Димекең жарықтық тұп-тура елу жыл алты ай екі күн отасқан аяулы жары Зуһра Шәріпқызының басына көк тасын орнатып, жылын өткізген 1991 жылдың сәуір айының соңғы күндерінде екі жеті бойы үйден шықпай отырып алған.

Димаш Ахметұлы, өзі айтпақшы, тұп-тура 50 жыл 6 ай 2 күн отасқан жұбайы Зуһра Шәріпқызына деген махаббатын өмір бойы жанына жалау ғып өткен, өле-өлгенше сыйласқан. Кішіпейіл де жайдары Зуһра Шәріпқызы «ұлықтың әйелімін» деп кергуді білмеген. Көпшілдігімен, қонақжайлығымен ағайын-туыс пен дос-жаранның көңілін таба білген. Қайын атасы Меңдіахметтің дәрет алар суына дейін жылытып беретін әдетінен бірде-бір рет жаңылмаған ол ибалы мінезімен ата-енесіне, еліне жаққан сыйлы келін болған. Зуһра Шәріпқызының өзіне адал жар болумен бірге үлкен серік, қамқор дос бола білгендігін ризалықпен еске алған Димекең басына қара бұлт үйірілген кездерге ой жүгірте отырып: «Есеп қызметкерлерінің табиғаты бөлек қой. Марқұм Зуһраш мен таңғалған бір іс жасады. Жылдар бойы алған затының есебін жүргізіп отырыпты. Не алса да ақшасын төлеп, квитанция­сын сақтап келіпті. Тіпті бағасына дейін көрсетіліп, сатып алғандығын растайтындай аты-жөні мен қолын қойдырып отырыпты. Маған араша түскен ең бас­ты құжаттар осы болды», – деген екен.
Өз перзентінің болмағанына қарамастан, Димекең бала көрсе еркелеткісі келіп тұратын өте бауырмал адам болыпты. Содан да інісінің балаларын әкелік мейіріммен бауырына басқан, олардың және басқа да іні-қарындастарының оқып білім алуына, дұрыс тәрбиеленуіне себепші болып отырған.

Көктемнің әсем көрінісінде ағаның көңіл түкпірінде жатқан тәтті сағынышын оятқан Ахат Әминұлының сөзі болды.

–  Зуһра Шәріпқызы осындай көктемге сонша іңкәр еді ғой…

Димекеңнің екі бетінің ұшына шоқтай-шоқтай боп қан ойнап шыға келді.

–  Кім дегеніне жете алған… Өмір үзілмей, үміт үзілмейді екен. Бүгін бір аунап түскен шығар. Ең соңғы екі тілегі бар еді. Соның бірі – осы сапар. Ниетіміз қабыл болғай! – деді үзіп-жарып. Үнінде бір қимастық сезім, қиналу бар. Көпке дейін үнсіз қалдық.

Мен ағаның жаңа басталған жазбасындағы Шал ақынның жақсы әйелге тән жеті қасиетін еске алып:

–  Аға, шүкір, Зуһра жеңгемізбен елу жыл бірге ғұмыр кештіңіз. Екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін тірлік. Өмірлік серігіңіз болған жанның бойынан сол қасиеттерді түгел таптыңыз ба? – деп, үш күннен бері мазалап келген сауалдың шетін шығардым. Аға ойға шомғандай, терезеден көз алмай, шыр айналып жатқан жазық далаға қараумен болды…

… Димекең үзілген әңгімені қайта сабақтап:

–  Сөзіңді жетім қалдырдым ба? Аруақтарға тәу етіп бара жатқан жолда ақ сөйлемей болмас. Ұзақ ойланғаным – сол. «Періштенің де бес міні бар» дейді… Оны кім бажайлаған? Өмір болған соң тәтті жұтып, ащы түкірген де кез келді… Жанкелді ақынның жақсы мен жаман жайлы айтқанын білесің бе? – деп шалқая түсіп, жауап күткендей бұрылып қарады. Шарасы кең, шуағы мол жанары күлімсірей түсті.

–  ?

–  Ол кісі: «Тобылғының түбінде торғай да бар,

Бір жақсы мен бір жақсы әр қайда бар.

Екі надан арасы күнде керіс,

Жақсы, жайсаң қосылар күн қайда бар?» – депті.

Келістіріп айтқан сөз осындай-ақ болар! Мен көзі тірісінде, әсіресе жас кезінде мін көргенімнің бәрі пендешілік екен. Жүрегіне үңіліп, терең түсіне алмағандығымнан туған «әттеген-айлар» екен. Әйтпесе Зуһра артында ұяты қалмау үшін өмір сүрген әйел еді ғой. Мен онымен өткізген күндерімді ең қымбат, ең қызық күндерім деп білемін. Елу жыл дегенің қас қағым сәт екен.

Зухра Шәріпқызының хоббиі: «Құран» кітабын, фарфор ыдыс-аяқ жинау. (500-дей «Құран» кітабы болған)

–  Жеңгеміз өз күнделігінде Цицеронның «Өзіне ғана тәуелді болған жан бәрінен де бақыттырақ» деген сөзін келтіріпті. Сол сөзден соң: «Тәуелді бола тұрып, тәуелді екеніңді білмей ғұмыр кешу одан да бақыттырақ!» деп жазыпты. Осында не сыр бар? – дедім.

–  Ашумен қас жақсыдан айырылып, қадірін білмес бір жаманға тап болмайын дегені шығар. – Димекең балаша күліп алды. – Бір мақтанайын деп едім, оның да сәті келмеді. Сендер менің айтайын дегенімді ұқпай қалдыңдар.

–  Ашу үстінде жеңгеміздің қолына түстіңіз бе?

–  Сабырлы, мінезді кісі еді. Цицеронның сөзіне орай есіме бір жай түсіп отыр. Қызметтен кеткен соң, ақыретте екі қолым жағаңда кетсін деп жүрген базбіреулер шаңымды қағып, жерден алып, жерге салғанын білесің. Сол кезде тыныш жатқан аруақтарға тіл тигізгендер де болды. Жалпы, Зуһра –анасынан ерте айырылып, өгей шеше қолында өскен қыз. Алтын жағасы болса да, жаға мен жең керектігін біліп өскен. Әкесі ауқатты ноғайлардың бірі екен. Оқығаны да, тоқығаны да бар. Орысшасын былай қойғанда, ағылшын, француз тілінен хабардар болған. Ол кісі беріде Ташкентте дүние салды.

–  Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуіндегі» Ялымов Шәріп қой?

–  Дәл сол кісі. Несін айтасың, «Ата жауымыздың басына құлпытас орнатты, бұл не сұмдық?» деп, сонау Ресейге дейін аттанған кезде Зуһра қатты қапаланды. Дұрыс жазса бір сәрі. Көк тас сүйегі Ташкентте жатқан әкесіне емес, Атбасардағы анасына қойылған-ды. Соны қырық саққа жүгіртіп, жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты қылған кезде: «Сенің биікке көтерілгеніңнің ызғары менің бишара анамның сүйегін сырқыратты-ау», – деп налығанын көргенімде, өзімді қоярға жер таппағаным бар.

–  Маңдай ақы, адал теріне сенген ескінің көзі ғой. Және он саусағынан өнер тамған іскер еді дегенді жиі еститінбіз…

–  «Қыз Жібек» фильмін көрдіңіз ғой. Сонда Шеге көл жағасынан сұр жебені суырып алып жатып: «Атқан қолдан айналдым…» деп әндете жөнеледі ғой… Осы, сен менің осал жерімді тауып алдың білем. – Маған жымия қарап алды да, әңгімесін сабақтады. – Сол айтқандай, қолы алтын еді ғой. Шіркін, саусақтары қандай сүйрік, сонша нәзік, сондай жұмсақ еді. Ақ мақтадай үлпілдеп тұратын. Соған қарап ел мына әйел ақсаусақ қой деп ойлар еді. Мүлде олай емес…

Зуһра Шәріпқызы орта білімді, есепші-экономист мамандығын алған. Соған қарамастан, көп оқушы еді. Қазақ әдебиетінен әлем әдебиетіне дейін, оның ішінде өнерге қатысты кітапты құр жібермейтін. Қайда бармайық, ол кісіге ең үлкен базарлығымыз – кітап-тұғын. Ел алтын жүзік, алтын білезік, алтын алқа іздесе, Зуһра Шәріпқызы дәспі жиыс­тырып, діни кітаптарды – Құранды қасиеттеп ұстайтын. Үйдегі ең үлкен шаруасы – кесте, кішкене кілемше тоқу. Димекеңе, кейде Елдарға, Диарға (менің ұлдарым) шұлық, түйе жүнінен кеудеше тоқып беретін жақсы әдеті бар-ды.

–  Аға, Зуһра жеңгемнің екі тілегі бар деп едіңіз. Ал екіншісін айтпас па екенсіз? – дедім.

Димаш Ахметұлы ауыр күрсініп:

–  Екіншісі дейсің бе? …Е, оған ауыз бара бермейді. Бірақ өзекті жанға бір өлім ғой түбі. Дүниеден озар алдында, ұмытпасам, бір жеті бұрын:

–  Димаш, – деді қолымды кеудесіне қарай тартып, – бір нәрсе айтсам, көңіліңе ауыр алмайсың ба?

–  О не дегенің? Қысылма…

–  Сенің атағың алысқа кеткен, кезінде ел сұраған адамсың. Саясатқа жығып, басқа бір жерге ала қашып жүре ме? Менің мәңгілік ұйқым тыныш болсын десең, бақилық ғұмырыңда да қасымда болшы…

Димекең осылай деді де, көзі жасаурап, теріс айнала берді. Менің көмейіме тас кептелгендей тығылып қалдым.

Димекеңнің ұнататын тағамы: тарыдан жасалған жент, палау, мәнті, қуырдақ, жұлма көже, ет, қазы.

Сусыны: қымыз, сүт қосқан шай, «Сарыағаш» суы, қарбыз шырыны.

Cерік ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ,«Бес мүшел белесінде» кітабынан)

Толық нұсқасы «АҢЫЗ АДАМ» журналы, №1(13) Қаңтар 2011 жылғы санында

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

1 пікір

Пікір қосу