• Нұржан, қазір «Гәкку» телеарнасында «Ұят парад» атты бағдарламаңыз бар. Осы жобаны шығарар кезде алдыңызда қандай мақсат болды?
  • Шыны керек, бұл бағдарлама үш жыл бұрын шығуы тиіс болатын. Біздің «Wifi 25» атты интернет жобамыз болған. Сол жобада біз отандық видеоларды талқылап, оларды әзілмен сынайтынбыз. Одан кейін «Гәкку» телеарнасының бас продюсері Тимур Балымбетов бізге хабарласып, осы жобаға ұқсас бағдарлама жасауды ұсынды. Біз бір бағдарламасын түсіріп көрдік. Алайда біздің халық мұндай сынға дайын емес еді. Ол уақытта «масқара», «ұят» деп айтатын бейнебаяндардың саны анағұрлым көп болатын. Жас болғандықтан болар, сын айтамыз деп шектен шығып, қатты айтып жіберетін кездеріміз де болды. Содан болар, араға үзіліс салып, үш жылдан кейін «Гәккуге» қайта оралдым. Тимур: «Енді бұл бағдарламаның уақыты келген сияқты», – деп, жобаны қайта бастауға рұқсатын берді.
  • Бағдарламаның алғашқы саны шыққан кезде көрермен қалай қабылдады?
  • Көрермен қабылдай алмады. Біз алдын ала бәрін түсіндік, бастапқыда осындай реакция болатынын білдік. Көпшілігі « Бұл арна отандық шоу-бизнесті, әншілерді насихаттай отыра, оларды сынға алып отырғаны несі?» деген пікірлер жазды. Тіпті арнамызда бірге жұмыс істейтін әріптестерім де кереғар пікірлер айта бастады. Әншілерді «Ұят парадқа» кіргізсек, ол әншіні жаман деген сөзіміз емес. Біз тек олардың жұмыстарын, бейнебаяндарын  талдаймыз, пікір білдіреміз.
  • Кейде сіз халыққа кең танылмаған, ешкім біле бермейтін әншілердің де бейнебаянын сынап жатасыз. Бұл керісінше, оларға пайдалы секілді…
  • Дұрыс айтасыз, танымал емес әншілер үшін бұл қандай да болсын жақсы пиар.Мысалы, «Меломен» тобы біздің сындарымызға өте орынды қарайды. Мен олардың екі бейнебаянын бағдарламаға шығарып, әзілмен сынадым. Олар өздері көріп, «Нұржан, бағдарламаны көріп әбден күлдік» деп түсіністікпен қарады. Өте танымал адамдардың бейнебаянынан мін табу қиын. Оның үстіне осыған дейінгі 13 бағдарламада олардың көпшілігі айтылып қойды. Бас-аяғы 100 бейнебаянды талдап тастадық. Ал қазір танымалдармен қоса, танымал еместерді де қосуға тура келіп тұр. Бағдарламаны шығармасам, халық «Неге жаңа саны шықпайды?»  дейді, шығарсам «Бұлар кімдер, осыларға ғана әліңіз жетті ме?» деп жатады. Сол үшін кейде Баян, Төреғали секілді үлкен «акулаларға» тиісуіме тура келеді.
  • Баян демекші, «Кеш you» тобының жаңа бейнебаянын оңдырмай сынадыңыз. Алайда Баян Алагөзованың жаңа фильмінде сіздің ойнағаныңызды көрдік. «Өзі «Кеш you» тобын жамандап алып, фильміне түсіп жүргені несі?» деп көп көрермен пікір білдірді. Сіз бұған не дейсіз?
  • Бұл фильмге түскеніме үш ай болды. Ал бейнебаян енді ғана шықты. «Баяннан ұят болар, фильміне түсіп қойған едім ғой» деп бейнебаянды сынамағаным дұрыс емес деп ойлаймын. Егер мен клипті сынасам, мен сол әншіні немесе продюсерін жек көреді деген сөз емес. Мен тек жасаған жұмысына пікір айтамын. Мен «Эщкереге» қатысты пікірімді өзгертпеймін. Баянның киносына түстім, ол фильм жақсы шыққан. Барлық жобаң әртүрлі шығады. Кейде жақсы шығады, кейде осылай «Эщкере» болады. Мұны дұрыс түсінсеңіздер екен.
  • Ол кісілер сізге реніш білдірген жоқ па?
  • Жоқ, керісінше Баян жақсы қабылдады. Фильмнің тұсаукесеріне арнайы шақырды. Баян өте кәсіби, ненің не екенін білетін адам ғой. Мен бағдарламамда ешкімнің жеке басына тіл тигізген жоқпын. Баян да бейнебаянда біраз қателіктер кеткенін жақсы біледі. Барлық сынды жақсы қабылдады.
  • Картинки по запросу ұят parade
  • «Алашұлы» тобының бейнебаянына жасалған бағдарламаңыз өте қызықты болды. Ол кісілердің тарапынан қандай да бір қарсылықтар болды деп естіген едім. Бұл рас па?
  • Қарсылықтар болды. Олар маған әлі де ренжулі, біздің сынымызды дұрыс түсінбеген секілді. Бағдарлама шыққаннан кейін бізге «Алашұлы» тобының продюсері хабарласты. Бағдарламамыз «Алашұлының» концертінің қарсаңында болып қалыпты. Бұл олардың ашуына тиіпті. Топтың  жанашырлары «Осы ісің үшін ұрып кетеміз, өлтіріп кетеміз» деп ашумен талай қоқан-лоқылар көрсетті. Ақырында біз топ жігіттерімен көзбе-көз кездестік. Мен оларға «Көрерменге бейнебаянда шын мәнінде не айтқыларың келгенін ресми түрде айтып,  жауап беріңдер» деп бағдарламаға шақырдым. Бейнебаянның идеялық мазмұнын ашық айтуларын сұрадым. «Алашұлы» тобының кезекті жауабы үшін сценарий де жазылды. Алайда олар сценарий бағыты бойынша сөйлегісі келмеді, қойылған сұрақтарға жауап бермеді. Сол себепті бұл бағдарламаны шығара алмадық. Кезегі келгенде бұл видеоны эксклюзив ретінде шығарармыз.
  • Өзіңіздің бейнебаянға сын айтарлық біліміңіз бар ма? Қандай оқу орнында оқығансыз?
  • Менің мамандығым – театр сыншысы. Т.Жүргенов академиясында оқыдым.
  • Сіз үшін бейнебаяндағы «ұят» деген не?
  • Ұят деген жұрт ойлағандай жалаңаштанған киіммен бейнебаян түсіру емес. Ұят деген – осындай технологиялық ғасырда қарапайым нәрселерді білмеу, қолыңда қаржың бар әнші бола тұра бейнебаянда үнемдеп қалу. Ұят деген – шығармашылық потенциалы көп адамдар бар  елде дарынсыз адамдармен жұмыс істеу. Ұят деген – өзінің ақылсыздығын бейнебаянда баршаға көрсетіп қою. Ұят деген – тек белгілі бір шаблондармен ғана өзін көрсету. Ұят деген, меніңше, батылдықтың жоқтығы. Менің түсінігімдегі ұят – осы.

Қазақтың боксшысын мақтау үшін шетелдің боксшысын балағаттаудың қажеті жоқ

  • Жауабыңыз түсінікті. Сіздің комментаторлығыңызға келер болсақ, қазір қандай ойынға комментаторлық жасап жүрсіз?
  • Қазір Ағылшын премьер-лигасына комментаторлық жасап жүрмін.
  • Өзіңіз қай команданың жанкүйерісіз? Спорттың қай түріне қызығушылығыңыз басымдау?
  • Мен футболды өте көп көремін. 16 жыл болды, Челси командасының жанкүйерімін. Одан бөлек үлкен теннис ойнаймын.
  • Өз комментаторлығыңыз кезінде жанкүйерлік пен журналистік балансты ұстай білесіз бе?
  • Егер сенің сүйікті командаң басқа бір командамен ойнап жатса, мен эмоциямды жасырайын деген қате нәрсе. Мен мұны «Сен өзіңді және көрерменді алдап жатырсың» деп түсінемін. Біз де адамбыз ғой, кейде ішкі эмоциямызды білдіріп қоямыз. Мысалы, Ресейде «Зениттің» жанкүйер комментаторлары бар, ол тек «Зениттің» матчарын жүргізеді. Бірақ комментаторлар шектен шықпау керек деп ойлаймын. Өзіңдікін мақтау үшін өзгені даттау қажет емес деп ойлаймын.
  • Комментаторлықта өзіңіздің қандай кемшіліктерім бар деп ойлайсыз?
  • Менің басынан-ақ құтыла алмай келе жатқан бір кемшілігім бар. Осы кемшілігіммен өлетін шығармын. Менің ойым бөлініп кете береді. Матчты көріп отырамын да, трибунада отырған біреуді көрсетсе «сол кісі кім еді?» деп ойланып кетіп, айтып отырған матч туралы сөзім далада қалады. Мен тіпті үйде әйеліммен сөйлесіп отырғанымда да, әңгімені басқа жаққа бұрып кете беремін. Бұл – менің үлкен қателігім.
  • Журналымыз отбасылық басылым болғандықтан отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз.
  • Отбасын құрғаныма жеті жыл болды. Ғазиза атты жарым, бір ұл, бір қызым бар. Ғазизамен бір оқу орнында оқып жүріп таныстық. Екі жыл кездесіп, үйлендік. Шыны керек, менің есте сақтау қабілетім өте нашар. Кеше ғана бір бағдарламада тілшінің «Қанша уақыт кездестіңіздер?» деген сұрағына жауап бере алмай, әбден ұятқа қалдым. Сол бағдарламадан кейін ғана әйеліммен екі жыл жүргенімді білдім. Жалпы бұл тақырыпты келесі жолы әйеліміз екеуміз айтып бермесек, өзім жарытып ештеңе айта алмай отырмын (күлді).
  • «Танымал спорт комментаторы Нұржан Еркінұлы өз ұлының тұсауын Қазақ хандығын балағаттаған адамға кестіріпті» деген ақпарат тарап еді бір кезде…Осыған түсінік бере кетіңізші.
  • Дмитрий Мостовой – менің әріптесім, әрі досым. Біз отбасымызбен жақын араласамыз. Мен шынында да, баламның Дмитрийге ұқсағанын қалаймын. Жаңағы ақпаратты таратып жүргендер – өзіміздің әріптестеріміз, оның кім екенін де білеміз. Мен бұл үшін Дмитрийдің неге кешірім сұрағанын да білмеймін. Мен болсам, мүлдем кешірім сұрамас едім. Курс өзгеріп, бір жағынан халық қиындықта отырған шақ. Ал біз Қазақ хандығын тойлап жаттық.Тараздағы іс-шара үшін қаншама қаржы жұмсалды, үлкен концерттер өткізілді. Шетелден әртүрлі қонақтар келіп, қап-қап доллар алып кетті. Ал қазақ халқы аш отыр. Ол «Қазақ хандығына шашылғанша, елдің жағдайын неге ойламаймыз? Тойлағанша, теңгенің бағамын неге ұстамайсыңдар» деп ашынып жазған еді. Меніңше, ол өте дұрыс айтты. Ал бұл сөзді көпшілігі дұрыс түсінбей, «ол Қазақ хандығын балағаттап жатыр» деп ойлады.
  • Жарыңыз қазір немен айналысып жүр?
  •  Ол кісі пластикалық хирургия саласын жарнамалаумен айналысады.

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

  (Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

Пікір қосу