. Шын мәнінде қалай болғаны туралы нақты мәлімет бейнематериал түрінде YouTube желісіне жүктелген. Ол жерде осы дауға қатысты ұйымдастырылған конференцияның толық нұсқасы да, Ырза Тұрсынзада өзі «Тыңдағым келмейді» деп мәлімдеген мен WhatsApp желісі арқылы жіберген аудиожазба да, фотодәлелдер де, құжат түріндегі дәлелдер де бар. Кімге қызық, сол жерден қарап алсын.

– Оның сөзіне неге жауап қатпадыңыз? Десе де, көңіліңізге қатты тиіп, ренжіген боларсыз?

– Біріншіден, оған мән берген жоқпын деу – өтірік. Айтқан сөзі сүйегімнен өтті, бірақ Аллаға тапсырдым. Менің өмірлік ұстанымым – қолымнан келсе тамшыдай болса да пайдам тисін, ал пайдам тимесе – зиянымды тидірмеу. Ырза Тұрсынзаданың әрекеті – 9 жыл бойы заңсыз тегін тұрып жатқан ғимараттың құжаттарын реттеуге де талпынбаған адамның заң алдында жауап берер кезде шыңыраудан құлап бара жатып, жай ғана құламай, бізді қаралай кетуге талпынған адамның әрекеті деп қабылдаймын. Қысқаша айтқанда, бар ашуын заңнан ала алмағаны үшін менен алып тұр.

– Әңгімеңіз үшін рақмет!

                                                                               Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

 

Пікір қосу