Оғыз ДОҒАН талабына қарамай, сот болмай қалды.

0
1 590 қаралды

16-шы қазанда Алматы қаласының Түрксіб ауданындық соты түрік азаматы Оғыз Доғанның арызы-шағымы бойынша «Эйр Астана» әуекомпаниясын жауапқа тартуы тиіс болған. «Эйр Астананың» Салимбаева деген адвокаты сотқа келіп, «арыз иесінің шағымхаты «Эйр-Астана» компаниясы мекеніне жеткізілмеген» — дейтін жазбаша хат әкеліпті. Бұл сотты қарауы тиіс болған судья Н.К.Калыжманова, сол хатты негіз етіп, сотты кейінге қалдырды. Оғыз Доғанның, және оны қолдауға келген қазақ тілі жанашырларының уәжі бойынша, «Эйр-Астана» компаниясының «арыз иесінің шағымы жайлы хабарсыз қалдық» деген сылтауы еш негізсіз. 1-ден, Оғыз Доған мен «Эйр-Астана» арасындағы даудың үлкен шу болып, талай баспасөздерде жарияланғаны белгілі. 2-ден, Оғыз Доғанның соты екінші рет кейінге қалдырылып отыр. Алдыңғы жолы қыркүйек айнда, «Эйр-Астана» компаниясының адвокаты сотқа келмеуіне байланысты сот болмай қалған еді. Енді, сот төрағасы Н.К.Калыжманова, қазақ тілі үшін соттасып отырған арыз иесінің соттасу талабын кейінге қалдырып, Оғыз Доған мен оны қолдауға келген қаншама азаматтарды әуре етіп, сотты 18 қазанға шегерді.

Бұл дауды білмейтіндерді хабардар ете кетейік.
Тамыз айында Оғыз Доған мінген «Эйр-Астана» компаниясының ұшағындағы қызметкерлері орыс және ағылшын тілдерінде ғана хабарлама айтқанын екен. Оғыз Доған олардың не айтқандарын қазақ тілінде қайталауын сұраған. Стюардессалар бұл талапты орындамай, бірнешеуі Оғыз Доғанға келіп, орысша және ағылшынша бірдеңелер айтқан. Оғыз Доған оларға: «айтқандарыңа түсінбедім, маған қазақша айтыңдар» — деп қайталаған. Сосын, бір орыс стюардесса қыз келіп, Оғыз Доғанның бетіне бір бума құжат қағазды сілкілеп, орысша бірдеңелерді кекету мен кемсіту пішінінде айтқан. Бұған да «түсінбедім» деп қайталаған Оғыз Доғанды полицияға ұстатып, ұшақтан түсіріп тастаған, әрі 7 мыңға жақын айыппұлмен жазалаған…
Міне, осы жайтқа байланысты сот болмақ. Оғыз Доғанның бар талабы, 1) Эйр-Астананың өткен жайтқа байланысты Оғыз Доғаннан ғана емес, бүткіл қазақтан кешірім сұрату, 2) Өзіне дөрекілік көрсеткен орыс қызын жазалату, 3) болашақта қазақ тілінде қызмет еткізу, екен.

Негізінде, «Эйр-Астана» қызметкерлері мен қазақ тілі жанашырлары арасында бұған дейін де бірнеше дау соттары болған. «Жұлдыздар отбасы, Аңыз Адам» журналының басшысы Жарылқап ҚАЛЫБАЕВ та осылай соттасып, жеңе алмағанын біраз жұрт білсе керек…

Пікір қосу