• ­Назым, көпшілік сізді телевизиялық «Айгөлек» балалар байқауының жүргізушісі ретінде жақсы танитын. Ал қазір Keshyou тобының мүшесісіз. Еліміздегі танымал топта ән айтуды армандаушы ма едіңіз?
  • Қазақстанда әнші болуға талаптанған әр қыз бұл топта ән салуды армандайды десем, артық айтқаным болмас. Кез келген қыздан сұрасаңыз, солай жауап беретін еді. Бірақ, мен Keshyou тобының солисі боламын деп ойламадым. Себебі, «Айгөлек» бағдарламасының продюсері Еркеш Алихан үшеуміздің жоба біткеннен кейін трио болып сахнаға шығатынымызды жоспарлап қойған еді. Соңында Алихан жеке әнші болып өз жолымен кетті. Еркеш екеуміз «Лүпіл» дуэтін құрдық. Бұл топ тарағаннан кейін мен Keshyou тобына келдім.

 

  • «Назымның кереметтей даусы жоқ. Анасы Ғалия Байбосынова елге белгілі продюсер әрі Баянмен жақсы таныс. Сондықтан, ол топқа қабылданды» дейтін пікірлер ел арасында жиі айтылады. Бұған не дейсіз? Расында да, топқа қабылдануыңызға анаңыздың ықпалы болды ма?
  • Бастапқыда кастингке келгенде Баян Мақсатқызы мені танымады. Кейіннен Ғалия Байбосынованың қызы екенімді естігенде де ешқандай таңғалыс сезімін білдірмеді. Аты-жөнімді, осыған дейін қайда жұмыс істегенімді өз жөнімен сұрады. Бұл жерде продюсердің қызы болуымның ешқандай ықпалы болмады. «Айгөлекке» жүргізуші болып келгенде де мұндай әңгімелер айтылған. Танымал болып жүргенім – анамның арқасы екенін жасырмаймын. Ол кісі мені тәрбиелеп, сахнаға үйретті. Бірақ, «Айгөлек» бағдарламасының кастингінен де өзім өттім. Естеріңізде болса, «Айгөлек» жобасы бастапқыда жай ғана фестиваль болатын. Әншілерге қол соғып, қошемет көрсетіп отыратын массовка керек болды. Ал мен сабақтан кейін бос уақытымда, сол жерге барып қол шапалақтап отыратынмын. Фестивальді видеодан көрген басшылықтың маған көзі түсіпті. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бас продюсері кастингке келгенімде мені жүргізушілікке өзі бекітті. Тіпті, бағдарламаны жүргізіп жүргенге дейін басшылық менің Ғалия Байбосынованың қызы екенімді білмепті.
  • Ал Keshyou тобына Бағым Мақсатқызы неліктен тура сізге қоңырау шалып, кастингке шақырды деп ойлайсыз?
  • Ол кісі маған емес, анама телефон шалып, менің кастингке келуімді сұрады. Анам: «Барып көр, мүмкін, өтіп кетерсің», – деп ақылын айтты. Мүмкін, Бағым ханым мені бұрыннан көріп жүргендіктен, сахнада қалай өзімді ұстайтынымды білетіндіктен шақырған болар.
  • Бұған дейін Еркеш Хасенмен дуэт болып ән айтқан едіңіз. «Лүпіл» тобының ғұмырының қысқа болуының себебі неде?
  • Біздің продюсеріміз Ғалия Ахатқызының ойымен жасөспірімдерге арналған топ құрдық. Бірақ, біздің бойымыз сәйкес келмеді. Дуэт болғаннан кейін сырттан қараған адамға бәрі үйлесіп тұруы керек. Кішкентай кезімнен бойым ұзын болды. Еркештің бойы өз қалпында қалып, мен 170 см-ден асып кеттім. Қыз болғаннан кейін сахнаға боянып шығып, биік өкшелі аяқ киім киюім керек. Сөйтіп, Еркештің қасында жасы үлкен қыз секілді көріндім. Ән жаздырғанда даусымыз сәйкеспей  қала берді. Тіпті, ел арасында  «Еркеш пен Назымның арасында махаббат болған соң бірге ән айтып жүр» деген әңгіме де тарай бастады. Еркеш екеуміз кішкентай күнімізден жақын доспыз. Сондықтан, ақылдасып, тобымызды тараттық.
  • Топтағы қыздарға қарағанда жасыңыз кіші және тәжірибеңіз аз. Талапшыл продюсермен әрі танымал топта жұмыс істеу қиын емес пе?
  • Кастингке келерде бұл топқа қабылданатынымды білмедім. Бірақ, басқа продюсермен жұмыс істеуді ойлап жүрген едім. Барлығы «продюсері анасы болғаннан кейін ештеңе қиын емес» деп ойлайды. Шын мәнінде, оның өз алдына қиындығы бар. Анам менің қабілетімді жақсы біледі. Бізге бірге жұмыс істеу оңай болған жоқ. Ал Баян Мақсатқызының продюсерлігінде барлығы оңай немесе қиын деп айта алмаймын. Бастысы, бұл жұмыс маған ұнайды. Ұнағаны соншалық, тіпті шаршағанымды білмей қаламын. Ол кісілердің ескертпелерін мұқият тыңдаймын. Анам мені кішкентайымнан осылай тәрбиеледі. Keshyou тобына келген қыздар ән жаздыру кезінде жылап шығады деп жатады. Ал менде ондай жағдай болмады (күлді).
  • Халық жаңа құрамды бұрынғы топтың экс-солистерімен жиі салыстырады. «Keshyou-дің деңгейі жыл өткен сайын төмендеп барады. Бұрынғы құрамдағы әншілердей емес» деп айтады. Мұндай пікірлер сіздерге қалай әсер етеді?
  • Мұндай пікір білдіретіндерге көңіл аудармауға тырысамын. Сонда да, көңіліме тиеді. Ол жерде (Инстаграмда) тіпті сүйектен өтетін, ғайбат сөздер де айтылады. Сонда «Адамдар не үшін осыншама ауыр сөздер айтып, қатыгездіктік танытады?» деген ойға қаламын. Және бұл әр топтың құрамы өзгерген сайын қайталана береді. Танымал топтың құамына жаңадан қосылған әншінің мұндай сын естуі, тіпті, бізде салтқа айналды. Мүмкін, жаңағыдай пікір жазатын адамдардың басынан келеңсіз жағдайлар өткен шығар, өмірге өкпесі бар болар? Бірақ, кейбіреулерінің парақшаларына кіріп қарасам, балаларымен күліп түскен суреттерін көріп, «бақытты ана» деген статустарын оқып таңғаламын. Шынында, өзі бала өсіріп отырған «бақытты ана» болса, неге біреудің жанын жаралайтын пікір қалдырады?
  • Әсіресе, жұрт сізді «даусы жоқ, топқа не үшін келген?» деп көп сынайды. Мұндай сөздер жалықтырып жіберген жоқ па?
  • Жоқ, жақындарымның барлығы маған қолдау білдіріп, мұндайға көңіл аудармауымды сұрайды.
  • Топқа келетін кезде тыңдарман тарапынан осындай сыни пікірлердің болатынын білдіңіз бе?
  • Мұндай пікірлер маған «Мой мир» әлеуметтік желісі бар кезден-ақ айтылған. Тележүргізуші болып жүргенімде «көзі қисық», «даусы жағымсыз», «мұнда не үшін жүр?» деген пікірлерді жиі еститінмін. Анам әу баста көрермендердің сыни көзқарастары болатынын айтып ескерткен. Сондықтан, мен бәріне алдын ала дайын болдым.Топта әндеріңіздің басты партиясын Балжан мен Элизат айтады. Ал Сара рэпке ден қойып жүр. Олардың арасында көлеңкеде қалып қоямын деп ойламайсыз ба?
  • Жоқ, олай ойламаймын. Себебі, Бағым Мақсатқызы қыздар әнді осылай орындаса ғана табиғаты ашылып, шынайы шығатынын біледі. Яғни, бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. «Қыздар маған қарағанда көп айтты, мен айтпадым» деген пікірлерді ән жаздыру кезінде мүлдем ойламаймын. Топта ән салсам, көлеңкеде қалуым мүмкін емес. Топтағы қыздармен бұрыннан бері таныспыз. Ұсақ-түйекке бола олармен ренжіскім де келмейді.
  • Топтағы қыздардың қайсысымен жақын құрбысыз? Қай қызбен тіл табысу қиынға соқты?
  • Барлығымен де өте жақын доспын. Бірге тамақ ішіп, бірге қыдырамыз. Бірақ, қазір бір жерге баруға да уақытымыз жоқ. Біздің қыдыратын жеріміз – би студиясы (күлді). Уақытымның көп бөлігі қыздармен өтеді. Сондықтан болар бір үйдің қызындай етене жақын араласып кеттік.
  • Топтың құрамында қанша уақыт болуыңыз мүмкін? Продюсермен қанша уақытқа келісімшартқа отырдыңыз?
  • Жеті жылға келісімшартқа отырдық. Алда не боларын уақыт көрсетер. Барынша продюсерімнің көңілін қалдырмауға, сенімін ақтауға тырысамын. Басқа қыздар секілді аяқ астынан ойымды өзгертіп, кетіп қалмаймын деп ойлаймын.
  • Күнделікті хореография, вокалдан сабақ аласыздар. Жеке өміріңізге уақыт табыла ма? Күн тәртібіңіз бұрынғыдан да тығыз шығар?
  • Достарымның барлығы «Назым, қайдасың? Жұлдыз болып кеттің бе?» деп реніштерін айтып жатыр. Отбасыммен таңертең және ұйықтар алдында кездесемін. Жақында бейнебаянды түсіріп болған соң туыстарыма қонаққа барып келдім. Өзіңіз айтып отырғандай хореография, вокалдан сағаттап сабақ алып, уақытымның көп бөлігін шығармашылыққа жұмсаудамын.
  • Бала кезіңізден бірге өскен Еркеш Хасенмен, Алихан Байсұлтановпен араласып тұрасыз ба?
  • Әрине, өте жақсы араласып тұрамыз. Біздің ата-анамыз да жақсы қарым-қатынаста. Еркеш біздің үйдің баласындай болып кеткен. Қазір «ALEM Band» тобында ән айтады.
  • Қазақтың сүйкімді әрі сымбатты қыздарының бірісіз. Сізге сөз салып, көңілін білдіретіндер де көп шығар?
  • Әрине, мазалайтындар бар (ұяла жауап берді). Телефон нөмірімді қайдан тауып алатынын білмеймін. Олармен мүлдем араласпаймын. Шынымды айтсам, мені мазалайтындар «Айгөлек» бағдарламасын жүргізіп жүргеннен-ақ көп болатын. Тіпті, мектепте оқып жүрген кезде де бала махаббатын білдіріп: «Жақын араласайық, киноға барайық» деп айтқандар да болды. Бірақ, мен олардың талабын тойтарып тастайтынмын. Өзім біреуге есім кетіп ғашық болмадым. Неге екенін білмеймін, мүмкін, құдайдың өзі мені әртүрлі жамандықтардан сақтап отырған шығар.
  • Ал қазір жігітіңіз бар ма?
  • Сабақ-сабақ деп жеке өмірім туралы ұмытып кетіппін. Әзірге жігітім жоқ.
  • Keshyou-ға келгелі өміріңіз қаншалықты өзгерді?
  • Keshyou тобына келген кезден-ақ кейбір адамдардың маған деген көзқарасы өзгерді. Мысалы, бұрын маған мұрнын шүйіріп, менсінбей қарайтындар қазір танысқысы келіп тұрады. Көшеде жүрсем суретке түскісі келетін жанкүйерлерім көбейді. Десе де, кейде сабағыма үлгере алмай қаламын. Қазір қатыса алмаған сабақтарымды оқып, тапсырып жатырмын. Маған түсіністікпен қарап отырған ұстаздарыма ризамын.

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

Пікір қосу