Айнұр, тұрмыс құруыңызға байланысты «Дауыс international» тобынан кеткен едіңіз. Қазір жеке шығармашылығыңызбен айналысып жүр екенсіз. Жеке жұмыс істеу қалай екен?

– Жеке шығармашылықпен айналысудың өзіндік қиындықтары да бар екен. Алайда тиімді тұстары да жетерлік. Мен ол топқа кірерден бұрын жеке шығуға ұмтылыс жасап, біраз еңбектеніп көрдім. Алайда мен секілді тәжірибесіз жас әншіге продюсерсіз шоу-бизнеске кіру өте қиын болды. Ал қазір киноға байланысты Марина Сүйлейменова есімді продюсерім бар, музыкалық жағынан Маржан Сәдуақасова атты продюсермен жұмыс істеймін. Екі продюсердің арқасында жұмысым жеңілдеген сияқты. Барлық мәселелерді сол кісілер шешеді. Мен қазір тек шығармашылықпен айналысып жүрмін.

– Тұрмыс құрып, біраз уақыт үйде болып, сахнаны әбден сағынып қалған боларсыз?

– Екі жылдай уақыт үйде болып, келіндік қызметімді атқардым. Күнде неше түрлі тамақ пісіріп, үй жинап уақыттың қалай өткенін байқамай қалады екенсің. Алайда Инстаграмдағы әншілер мен актрисаларға қарап, олардың айналысып жатқан жобаларына қызығатынмын. Әріптестеріңнің жеткен жетістіктерін көріп, өзімді көштен қалып бара жатқандай сезіндім. Сол үшін кейде көңілім жабырқайтын. Жолдасым бұл күйімді сезіп, түіністік танытып, мені қолдап, сахнаға қайта оралуыма рұқсатын берді.

– Жолдасыңыздың қайта сахнаға оралуға көзқарасы қалай болды?

– Жолдасыммен отау құрардан бұрын бес жылдай қыз бен жігіт болып кездесіп жүрдік. Ол кісі менің өнер адамы екенімді жақсы білді. Әрі өзі дауысымды жақсы көреді, өнерімді бағалайды. Отау құрғаннан кейін де, «үйде отыр, балаға қара» деп талап қоймай, керісінше мені қолдады. Шын мәнінде жолдасыма менің сахнада жүргенім қатты ұнайды. Ата-енем де түсініп, көмектесіп тұрады.

– Тұрмыс құрған актрисалардың көпшілігі фильмде қандай да бір кейіпкерді ойнарда жолдасымен ақылдасып жатады. Тіпті  кейбірінің күйеулері кастингке бірге барады. Ал сіздің жолдасыңыз өнеріңізге тікелей  араласып отыра ма?

– Әрине, нақты бір фильмге түскелі жатқанымда жолдасыма алдын ала бәрін айтамын. Кейіпкердің қандай екенін де хабарлап, шет-жағасын түсіндіремін. Алайда күйеуіңнің кастингке бірге барғаны артық секілді. Бұл екеуара сенімнің аздығын көрсетеді. Менің жолдасым тарабынан ондай әрекет болған емес. Бірақ ашық-шашық киіммен шығу, махаббат сахналарына түсуіме түбегейлі қарсы. Жолдасым мұндай сахналарға мүлдем келісім бермейді. Тұрмыстағы әйел болғандықтан, өзім де мұны  дұрыс деп ойлаймын.Image result for айнұр бабаева

– Жолдасыңызбен алғашқы таныстығыңызды еске түсірейікші. Бір көргеннен ғашық болдыңыз ба?

– Жолдасымның есімі – Мадияр. Екеуміздің ортақ досымыз актер Жалын Тілеуберген таныстырды. Олар сыныптас екен, ал мен Жалынмен курстас едім. Сол таныстықтан бастап екеуміздің арамызда сезім пайда болды. Мадияр кездесуге күнде әртүрлі түсті раушан гүлін алып келетін. Екеуміз де студент болдық. Мадияр мені киноға, концертке апару үшін жұмыс істейтін. Ол – мені шын сүйетінін және құрметтейтінін іс-әрекетімен дәлелдей білген жан. Мен оның еңбекқорлығын, арманшыл мінезін жақсы көремін.

– Ол кісінің мамандығы қандай?

– Мадиярдың мамандығы – металлург. Ал қазір жеке кәсіппен айналысады. Бала кезінен өлең жазуды жақсы көреді. Оның жазған өлеңдері маған қатты ұнайды. Арасында маған арнаған жырлары да бар. Мен 20 жасқа толған кезімде 7 дана гүл ұсынып, «Саған деген сезімімнің 7 себебі»  атты өлең арнаған болатын. Мен оның осы романтикалық мінезін  қатты жақсы көремін.Image result for айнұр бабаева

– Өзіңіз өнер адамысыз. Кейде жолдасыңыз қызғанып қалмай ма?

– Ер адам болған соң қызғаншақтық мінезі де бар екені рас. Қазақтың жігіттерінің бәрі намысшыл болады ғой. Кейде қызғанышқа бой алдыратын кездері болады. Алайда қызғанса да орнымен қызғанады.Өзім де мұндай жағдайға жеткізбеймін.

– Білуімше, жақында ана атаныпсыз. Фильм түсірілімінде, əнсапарларда жүргенде балаңыздың тəрбиесімен кім айналысады?

– Мысалы, қазір жаңа жобаның түсіріліміндеміз. Бұл менің кинопродюсер ретінде жасап жатқан алғашқы жұмысым. Түсірілім алаңы күндіз бос емес болғандықтан, көбінесе түнде жұмыс істейміз. Осындай уақыттары көбінесе папам (қайын атам) көмектеседі. Негізі, папам, яғни жолдасымның әкесі өте балажан кісі. Немерелерінің бәрін өзі өсірді. Балам көбінесе атасының жанында ұйқтайды.  Жолдасым да «алаңдамай жұмысыңа бара бер» деп рұқсатын берді. Кейде анамды шақырта тұрамын. Ол кісі де немересін сағына, қуана-қуана келеді. Қазір тәрбиеші алдық. Үйде ұлымнан бөлек, абысынымның үш баласы бар. Барлығымыз бірге үлкен үйде тұрамыз. Сол себепті тәрбиеші қажет екен.

– Ұлыңыздың есімі кім?

– Ұлымыздың есімі – Арлан. Маған осындай ұлды нәсіп еткен Құдайға күн сайын шүкірлік етемін. Өзі өте ақылды, ширақ, музыкаға жаны бейім. Қазір оның жаңа шыққан әр қылығы бізге мереке секілді. Күн сайын бір қылық көрсетіп қуандырып тастайды. Балам дүниеге келгелі бері өмірдің мәні отбасында, балада екенін түсіндім. Мен үшін баламның денсаулығы мен бақытынан басқа маңызды ештеңе жоқ. Содан болар, босанғаннан кейін мінезім біраз жұмсарып, мейірлене түстім. Жақындарыма деген қамқорлығым арта түсті. Өзіме ештеңе сатып алмасам да, ұлымнан ештеңені аямаймын. Тәттіні қатты жегім келіп тұрса да, оны Арланға қалдырып қоямын. Ана махаббатының өте күшті сезім екеніне енді ғана көзім жетті.

– Айнұр, өзіңіз байсалды, сабырлы жансыз. Бала тәрбиесінде қаталдық танытасыз ба?

– Мен талапшыл адаммын, сол себепті балама да қаталдаумын. Бірақ көбінесе ұрыспауға, әрқашан онымен жылы сөйлесуге тырысамын. Арлан бір орында тұрмайды. Биіктіктен мүлдем қорықпайды. Кейде үстелге немесе кір жуатын мәшинеге мініп алады. Тіпті үстелден құлаған кездері де болды. Сол себепті оған ара-арасында ұрсып тұрамын.

– Жақында Ғазизханмен жаңа дуэтіңіз шықты. Әнге көңіліңіз толды ма?

Әнші Ғазизхан Шекербековпен

– Бұл дуэт өз көңілімізден шықты. Халық да ұнатқан сияқты, жақсы пікірлерін білдіріп жатыр. Өзіме бұл ән қатты ұнайды, басқа әндерге ұқсамайтын өзіндік ерекше стилі бар.

– Дуэт жазу жайлы кім бірінші ұсыныс білдірді?

– Мен, негізі, бұрыннан «Ғазизханмен дуэт жазып көру керек еді» деп ойланып жүрген едім. Оның «Кінә бар» әнінің тақырыбы дуэтке сұранып тұрды. Сол себепті Ғазизхан осы әнді маған ұсынды. Мен әнді тыңдап, дуэт жазуға келісімімді бердім.

 

                                                                            Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

       (Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

 

Пікір қосу