– Айдар Байдаулетұлы, соңғы кезде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) төңірегінде дау-дамай көбейіп кетті. Қазір БЖЗҚ-ның Әзірбайжан банкіне салған 71 млрд. теңге төңірегінде үлкен шатақ туындап отыр. Бірақ оқырмандарымызға түсінікті болу үшін алдымен зейнетақы қорлары туралы түсініктеме бере кетсеңіз? Өйткені, қазақтардың көбісі «бізге оның не керегі бар? Үкімет бізді өлтірмейді, өзі асырайды» дегендей түсініктен әлі арыла алмай жүр…

– Есіңізде болса, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары үкіметіміз жалақы мен зейнетақы төлеуге ақша таба алмай, оларды жарты жылдап кешіктіріп беріп жүрді. Оның үстіне сол кезде ел арасында «прихватизация» деп аталатын жекешелендіру науқаны жүріп өтіп, ел байлығын талан-таражға салған еді. Міне, осындай қиын кезде бюджетке түсетін салмақты азайту үшін 1998 жылы зейнетақыны үкімет төлейтін «ынтымақтық төлемнен» (солидарный), халықтың өзі кәрілігін қамтамасыз ету үшін жалақысының 10%-ын жинақтаушы (накопительный) қорға аударатын жүйеге көшті. Бұл жүйе бүкіл әлемде қолданылады, тек Қытай сияқты бірен-саран елдерді санамағанда.

– Есіңізде болса, сол жылдары ФОМС деген медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп, оның ақшасын Талапкер Иманбаев шетелге ұрлап алып кетті деген әңгіме шығып еді. Қазір де БЖЗҚ-ға қатысты сондай әңгімелер көп шығып жүр. Мысалы, зейнетақы қорларынан бір жолы 90 млрд. теңге жоғалып кетсе, содан кейін БЖЗҚ-ның 5 млрд. теңгесі орынсыз жұмсалды, қазір оның 250 млн. доллары Әзірбайжан банкінен қайтпайтын сияқты. Осының бәрін қалай түсіндіруге болады? 

– Алдымен мына мәселенің басын ашып алайық: Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы қорлары (ЖЗҚ) Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) кеңесімен ашылды. ХВҚ – Қазақстан болсын, Ресей болсын, ТМД-ға кіретін басқа елдер болсын, бәрінің дамымай, Батысқа тәуелді болып тұрғанын қалайды. Сондықтан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің елде Батыстың, соның ішінде ХВҚ-ның сарапшылары мен кеңесшілері қаптап кеткен болатын. Олардың бәрінің түпкі мақсаты – ТМД елдерінде отарлаудың жаңа саясатын енгізу. Қазақстанда зейнет жасының алғашында ерлер үшін 63 деп, ал әйелдердің жасын 58 жас деп ұлғайтуды ұсынған да сол ХВҚ. Содан кейін 2018 жылдан бастап әйелдердің де жасын біртіндеп 63-ке жеткізуді сол ұйым талап етті. Есіңізде болса, 2013 жылы әйелдердің зейнет жасын бірден 63-ке көтерейін дегенде, «Патамушта» аталып кеткен сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін сіздердің бір әріптесіңіз жұмыртқамен атқылағанын ұмытпаған шығарсыз.

– Ол оқиға, әрине, есімде. Бірақ бодандықтан жаңа құтылған Қазақстан ондай саясатты қалай оңай қабылдай салды?

– Қабылдамай қайда барады? ҚР билігі саналы түрде саяси реформаларға бармай отырған кезде, Батыстан сын естімес үшін ХВҚ-ның талаптарын бұлжытпай орындап келеді. Соның нәтижесінде біз қазірдің өзінде жартылай отар елге айналдық. Қазақстан экономикасының жартысынан астамы күні бүгінге дейін мұнай бағасына тәуелді болса, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің, тұрмысқа қажет тауарлардың да жартысына жуығын әлі шетелдерден сатып әкеп отырсақ, мұны отарлау саясаты демей не дейміз? Егер біз өзімізді азық-түлікпен, киім-кешекпен толық қамтамасыз ете алмасақ және Батыс пен Қытайға белшеден қарызға батсақ, мұны қалай атаймыз? Сыртқы қарызымыз қазір 154 млрд. доллардан асып түсіп, адам басына шаққанда 10 мың доллар келіп отыр және оның қомақты бөлігі Қытайға келеді.

– ХВҚ не десе де, мен үшін әйелдердің зейнет жасын 63-ке көтеріп қойғаны, бәрібір, ақылға қонбайды. Себебі, әйелдердің бәрі депутат Гүлжан Қарағұсова мен оның шешесі сияқты жылы да майлы жерде жұмыс істеп жүрген жоқ қой…

– Батыс мемлекеттері өзіне бәсекелес елдерді көбейтпес үшін бүкіл әлемді өздерінің жаңа технологияларына, озық өнімдеріне тәуелді етіп ұстағысы келеді. Сондықтан, олар бізге орындалуы қиын талаптар қойып отыр. Соның бірі – зейнет жасын ұлғайту. Ресей сияқты ХВҚ-ға кіріптар болғысы келмейтін елдер ғана зейнет жасын әлі өзгерткен жоқ. Егер дүниежүзіне қарайтын болсаңыз, Африкадағы, Азиядағы, ТМД-дағы кедей, артта қалған елдердің бәрі ХВҚ-ның кеңестерін бұлжытпай орындап келе жатыр. Ал Қазақстан бұл жерде бәрінен озып, ХВҚ-ның кеңесімен жекешелендіру науқанын жедел өткізіп, қазір біз ауыр, жеңіл өнеркәсібімізден толық айырылдық. Мұнай, газ, мыс, алюминий, хром, алтын, темір сияқты шикізаттарымыздың бәрін американдықтардың, үндістің, Қытайдың, Машкевич, Ким дегендердің меншігіне беріп қойдық. Ауыл шаруашылығымызды да жоғалтып ала жаздадық. Қысқасы, Қазақстан бейбіт заманда-ақ соғыс кезіндегідей ойранға ұшырап, зардап шегіп отыр.

– Егер ХВҚ барлық елдерге осындай кеңестер беріп жатса, онда мұнайға бай араб елдері мен мұнайы жоқ Латвия, Польша сияқты Шығыс Еуропа мемлекеттері қалай тез дамып кетті?

– Шығыс Еуропа елдерін Ресейге қарсы ұстау мақсатымен ХВҚ мен Батыс Еуропа оларға қатты көмектесіп, тіпті оларды Еуропалық одаққа қабылдады. Ал осы кезде өз халқының қамын жейтін және жемқорлыққа біздегідей белшесінен батпаған араб елдері, мысалы, ХВҚ-ның кеңестерін қабылдамай тастады. Олар өздеріне ХВҚ жіберген сарапшыларды да кіргізбей қойды. Ал Малайзияның премьер-министрі Махатхир Мохамад, мысалы, 1997 жылы бүкіл әлемді қаржы дағдарысы жайлап, көптеген елдердің валюталары құнсызданған кезде, Малайзияның ақшасы ринггит бұрынғы деңгейінде қалды. Тіпті Сингапурдың валютасы да девальвацияға ұшыраған. Сонда М.Мохамадтан оның себебін сұрағанда, ол: «Мен ХВҚ-ның кеңестерін тыңдасам да, бәрін олардың айтқанындай емес, керісінше істеп жүрдім. Сондықтан, біздің елдің экономикасы дағдарыстан аман қалды», – деп жауап беріпті. Немесе қазіргі дағдарыс кезінде мұнайға тәуелді Қазақстанның, Ресейдің, Әзірбайжанның валюталары екі еседен астам құнсызданса, тура біздікі сияқты мұнайға бай Сауд Арабиясы, Кувейт, БАӘ-ның валюталары девальвацияға ұшыраған жоқ. Сондықтан, ХВҚ-ның мақсаты – кез келген елдің бар байлығын арзанға сатып алып, экономикасын, үкіметін өзіне тәуелді етіп ұстауды көздейді. Бірақ ол онысын «нарықтық реформалар» деп тықпалап жүр. Біз оны Қазақстаннан анық көре аламыз. Оны мен бейнелеп айтсам, мәселен, қылмыскер біреуді өлтіргісі келсе, оны ол ашық айтпайды ғой. Бұл жерде де сондай астыртын, жымысқы әрекеттер жүріп жатыр.

– Онда келесі сұрақ мынандай: неге бізде зейнетақы реформасы халық күткендей оң нәтиже бермей отыр?

– Бұл сұрақты маған жиі қояды. Және мен, шынымды айтсам, оған жауап беруге ылғи қиналамын. Бірақ көп ойлана келе, оның жа­уабын тапқан сияқтымын. Сонымен, зейнетақы реформасының оң нәтиже бермей келе жатқан басты себебі – біздің елде жемқорлық деңгейі өте жоғары. Қазақстан бұл көрсеткіш жағынан дүниежүзі бойынша алдыңғы 20 елдің қатарына кіреді. Бізде «откат» дегендердің 30-40%-ға жететінін білетін шығарсыз. Соның кесірінен кәсіпкерлер ақшаны үнемдеу үшін қытайдың арзан, сапасыз материалдарын сатып алады. Нәтижесінде, сондай жолмен салынған үйлер қисайып, шытынап, сынып, құлап жатыр. Қарағандыдағы Бесоба, Алматыдағы Алғабаста құлаған, қисайған үйлер соның айқын дәлелі. Қаржы, банк саласында да, зейнетақы қорларында да сондай «откаттар», жемқорлық схемалар бар. Бірақ, үлкен есеппен алғанда, мәселе – банк немесе зейнетақы жүйесінде емес, мәселе – сол жерде жұмыс істейтін, сол мекемелерді басқаратын адамдарда.

– Неге біздің қорлар халықтан жиналған ақшаны девальвация тұрмақ, инфляцияға сәйкес ұлғайта алмай отыр?

– Бізде БЖЗҚ құрылғанға дейін 10-нан 14-ке дейін жекеменшік ЖЗҚ-лар болды. Олар нарық заңдарына сай біресе көбейіп немесе бір-біріне қосылып азайып отырды, тіпті жабылғандары да бар. Және әр қордың табысы әртүрлі болды. Біреулері инфляция деңгейінен жоғары табысты қамтамасыз ете білді, екіншілері оны істей алмады. Соған сәйкес халық жоғары табыс әкелетін қорларға ауысып жатты. Мәселен, сіздердің «Жұлдыздар отбасы» журналы да өз күнін өзі көріп отыр ғой. ЖЗҚ-лар да солай жұмыс істеді. Бірақ БЖЗҚ құрылып, барлық жекеменшік ЖЗҚ-лар Ұлттық банк (ҰБ) пен БЖЗҚ-ның қарамағына өткеннен кейін, бәсекелестік те, таңдау мүмкіндігі де жоғалды.

– Олай болса, жекеменшік зейнетақы қорларын неге БЖЗҚ-ға біріктірді?

– ЖЗҚ-ларда мол қаржы бар екенін көрген және оны емін-еркін жұмсағысы келген үкімет біреулердің кеңесімен «оларды неге біріктіріп, қызығын көрмейміз?» деп президенттің көзін соған жеткізген сияқты. Содан 2011 жылдан бас­тап, ЖЗҚ-ларды біріктіру идеясы көтеріліп жүрді. Оның артында белгілі бір ықпалды адамдар тұрды деп ойлаймын. Алайда оны дәлелдейтін құжаттарым қолымда жоқ болғандықтан, олардың аттарын атамай-ақ қоялық. Олардың басты уәждері: егер біз ЖЗҚ-ларды бір Қорға (БЖЗҚ-ға) біріктіретін болсақ, мемлекет оның мол қаржысын өз қалауынша жұмсай алады. Мысалы, дағдарыс кезінде ақша таппай жүргенде, БЖЗҚ-ның ақшасын ЭКСПО-ға, Азиадаға, Универсадаға жұмсап, банктерге де көмектесуге болады. Елбасы осындай уәждерді естіген соң, ақыры келісімін берген сияқты. Әйтпесе, оған дейін шұғыл түрде қажет болған қаржыны үнемі Ұлттық қордан алып тұратын.

– Қазір БЖЗҚ-ны қайтадан бөлшектеп, жекеменшік ЖЗҚ-лар құрып, бәрін бұрынғыдай нарыққа жіберейін деп жатыр деген әңгімелер шыға бастады. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз?

– Бұған да белгілі бір адамдар мүдделі болып отыр. Әйтпесе, Ұлттық банк пен БЖЗҚ басшылығына бөлшектеу пайдалы емес. Себебі, 7 трлн. теңгеден астам «майшелпекті» басқа біреулердің қарауына кім бере салғысы келеді? Сондықтан, бұл жерде де лоббилер пайда болып, олар БЖЗҚ-дағы 7 трлн. теңгені жекеменшік қорларға бөліп, содан пайда көргісі келіп отыр. Осы мақсатпен енді: «нарықтың артықшылықтарына», «мемлекет жақсы басқарушы бола алмайды, шенеунік жүрген жерде үнемі жемқорлық қатар жүреді» дегендерге президенттің көзін жеткізіп жатқанға ұқсайды. Сол лоббилер кімдер десек, олар ірі банктердің, үлкен корпорациялардың қожайындары болуы мүмкін. Неге десеңіз, БЖЗҚ жұмыс істеп тұрғанда оның мол қаржысын ҰБ мен үкімет қана емін-еркін пайдаланды. Сонымен бірге билікке жақын банктерге де көмек ретінде одан мол қаржы бөліп отырды. Енді тура сондай схеманы билікке жақын олигархтар да пайдаланбақ. Бірақ БЖЗҚ енді жекеменшік ЖЗҚ-ларға емес, зейнеткерлердің ақшасын бақылайтын, жарататын басқарушы компанияларға бөлінетін шығар. Ал осы идея­ны президентке тықпыштап жүрген олигарх­тарда ақша да көп және барлық мемлекеттік органдарда олардың өз адамдары бар. Олар жарғылық капиталға құятын ақшаны да тез табады. Сондықтан, олар үшін зейнетақы қаржысын басқаратын компанияларды ашып алу еш қиындық тудырмайды. Содан кейін жаңа компаниялар үкімет пен ҰБ сияқты ондағы мол қаржыны өз мүдделеріне пайдаланып, қалауларынша жұмсай бастайды.

– Сонда олар зейнеткерлердің ақшасын қалай ғана емін-еркін жұмсай алады?

– Әрине, белгілі бір ережелер, талаптар болады. Бірақ оларды айналып өтетін жолдар да жеткілікті. Мысалы, біздің банктер несиені 20-25%-ға береді, ал инфляция деңгейі орта есеппен 8-10% болса, жаңағы олигархтар өз банктері арқылы зейнетақы ақшасын несие ретінде 20%-ға беріп, оның 8%-ын инфляция деңгейіне сәйкес компанияға қайтарып береді де, қалған 10%-ын өздеріне табыс ретінде қалдырады. Және қордың ақшасына өз бизнестерін де дамытады. Тіпті Әзірбайжан банкі сияқты қолдан банкрот жасай салу да қиын емес. Ал егер әрбір басқарушы компанияда, орта есеппен, жүз миллиард теңге болатын болса, оның 10% – жүз миллион теңге деген сөз. Осыдан кейін БЖЗҚ бөлшектегенде, одан кімдер пайда көретінін өзіңіз ойлай беріңіз. Оның үстіне олар БЖЗҚ құрылған кезде, өздерінің банктері арқылы қарауында болған жекеменшік ЖЗҚ-лардан көп ақшаны тартып алғанға іштері күйіп жүрген. Содан бері олар тыныштық таппай, ақыры президентті жоғарыда айтқан уәждермен көндірген сияқты.

– Зейнетақы қорларының жұмысында ашықтық бұрын да жоқ еді, қазір де жоқ. Оның айқын дәлелі Әзірбайжан банкіне салған 250 млн. доллардың қайтпай жатқаны. Осыған орай не дер едіңіз?

– Біздің үкімет ашықтыққа қатысты уәделерді қашанда үйіп-төгіп береді. Мәселен, 2013 жылы БЖЗҚ құрылғанда да, «бізде бәрі ашық болады. Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Жұмсалған әрбір теңгеге есеп беріп тұрамыз. БЖЗҚ жекеменшік ЖЗҚ-ларға қарағанда табыс­ты да көп әкеледі» деп бәрін риза-қош жасап қойған еді. Бірақ біртіндеп ашықтық жойылды. Соның кесірінен біз биылғы жылдың басында БЖЗҚ басшысы Ерденаевты ҰҚК 5 млрд. теңгені ысырап қылды деген күдікпен қамауға алғанда бір көрсек, содан кейін 2014 жылы Әзірбайжан банкіне жасырын салып, енді қайтпайын деп отырған 250 млн. доллардан тағы да көріп отырмыз. БЖЗҚ жұмысында ашықтық жоқ екенін қоғамдық кеңестің мүшесі болған Досым Сәтпаев та айтты. Егер Рахым Ошақбаев болмағанда Әзірбайжанда жоғалып кете жаздаған 250 млн. доллар туралы да білмес едік. БЖЗҚ жекеменшік қорларға қарағанда табысты да көп әкелген жоқ. Кей жылдары табыс тіпті инфляция деңгейінен де төмен болып жатты. Қоғамдық кеңестің жұмысы да, есеп беру де формалды болып кетті. Оны Досым Сәтпаевтың мәлімдемесінен естідік. Қызмет көрсету сапасы да төмендеп кетті. Қысқасы, қорлардың жұмысы біріккеннен жақсарып кеткен жоқ. Керек десеңіз, жеке қорлар жұмыс істеген 15 жылда бірде-бір қор басшысын қамауға алған оқиға болған емес. Әрине, мен олардың бәрін періште демеймін. Олардың арасында түрлі адамдар бар. Ал БЖЗҚ жұмыс істеген 2,5 жылда бірден бірнеше басшыны қамауға алды. Естуімше, қазір тергеу изоляторында отырған Ерденаевтың үстінен тағы бір қылмыстық іс ашылып, оның орынбасарлары да қамауға алынған көрінеді.

– Әбәке, жекеменшік қорлар БЖЗҚ-ға біріккен кезде «жоғалып» кеткен 90 млрд. доллар туралы да айтатын кез келген сияқты…

– Ол туралы Ораз Жандосовтан да бұрын айтып жүрген. 2013 жылы қаңтар айында президент бірінші рет «жеке қорларды бір жерге біріктірсек дұрыс болады» деген еді. БЖЗҚ содан кейін 10 айдан соң құрылды. ЖЖЗҚ-лардың басшылары елбасының жаңағы сөзін ести сала, «біздерді, бәрібір, біріктіреді» деп пайда көріп қалғысы келіп, түрлі айла-әдістерге көшті. Мысалы, олар қор ақшасына тәуекелі жоғары (высоко рискованные) құнды қағаздар сатып ала бастады. Күмәнді жобаларға инвестиция жасауға кірісті. Ал барлық қорлар БЖЗҚ-ның құрамына кірген кезде, жаңағы құнды қағаздардың бағасы күрт түсіп кетті. Мысалы, 2013 жылдың басында бір облигация 1000 теңге тұрса, жылдың аяғында 100 теңге болып құнсызданып кетті. Соның кесірінен 90 млрд. теңгенің орны толмай қалды. Егер біздің билік оның анық-қанығын білгісі келсе, арнайы органдар барлық құжаттарды көтерсе, жаңағы 90 млрд. теңгені кімдер қайда жұмсағанын оңай табуға болады. Ол оқиға Әзірбайжан банкіне салынған 71 млрд. теңгеге ұқсас болып тұр. Бірақ оны іздеуге ешкім мүдделі болып отырған жоқ. Бірінші кезекте, Үкімет пен Ұлттық банк. Немесе жоғарыдан біреулер рұқсат бермей отырған болар.

– Ал 2016 жылы дағдарысты сылтау етіп, үкімет БЖЗҚ-дан 1,5 трлн. теңгені алды. Оның ішінде әсіресе түсініксізі – жекеменшік 12 банкті құтқаруға сол соманың 600 млрд. теңгесі жұмсалған. Мұны қалай түсіндірер едіңіз?

– Біріншіден, мұндай шешім үкіметтік деңгейде қабылданады. Ал үкімет толығымен президентке бағынады. Бұл жерде белгілі бір топтардың қаржылық мүдделері болды деп ойлаймын. Жаңа сіз айтқан 600 млрд. теңгеге келетін болсақ, біздің ірі банктер кімдерге қарайтынын білетін шығарсыз?..

– 2007-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде ҚР президенті еліміздің басты банктерін банкроттан аман алып қалу үшін Ұлттық қордан (ҰҚ) 10 млрд. долларды қарыз ретінде берген болатын. Бірақ содан кейін 2013 жылы президент сол соманың әлі қайтпағанын айтты. Сонда ҰҚ-да болашақ ұрпақтарға деп жиналған ақшаны жеке банктерді банкроттан құтқару үшін бере салу дұрыс па?

– Бұл сұраққа да жоғарыдағыдай жауап берер едім. Бірақ сол банктердің банкрот болу жағдайына қалай жеткенін құзырлы органдар тексеруі керек еді. Мүмкін, сол банктердің топ менеджерлері дұрыс басқара алмай жүрген шығар? Мүмкін, жемқорлық асқынып кеткен болар? Қалай болса да, ол үшін мемлекет жауап беруге міндетті емес. Алайда кез келген банктің неге банктор болайын деп тұрғанын да оңай білуге болады, тек оған ниет пен саяси ерік болса жеткілікті. Ал біздің билік оған да мүдделі емес. Сіз мемлекеттің қаржысын алып, жасанды түрде банкрот жасаған жағдайды Сталиннің, Андроповтың кезінде орын алуы мүмкін дегенді көз алдыңызға елестете аласыз ба? Міне, сыбайлас жемқорлықтың көкесі қайда жатыр…

– Енді 2014 жылы БЖЗҚ Әзірбайжан­ның Халықаралық банкіне салған 71,3 млрд. теңгесіне (250 млн. доллар) тоқталайық. ҰБ төрағасы Д.Ақышевтың мәлімдеуінше, ол ақша елімізге қайтатын сияқты. Ал сіз қалай ойлайсыз?

– Біріншіден, ҰБ неге бір аптадан астам уақыт үнсіз жатып алды? Бірақ айтар уәжі жоқ болса, не десін? Ақышев мырза оданша үндеймей-ақ қойғаны дұрыс болар еді. Осындайда «үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген мәтел дұрыс шығар. Әйтпесе, ол өз жауабымен өз қолын кескендей болды. Енді ол өз басына артық проблема тілеп алды. Мен үшін, мәселен, ҰБ басшылығы БЖЗҚ-ның ақшасын Әзірбайжан банкіне офшорлық компания арқылы аударғаны мүлдем түсініксіз? Бұл ұрланған ақша емес, олай болса, неге оны ашық түрде істемеген? Осындай тағы бірнеше сұрақ бар. Д. Ақышев енді халықты тыныштандыру үшін «ол ақша жоғалған жоқ. Біз оны бәрібір қайтарамыз» деп жатыр. Бірақ одан керемет бір нәрсе өзгеріп кетеді деп ойламаймын. Әзірбайжаннан қазірдің өзінде «мемлекет банктің қарыздары үшін жауап бермейді. Ары кетсе, біз ол банкте реструктуризация жүргіземіз» деген ақпараттар жетіп жатыр. Ал біз борышты қалай қайта құрылымдайтынын БТА банктен жақсы білеміз. Бұл дегеніңіз, кез келген инвестор өз ақшасының елеулі бөлігінен айырылады деген сөз. Қазірдің өзінде инвесторларға банкке салған ақшаларының 20% кешіруге (списать) ұсыныс жасап жатыр. Қысқасы, ол ақша бізге қайтса да, көп кешігіп және аз мөлшерде әбден құнсызданып барып қайтады.

– Онда біздің үкімет енді не істеуі керек?

– Біріншіден, мемлекеттік комиссия құрылуы керек. Оған шенеуніктерден тыс, тәуелсіз қаржыгерлер мен журналистер де кіріп, мұқият тексеріс жүргізуі қажет. Себебі, бұл жерде өте үлкен ақшаның тағдыры шешіліп жатыр. Бөтен біреудің емес, біздің ақшамыздың! Және біз мына мәселеге қатты көңіл аударуымыз керек. 2014 жылы Әзірбайжанның банкіне 71,3 млрд. теңге инвестиция жасау туралы шешімді кімдер қабылдады? Олар оған қандай дәлелдер келтірді? Егер сол кездегі құжаттарды көтеретін болсақ, бәрі өз орындарына түсер еді. БЖЗҚ ондай шешімді өзі қабылдай алмайды, оны Ақышев та растады. Олай болса, тереңірек «қаза» түсу керек. Оның үстіне 2014 жылы мұнайдың бағасы түсіп келе жатқан. Әзірбайжан да Қазақстан сияқты мұнайға тәуелді, біз сияқты жемқорлық жайлаған ел. Ал осындай кезде кім инвестиция жасайды? Мұны тіпті «зиянкестік» деуге келеді.

– Осыған орай, Халық банкінің басшысы Үміт Шаяхметова да мәлімдеме жасады емес пе?

– Иә, Шаяхметова ханым: «Біздің банк те Әзірбайжанның сол банкіне ақша салған. Бірақ мұнайдың бағасы түсіп келе жатқанын көрген біз өз ақшамызды дер кезінде, яғни 2014-2015 жылдары қайтарып алдық», – деді. Және ол Халық банкінің тәуекел-менеджменті кез келген ұйымның, елдің құнды қағаздарын 15%-дан артық сатып алуға рұқсат бермейтінін де айтты. Ал біздің БЖЗҚ Әзірбайжан банкі шығарған облигациялардың бірден 50% сатып алған. Мұны қалай түсінуге болады?! Сол қылмысты шешімді кімдер қабылдады? Қандай мақсатты көздеді? Ал сол кезде ҰБ-ның төрағасы Қайрат Келімбетов болды… Мен ҰҚК мен Бас прокуратураның үнсіз отырғанын да түсінбеймін. Әйтпесе, ҰҚК 5 млрд. теңге үшін Ерденаевтың үстінен қылмыстық іс ашады да, ал БЖЗҚ-дан 250 млн. доллар жоғалып кетейін деп жатқанда, ҰҚК қол қусырып отыр. Сонда бұл істің ұлттық қауіпсіздігімізге қатысы жоқ болғаны ма?

– Ал біз, халық осының бәріне көніп отыра беруіміз керек пе?

– Мұндайда халықтың атынан сайланған парламент те өз комиссиясын құруы керек. Премьер-министр мен президент те осы мәселе жөнінде мәлімдеме жасаса, артық болмайды. Мұндай мәселемен мемлекет айналысуы керек қой! Әлде олар халықтың көшеге шыққанын тосып жүр ме? Олар үндемей отырса, оңды-солды шашылып жатқан БЖЗҚ ақшасы үшін менің жүрегім ауырады. Сондықтан мен БАҚ-тар арқылы дабыл қағып, осы сұхбатымда айтқан проблемаларға халықтың да, биліктің де назарын аударуға бар күшімді салып жүрмін. Қолымнан басқа не келеді?..

– Мен бір жерден ҚР ҰБ-ны екі рет басқарған Григорий Марченко Әзірбайжанның бір банкінің акционері болғанын оқыған едім. Біздің 71 млрд. теңгеге соның қатысы болуы мүмкін бе?

– Ондай әңгімені мен де естігенмін. Бірақ ол 71 млрд. теңге аударған банк емес. Менде нақты деректер болмағандықтан, Марченко туралы ештеңе дей алмаймын. Оның үстіне мәселе Марченкода емес, бар бәле өз ішіміздегі былықтарда.

– Осыдан біраз бұрын Татьяна Бендзь өзінің ФБ парақшасында БЖЗҚ-дағы ақшасының 4 есе құнсызданып кеткені туралы жазды. Бұған не дейсіз?

– Зейнетақы қорларындағы салымдарды доллардың құнына сәйкес ұстап тұру өте қиын. Девальвация үшін тікелей үкімет пен ҰБ жауап береді. Бірақ мәселе табыстың сәл жоғары немесе сәл төмен болғанында емес, бастысы – осы қорлардағы орасан зор қаржының тиімсіз жұмсалуында. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Мәселен, біздікіндей жүйемен жұмыс істейтін Чилиде, Испанияда, Польшада зейнетақы қорларындағы қаржыны зауыттар, жолдар, көпірлер, мұнай-газ құбырларын салуға жұмсап, одан нақты түсім түсіп жатса, ал бізде осы 18 жылда зейнетақы қорында жиналған ақшаны тек өз үкіметіміз қарызға алып келді. Орнына Қаржы министрлігінің күмәнді облигация­ларын беріп қояды. Нәтижесінде, қазір үкіметтің БЖЗҚ алдындағы қарызы 4 трлн. теңгеден асып кетті. Оны қашан, қалай қайтарады? Мен бұл жерде 154 млрд. доллардан асып жығылған сыртқы қарызымыз туралы айтпай-ақ қояйын. Егер үкіметіміз БЖЗҚ-ның ақшасына, мысалы, мұнай өңдейтін зауыт салса, онда біз «ертең оған салған ақшамыз еселеп қайтады» деп қуанар едік. Ең болмаса, экономикамыз дамып келе жатқанын көріп, соған разы болар едік. Бірақ қуанатын ештеңе көріп отырған жоқпыз. Бар білетініміз: БЖЗҚ-ның ақшасымен бюджеттің «жыртығын жамап» келеді, одан қалса билікке жақын банктерді біздің ақшамыздың есебінен банкроттан құтқарып жүр. Қазір енді «Қазкоммерцбанкке» көмек ретінде 7 млрд. доллар берейін деп отыр. Мұның бәрінде жем­қорлық схемалар да болуы мүмкін.

– Онда соңғы сұрақ: сіз қаржы саласында қашаннан бері жұмыс істеп келесіз?

– Мен кеңес заманында Мәскеудің Станкостройтельный институтын бітірдім. Мамандығым – робот инженері. Алматыға келген соң, Ауыр машина жасау зауытында (АЗТМ) цех мастері болып жұмыс істедім. Содан Политехникалық институтта 15 жыл ұстаз болдым. Тәуелсіздік алған жылдары жаңа зейнетақы жүйесін құру ісіне қатысып, бірінші болып Чилиге барып, сол елдің зейнетақы жүйесін зерттеп келдім. Соның үлгісімен өзімізде Зейнетақы қорларының ассоциациясын (ЗҚА) құрып, оны 18 жыл басқардым. Гонконгқа, Сингапурға, Испанияға, Польшаға, Украинаға, Қытайға барып, олардың банк, инвестиция жүйесін зерттедім. Айтпақшы, Қытайдың зейнетақы жүйесі біздің КСРО-ны еске салады. Ал Қырымды Ресей басып алған соң, Украинада да зейнетақы реформасы тоқтап қалды. Ресейде де жағдай қиын. Себебі, ол елде зейнетақы жүйесінің бірнеше формасын енгізіп, қазір бәрі шатасып кетті.

– Сонда сіздің Ассоциация қазір жабылып қалды ма?

– БЖЗҚ құрылып, Ұлттық банк барлық қорларды өз қарауына алған соң, біздің Ассоциация керек болмай қалды. Кезінде Қазақстандағы 14 қордың 8-і біздің ЗҚА-ға кірген болатын. Бірақ мен сол кезде-ақ бізге саяси реформалар қажет екенін түсіне бастағанмын. Әсіресе соңғы жылдары биліктің экономика мен саясатта жіберіп жатқан көптеген қателіктерін көріп тұрып, үнсіз қала алмадым. Сондықтан, ЗҚА керек болмай қалған соң, саясатқа кеттіп, Ж. Тұяқбай басқаратын оппозициялық ЖСДП-ға кірдім. Қазір мен бұл партияда төралқа төрағасының орынбасарымын. Айтпақшы, ЗҚА-дан соң Қаржы қызметтерін тұтынушылар одағын (ҚҚТО) құрдым. Оның мақсаты – банктер, сақтандыру компаниялары сияқты қаржы ұйымдарынан зардап шеккен тұтынушыларға көмектесу. Қазақстанда әрбір екінші адамның несиеге, ипотекаға, айыппұлдарға қатысты проблемасы бар. ҚҚТО соларға көмектесіп жүрген, алайда оның дұрыс жұмыс істеуі үшін біраз қаржы, елеулі штат керек. Бірақ мен ондай қаржы таба алмадым. Оның үстіне бұл саладағы проблемаларды мемлекет те шеше алмай отырғанда, менің (екі адамнан ғана тұратын) ұйымымның қолынан не келсін? Сонымен, қаржы тапшылығынан ҚҚТО-ның жұмысы тұралап қалды. Сондықтан мен қазір тек кеңес берумен шектеліп қалдым. Және зейнетақы мәселелеріне қатысты сараптама жасап жүрмін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шәріп ҚҰРАҚБАЙ

 

Пікір қосу