• Жазира, сізді отандық сериалдардан актриса ретінде танимыз. Оқырмандарымызға өзіңіз туралы айтып кетсеңіз. Қай жердің тумасысыз? Қандай отбасынансыз?
  • Мен қарапайым отбасынанмын. Негізі туған жерім Алматы облысы, Кеген ауданы. Албан руының қызымын. Екі жасымнан бастап, жанұямызбен Талғар қаласына көшіп келгенбіз. Отбасымыз үлкен. Үйде үлкен әжеміз бар. Ата-анам қарапайым қызметкер. Әкем тұрғылықты жерде әкімшілікте қызметте. Анам мүгедек жандарға арналған емханада медбике. Отбасымызда бес ағайындымыз. Бір ағам, екі әпкем және сіңілім бар. Барлығымыз үлкен әжеміздің тәрбиесімен өскенбіз. Мектептен кейін, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «өнертану» факультетін сырттай бітіргенмін. Отбасымызда мен ғана өнер саласындамын.
  • Мамандығыңыз педагог екен. Ал, өнер жолына қалай келдіңіз?
  • Актриса болуды бала кезімнен армандадым. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде достарым «сенен мықты актриса шығады» деп әрбір әрекетіме мақтау сөз айтатын. Жылы сөздерді естіген соң, өзіме деген сенімділік арта түсті. Кейін 11- сыныпта Ұлттық Бірыңғай Тестілеу тапсырарда, «актриса боламын» деп әдебиет пәнін таңдадым. Ата-анам мені еркін етіп өсірген. Алайда, таңдауымды естіген соң, қарсылықтарын білдірді. Соңында «қалауың болсын, бірақ бізден ешқандай көмек күтпе» деп шарт кесіп айтты. Сөйтіп, мектеп бітірген соң, қалаға арман қуып келдім. Алайда екі жыл қатарынан Өнер Академиясына түсе алмадым. Бірақ, оқуға түспей қалуым, менің арманымды тоқтата қойған жоқ. Оқу орнына түсе алмасамда, әртүрлі кастингтерге барып жүрдім. Ол кезде жай «массовканың» өзі мен үшін үлкен жетістік еді. Уақыт өте келе массовкадан қысқа, сөзі жоқ эпизодтарда ойнай бастадым. Басқа әртістер сценарийді қалай жаттайтынын, бәрін бақылайтынмын. Таңнан барып, кешке дейін жүретінмін. Содан бір күні  «Бас продакшннің» режиссері Ақылбек Досжанов менен «не істеп жүрсің? сабағың жоқ па?» деп сұрады. Мен ол кісіге «жоқ, мен актриса болғым келеді» дедім. Ол кісі, әрине күлді. Кейін маған әкімшілік жағынан жұмыс ұсынды. Қарапайым тілмен айтқанда шай тасып, әртістердің тамағын таратумен айналысатынымды түсіндім. Сол кезде мені бірінші кезекте «үйге барып, ата-анама не деп айтам?» деген ой мазалады. Одан кейін мектептегі апайлардың «ертең жүресіңдер еден жуып, шай тасып» деген сөздері ойыма келіп, қатты намыстанып кеттім. Бұл ұсынысына мән бермегендей кейіп таныттым. Содан көп ойландым. Жаз бітіп, күзде қатарластарым оқуға барайын деп жатыр.  Менің болса не оқуым жоқ, не жұмысым жоқ. Ата-анамда «бір жақты бол» деп айтатынын сездім де, бағанағы ұсынған жұмысқа келістім. Жұмыс орнымда ағамдай болып кеткен Саламат деген жігіт бар. Ол маған «жаман болмайсың, бәрі осылай бастаған» деп айтқан еді. Сол сөзін миыма құйып алдым да, мәз болып жұмыс істеп жүре бердім. Жалақысы аз болса да, әйтеуір сол алаңда жүргенім дұрыс деп шештім. Жарты жылдай жұмыс істеген соң, продюсеріміз мені байқап, «біздің ас үйді көріп үйрендің, енді не істегің келеді» деп сұрады. Сол уақытта «Ду қол шоколад» деген телевизиялық жоба болатын. Жобада әншілерге шай құйып жүргенімде, музыкалық редактордың жұмысын бақылап жүретінмін. Режиссерге музыкалық редактордың жұмысына қызығатынымды айттым. Біраз уақыттан соң, мені музыкалық редактордың көмекшісі етіп жұмысқа алды. Шыны керек көмекшісі болсамда, редактор ретінде көп жұмыс істейтінмін. «Бас продакшнде» 2017 жылға дейін жұмыс істедім. Кейін ақырындап таныла бастадым. Түсірілімдерім көбейіп, үлгірмеген соң, ол жұмысымды тоқтаттым. Міне, осылай кино әлеміне келдім.
  • «Айжан» сериалына түскен кезіңізде жасыңыз небәрі он сегізде еді. Ал, сериалда сіздің қатысуыңызбен анайы көріністер кездесті. Оған ата-анаңыздың көзқарасы қандай болды?
  • Иә, сериалда жігітпен құшақтасып, сүйісетін көріністер болды. Әрине, бұл қазақ қызына тән емес деп айтқанымызбен, ол бар дүние. Шындықты көрсете білу де өнер деп есептеймін. Кейін мен «Зәуре» атты телесериалда да бай шалдың тоқалының рөлін сомдадым. Бұл рөлден кейін де көпшілік «оңбаған қыз екен» деп, өмірде де мен туралы жаман пікірлер қалыптасты. «Ертең әкемнің таныстары, образымды көріп әкемнің бетіне басып айтпайма екен» деп қорықтым. Алайда, ата-анам барлығын дұрыс түсінді. Керісінше, әкем жұрттың пікірін сабырлықпен тыңдап, маған «жұрттың бәрі осылай ойласа, рөліңді жақсы алып шықтың деген сөз» деп мақтаған болатын. Ата-анам әлі күнге дейін менің таңдауымды құрметтеп, қолдап отырады.
  • Байқауымызша, сериалдардағы образдарыңыздың көпшілігі бір-біріне ұқсас.
  • «Айжан» сериалында жігітті алдап-арбайтын, қу қыздың рөлін сомдадым. Кейінгі шақыртуларда да, кейіпкерлерім бір-біріне ұқсас болды. Меніңше, осы образды жақсы алып шыққандығымнан, ұқсас рөлдерді сеніп тапсыратын шығар.
  • Өзіңізді басқа қандай образда көргіңіз келеді?
  • Мен негізі батыр қыздардың рөлін сомдағым келеді.
  • Жақында ғана, Ақан Сатаев «Томирис» фильміне кастинг жариялаған еді. Ол кастингке қатысып, бағыңызды сынап көрдіңіз бе?
  • Ол кастингке мені шақырды. Бірақ мен бара алмадым. Бірінші рет бара жатқанымды жол апатына түстім. Екіншісінде, кептелісте тұрып, одан басқа түсірілімге асықтым. Үшіншісінде «егер мені сол рөлге лайық десе ,өздері хабарласар. Мені біледі ғой» дедім. Бірақ, қатты түскім келді. Содан телефон арқылы хабарласып, фотоларымды, видеомды электронды түрде жібердім. Нәтижесінде, Томиристің рөлі болмаса да, басқа рөлді ұсынды. Ол рөлім әзірше, құпия болсын. Болашақта фильм жарыққа шыққан соң, көре жатарсыздар.
  • «Паленшеевтер» атты әзілге толы отбасылық телесериалда ерке кенже қыздың рөлін сомдайсыз. Ал, сериалдағы отбасыңыз бен өмірдегі отбасыңызда ұқсастық бар ма?
  • Біздің отбасымыз барынша салмақты деп айтсам дұрыс болар. Әрине, әке-шешемізбен әзілдесіп тұрамыз. Бірақ, барлығы өз орнымен. Мен достарымның ортасында барынша көңілдімін. Алайда, үйге келгенде барынша сабырлы да салмақты болуға тырысамын. Себебі, әкем менің мінезіме қарап, сенім арта алатындығын, жауапкершілікке ие адам екенімді білсе екен деймін.Image result for паленшеевтер
  • Адамдар образыңызбен сіздің мінезіңізді шатастырып жатады. Жұмысыңыз жеке өміріңізге кедергі болмай ма?
  • Жоқ. Менің таныстарым мен достарым қандай адам екенімді біледі. Тіпті, танымайтын адамдар менімен танысып, араласа келе, «сен кинодағыдай қыз емес екенсің ғой» деп жатады. Өзімнің сүйген адамым бар. Ол да мені жақсы таниды.

Сұхбаттасқан Наргиза Аршидин

(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

Пікір қосу