– Динара, жақында кинотеатрлардан көрсетіле бастаған «Оралман из Питера» фильмінде әнге құштар қыздың образын алып шығыпсыз. Өзіңіздің «әу» деп ән салатын өнеріңіз бар ма?

– Иә, кинода Аружан есімді әнші қыздың рөлін ойнадым. Негізі ән салғанды жақсы көрем, бірақ керемет даусым жоқ. Түсірілім алдында Арман аға (Дүйсенов) бір ән орындап беруімді сұрады. Мен айтып біткен соң «Даусың жақсы екен» деп мақтады. Бірақ фильмде әнді кәсіби әнші орындады.

– Осы фильмде Қ.Шәкіржановтың кейіпкері: «Әй, қарасаңдаршы айналаға, кім не ұрламай жатыр?! На то пошло, өмірдің өзі плагиат» дейтін жері бар. Осы плагиат деген дүние қай салада болсын қойны-қонышымызға кіріп алды. Кинода да плагиат. Жалпы, сценарийі плагиат фильмде ойнауға ұсыныс түссе, келісер ме едіңіз?

– Кинода мұны ремейк дейді. Онда сюжетті бастан-аяқ толық көшірмейді. Және бір ерекшелігі, мұндай киноның өзіндік жауапкершілігі болады. Өйткені кино алғашқы нұсқасынан да жақсы болып шығуы тиіс. Негізі, қазір көп кино белгілі бір стандартты схемамен түсіріледі. Яғни көрермен нені көргісі келеді, сол ұсынылады. Бұл туралы Джек Лондон өзінің «Мартин Иден» кітабында да жазған. Сонда бері қанша уақыт өтсе де бұл үрдіс өзгермей келе жатыр.

Осыдан біраз жыл бұрын «Дрянная девчонка» деген кәріс фильмінің қазақстандық ремейкіне түстім. Ол маған кино әлемінің есігін ашқан «Он и она» фильмі болатын. Және бұл біздегі өте табысты фильмдердің бірі болды. Сондықтан біз алдымызға қойған міндетті артығымен орындап шықтық деп ойлаймын.

Киноға түскенде ең бірінші неге мән бересіз?

– Әрине, алдымен сценарийімен танысып, өзім ойнайтын кейіпкеріме көңіл аударамын. Содан кейін режиссердің жауапкершілігі мен актерлерге деген қарым-қатынасына мән беремін. Және бір жобада ойнайтын болғандықтан актерлік құрамға да қараймын.

– «Он и она», «В сетях», «Оралман из Питера», «Три лимона» фильмдері мен «Нархоз», «Зәуре», «Унесенные рейсом» телехикаяларында ойнадыңыз. Соның ішінде кейіпкеріңіздің қайсысы өз бітім-болмысыңызға сай келеді?

– Жалпы, қандай да бір образды жаныңды салып ойнағаннан кейін ол сенің бір бөлшегің сияқты болып тұрады. Менің жан дүниеме қалаға бақытын іздеп келетін Зәуре рөлі жақындау. Әрі тағдырымызда да ұқсастықтар бар. Зәуре секілді мен де Алматыға армандарымды арқалап келген едім. Қазір, шүкір, сол армандарым ақиқатқа айналып жатыр. Бүгінгі күніме толық көңілім толады.

– Ал арманыңыздағы рөліңіз?

– Триллер, детектив, психологиялық жанрдағы көркем фильмдерге түскім келеді. Жасөпірім кезімде осы жанрларда шағын әңгімелер жазатынмын.

– Бір сұхбатыңызда «Көп оқимын, үйдегі бүкіл кітапты оқып тауыстым» деген екенсіз. Қазір кітап оқитын жас буын жоқтың қасы деп жатады. Сіз кітапты қандай мақсатта оқисыз?

– Иә, қолыма кітап түссе, бітіргенше бас алмай оқимын. Бос уақытымды осындай пайдалы дүниеге жұмсағым келеді. Кітап оқитын жанның ой-өрісі дамып, тілдік қоры молаяды. Санасы сәулеленіп, жаңа дүниені танып-біледі, ой-қиялы шарықтайды. Қалай дегенмен де адам кітап оқу арқылы өседі. Меніңше, адамдар, әсіресе арманшыл жандар жоқ дегенде жарты жылда бір кітап оқуы керек. Жақсы кітап оқу керемет бір фильм көргеннен де пайдалырақ. Өз басым  кітап оқымайтын адамдарды түсінбеймін.

– «Динара қазақшаны әрең сөйлейді. Орыстанып кеткені көрініп тұр» деген пікірлер де бар екен. Бұған не деп жауап бересіз?

– Мен қазақ тілін бір кісідей білемін. Бірақ маған орыс тілінде ойлау жеңілдеу. Әрине, бұл мақтан тұтып айтатындай жайт емес… Өзім өскен Атырау өңірінде халықтың басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлейді. Мен мектепке барғанға дейін бірауыз орысша білмей өстім. Кейін орыс мектебінде оқыдым. Айналамдағылар орыстілді жандар болды. Жақын арада қазақ тілінде жетік сөйлеп қана қоймай, ойымды да қазақ тілінде жеткізіп үйренемін деп алдыма мақсат қойдым. Бірақ оған дейін әлеуметтік желілерімді орыс тілінде жүргіземін. Өйткені жаңа өзіңіз оқыған сияқты жағымсыз пікірлерді ести бергім келмейді.

– Жандос Айбасов екеуіңіздің жолдарыңыз жиі тоғысатын сияқты. «Он и она», сосын «Нархозда» Жандос режиссер болса, сіз басты кейіпкерді ойнадыңыз. «Зәуреде» де Жандос сізге ғашық жігіттің рөлін сомдады. Бұл кездейсоқтық па, әлде астарында басқа нәрсе ме?

– Жандоспен түсірілім алаңдарында кездейсоқ кездесіп қаламын. Мұнан астар іздеп, әлденемен байланыстырудың қажеті жоқ. Екеуміз бір жобада бірге жұмыс істеп жатсақ, оған мен қашанда қуанамын. Алдағы уақытта да Жандос екеуміз қатысатын талай жобалар болады деп ойлаймын.

– Енді әңгіме ауанын жеке өміріңізге бұрсақ. Тартымды арусыз. Сізге көз салатын да, сөз айтатын да жігіттер көп. Бірақ жүрек қалауыңыз болған жанды осы күнге дейін қатты құпиялап келесіз. Неге?

– Жеке өмірімді көпшіліктің талқысына салғым келмейді. Иә, жүрегімнің иесі бар. Ал қалғанын уақыты келгенде көре жатарсыздар. Сондықтан бұл әзірге тек өзімнің «жекеменшік» құпиям болғаны дұрыс.

– Көпшілік сізді экрандағы ғашықтарыңызбен жиі қосып жатады: Қуаныш Жылжақсынов, Шыңғыс Капин, әлгінде айтқан Жандос болсын. Мұндайға сүйіктіңіз ренжімей ме?

– Бұл сұрақтың жауабы жоқ… (күлді).

–Бүгінгінің бойжеткендері қатып қалған бір сұлулық стандартымен жүруге тырысады. Өзіңізді олардан ерекшемін деп ойлайсыз ба?

– Иә, қазір қыздардың бәрінде бір образ: сызылған қас, жабыстырылған найзадай кірпік, ісірілген томпақ еріндер. Макияж да бәрінде бірдей. Өзім стандартқа сай болуға ұмтылмаймын. Меніңше, қаншалықты табиғи жаратылысың сақталса, соншалықты ерекше сұлу боп көрінесің.

                                                               Сұхбаттасқан Ай-нұры ЕРМАХАНОВА

Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!

 («Жұлдыздар отбасы» журналының 2017жыл, №9 санынан қысқартылып алынды)

Пікір қосу