Қазақ мәдениетін тағдыр қысымынан сақтап қалған құдіретті күштің бірі – ана тіліміз болса, енді бірі – қазақ өнері. Өнер – тұңғиық, өнерде тіл жоқ, өнер – өмір. Бұл ұғымның бүгінгі күні қазақ елінде ауқымы кең, саласы алуан. Соның ішіндегі, театр өнерінің ерекшесі һәм жаңасы – мюзикл жанры. Астанада осыдан екі жыл бұрын тұңғыш қазақ тіліндегі мюзикл театры құрылды. Ол – «Astana Musical».

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Елордамыздың 20 жылдығы мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының жанынан құрылған «Astana Musical» театры «Елордадан Алатауға сәлем» атты гастрольдік сапарымен келді.

Ашылу салтанатына арнайы келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алғы сөзін айтып, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов өз батасын берді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының директоры, PhD докторы Асхат Маемиров келген қонақтарға алғысын айтты. Бұл қойылымға Алматы қаласының қоғам қайраткерлері мен мәдениет саласының майталмандары  жиналды.

Уррааааа 😊

A post shared by Жарқын-Ай 🌙 (@jarkinaymusical) on

Жұмыс істеп келе жатқанына екі жыл ғана болған ұжым Алматыға сәлем бере келіпті. Қоржындарында «Ромео мен Джульетта», «Достар серті», «Қыз Жібек» және  «Жырлайды жүрек» қойылымдары бар. Алғашқы спектакль – әлемдік классикалық туынды Шекспирдің  «Ромео мен Джульеттасы» – еліміздегі лицензиясы алынған тұңғыш тұңғыш мюзикл қойылым.  Джульеттаның рөлін актриса, «Жанды дауыс» жобасының жеңімпазы Жарқынай Шалқар, ал Ромеоны актер Саламат Мұқашев өз деңгейлерінде сомдап алып шықты. Екіншісі «Жырлайды жүрек» поэтикалық-музыкалық туындысы  – мұзбалақ ақын Мұқағалидің жырларынан өрілген. Үшінші – 4 жігіттің достығын сипаттаған, консерваторияға оқуға түскен студенттердің өмірін көрсететін  «Достар серті» қойылымы. Ал төртіншісі қазақ өнерінің алтын қорына енген «Қыз Жібек» спектаклі. Сұлу Жібектің рөлін – Ризабекова Инабат, Төлегенді – Игілік Оразалы және Бекежанды – Расул Усманов сомдады.

Жастардың үлкен тиянақтылықпен келгені көзге шоқтай басылады. «Астана Мюзикл» қойған әр қойылымнан шыққанда көрермендер ерекше әсер алғанын айтып, тарасып жатты. Расында, қазақ театр өнеріне жаңа тыныс, жаңа лебін алып, жаңа толқын келгені анық. Аталмыш театрда 70-ке жуық мюзикл маманы бар. Яғни, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өзі әнші, өзі биші, өзі актер – әмбебап әртістерден тұрады.

Осы орайда театрдың көркемді жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат МАЕМИРОВ мырза былай деді:

 «Қазіргі жастардың сыртпен байланысы жақсы, әсіресе шетелдегі жастардың сұранысын қанағаттандыратын бірден бір жанр осы – мюзикл. Сондықтан, Елбасымыздың үлкен идеясымен, біздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, аталмыш театр Қазақконцерт мемлекеттік ұйымының жанынан құрылды. Қазіргі таңда 70-тен астам жас әртістер жұмыс істейді. Әрине, мюзикл әртісінің басты мамандығы сол: актерлік тұрғыда образ жасай білуі керек, мықты вокал керек, үшінші кезекте пластикасы мен хореографиялық қабілеті бір-бірімен үндесіп жатуы керек. Осындай сұрыптаудан өткен еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған, мюзикл мамандығы бойынша бітірген мамандар еңбек етіп жатыр. Бұларда керемет костюм бар, ансамбль бар, хареография бар, хор мен вокал бар және жүз пайыз табиғи, жанды дауыста айтады. Ең бастысы осы, билеп жүріп, түрлі акробатикалық күрделі қозғалыстарды жасап жүріп, шайқастардың ортасында демді жоғалтпастан ән айту өте қиын.   

Әзірге театрдың репертуарында бес қойылым бар. «Астана Мюзикл» театрының Алатауға келіп сәлем  беріп кетуі, тағзым етуі – өздері үшін үлкен парыз болды. Сондықтан жастар осы сахнамен сырласып, кеше Асанәлі аға Әшімов олармен сұхбат өткізді. Осы сахнаның қадір-қасиеті туралы айтты. Сабира, Хадиша, Шолпан апайлардың ізі қалған киелі сахна деп  жауапкершілігінің қандай үлкен екенін айтты. Ұлыстың ұлы күні қарсаңыда, Қазақтан, елден бата алуы жастардың пешенесіне жазылған сыңайлы. Әкемтеатр 92 жаста, ал еліміздегі ең бала театр, «Астана Мюзкил» 2 жаста. Сол үшін де көркемдік жетекшісі ретінде, ұлы далаға тағзым етуді парыз санадым.

Жалпы, жастардың Елордадан Алатауға әкелген сәлемі – лайықты сәлем және өз кезегінде теартанушылар мен өнертанушылардан, өнерсүйер көрермендерден жақсы биік бағасын алады деген сенімдемін.

Айта кетейік, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Astana Musical» театры «Ұлы Дала театры» атауымен «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін Франция, Германия, Бельгия, Австрия, Ресей мемлекеттерінің назарына ұсынған болатын. Қоюшы-режиссері және жоба авторы – «Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі, қазіргі таңда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Алла жар болсын, «Астана Мюзикл»! Театр қоржынында көркем туындылар көбейе берсін!

Пікір қосу