Алматы Қалақұрылы кеңесінің мәжілісінде 51 млрд теңге болатын 5 жоба мақұлданды. Жоба бойынша, 2750 жұмыс орны, 265 орынды мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері пайда болады және бастысы ең кемі 2254 адам баспаналы болады. Бұл туралы juldyz.kz Алматы қаласының ресми интернет-ресурсына сілтеме жасап хабарлайды.

Жобаларды талқылау барысында қаланың түрлі аудандарында көппәтерлі төрт тұрғын кешендерінің құрылыстары басталатындығы мәлімделді. Бостандық ауданындағы Торайғыров көшесінің солтүстігі мен Сайын көшесінің шығысында қызмет көрсету нысандары, паркингі бар 370 пәтерлі 12 қабатты тұрғын үй бой көтереді. Түрксіб ауданындағы Коминтерн/Федосеев/Жас қанат аумағында 7 және 9 қабатты жер асты паркингі, спорт алаңы бар тұрғын кешені бой көтереді. Қос құрылыстың толық аяқталу мерзімі – 30-36 ай.

Ал Әуезов ауданындағы «Жетісу-1» ықшам ауданында 276 пәтерлі түрлі нысандары мен жер асты паркингі бар төрт секциялы «Жаңа Жетісу» тұрғын кешені салынады. Бостандық ауданында екі деңгейлі жер асты паркингі бар 9 қабатты бизнес-орталық бой көтереді. Нысанның жобасы мен құрылысы BREEAM Very GOOD эко-тиімді стандарты аясында жүзеге асады. Бұл құрылыстардың аяқталу мерзімі – 18 ай.

Сонымен қатар, Жетісу ауданындағы «Kokzhiek City» жобасы мақұлданды. 1608 пәтерлі тоғыз қабатты тұрғын үй кешені «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 24 айдың ішінде салынады және «Жеке құрылыс салушыларды ынталандыру» бағыты бойынша оны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен «Даму» қоры АҚ-ның қаржы агенті арқылы мердігелер несиесінің жылдық түсімінің 7% көлемінде субсидия бөлінеді.

Дегенмен бұл құрылыс жұмыстары енді басталды. Демек алматылықтар үшін баспана кемінде 2019 жылы бұйырады.

 

Пікір қосу