Қазақстанға оқуға келген этникалық қазақ студенттер жазғы демалыстарында Қытайға қайтуға қорқып отыр. Бұл туралы Azattyq.org сайтының тілшісі арнайы репортажында айтты.

Студенттер Қазақстанда оқиды. Ал ата-анасы Қытайда аз этникалық топтар мекендеген Шыңжаңда өмір сүреді.Қытайдан келген қазақ студенттері жазғы демалыста барлық студенттер секілді үйлеріне қайтуға қорқып отыр. Бұған себеп ретінде Шыңжаңдағы аз этникалық топтардың өкілдерін тәртіпке салу бойынша жүргізіп жатқан саяси жүйені алға тартуда. Олардың айтуынша, Қытайға оралса, қайта Қазақстанға келе алмауы әбден мүмкін.

«Қорқыт ата атындағы Мемлекеттік университетте бір жыл дайындық курсын оқыдым. Кейін Қазақ Ұлттық университетіне дизайнер мамандығын таңдап, кешенді тестілеу тапсырдым. Алайда ұпайым жетпей, түсе алмадым. Енді не істерімді білмеймін. Қазір мені Қытайда жақтан шақыртып жатыр. «Міндетті түрде 6 ай сайын Қытайға барып тұру керек»деген заң бар дейді. Маған хабарласты. Алайда, мен жауап бермедім, Енді, артынан ата-анам арқылы хабарласып жатыр»,-деді студент Кәусар  Армияқызы.

Ал, студент Ерқабыл Әділғазыұлы Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін Қытайға баратындығын айтты.

«Әрине, пенде болған соң отбасымды сағындым. Олар да сағынды деп ойлаймын. Тіпті, хабарласқанымда қарындасым жылап қалған еді. «,-деді Ерқабыл

Ал, Ердолы Нұрқабыл биыл Қазақстан азаматтығын алған. Астана қаласындағы жоғарғы оқу орындардың бірінде оқиды. Алайда, Қытайдағы саяси мәселеге байланысты ата-анасына барып келуге қорқып отыр.

Осылайша үйіне қайта алмай жүрген студенттер жатақханаға орналасқан.  «Атажұрт жастары» тіркелмеген ұйымы оларға қаржылай жәрдемдесуде.

Пікір қосу