Режиссер Асқар Ұзабаевтың «Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» атты фильмі күзде кинотеатрлардан көрсетіледі. Жаңа фильм қоғамымыздағы өзекті тақырыптың бірін қозғамақ. Бұл туралы juldyz.kz порталы хабарлайды.

«Фильм синопсисін өткен жазда Әсел Сәдуақасоваға ұсынған едім. Сюжет бойынша Динара есімді қыз шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуды ойлап жүреді. Бірақ, бұл некеге ата-аналары мен туыстары қарсылық білдіреді. Картинада талқыланатын тақырып өте өзекті. Мен Фэйсбук желісі және ғаламтор арқылы ылғи осы тақырыпты қозғап жатқан адамдарды көремін. Қазақ жігіттері шетелдік қыздарды әйелдікке алып жатады немесе керісінше, қазақ қыздары шетел азаматтарына тұрмысқа шығады. Бұл тақырыпты жаһандық мәселеге айналдырып жіберген. Мен осы туралы күлкілі фильм түсіргім келді. Жалпы, өзекті мәселені сынап, мысқылдай қарағым келді»,- деп түсіндірді Асқар Ұзабаев.

Режиссер бастапқыда фильмде жеті немесе одан да көп себепті көрсеткісі келген. Бірақ, түсірілім тобы төрт сағаттық драма түсіретіндерін түсінген. Сондықтан, авторлар көптеген қазақ жігіттеріне тән жеңіл, көңілді әрі сатиралық мінездері алған. Олар – жалқаулық, кешігушілік, мақтаншақтық. Ал қалғанын білу үшін режиссер көрермендерге фильмді көруге кеңес береді.

«Біз фильмнің қалай шығып жатқанын көру үшін, алғашқы 14 минутын монтаждап үлгердік. Ерекше комедия шығады деп ойлаймын. Бұл жоба Әсел екеуіміздің кәсәби тұрғыда өскендігімізді көрсетеді. «Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» фильмінің түсірілімі кезінде жаттанды КТК әзілдерін болдырмауға тырыстық. Түсірілім басталған уақытта КТК әзілдеріне ұқсап кеткендей болды. Бірақ, бұрын мұндай дүние түсіргенімізді ойлап, өспейтінімізді білдік. Сондықтан, түсірілім тобымызбен бірге өзекті тақырыптар талқыланатын комедия жасауды ұйғардық. Фильмнің негізгі айтар ойы – біз барлығымыз ұлтымызға, нәсілге және азматтығымызға қарамастан, бақытқа лайықтымыз»,-деп қосты Ұзабаев.

Комедиялық таспаның сценарийі жаңа жылдан кейін жазылған. Оның авторлары — Әуез Әуезов пен Сәбит Рахымбаев.

Пікір қосу