Әнші Төреғали Төреәлінің тағы да басы дауға қалды. Ақын Әл-Фараби Бекарысұлы мәлімдеуінше, әншінің орындауындағы “Найзағай болып” әнінің сөзін Бекарысұлының өзі жазған, алайда Төреғали достарымен бірге оны аздап өзгерістер енгізіп, иеленіп алған, деп хабарлады “Замана” басылымы.

«Бұл әннің әу бастағы сөздері менікі еді. Ал Аян Сейітов деген жігіт Төреғалидың айтуымен өзгеше етіп сөз жазған. Бірақ ең негізгі бөлігі – «Найзағай болып» деген жерін алып қалған. Менің нұсқамдағы өлеңнің аты – «Найзағай көңіл». Ал Төреғалидың орындауында «Найзағай болып» деп таралып кетті. Ал оның әнін менің жан досым әрі группаласым Үкітай Ерниязов шығарған.»- деді ақын.

«Бұл әнді Төреғали Үкітайдан алған. Бастапқыда ол мұны домбырамен, менің жазған өлеңіммен орындап жүрген. «Тырнақалды туындымыз жарыққа шығатын болды» деп қуанып жүргенбіз. Күндердің бір күнінде Төреғали әннің сөзін мүлдем өзгертіп, ел ішіне таратып жібереді. Онысын бізге мүлдем ескертпейді. Әрине, біз бұған ренжідік. «Мұның не?» – деп өзіне бірнеше мәрте айттық. Бірақ ол: «Ескерткен сияқты едім ғой», – дегеннен ары аспады. Дұрыстап уәж айта алмады. Сосын біз де қазақшылыққа салынып: «Бәріміз бір өңірдің тумасымыз ғой, бір өлең үшін жаға жыртысқанымыз ұятты», – деп қоя салдық. Бірақ мен Төреғалидың өзіне: «Сен де ақындықтан алыс емессің. Ақын үшін өлеңі ішінен шыққан баласы іспеттес. Ал енді балаңды ойдан-қырдан қашқандар жұлмалап жатса сен қандай күйде болар едің?» – деп айтқанмын. Ол сонда: «Аға, бұл әнді сіздің сөзіңізбен де жаздырамын. Елге танытамын», – деп құтылған. Бірақ содан кейін біздің жаққа ат ізін салған жоқ. Тіпті кездесіп қалған жерде танымайтындай кейіп танытып жүр. «- деді ақын.

1 пікір

  1. Әл- Фараби бауырым, бұл өте үлкен қиянат. Сондықтан нақты мәліметтер керек. Ол мәлімет—шығарманың тіркелген-тіркелмегенімен дәлелденеді. Сөз дәлелсіз болса құр куәгермен айтылған сөздің жаладан айырмасы жоқ. Шығарманың нағыз авторлары Қазақстан авторлары қоғамына неғұрлым ертерек хабарласыңыздар. Тел: 2 94 38 59, 3 94 39 79

Пікір қосу