«Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакторы Жанболат Мамай үстінен сот процесі жүріп жатыр. Оған Мұхтар Әблязов банктен жымқырған қаржының бір бөлігін «Трибуна. Саяси қалам» газеті арқылы ізін жасырмақ болды деген айып тағылып отыр. Белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов осы іске қатысты juldyz.kz тілшісіне өз пікірін білдірген еді.

Қабдеш Жұмаділов, халық жазушысы: Жанболатқа жала жабылды
Жанболат Мамайдың журналист ретінде жақсы білем. Жазғандарын оқып жүремін. Шындықты ғана жазатын журналист. Сөзінің еш өтірігі жоқ азамат. Маған оның мақалалары ұнайды. Ондай адам өтірік айтпайды. Құдайдың алдында да, соттың алдында да, үкіметтіңде алдында. Өткенде бір рет сот отырысына қатыстым. Көңілім толмады. Қалың қазақ жиналдық. Сот процесі орысша өтті. Неге олай? Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асып барады емес пе? Сот та қазақ, прокурор да қазақ, жәбірленуші мен адвокат та қазақ. Бірақ та сот орысша өтті. Содан кейін сот залы тар. Келген адамдар сыймайды. Отыратын жерде ауа жоқ. Жанболатты жақтаушылар көп. Көп адам барғанымен сыймай қалды. Ана жерге сығылысып жиырма адам әрең отырды. Олай болмауы керек еді. Жиналған адамдарды сыйлау керек емес пе. Ол жерге ешкім жайдан-жай барып отырған жоқ. Журналисттер, жазушылар, қоғам қайраткерлері келіп отыр. Жанболаттың өзін ғана қорлап қоймай, оның жақтаушыларын да бір қуысқа тығып қорлап отыр. Ондай процесске көңілім толмайды. Мен Жанболат үшін кепілгер болдым. Жазбашада, ауызшада. Оны босату керек. Бар жоғы 26-27-гі жігітті өзіміз ашындырамыз. Өзіміз түрткілеп, үкіметке қарсы қоямыз. Сот пен прокурордың ескермей жүргені осы. Оны Әбілязовпен шатастырамыз. М. Әблязов банк басқарып жүргенде ол студент еді. Осындай қисынсыз нәрселерді құрап, жала жапқысы келеді. Менің сөзім осы!

Жанболат Мамайдың ісі Медеу аудандық №2 сотта қаралып отыр. Оны судья Дәурен Мәукеев жүргізуде.

Пікір қосу