«Жұлдыздар отбасы» журналы – еліміздегі ең танымал басылымдардың бірі. Журнал осы күнге дейін ұлт руханиятына үлкен үлес қосты. Олай дейтініміз, қазақ өнерінің әр саласындағы тұлғалы кейіпкерлерді оқырмандарға таныс­тырды, олардың өнер, өмір жолын халыққа кеңінен насихаттады. Қазақ ғылымына, спортына, өнері мен мәдениетіне еңбегі сіңген тұлғалардың өзімен сұхбаттасып, олардың ғұмырбаяндық шежіресін жасады. Сонымен қоса саяси, әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді де тынбай жариялап келеді. Мұны қадірлі оқырман, сіздер де жақсы білесіздер. Жақында, журналист Нұрлан Соңғыбайұлы (фейсбуктегі аты Нурлан Сонгибайулы) «Жұлдыздар отбасы» журналына қатысты kazakh-tv.kz сайтында «Ұры журнал» деген материал жариялады. Және оны фейсбуктегі бірнеше топтарға бөлісті. Нұрлан осы жазбасында «Жұлдыздар отбасы» журналы менің «Хабар» телеарнасының тапсырысымен түсірілген бард-әнші, сазгер Табылды Досымов туралы хабарымның мәтінін көшіріп басты» деген мағынадағы ойын білдірді. Өзінің айтуынша, ол бұл «ұрлықты» интернеттен көзі шалып қалыпты.

 

Сөйтсек, Нұрланның «ұры» деп ұрандатып жүргені juldyz.kz сайтында жарияланған Табылды Досымов жайлы өмірбаян жинағы екен. Анығында мұның «Жұлдыздар отбасы» журналымен еш қатысы жоқ. Себебі, сайт пен журнал бір компанияға қарағанымен, шығармашылық ұжымы мүлдем бөлек. Сайттың және журналдың бөлек редакторлары бар. Бір-бірінің шығармашылығына араласа бермейді. Демек, Т.Досымов туралы өмірбаян жинағы тек сайтта ғана жарияланған. Иә, «Жұлдыздар отбасы» журналы Т.Досымовтың шығармашылығын ертеден насихаттап келеді. Тіпті, ғаламтор мен сайттар жоқ кезде Табылдының шығармашылығы туралы әр жылдары көлемді материалдар шығарылып отырды. Сазгер қайтыс болған кезде де қайғыға ортақтасып, журнал бетінде көңіл айтып, әндерін жариялағанбыз. Бірақ ешкімнен ұрлаған жоқпыз.
Нұрлан «ұрлады» деп отырған материал juldyz.kz сайтында 2017 жылдың 7 сәуір күні жазылған. Материалды сайттың сол кездегі журналисі Айзада Жайыққызы жариялаған. Айзада өмірбаян жинағын ғаламтордан жинақтап, бір ізге түсіріп, түрлі суреттермен әрлеп берген. Бірақ ешқандай дереккөз көрсетпеген. Сол үшін Айзада Жайыққызы және сайттың қазіргі редакторы Айнұры Есенғали (ешқандай жауапкершілігі болмаса да) автордан кешірім сұрайды. Сайттың сол кездегі жауапты редакторы Қанат Тілеухан болатын. Айзада мен Қанат қазір бұл сайтта жұмыс істемейді. А.Жайыққызы 2017 жылдың маусым айында, ал Қ.Тілеухан 2017 жылдың қараша айында жұмыстан кеткен.


Осы оқиғадан кейін, Нұрлан не себепті бір жыл төрт ай бұрын сайтқа жарияланған материалды көлденең тартып, халықтың сүйікті басылымы, елдің, ұлттың мұңын айтып, жоғын жоқтап отырған «Жұлдыздар отбасы» журналын «ұры журнал» деп атады?! Билікшіл тележурналист өз постының астына бұлтартпас дәлел келтіргендей етіп «Жұлдыздар отбасы» журналының 2018 жылы маусым айындағы санының (№12) мұқабасын суретке түсіріп қойыпты. Бұнысы енді оқырманды адастырудың қулығы. Нұрланның бұл әрекетін «жаптым жала, жақтым күйе» деп түсіндік. Себебі, сайттан өз материалын көзі шалған кезде, не себепті сайттың редакциясына хабарласып ескертпейді? Не себепті бұл материалдың журналда жарияланған, жарияланбағанына анық көзі жетпей тұрып, журналды қаралайды?! Демек, мұның астарында ең берісі беделді тәуелсіз басылымды қалай да болса аяғынан шалып қалсам деген көреалмаушылық, арысы дәл осы уақытта халыққа қажетті қоғамдық, саяси, әлеуметтік тақырыптарды көтеріп жүрген басылымның қызметіне кедергі келтіру ниеті жатқан секілді.
«Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы Жақсылық ЫРЫСБАЙ