Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кенже қызы Зарина Рахмон «Ориёнбанк» төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Банкті оның туысқан ағасы, белгілі кәсіпкер Хасан Асадуллозода басқарып отыр. Банк құжаттарында Зарина Рахмон бұл қызметке 2017 жылдың басында тағайындалғаны жазылған.

23 жастағы Зарина Рахмон – мемлекет басшысының алтыншы қызы, британ колледжінің түлегі. Көрермендер оны 2010 жылы Тәжікстан мемлекеттік телеарнасының эфирінен таниды. Шетелде білім алған Зарина екі ай диктор болып істеп, жаңалықтарды ағылшын тілінде оқыған. 2013 жылы ол Тәжікстан үкіметіндегі Байланыс қызметінің басшысы Бег Сабурдың ұлы Рамз Зухуровқа тұрмысқа шықты. Баспасөз тәжік президентінің үш баласы туралы көп жазады. Олар: Озода, Рустам және Рухшона. 39 жастағы Озода Рахмон 2016 жылдан бері президент әкімшілігін басқарады, төтенше және өкілетті елші дипломатиялық мансабына ие. Оның күйеуі Жамолиддин Нуралиев Тәжікстан Ұлттық банкін басқарып отыр. 29 жастағы Рустам Эмомали биыл Душанбе мэрі болып тағайындалды, кейін қалалық мәжіліс төрағасы болып сайланды. Рухшона Рахмонова 2016 жылдың қарашасынан бері Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің халықаралық қатынастар басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып жүр. Эмомали Рахмонның жеті күйеу баласы үкіметтегі экономика және қаржы салаларында қызмет атқарады.

Дереккөз: centralasian

Пікір қосу