Нартай Дүтбаев  «мемлекеттік құпияны жария еткені» және «қызмет өкілеттігін асыра пайдаланғаны» үшін айыпты деп танылып, 7,5 жылға сотталды. Қазақстанда генералдың сотталуы таңсық емес. Керісінше, үйреншікті жағдайға айналған десек те болады. Осыған дейінгі істі болған генералдарды санасақ, он саусағымыз жетпей қалары анық.  Бұған дейін елімізде екі бірдей үкімет басшылары сотталса, енді міне ҰҚК сияқты Қазақстандағы ең құзырлы органның екінші басшысы қылмыскер атанды. Нартай Нұртайұлы сонау совет заманынан бері ҰҚК-де еңбек еткен. Яғни бұрыңғы КГБ мектебінен өткен. Кәсіби жолын қатардағы тергеушіден  бастап,  департамен басшысы, басқа да жоғарғы лауазымдарға жетті. 2001-2006 жылдар аралығында ҚР ҰҚК басшылығына келді. Дүтбаев мырзаның кезінде қазақ оппозициясының қос өкілі З. Нұрқаділов пен А. Сәрсенбайұлы дүниеден озды. Олардың өлімінің құпиясы әлі де ашылмай отыр. А. Сәрсенбайұлының өліміне ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағының қатысы болғандықтан Н. Дүтбаев өз қызметін босатқан. Содан кейін ҰҚК-нің академиясын басқарды. «Қазатомпром» басшылығында тіпті президент Н. Назарбаевтың кеңесшісі де болған. Шамамен 7-8 жыл көлемінде Н. Дүтбаев саяси аренада көрінбей кеткен-ді. Сотының жабық жағдайда өтуі, үкімі туралы ақпараттың кеш тарауы, кенеттен істі болуы көкейде сан сұрақты тудырады. Сондықтан, Дүтбаевтың сотталуына байланысты сауалнама жүргізген едік.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

«Бывших чекистов не бывает!» деген орысша мақал бар.  Жалпы алғанда, кез келген елде «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысын соттады» деген сөздің сөзсіз салдары бар! Өйткені, ондай лауазымы бар (болған) адамның мемлекеттегі оқиғалар мен тұлғалар туралы білмейтіні жоқ! Ол, әсіресе, Қазақстан сияқты авторитарлы билік жүйесі бар елге өте-мөте тән. Жабық түрде өткен соттың құпия астары туралы не айтуға болады? Қолда нақты мәліметтер мен іс материалдары болмаған соң, біздікі тек қана қарапайым жорамал боп қалады. Мәселен, ол таратқан мемлекеттік құпия деген не өзі? Ол құпия қай мәселеге, қандай адамға қатысты? Дүтбаев мырзаны танымайды екенмін. Бірақ оның карьерасына қарасақ, ол ҰҚК басқарған тұста елді дүрліктірген бірнеше саяси оқиғалар болған. Олар – Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевтың құпия өлімі, Қазақстандағы саяси оппозицияға қысым көрсетудің ерекше бір кезеңі. Сарапшылар оның тұлғасын Мұхтар Әблязовпен байланыстырып жатады. Ол сөздің  жаны бар сияқты. Оның үстіне осы тергеу барысында Мұхтар Жәкішевтен де жауап алынды деген ақпарат тарады. Мұның бәрі бір-бірімен байланысты болуы әбден мүмкін. Міне, осындай резонансты әрі саяси басшылықта жүрген (және бұрын болған) адамдарға қатысты құпия жайттарды білетін адамның құпия сотталып, мәселенің мән-жайы ашық айтылмауында да біраз сыр жатыр. Өйткені кез келген ҰҚК басшысы сөйлей бастаса, қуырдақтың көкесін сонда көреміз! Әзірше өз басым осы сотты қазіргі тұста ықпалы мықтырақ бір топтың өзімен бәсекелес басқа топқа жасап жатқан қоқан-лоққысы деп қабылдаймын…

Ғабиден Жәкей, «Ұлы дала» РҚБ-нің төрағасы:

Н . Дүтбаевтың сотталуының себебі тереңде жатыр. З. Нұрқаділов пен А. Сәрсенбайұлының құпия өлімдері кезінде бұл кісі ең күшті құрылым – ҰҚК басшысы болды. Н. Дүтбаевтың 7,5 жылға кете баруына тағы бір себеп:  М. Әблязов екеуінің ортақ бизнесі мен  біз білмейтін ортақ мақсат, мүделері.  Ал фактіге қарасақ , Италиядан М. Қабылұлының жары Алма Шалабаеваны ұрлау операциясын осы Дүтбаев ұйымдастырып іске асырған. Мемлекеттік құпияны жария етіп , саудалаған -мыс деген әңгіме де бар.  Алтынбек Сарсенбайұлының өлімінің сырын білгендіктен де қамалуы әбден мүмкін. Соңғы уақыттарда ҰҚК екі басшысының сотталуы –  мемлекеттік  жүйеде үлкен ақау бар екенінің дәлелі! Әлнұр Мұсаевтың соңғы сұхбаттарын мұқият оқып шықтым.  Әрине, ол кәсіби офицер. Алайда, көп сөздері жалпылама , шындықтан алыс. Сондықтан сүзгіден өткізген абзал.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

Генерал Дүтбаевтың соты жабық жағдайда өткендіктен нақты бірдеңе деп айту қиын. Шамамен Əблəзовтың ісіне қатысы бар деп шамалауға əбден болады. Тарихқа зер салсақ, Дүтбаевтың Əблəзовпен бірге уран ісіне қатысы болған жəне  Дүтбаев жаңағы олигархты агент қылып, арбағаны шын болса, оған жоғары биліктің шүйлігіп, одан кек алуы да ғажап емес. Алтынбек ағаның өлімі – 2000-ші жылдардың басында орын алған саяси дағдарыс пен элита ішіндегі дүрбелеңнің шарықтау шыңы. Егер осы тұрғыдан қарасақ, елдегі көптеген саяси үдерістер мен қақтығыстардың Алтекеңнің ісіне қатысы бар. Көптеген шындық əлі де ашылған жоқ. Дүтбаев, Мұсаев сынды азаматтардың жаңа заманға дейін аман болғанын қалаймын осы себепті.  Мұсаев мырза жаңалық ашқан жоқ. Бұл деректер туралы біз кезінде «Нағыз Ақ жол» партиясы шығарған «Эпоха» жəне «Апта» газеттерінде айтып, жазғанбыз. Сол Мұхтардың президенттен кешірім сұрап, Болат, Ораздарға қарсы жазған түсініктерін де жариялаған едік. Мұхтармен билік атынан сол кезде сөйлесіп, ымыраласқан адам Дүтбаев екенін де айтқанбыз. Арнайы қызметтерде ұзақ уақыт жұмыс істеген генералдың біздің деректерді растап отырғаны аса құнды дүние.

Бұған дейін  juldyz.kz сайтының тілшісіне ҰҚК-нің бұрыңғы басшысы Әлнұр Мұсаев та «Дүтбаев ісіне» қатысты өз пікірін білдірген еді.

Ә. Мұсаев, ҰҚК-нің бұрыңғы басшысы:

Тәуелсіз БАҚ-тың журналистеріне ҰҚК-нің басшысы Кәрім Мәсімовтен сұхбат алу қажет. Бастапқыда мен «Дүтбаев пен әріптестеріме Нартай Нұртайұлының ісіне қатысты сұхбат бермеймін» деп сөз бергем. Енді сот үкім шығарғаннан кейін халық шындықты білуі керек. Дүтбаев пен басқа да айыпталушылардың куәлігіне сәйкес және ҰҚК-нің прокуратураға даярлаған айыптау қорытындысы бойынша, Нартай Дүтбаев ҰҚК-нің «Н» есімді қызметкерімен бірігіп, 2002 жылы Әблязовты ҰҚК-нің тыңшысы етуге өздеріне тартқан. М. Әблязовтан ҰҚК-мен бірлесе жұмыс жасаймын деген қолхат алып, Сәрсенбайұлы, Тәжин, Жақиянов және басқа да ҚДТ (ДВК) басшылары мен жақтастарының үстінен  «донос» жаздыртып алған. 2003 жылы Әблязовтың өкініш білдіргенін камераға жазып алады. Әблязовты ҰҚК-нің тыңшысы ретінде жасалған іс-қағаз өте құпиялы құжат болып тіркелген. 2006 жылы Нартай Дүтбаев ҰҚК-нің басшылығынан кеткен кезде сол материалды өзімен бірге алып кеткен. Бұл, құпияларды сақтау туралы заң бойынша, өрескел қылмыс болып есептеледі.  Дүтбаев бұл материалдар арқылы М. Әблязовтан ақша бопсалаған. Сонымен қатар, Дүтбаев 2006 жылы А. Сәрсенбайұлының өліміне қатысты кейбір қызметтік құжаттарды белгісіз бір адамға берген.

Пікір қосу