• Роза, соңғы уақытта көрінбей кеттіңіз. Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? Қазір немен айналысып жүрсіз?
  • Өкінішке қарай, мен үшін өткен жыл табысты жыл болды деп айта алмаймын. Себебі іске асырғым келген көп жоспарларым жүзеге аспады. Бірақ, 2018 жылы іске аспаған және жаңа жобаларымды міндетті түрде орындаймын. Қазіргі таңда әншілікпен де, кино саласымен де айналысудамын. Сонымен қатар, ағылшын тілі курстарына да қатысып жүрмін.
  • Бүгінде қоржыныңызда қанша ән, бейнебаян бар?
  • Продюсерсіз жұмыс істегеннен бері, тек «Әсем әнмен бірге» атты әніме түсірілген бейнебаяным бар. Алайда, жаңа бейнебаян түсіру жоспарымда бар. Бейнебаянның нақты қашан шығатынын айтпай тұрайын. Қазір «Мына уақытта шығарамыз» деп алып, кейін шықпай қалса халықтан ұят болар.
  • Сіздің продюсеріңіз болып келген Әли Оқаповпен не себепті шығармашылық байланыстарыңызды үздіңіздер?
  • Негізі, Әли Оқаповтан кетуімнің бірнеше себебі бар. Оның біріншісі − біз Әлимен бір жыл жұмыс істейміз деп келіскенбіз. Келіскендей бірге бір жылдай жұмыс істедік. Одан кейінгі себептердің бірі – балам. Балам ол кезде бар болғаны 9 айлық болатын. Кішкентай болған соң, көп уақытымды балама арнап, жұмысқа көңіл бөле алмадым. Әрине, әйел адамы болғандықтан мен үшін отбасым бірінші орында тұрады. Сол себепті баламды ойлап, шығармашылығымды кідірте тұрғаныма өкінбеймін.
  • Қазір продюсерсіз жұмыс істеу қиын емес пе?
  • Әрине, продюсерсіз жұмыс істеу қиын. Продюсерім бар кезде қаражат жағын, тіпті, сахнаға киетін киімімді де ойламайтын едім. Ал қазір көптеген маңызды шешімдерді өзім қабылдайтын болдым. Ән таңдау, бейнебаян, оны өңдеу ­– осының бәрін қадағалау қажет. Ал бұл өте көп уақыт алады. Мысалы, соңғы әнімді бір жыл жүріп әрең таңдадым. Жеке жұмыс істеу қиын екен.
  • Сіздің өнердегі жолыңызды ашқан «Қазақстан дауысы» жобасы болды. Жобадағы тәлімгеріңіз Мәдина Садуақосовамен араласып тұрасыз ба? Бірге дуэт орындау жоспарда жоқ па?
  • «Қазақстан дауысы» жобасында Мәдина Садуақасовамен тығыз қарым-қатынаста болдық. Ал қазір, ол кісінің өзінің шығармашылығы, менің өз жұмыстарым бар. Мәдинаның да қолы бос емес шығар деп ойлаймын. Бірақ мен үшін ол кісінің орны ерекше. Себебі менің ұлымды қырқынан шығарған сол кісі. Өмірде жиі араласып тұрмасақ та, концерттік кештерде кездескенде сәлеміміз түзу.Картинки по запросу роза мукатаева
  • Әншілікпен қоса киноға түсіп, өзіңізді актерлік қырыңыздан танытып жатыр екенсіз. Алғаш рет түскенде қандай сезімде болдыңыз?
  • Менің алғаш түскен фильмім қысқаметражды авторлық фильм болатын. Ол фильмнің режиссері Мәскеудегі тәлімгерім еді. Фильмді түсірместен бұрын 3 ай бойы дайындалдық. Осы үш ай мен үшін үлкен сабақ болып, көп тәжірибе жинадым. Шыны керек, режиссерді аузымды ашып тыңдадым. Осындай дайындықтардың арқасында бірінші актриса ретіндегі жұмысым жеңіл өтті. Ал кейін «Айман-Шолпан» телехикаясына түстім. Ол кезде маған көмектесетін ешкім болған жоқ. Сонымен қатар, телехикаяның екі режиссері болды. Әрине, кейде екеуінің қалауы, ойы әртүрлі болып жатады. Маған олар ескертулер жасаған кезде қатты қобалжитынмын. Бірақ алғашқы үш күн солай қиналғаныммен, кейін үйреніп кеттім. Сериалға актриса Салтанат Бақаева да түсті. Ол кісі маған арасында өзінің ақыл-кеңесін беріп, көмектесіп тұратын. Егер адам қызығушылықпен жұмыс істесе, бәрі жеңіл болады деп ойлаймын.
  • Жүрегіңізге әншілік жақын ба, әлде актрисалық па?
  • Меніңше, екеуі екі бөлек әлем. Мен ән айтқанда басқаша бір сезім, ал киноға түскенде мүлдем басқа күйді бастан өткіземін. Әрине, екеуіне бірдей уақыт жетпейтінін, өзіме қиын болатынын білемін. Сонда да екеуін қатар алып жүргім келеді. «Қайсысы жақын?» деген сұраққа әлі жауап бере алмаймын.
  • Шаршағанда «өнерден кетемін» дейтін кездеріңіз бола ма?
  • Иә, ондай кездер болады. Кейде кей жұмыстар қолымнан келмей жатқанда сондай ойлар келеді. Бірақ, мен шаршаған кезде туған жерім Павлодар облысындағы Малыбай ауылына кетіп қаламын. Ата-анамның қасына барып, демалып қайтамын.
  • Кішкентай ұлыңыз бар екен. Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз. Жарыңызбен алғашқы таныстықтарыңыз есіңізде ме?
  • Күйеуімнің есімі – Әділ. Ол Павлодар облысындағы «Жайдарман» ойындарының қазақ лигасын ашқан жаңа төраға еді. Ал мен сол «Жайдарманда» бір командада ойнап жүрдім. Ол кезде жасым небәрі он бесте болатын. Кейін, уақыт өте келе «Жас Отан» Жастар қанатына мүше болып келсем, ол сол жердің де басшысы екен. Арада біраз жылдар өтті. Мен бұрынғы албырт он бес жасар Роза емес, бойжеткен Роза болдым. Әділ сол кезде ғана көңіл аударып, сезімін білдірді. Осылайша танысып, тұрмыс құрдық. Отбасы құрғанымызға  биыл алты жыл толады. Құдайға шүкір, 4 жасар Әлихан есімді ұлымыз өсіп келеді.
  • Естуімізше, қазір арт-директорыңыз жарыңыз Әділ екен..
  • Иә, жеке өзім жұмыс жасап жүргендіктен Әділ маған барынша көмектесуде. Өнерде жүруіме себепкер адамдардың бірі – Әділ. Әділ маған көмектескенімен, өзінің жеке «Event» агенттігі бар. Яғни, көптеген үлкен іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады. Сонымен қатар, сондай іс-шаралардың жүргізушісі болып та жұмыс істейді. Уақыты бар болғанда, телехикаяларға, роликтерге сценарий жазады. «Болашақта өзім кино түсіремін» деп алдына мақсат қойып жүр.
  • Роза Мұқатаева әншілікке бет бұрмаған болса, бүгінде кім болар еді?
  • Менің ойымша, ағылшын пәнінің мұғалімі болар едім.
  • Әлеуметтік парақшаңыздан сурет салуға деген қызығушылыңыздың бар екенін байқадым…
  • Суретті тек кішкентай кезімде салатынмын. Кейіннен өсе келе суретті тастап, «Жайдарман» ойындарына қызыға бастадым. «Жас Отанға» мүше болып, саясатқа да араластым.
  • Онда сізді болашақта депутаттыққа үміткер ретінде көріп қалуымыз мүмкін бе?
  • Алдыңғы он жылда емес шығар. Бірақ, кім біледі?! Бәрі мүмкін…(күлді).
  • Өміріңізде болған бір қызықты оқиғаңызбен бөлісе кетсеңіз.
  • Бірде Алматыға Павлодар облысының атынан «Жайдарман» ойынына келдік. Менің түрім, өздеріңіз білетіндей, қазаққа ұқсамайды. Оның үстіне, Павлодардан келген соң бәрі мені не орыстың, не немістің қызы деп ойлады. Содан Қызылорда жақтан келген жігіттер мені қазақша түсінбейді екен деп, мен туралы айтып, күле бастады. Ал мен болсам, бәрін түсініп тұрмын. Кейін арасынан біреуі қасыма келді де: «Қой, орыстың қызына жақындамаймын», – демесі бар ма? Мен бұрыла қалып: «Сен мені орыс деп тұрсың ба?» – деп едім, жігіттердің бәрі селк ете қалды. «Ойбай, мына қыз қазақша біледі екен», – деп таңғалып жатыр…
  • Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Наргиза Аршидин

                    (Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

Пікір қосу