Бейнебаяндарымды сапалы етуге ақылым жеткенімен, ақшам жетпейді

  • Олжас, сізді әнші, актер ретінде танимыз. Өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Қай жерденсіз?
  • Мен Талдықорған қаласы, Ескелді ауданындағы Нұрмолда Алдабергенов ауылында дүниеге келгенмін. Бірақ Талдықорған қаласындағы Дәнеш Рақышев атындағы спорт мектебінде он бір жыл оқыдым. Қарапайым отбасынан шыққанмын. Ата-анам ауыл шаруашылығымен айналысады. Жанұямызда менен басқа өнерге жақын адам жоқ.
  • Қазір сізді Олжас емес, көбінесе «Очоу» деген лақап атыңызбен таниды. Неге «Очоу»?
  • «Очоу» деген лақап атым арнайы осы өнердегі жолым үшін ойлап табылған есім емес. Кішкентай кезімде әкем «Очоубай» деп еркелететін. Кейіннен достарым да солай атап кетті. Бір жағынан ерекшелену үшін десем болады. Өнерің болсын, мейлі есімің болсын өзіндік ерекшелегімен көрініп тұруы керек қой. Сондықтан, мен «неге өзімнің ерекше «Очоу» деген есімімді қолданбасқа?!» деп шештім.
  • «Самса», «Бомба» деген секілді қызық тақырыптағы әндеріңіз бар. Бұндай ән жазуға не түрткі болды?
  • «Самса» деген әнді әзіл ретінде достарымыздың арасында айту үшін ғана шығарғанмын. Ал «Бомба» әніне көп күшімді жұмсадым. Әнді барынша, әзілге жақын, ерекше етуге тырыстым. Бейнебаяны да көрерменге жақсы көңіл күй сыйлады. Әнді жазып, бейнебаянды түсірген соң «халыққа ұнай ма екен?» деп қобалжыған едік. Бұл бейнебаян миллионнан астам көрсетілім жинады. Соған қарағанда, ел ішінде жақсы тараған сияқты.
  • Бейнебаяндарыңыздың сценарийі өзіңіздің идеяңыз ба?
  • Иә, қоржынымда 5-6 бейнебаяным бар. Бейнебаянның сценарийін өзім жазамын. Кейде өзім сценарист, актер де, режиссер, тіпті оператор да болып кететін кездерім болады. Енді бейнебаяндарым өте жоғарғы деңгейде сапалы, кәсіби түрде түсірілген деп айта алмаймын. Себебі оған ақылым жеткенімен, қаражатым жетпейді. Сондықтан, түсірілімін жоғары деңгейде ете алмасақ та, сценарийінің қызық болуына көңіл бөлемін. Енді келесі бейнебаянымды, Алла қаласа, сапасын жоғары, идеясын да креативті етіп түсіруді жоспарлаудамын.Картинки по запросу Олжас Абай
  • Байқауымша, «Бәсеке» сериалынан кейін өзіңізді актер ретінде таныта алдыңыз. Осы сериалдан кейін фильмге шақыртулар көбейген шығар. Солай ма?
  • Мен негізі алғаш «Парыз», «Қара шаңырақ» сериалдарына түстім. Одан кейін, «Бәсеке 1, 2» , «Әулет» сериалдарында рөлдерімді сомдап шықтым. Иә, сөзіңіздің жаны бар. «Бәсеке» сериалынан кейін көптеген сериалдарға шақыртулар болды. Содан режиссер «кино саласында жұмысыңды жалғастырып дамытсаң, болашағың зор» дегеннен кейін сериалдардан бас тартып, өзімді дамытуға кірістім. Ал былай «Брат или Брак», «Сиситай», «Одноклассники» секілді фильмдерге түстім. Алайда, «Бәсеке 3» сериалына шақырса түсер едім. Себебі бұл кино саласында өзімді танытуға, жеке бизнесімді бастауға септігін тигізді.
  • Ол қандай бизнес?
  • Ол жеке өзімнің бизнесім болмақ. Қандай екенін болашақта көре жатарсыздар. Әзірше, құпия болсын. Өнер адамдарына киноға түскенде, концерттік кештерде жүргенде көмектесетін бизнестің бір түрі.
  • Сіз басты рөлдердің бірін сомдаған «Брат или Брак» фильмі де сәтті шықты. Бұл фильмге қалай келдіңіз?
  • Фильмнің режиссері өзі қоңырау шалып, фильмдегі бас кейіпкердің бірінің рөлін маған ұсынды. Алайда, гонорарына келгенде мен келіспедім. Мүмкін, үлкен қаражат сұрайтын мықты актер емес шығармын. Сонда да мен бұл мамандықты меңгеріп, сериалдарға түсіп тәжірибе жинап, сегіз жыл өмірімді осы өнерге арнаған адаммын. Сондықтан «қаражатым жақсы төленсін. Сонда мен басқа жұмыстарға назар аудармай тек түсіріліммен айналысатын боламын. Жанымды салсам да, режиссер мен продюсер қалағанындай етіп образымды сомдап беремін» деп айттым. Кейін өздері қайта хабарласып, талаптарыма келісіп, фильмдегі жұмысымызды бастадық.
  • Картинки по запросу Олжас Абай
  • Егер де сізге ерік берсе, фильмдегі қыздың 5 ағасының қайсысының образын таңдар едіңіз?
  • Сол өзім сомдаған образды қайта таңдар едім деп ойлаймын. Себебі, ол образ жаныма жақын. Ал жаныңа сәйкес емес рөлді сомдау үшін әлі тәжірибе жинақтауым қажет.
  • Жаңа жылда Ұлттық арнамыздан мюзиклді шоу көрсетілген еді. Көпшілік сол шоуды көрген соң «Камшат Жолдыбаева мен Олжас Абайды сүйістіріп қойды. Тіпті, Ұлттық арнадан көрсетті» деп сынға алған еді. Бұған не дейсіз?
  • Енді бұл туралы мен не айта аламын?! Иә, бұл біздің салтымызға, дінімізге, менталитетімізге ерсі дүние шығар. Бірақ, әртіс болған соң бәрі болады. Кейде қойылған талапты орындайсың, кейде бас тартасың. Кейбірі осындай шу әңгіменің жүргенін де қалайды ғой. Бірақ қандай мақсатпен ойластырылғанын білмеймін. Режиссердің талабы сондай болды. Бізге «тек еріндеріңді тигізсең болды, ары қарай монтаждай саламыз» деді. Артық ештеңе болған жоқ. Өзім актер ретінде мұнда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бұл – жай ғана образ.

«Халық мені тұрмыстық өміріме, көлігіме қарап емес, өнеріме қарап бағалайды»

  • Баян Мақсатқызының жетекшілігімен түсірілген «Сиситай» фильміне де түскен екенсіз. Ол фильмдегі рөліңіз туралы айтып бере аласыз ба?
  • «Сиситай» фильмінде Испаниядан келген хореограф қазақ жігітінің рөлін сомдаймын. Баян оны мықты хореограф деп таныстырып, мақтайды. Хореограф жігіт те де өзін мықты деп есептейді. Алайда, оны көрермен мықты маман ретінде емес, аздап есі кеткен адам ретінде көреді.
  • Өнер адамдарының басым көпшілігі жеке өмірін, өмірлік жарын көрсеткісі келмейді. Ал сізде керісінше. Әріптестеріңіздің бұл әрекетіне қалай қарайсыз?
  • Шыны керек, біреудің жеке өмірі, отбасылық мәселесіне араласқым келмейді. Әр адам өзі біледі. Мүмкін, солай дұрыс деп есептейтін шығар. Ал менің жеке өміріме келетін болсам, менің жұбайым ән айтады. Оның да өнерге қатысы бар. Сондықтан, көбіне көңілін қалдырмай жаныма ертіп жүремін. Қазір әйеліңді қазан-ошақтың басында отырғызып қоятын заман емес деп ойлаймын. Дегенмен, өнерде жүрген соң, жеке өмірім туралы айта бергенді ұната бермеймін. Себебі, халық менің тұрмыстық өміріме, көлігіме қарап емес, өнеріме қарап бағаласа, таныса деймін.
  • Картинки по запросу Олжас Абай Брат или брак
    Жұбайы Альмирамен
  • Әйеліңіз қазір шығармашылық жұмысқа кірісті ме?
  • Әзірше жоқ. Себебі, баламыз әлі кішкентай. Енді бір өзен ақса, екінші өзен кез келген жерінен қосыла салады ғой. Сол сияқты, жұбайым болашақта «өнерге қайта келемін, шығармашылықпен айналысамын» десе, барынша қолдауға тырысамын. Әндерін де жазып беремін. Ең бастысы, өзі бәріне үлгерсе болғаны. Сүйікті адамыңның арманын орындау парыз ғой.

                                                                                Сұхбаттасқан Наргиза Аршидин

            ( Сұхбаттың толы нұсқасы «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар) 

 

 

 

 

 

 

Пікір қосу