Сізбен сұхбаттасу үшін хабарласқанымда «кофеханада сатушымын, сонда келіңіз» деп шақырдыңыз. Бұл жерде не істеп жүрсіз?
– Алишер есімді досым еліміздің бірнеше қаласында кофехана ашқан болатын. Маркетинг бойынша ол маған және танымал бірнеше достарына хабарласып, келіп кофе сатушы болып істеуімізді өтінді. Себебі, қазір қандай да бір кәсіп бастамас бұрын оны дұрыс жарнамалай білу керек. Осындай өтініштермен хабарласқан таныстарыма шамам келгенше көмектесемін.
Байқағанымыз, әрқашан күлімдеп жүресіз. Сіз жүргізген бағдарламалар да жеңіл әрі әзілге толы болып өтеді. Бұл сіздің туа біткен мінезіңіз бе?
– Маған үнемі күлімдеп жүруге энергияны адамдар береді. Мен өміріме жеңіл қараймын. Жеңіл қару мен жеңілтектік екі бөлек мінез. Түні бойы жұмыс істеу керек пе? Істеймін. Бір күнде екі жобаны жүргізу керек пе? Келісемін. Мен қызымды босанғаннан кейін екі сағат өтпестен жұмыстан адамдар хабарласты. Бала тудым екен деп жатқан жоқпын. Хабарласып, мәселені шешіп кеттім. Мұның барлығы адамның өмірге деген көзқарасына байланысты.
– Көпшілік сіздің сырт-келбетіңізге өзгеріс енгенін айтады. Шынымен пластикалық ота жасаттыңыз ба?
– Пластикалық отаны жасадым. Бұдан ешқандай жамандық көрмедім. Бұл әр адамның өз шешімі. Оған ешкімнің араласуына құқығы жоқ. Егер адамға өзінің түр-тұлғасы көңілінен шықпаса ота жасатсын. Өмірде пластикалық отаның құрбандары кездеседі. Бірақ сұлу көрінуге ота аздап болса да септігін тигізеді. Мен келбетімді артық әшекейлегем жоқ. Керісінше, кемшіл тұстарыма түзету енгіздім. Әр әйел адам әрқашан өз сырт-келбетіне көңілі толмайды. Мұны қалыпты жағдай деп айтар едім. Бірақ ота жасатқысы келген адамдар ойланып шешім жасай білу керек.
Көпшілікке сіздің отбасылық өміріңіз, жолдасыңыздың кім екені қызық. Бірақ бұл тақырыпқа келгенде ештеңе айта бермейсіз.
– Екі балам бар. Үлкен ұлымның есімі Даниял, жасы 12 де. Кіші қызымның есімі Диана. Даниял мектепке барады. Ал Диана әлі кішкентай. Жолдасыммен біраз уақыт бұрын ажырасқанмын. Бұрынғы күйеуім өте жақсы, қарапайым, адамгершілігі мол адам. Бірақ бір отбасы болып, ұзақ өмір сүре алмадық. Ғаламторда шынымен менің жеке өмірім жайлы білгісі келетіндер көп. Бірақ оларға менің жеке өмірімді білгеннен келіп-кетер пайда бар ма? Көпшілігі егер әйелдер табысқа жетіп жатса оның артында не әкесі, не күйеуі бар деп ойлайды. Бірақ күйеуің қанша мықты болса да тікелей эфирде хабар жүргізіп тұрғанда саған көмектесе алмайды. Сен үшін ешкім жұмыс істеп бермейді. Келісемін, қол ұшын қимылдатпай күйеуінің арқасында атаққа ие болып отырған көптеген әйелдер бар. Бірақ осыған қарап «барлық әйелдер табысқа ер азаматтың арқасында жетеді» деп айта алмаймыз. Мен осы күніме өз еңбегім мен талпынысымның арқасында ғана жеттім. Ал жеке өміріме келсек, танымал адамдардың өз өмірлерін жұмбаққа толы етіп көрсеткені дұрыс деп ойлаймын. Отбасы туралы айтқан сәттен бастап-ақ халық арасында сол адамға деген қызығушылық жоғалады. Жұрт менің жанымдағы ер азаматтың кім екенін білгісі келеді. Бірақ мен әлі күнге дейін өмірлік серік бола алатын азаматты кездестірмедім.


– Балаларыңыздың қандай қызығушылығы бар? Мінезі кімге ұқсайды?
– Үлкен ұлымның өз кәсібі бар. Инстаграм парақшасында спинер, антистресс, залипалка секілді қазіргі балаларға қызықты, сәнді ойыншықтарды сатады. Мен баламның кәсіппен айналысқанына қарсы емеспін. Біз Есіл өзенінің жанында тұрамыз. Өзі балық аулағанды жақсы көреді. Жаз басталса бірден өзен жағалауына кетеді. Батутта секіргенді ұнатады. Диана болса билегенді жақсы көреді. Бір жыл шығыс биімен айналысты, қазір гимнастикаға, балетке барады. Менің ойымша, ол болашақта балерина болады. Мінезі өте сабырлы, тұйықтау. Беталды күлмейді, орынсыз сөйлемейді. Мен балаларымды өте қарапайым түрде тәрбиелеймін. Олардың кішкентай күнінен еңбекпен айналысқанын қалаймын. Ешқашан Даниял мен Диана диванда отырып, теледидар көріп қол қусырып отырмайды. Мен әжемнің қолында өскен қызбын. Әжеме жазда бақшаға көкөніс егуге көмектесетінмін. Ағып тұрған мұздай судан тайсалмай бақша суаратынмын. Әжем күнде арам шөп жұлғызып, үйдегі кілемдерді тазалататын. Өскенде жаман болмадық, әжемнің тәрбиесінің арқасында пысық, ұқыпты болып бойжеттім. Балаларымның да еңбекқор болып өскенін қалаймын.


– Сіздің әулетіңіз атақты Байдалы бидің ұрпағы екенін білдім. Үйіңізде қазақы салт-дәстүрлерге қаншалықты көңіл бөлесіздер? Өзіңіз қазақ тілін білесіз бе?
– Біз қазақтың көнеден келе жатқан салт-дәстүрлерін орындайтын әулетпіз. Жұма сайын жеті шелпек пісіріп, ата-бабаларымызға құран бағыштаймыз. Балаларыммен жиі мешітке барамын. Кіші қызым Диана мешітке барғанды қатты жақсы көреді. Балаларымның кішкентай күнінен қасиетті орындарға барғанын қалаймын. Олар бала болса да барлығын сезеді ғой. Мешітке кіргенде қызым қуанып ішінде жүгіріп жүреді. Хазірет Сұлтан мешітінің әдемі күмбезін, ою-өрнектерін жақсы көреді. Әр жылы Құрбан айт мерекесінде өзім қой сойып, құрбандық беремін. Үйде бәріміз орыс тілінде сөйлейміз. «Неліктен орысша сөйлейсіз?» деп кінәлайтын боларсыз? Себебі, мен орыс тілінде балабақшаға, мектепке барып, сосын университетте білім алдым. Тәуелсіздікке дейін 70 жыл бойы қазақ халқы орыс тілінде сөйлеп, Ресейге бодан болды. Мұның барлығы менің өміріме әсер етті. Мен қазақ тілін тұрмыстық деңгейде білемін. Қазақ тілінде сұрақ қойған адамға қазақша жауап беремін.
– Ұлыңыз қай тілде білім алады?
– Ұлым «Мирас» халықаралық үш тілде білім беретін мектепке барады. Бұл – жекеменшік өте жоғары білім беретін мектеп. Бірінші сыныптан бастап мен ешқашан онымен бірге отырып сабақ дайындауға көмектеспеппін. Оған «Балам біз сені білім алу үшін ақша төлеп, мектепке апарамыз. Сен өзің осы еңбегімізді бағалап, өзің озат оқуың керек» деп түсіндірдім. Ал Диананы қазір балабақшаға орналастырғым келмейді. Шамалы өскен соң бұл жайлы ойланатын шығармын.

Сұхбаттасқан Айнұры Есенғали

               Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!

     («Жұлдыздар отбасы» журналының 2017 жыл,№13 санынан алынды)

Пікір қосу