• Нәбира, «Қазақ аруы-2018» атануыңызбен құттықтаймын. Оқырмандарымызға өзіңіз, отбасыңыз жайлы айтып кетсеңіз.
  • Мен 1997 жылы Ақтау қаласында дүниеге келгенмін. Қарапайым отбасынанмын. Анам ұстаз, ал әкем мұнай саласында жұмыс істейді. Бір ағам және айдай сұлу екі сіңілім бар. Қазіргі уақытта менің отбасым Маңғыстау облысы Мұнаулы ауданында тұрады. Ал мен Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің тарих факультетінің студентімін. Бұйырса биыл оқуымды бітіремін.
  • «Қазақ аруы» сайысына қалай келдіңіз?
  • Негізі «Қазақ аруы» сайысына былтыр қатысқым келген. Алайда, батылым жетпей, қатыспадым. Осы жылы оқуымды аяқтауыма байланысты, дипломдық жұмысымды жазып жүрмін. Бірде дипломдық жұмысымның тақырыбының аясында ақпарат жинақтау үшін Алматы қаласына келгенмін. Алматыға келген кезімде «Қазақ аруы-2018» сайысының іріктеуі болғалы жатқандығын естідім. Мүмкіндік келіп тұрған соң, осы жылы қатысып көруге бел будым. Сөйтіп, іріктеуден өтіп, «Қазақ аруы» сайысына қатыстым.
  • Сахнада әрбір қатысушы қыз инабаттылығын, талантын көрсете білді. Ал, сахна сыртында қатысушылар арасында қарым-қатынастарыңыз қалай болды? Түсініспеушілік туындаған кездер болдыма?
  • Әр қыздың өзіне тән мінезі бар. Сонымен қатар , қыздар Қазақстанның әр аймағынан келген соң, сөйлеу мәнері де әртүрлі. Әркім өз аймағынында қолданатын диалект сөздермен сөйлегенде, аздап түсініспеушіліктер туындайтын. Мәселен, Батыс жақтың қыздары, басқа аймақтың қыздарына қарағанды тік мінезді. Олар бірдеңе айтқанда, кей қыздар көңілдеріне алып қалатын. Алайда, түсініспеушіліктер төбелеске дейін жеткен емес. Бүгінде қыздармен хабарласып, жақын араласып тұрамыз.Картинки по запросу нәбира рахымжан
  • Жалпы, мұндай сайыстардың әділдігіне көрермен сенбейді. Әділдік тұрғысынан жарысты қалай сипаттап бере аласыз?
  • Мен Ақтаудың тумасы болғандықтан, көпшілік «мұнайшының қызы, сатып алған шығар» деген пікірлер білдірді. Бірақ, айта кетсем менің әкем мұнай саласындағы қарапайым қызметкер. Шыны керек, менің бұл байқауға қатысатынымды туыстарым, жақындарым естігенде, олар да көпшілік секілді әділ өтетіндігіне сенбеді. Менің жеңіске жеткендігімді көргеннен кейін, олардың сайыстың әділдігіне көзі жетті. Сонымен қатар, қыздар іріктеліп, дайындық басталғанда бізге Баян Мақсатқызы келіп «егерде біреуіңіздің жақындарыңыз келіп, ақша ұсынып, бірінші орын беруімді сұраса, сол танысы келген қыз жобадан шығады » деп қатаң ескертті.
  • Жақында «Мисс Казахстан» атанған Альфия Ерсайынмен «Өз ойым» бағдарламасына барған едіңіздер. Журналист сіздерді, әбден, сынның астына алды. Осы журналист секілді  сізді сынаушылар көп пе? Оларға не деп жауап қайтарасыз?
  • Бізді сіз айтып отырған бағдарламаға қонақ ретінде шақырған еді. Бізге «Сұлулық тақырыбы аясында сөз қозғайтын боламыз» деп айтты. Аяқ астынан сұрақ қоя бастаған соң, біз таңырқап, сасқалақтап та қалдық. Журналист «кітап оқыңдар» деген соң,  бағдарламадан кейін біз туралы жағымсыз пікірлер туындап кетті. Бірақ, менің ойымша кітаптардың авторын білу маңызды емес. Тек айтарым, бұл өмірде кітаптардың авторына емес, арғы өмірде басты үш сұраққа жауап беру− міндетім деп білемін.
  • Сіз үшін «Мисс Казахстан» мен «Қазақ аруының» қандай айырмашылығы бар? Біздің қоғамға керек пе?
  • Алдыңғы жылдары көргенде , «Қазақ аруы» байқауынан қазақилықты, ал «Мисс Казахстаннан» замануилықты байқайтынмын. Бірақ, осы жылдан бастап, «Мисс Казахстан» байқауы да қазақилықты бағыштайтын болды. Меніңше, екеуі де біздің қоғам үшін керек. Екі жобаның да өзіндік ерекшелігі бар. Елімізде «мисстар», «арулар» артық етпейді деп есептеймін.Картинки по запросу нәбира рахымжан
  • Қазіргі таңда осы «Қазақ аруы» жобасының жетекшісі Баян Мақсатқызымен байланыстасыздар ма?
  • Негізі «Қазақ аруы» атанған ару, Баян Мақсатқызының «shine» продюсерлік орталығымен бес жылға келісімшартқа отыруы тиіс. Алайда, менің ата-анамның қарсы болуына байланысты, келісімшартқа қол қоймадым. Қазір, Астана қаласында тек оқуда жүрмін.
  • Неге ата-анаңыз қарсы болды? Ол келісімшарттың талаптары қандай еді?
  • Келісімшартты қолыммен ұстап көрген жоқпын. Бірақ, басқа аруларға қарап айтсам, Баян Мақсатқызы оларға әртүрлі бағытта жұмыс ұсынады. Арулар өздерін актрисалық, жүргізушілік, модель ретінде сынап көреді. Сонымен қатар, келісімшарт бойынша аруға бес жыл бойы тұрмысқа шығуға болмайды. Ал, ата-анамның көзқарасы келісімшарттың талаптарымен бір жерден шықпады. Ата-анам «өнер жолы− қыз баласы үшін ауыр жол» деп есептеп, бұл бағытта жүргенімді қаламады. Әрине, мен әке-шешемнің сөзінен аттап кете алмадым.

Сұхбаттасқан Наргиза Аршидин

(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

Пікір қосу