«Менің қолдаушыларым көп. Бір кезде өзім басқарған М. Әуезов атындағы театр ұжымы іштей қолдап отырғанын білемін». Алматыда 15 шілде күні «Феникс ісі» бойынша шыққан шешімге байланысты баспасөз маслихатын өткізген актер осылай деген еді. Ұзақ жылдан бері Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында дәріс оқитын белгілі актердың шәкірттерінің бірі, «Алашұлы» тобының әншісі Мақсат Рахметтен пікір алдық. juldyz.kz назарларыңызға ұсынады.

Мақсат Рахмет, «Алашұлы» тобының әншісі:

Ағайымыздың ісіне қатысты бірнеше сот отырыстарында болдым. Оған қатысты сот үкімін шығарды. Таң қалғанымды жасыра алмаймын. Неге десеңіз, бірде-бір аудио-видеожазба,  бірде-бір дәлел жоқ, ешбір құжаттарда ағайдың қолы жоқ. Жай ғана өзінің сатқын «әріптестерінің» көрсетулерімен кінәлі етіп шығарғанына жүрегіміз қан жылайды.

Жалпы өзім 2012 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын, Тұңғышбай ағай мен Дария апайдан бітіріп шықтым және осындай ұстаздан тәлім алғаным үшін мақтанамын. Өйткені, оқып жүрген кезімізде «Жақсы актер болу үшін жақсы адам болу керек» деп санамызға құятын. Әрдайым шыншылдыққа, тазалыққа, ұқыптылыққа, адамгершілікке баулитын Тұңғышбай ағайымыздың мемлекет қаржысын жымқырды дегенге сенбеймін. Өйткені өзімен де, отбасымен де, тұрмыс-тіршілігімен де өте жақсы таныспын. Ықылым заманнан шындықты шырылдап айтқан адамға талай жала жабылған, талай күйе жағылған, бірақ түбінде кінәсізді бәрібір тарих ақтап алады. Солай емес пе?!  «Біреуге балшық лақтырғанда, сол балшықтың өз қолында қалып қоятыны» секілді, ол кісіге жала жауып жатқандардың өзінің тарихта кім екені айқындалады.

Тұңғышбай Жаманқұлов біздің ұстазымыз ғана емес,  бүкіл елді мойындатқан, қазақтың Қайыр ханы, қазақтың Абылай ханы. Ағайдың тұлғалығына кір жаудырған сайын, ол даралана, биіктей түскендей көрінеді маған. Мұның барлығының уақытша ғана, қолдан істеліп жатқандығы айдан анық көрініп тұр ғой. Себебі, ол Тәуелсіздігімізді енді алып жатқан аумалы-төкпелі заманда (90-жылдары) театрды басқарды және сол кезде 50-ге жуық актер пәтер алған. Мен білсем, мұндай көлемде артистердің жағдайын жасаған театр директоры әлі болмаған. Ағайымыз ақша жымқыратын адам болса, сол кезде-ақ мүмкіндікті жебіреп алмас еді. Көптеген адам түсінбейді, Ол – нағыз азамат.

Өнерде жүрген бауырларынан, замандастарынан, шәкірттерінен қолдау ала алмау деген ең ауыр сезім шығар?!. Шынтуайтына келгенде, ол кісі қолдауға мұқтаж емес. Бірақ осындайда біз өзіміздің кім екендігімізді көрсетуіміз керек еді… Болмашы нәрсеге дүрлігіп жатамыз, қоғам болып, ел-жұрт болып халықтың актерін қолдауымыз керек еді… Бұл Алланың Тұңғышбай Жаманқұловқа ғана емес, қазақ деген халықтың өзіне сын болғандай.

Барша ағайынды ағайымызды аман-есен жүрген шағында өз дәрежесінде қолдау көрсетуге  шақырамын!

 

Пікір қосу