«Ғалам аруы 2018» байқауының финалисті Сабина Әзімбаева, «Алматы аруы 2018» байқауының финалистері  Анастасия  Феер, Альмира Өтегенова , Камила Қожаханова, Бану Сәттібек, Индира Маханова  және бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында өткен агротурға қатысты.

«Шелек фермерлері» жобасының аясында өткен іс-шарада Агробизнес орталығында көкөніс өсірудің заманауи әдістері, маркетинг, логистика жайлы әңгіме қозғалып, аруларға арналған арнайы шеберлік сыныптары өткізілді. Турға қатысушылар өздері жинаған көкөністерден тағам әзірлеп, өз ара сайысқа да түсті. «Біз фермерлеріміздің агротурларды өткізіп отыру идеясын қолдап отырғандарына өте ризамыз. Қазіргі қалалық жастар, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер, ауыл өмірін көрмеген, ал көбі көкөністердің қалай өсірілетінін де білмейді. Олардың көбі ауылда ешқашан болып көрмеген және интернетсіз немесе ұялы телефонсыз өмірді елестете алмайды. Осындай агротурлар қала тұрғындарына ауыл өмірінің тамашасын көрсету және фермерлер өсіріп отыратын өнімдер туралы көбірек білу мақсатында өткізіледі. Агротурлар – қала тұрғындарына ауыл өмірінің байсалды ырғағын сезінуге, тыныштықта рақаттануға және қалалық әбігерліктен дем алуға көмектесетін заманауи құрал болып табылады»,-дейді «Еңбекшіқазақ аудандық жергілікті қауымдастықтар қорының» атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева. Ал, «Алматы аруы 2017» байқауының жеңімпазы Сабина ханым: «Бала кезімде бақшада жүргенді ұнататынмын: жаздың басында дәндерді сеуіп, күзде өнімді жинайтынбыз. Ал осы агротурдың арқасында мен ауылдағы әжеме қуана-қуана барған жастық шағыма оралғандай болдым.  Менің анашым дәл осы ауылда, Шелекте туған! Мен өзім дәмді, таза әрі дәрумендерге бай тамақты өте жақсы көремін. Себебі дұрыс тамақтану – сұлулықтың кепілі!»,-деп шараның маңыздылығын жандандыра түсті.

Агротурдың басты ерекшелігі — баға тұрғысынан қолжетімділік, ыңғайлы орналасу жері, экологиялық өнім, сондай-ақ, табиғатқа жақынырақ болу, көкөністерді өсіру әдістері жайлы көбірек білу және фермерлер өнімдерінің сапасына көз жеткізу болып табылады. Сонымен қатар, агробизнесс өкілдері жоғарғы технологияларды қолданудан бас тартқан. Соның нәтижесінде табиғи өнімді халыққа жеткізіп отыр. Ал бұл әдісті заманауи фермерлер көп қолдана бермейтінін бәріміз білеміз. Яғни, Шелек фермерлері осы тұрғыдан тұтынушыға сапалы әрі пайдалы тауар ұсынып отыр деп сеніммен айтуға болады. Оған қоса, шара ішкі туризмді дамытып, әрбір адамның жұмыс барысымен танысуына мүмкіндік жасап отыр. Тур аясында қатысушылар ауылшаруашылық өнімдерін шығарушылардың жетістіктері мен осал тұстарына сараптама жасап, өз ойлары мен ұсыныстарын да жеткізді.

Қазіргі таңда «Шелек фермерлері» коперативі ұсақ 26 шаруашылықтан тұрады. Олар «Арзан», «Магнум», «Метро» сынды сауда орталықтарына қызанақ, қияр, бұрыш тасмалдайды. Қалаға 2016 жылы 141 тоннадан астам өнім жеткізілсе, 2017 жылы ол көрсеткіш 124 тоннаны көрсетті. Ағымдағы жылы сауда орындарына 180 тонна тауар жеткізілді.

Бұл шаруашылығының қарқын алып келе жатқандығының дәлелі. Осы шаруашылықты туристік орталыққа айналдырып, шетелдіктерді қызықтыра аламыз деп отыр Шелек фермерлері.Олар қазіргі таңда агро-туризм аясындағы пилоттық жобаны жүзеге асыра бастады. Жоба аясында болашақта кез келген адам алдына келген көкөністердің қандай жолмен өсетінін, қалай жеткізілетінін біле алады. Бұл фермерлерге де халыққа да өте пайда болады деген ойдамыз.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

1 пікір

Пікір қосу